Жұма, 19 сәуiр, 01:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылөзектегі қарқынды тірлік

29.11.2022

488 0

Қалаға қарасты Қызыөзек ауылында бүгінде 3500 астам халық бар. Аты ауыл болса да тірлігі тынымды Қызылөзектің  дамуы қарқын алған. Ауылда мал, егін шаруашылығы дамып, кәсіпкерлік аясы кеңейген. Ебін тауып тірлік қыламын деген ауыл тұрғындарына мемлекеттің қолдауы зор.

Биыл Қызылөзек ауылдық округінің бюджеті 95 миллион теңгені құрады. Соның нәтижесінде елдімекеннің дамуында ілгерілеу бар. Әсіресе, қызылөзектіктерді ауыл көшелерінің жарықтанғаны қуантты. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен мұнда 3 миллион 620 мың теңгеге Айнакөл ауылының көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Ауыл халқының қала әкімімен кездесуде баса айтқан базынасының бірі Ж.Жабаев көшесін жарықтандыру болатын. Бұл да өз кезегінде шешімін тапқан мәселе болды. Осылайша ауыл көшелері жарықтандырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды.

Ал көше мәселесі қай кезде де өзектілігін жойған емес. Бұл ауылда да тозығы жеткен, асфальттауды қажет ететін, тұрғындардың жауынды күні жүріп-тұруына қиындық туғызатын көше баршылық. Жыл сайын жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе де ауылдағы 6 көше күн тәртібінен түспеген. Алайда биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен аталған көшелерге жөндеу жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, келер жылдың қаржыландыруына ұсынылды.

Қызылөзектіктіердің базынасы болған тағы бір мәселе – аяқ су жайы. Соңғы жылдары ауылда аяқ су тапшылығы орын алып, біршама тірлікке тосқауыл болғандай еді. Биыл бұл мәселе де шешімін тауып, ауыл тұрғындарының өтінішімен 18 миллион 852 мың қаражатқа 2 дана дизельдік насостық қондырғысы сатып алынып, «Айхай» және «Қараөзек» стансасына орнатылды. Осылайша, жаз айында егістіктер мен елдімекенге аяқ  су беріліп тіршілік көзі ашылды. Бұдан бөлек аталған стансадан біреу, ал Қараөзек ауылынан 3 су тарту ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілді.

Бүгінде жеке ісін ашып, кәсіп бастауды көпшілік жақсы игере бастаған. Бұл тұрғыда ауыл халқы да қалыс емес. Қызылөзек ауылдық округінде 151 шағын және орта кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Оның 33-і шаруа қожалығы болса, 119 жеке кәсіпкер, 1 заңды тұлға мен 2 аграрлық-өнеркәсіптік кешен бар. Ауыл жұрты кәсіпті игеруде мемлекеттік бағдарламаның ұтымды пайдалана білген. Биыл ауылда «Еңбек» бағдарламасымен 4 жоба қолдау тапса, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасымен 20 миллион теңге болатын 1 жоба несиелендірілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Микробизнес-Қызылорда» несие ұйымы арқылы 1 жоба, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 1, «Атамекен Қызылорда» микрокредит ұйымы арқылы 1, «Сырдария» несие серіктестігі арқылы 1 жоба қолдау тапты. Оған қоса «Еңбек» бағдарламасының жаңа бизнес идеяларды іске асыру бағытымен 6 азамат қысқа мерзімді оқыту курсынан өтіп, 7 миллион 351 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болды.

Ауылда 9 мыңға жуық төрт түлік мал басы бар. Ата кәсіпті серік еткендер оның өсіп-өнуі үшін тынбай еңбек етіп келеді. Қызылөзек десе алдымен оның картобын жұртшылық жиі айтады. Биыл 507 гектар жерге егін егіліп, картоптың әр гектарынан 129, көкөніс түрлерінен 131, бақша өнімдерінен 128,5 центнер өнім алынды. Осы орайда ауылдағы «Үміт» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясымен 8 гектар жерге картоп дақылын ексе, жем-шөп өндірісінде «Жарықкөл» шаруа қожалығы 150 гектар жерді инженерлік жүйеге келтіріп, 70 гектар жоңышқа еккен.

Ауылдың әлеуметтік ахуалы да ақсап тұрған жоқ. Мұндағы экономикалық белсенді халық саны 1798 тұрғынды құраса, оның 600-ге жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмыссыздық  деңгейі – 1,2 процент.  Білім саласы бойынша онда №175 және №128 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Биыл мектеп бітіруші 42 түлектің  35-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 29 оқушы грант игереі атанды. Сонымен қатар, 5 оқушы «Алтын белгі» иесі болса, 1 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Ал денсаулық саласында ауыл халына 2 дәрігер мен 10 медицина қызметкері қызмет көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: