Жексенбі, 22 желтоқсан, 10:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тұсаукесер әшекейі  – ұмыт қалған жәдігер

26.01.2023

4551 0

         Тұсау кесу – қазақ халқының әдемі дәстүрі. Кішкентай баланың алғашқы іздері жер бетін шимақтайды, қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмір жолы басталады. Тұсаукесер – баланың өмір жолының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасалатын дәстүр. Қазіргі қазақ қоғамында баланың тұсауын кесуде көбіне ала жіп пайдаланады. «Жаным – арымның садақасы» дейтін қазақ жалған тіршіліктің ақ пен қарадан, қуаныш пен қайғыдан, адалдық пен арамдықтан, жақсы мен жаманнан тұратынын ескеріп, осы «бір-біріне қайшы екі әлемнің ара-жігін ажырата алсын» деген тілекпен ала жіппен кескен. Оның астарында «біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген тоқтам жатыр. «Ең құрығанда бұзауға бас жіп болады» деп, дүниенің ең азы – біреудің бір құлаш жібіне қызықпа, «ондай арам ойыңды тұсауыңдағы жіпті кескендей шорт кесіп отыруға тырыс» деген астарында үлкен философия жатыр. Қазақ халқы ертеректе өріліп-есілген көк шөппен, малдың тоқ ішегімен де кескен. Көп шөппен кесудің түбінде «ұрпағым көбейсін, өніп-өсіп, көктеп-көгерсін» деген тілек жатыр. Ал, тоқ ішекпен кесу «баланың өмірі тоқшылықта, молшылықта өтсін» деген ниетке саяды.

         Қазақ халқында баланың тұсауын арнайы әшекей тағып та кескенін білесіз бе?! Бірі білсе, бірі біле бермейді. Тұсаукесер әшекейі – қазақ халқының ұмыт қалған этнографиялық бұйымы.Әдетте мұндай әшекейді бай-бағландар тұсау кесу рәсімі үшін зергерлерге арнайы тапсырыспен дайындатқан. Тұсаукесер әшекейі бай-қуатты адамдардың дәулетінің көрсеткіші саналатын. Көп жасалмағандықтан, өте сирек кездеседі. Дегенмен, бұл бұйым – тұсау кесер дәстүріндегі әдемі эволюция.

         Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің этнографиялық зерттеулері нәтижесінде ұмыт қалған бұйым қайта жаңғырып, облыстық музей директоры Сапар Көзейбаевтың қолдауымен музей қорын толықтыру мақсатында әшекейдің жаңғыртылған нұсқасы арнайы жасатылды. Тұсаукесер әшекейі ХІХ ғасырда қазақ қоғамында тұсаукесер дәстүрінде пайдаланылған. Қазақ халқы үшін тазалықтың символы саналатын күміс металлдан соғылған. Түрлі асыл тастармен әрленген. Күміс қоңыраушалармен безендірілген. Бала туған жердің топырағын алғаш тәй-тәй басқанда күміс қоңыраушалар сылдырлап, бүкіл әлемге қазақ баласының алғашқы қадамын жар салып тұрғандай әсер қалдырған.

         Музей қорындағы тұсаукесер әшекейінің қос шеңбері таза күмістен соғылған. Беткі бөлігіндегі арнайы көзге қызыл ақық (сердолик) орнатылған. Бұл – әшекейге сәндік беру әрі баланы тіл-көзден сақтау мақсатында жұрт назарын аудару. Екі шетінде екі-екіден төрт салпыншағы бар. Әр салпыншаққа үш-үштен бағалы тастар ілінген. Үлкендеу тас – қызыл маржан (коралл), кішілеу тас – қызғылт маржан (коралл), ең кішкентай қоңыр түсті жылтыр тас – алтын ақық (сердолик). Шеңбер диаметрі – 5,5-6 см. Әшекей тұсауы кесілетін баланың екі аяғына кигізіледі. Кигізуге ыңғайлы болуы үшін жанында ашылып-жабылатын арнайы ілгегі бар. Қос шеңбер баланың аяғына кигізіліп, арасына ала жіп байланады. Ұмыт қалған бұйымды Сыр елінің тумасы, елге белгілі ұста-шебер Бекзат Жақыпов бұрама, соғу, дәнекерлеу техникасымен жасаған. Қазіргі таңда тұсаукесер әшекейі Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залы экспозициясына қойылып, халық назарына ұсынылып отыр.

Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: