Жұма, 22 қараша, 03:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Том-томға арқау болған қалам ізі

14.12.2021

5840 0

Кешегі сенбі тәуелсіз ел күнтізбесінде тарихи сәтпен толықты десек артық айтқандық емес. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдық кітабы жергілікті «ASU» баспа үйі ЖШС «Тұмар» баспасында басылып, жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесері облыс орталығындағы «Достық» үйінде өтті.

Ел тәуелсіздігінің мерейлі жылы қарсаңындағы Сырдағы жақсы жаңалыққа елең етпей қалмағандар кемде-кем. Жақсы істің куәсі болуға еліміздің түкпір-түкпірінен бір топ зиялы қауым өкілдері келді. Олардың қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, «Бас редак­торлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әсел Есілбаева және «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан журналистер одағы Түркістан филиалының төрағасы Ғалым Елшібай, «Turkistan media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен бар.

Игі шара ең алдымен зиялы қауым өкілдерін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қабылдауынан басталды.

Мұнан соң «Достық» үйіне жиналған барша қалам ұстаған қауым өкілдерінің  кітаптың тұсаукесеріне қатысты.  Екі жыл уақыт жұмсаған Сыр өңіріндегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының та­рихы қатталған бес томдық еңбекті жазуға ғалымдардың ғылыми еңбектері, архив құжаттары, журналистика сала­сының ардагерлерінің естелігі арқау болған. Сонымен қатар бестомдық ең­бектің бесінші томының журналистік шеберлікке және «Сыр мақтаныштары» анықтамалығына арналуы да соны жаңалықтың бірі.

Кітаптың тұсаукесер шарасын жүр­гізген облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет бұл қазақ журналистикасы үшін маңызды күн екенін, мұндай еңбек өңірлердің арасында алғаш рет Сыр бойында шығып отырғанын атап өтті.

– Бүгінгідей ақпарат дәуірінде таң­­даған мамандығына адал болып, ұста­нымын өзгертпеген, қалам қасиетін ар­дақ тұтқан журналист қауымын – қо­ғамның қозғаушы күші деуге негіз бар.

Сыр өңірінің ғасырлар бойы қа­лыптасқан шығармашылық мектебінен түлеген мыңдаған журналистің әрісі шет­ел­дерде, берісі Нұр-Сұлтан, Алматы­да, өз өлкемізде абыройлы қызмет етіп жүр.

Том-томға арқау болған қалам ізі

Телегей теңіз ақпарат ғасырында дәс­­түрлі медианың жаңа медиамен күш біріктіріп дамудың жаңа сатысына көте­рілген кезеңінде Сыр елінің барлық бұқаралық ақпарат құралдарының та­рихын түгендеп, қоғамға, халыққа және жалпы өз-өзімізге есеп беру деп білеміз. Сондықтан бұл кітаптың Тәуелсіз­дігіміздің 30 жылдық мерейтойы қар­саңын­да оқырманға жол тартуы біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Басқосуға жиналған зиялы қауым бұл кітаптың аймақ үшін ғана емес, жалпы қазақ журналистикасы үшін орны бөлек еңбек болатынын атап өтті. Шарада сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп бұл еңбекті бұқаралық ақпарат құралдарының шежіресі ғана емес, қазақ елінің шежіресі деп атауға болатынын айтты.

–       Баспасөз елдің әр кезеңдегі өмір тіршілігін тайға таңба басқандай көр­сетеді. Сарғайған газет беттерін парақтағанда халқымыздың бір ға­сырлық өмір жолын таба аласыз. Біз бүгінгі күнге дейін өз баспасөзіміздің тарихын түгендемедік. Бұл сол олқы­лықтың орнын толтыратын еңбек деп ойлаймын. Сонымен қатар қазақ журналистикасында қолтаңбасы қал­ған, бүгінде есімі көмескі тартқан, ел жадынан шығып кеткен қанша азаматтың есімі осы бестомдықтың ішіне енгені қуантады, – деді сенатор.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бұл еңбек тек ірі басылымдар ғана емес, аудандық газеттер мен тәуелсіз басылымдар және аға буынмен қатар жас журналистердің қамтылуымен ерекшеленетінін атап өтті. Сондай-ақ бұл кітап барлық өңірлерге үлгі болатынын жеткізді.

  «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай мұндай құнды еңбектің киелі Сыр өңірінде жазылуы заңдылық екенін атап айтты.  Архивте отырып, тарихты түгендеуге кез келгеннің қызығушылығы бола бермейтін ақпарат ғасырында үш ғасырдың еңбегін топтастыруға еңбек еткен шығармашылық топқа алғысын жеткізді.

–       Тағы бір атап айтарлығы, идея бо­лады, ал оны қолдау бар. Осы орай­да «Сыр бойы журналистикасының та­рихы» атты бестомдық еңбекті шығару идеясын қолдаған облыс басшылығына да рахмет айтамын, – деді ол.

Шарада сөз алған ғалым Амантай Шәріп кітап қолға тиген бойда парақтап шығып, көңілі тоғайғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл еңбектің алаш зиялыларының ізі қалған Сыр өңірінде жарыққа шығуы тегін емесін тілге тиек етті. Ғалым ең бастысы, бұл кітаптың жай естелік түрінде емес, ғылыми негізде жазылғанына тоқталды.

Игі шараның түйінінде «Сыр бойы журналистикасының тарихы» кітабы­ның редакциясын басқарған «Сыр медиа» ЖШС директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев бұл еңбекті жазуға сырбойы­лық барша журналист қауымы атсалыс­қанын жеткізді.

–       Бұл бір-екі жылдың жұмысы емес. Бұл бірнеше жыл бойы ойда жүрген дүние. Бірақ қалай шыққаны әлі де тал­қы­ланатыны белгілі. Біз қолымыздан келгенше барлығын қамтуға тырыстық. Кітап дайындау барысында қызықты дүниелерге кезіктік, кейбір өкініштер де болды. Мәселен, аға буынның ара­сында қызмет істегендердің аты-жөні болғанымен, суреттері табылмады. Та­былған суреттердің кім екенін біле алмаған жайттар болды. Ең өкінішті­сі – аудандық архивтердің көбі өртке оранып, талай дүниеден айырылып қал­ғанымыз.

Біз бесінші томда «Сыр мақтаныш­тары» атты анықтамалық жасадық.  Анықтамалыққа белгілі есімдерді топ­тастыру барысында Сыр топырағында қаншама байлығымыздың, талантты азаматтарымыздың бар екеніне тағы бір көз жеткіздік.  Біз ХІХ ғасырдың  соңында туған ағартушы, публицист, Қазан революциясына дейін «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында Сырдария губерниясының арнаулы тілшісі болған Қалжан Қоңыратбаевтан бастап, қызмет бабында жүріп қайтыс болған Сағитжан Бермағанбетовке дейінгі аралықты түгел қамтуға тырыстық.

Том-томға арқау болған қалам ізі

Тағы бір атап айтарлығы, аға буын­ның естелігінен небір қызықты жайттарға кезіктік. Әрине, оның бар­лығын бестомдық кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Ең бастысы, аға буынның алдындағы бір міндетіміз орындалды деп есептейміз, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Кітаптың тұсаукесер шарасы одан әрі өмірден өткен қаламгерлердің ру­хына бағыштап, ас берумен жалғасты. Аста Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай белгілі жазушы Айжарық Сәдібек­ұлы атындағы (проза), белгілі ақын Әскербек Рахымбекұлы атындағы (поэ­зия) байқау, Темірбек Жүргенов атындағы «Ғылым жолында» атты жас ғалымдар байқауы, «Ақмешіт апталығы» газетінің негізін қалаушы, тұңғыш редакторы Әділхан Бәймен атындағы «Қалам қуаты» (эксклюзивті сұхбат) атты бай­қау қорытындысы жарияланып, жеңім­паздары марапатталды.

Шара соңында Сыр өңіріне келген қонақтар  Темірбек Жүргенов атындағы «Сыр медиа» шығармашылық үйінің жұмыс барысымен танысты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: