Жұма, 29 наурыз, 13:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Аймақ тарихындағы маңызды жоба

27.08.2022

724 0

Бүгінге дейін қызылордалықтар электр энергиясы мәселесіне алаңдап келді. Себебі қаладағы электр жылу орталығы 50-60 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасағандықтан, электр желілерінің де әбден тозығы жеткен. Бұл сөзсіз электр жүктемесіне салмақ салады. Өзекті мәселені өз уақытында назарға алған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Энергетика министрлігімен тиісті жұмыстарды атқарып, бірлескен түрде оңтайлы шешім қабылдады. Нәтижесінде Сыр елінде бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі қуаттылығы 240 мегаватқа жететін электр орталығы салынбақ.

Мамыр айындағы Сыр еліне сапарында министр Болат Ақшолақов мұндай мүмкіндік алғаш болып Қызылорда өңірінде бастау алғанын тілге тиек еткен еді. Таяуда ғана нысан құрылысын жүргізетін инвестор компания анықталып, алғашқы жұмыстар басталса, бүгін арнайы жиында облыс басшысы инвестор түрік компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаның жүзеге асыру мәселелерін саралады.

Отырысқа жаңа жылу орталығының инвесторы «Акса Энерджи» түрік компа­ниясының Қазақстандағы басшысы Мустафа Кемаль мен Энергетика министр­лігінің Жаңартылатын энергия көз­де­рін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айы­рысу орталығының директоры Гүлжан Қалижанқызы қатысып, тараптар арасында екіжақты келісім-шарт жасалды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 3 жылда қуаттылығы 1000 ме­гаватт манервлік станциялар салуды тапсырған болатын. Жаңа нысанды салу жерлестерім үшін айтулы жаңалық десе де болады. Игілікті іске қолдау білдірген министр Болат Ақшолақовқа және ше­телдік «Акса Энерджи» компаниясының басшылығына Сыр жұртының атынан алғысымды білдіремін. Аймақ тарихын­дағы маңызды жобаның сапалы және уақытында жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігеріміз бен мүмкіндіктерімізді жұм­сайтын боламыз, – деді облыс әкімі.

Жиында түрік компаниясының Қа­зақстан­дағы басшысы Мустафа Кемаль жаңа нысан 2025 жылы ел игілігіне бері­летінін жеткізді.

– Бұл жобаның Қызылорда үшін ғана емес, Қазақстанға да берері мол болады деп сенемін. Келешекте осы нысан энерги­калық қауіпсіздікті сақтауға айрық­ша мүмкіндік береді, – деді Мустафа Кемаль.

Басқосуда ел ағалары мен энергетика саласының ардагерлері игілікті істің алғашқы қадамына куә болып, ғасырда бір салынатын нысанды елдің несібесіне балады. 

«Акса Энерджи» – мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су электр станцияларында электр энергиясын өндіру саласындағы әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компанияның бірі.

Айта кетейік, жалпы құны 215 млрд тең­геден асатын жаңа нысан энер­гия жетіс­пеушілігін едәуір төмендетеді. Бұл  – Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды теңдессіз жоба.

Биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыр­тылады. Осы жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 676 млн теңге бөлінді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: