Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Мәселенің барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес»

16.11.2021

1198 0

Жасұлан ЖАРАСБАЕВ

қалалық мәслихат депутаты:

Халық пен билік арасында алтын көпір болып, түйіткілді мәселелердің оң шешімін табуға ықпал ету – депутаттың негізгі міндеті. Бүгінде қалалық мәслихатта ел аманатын арқалап, тұрғындардың күрмеуі қиын проблемаларының шешілуіне мұрындық болып жүрген халық қалаулылары бар. Соның бірі – «Қызылорда Көркем және К» ЖШС директоры, №16 «Сәулет» сайлау округінің депутаты Жасұлан Жарасбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Жасұлан Бақытұлы, ел сенімінің артында өзіндік жауапкершілік жүгі бар. Депутат боларда қай мәселелердің түйінін тарқатам деп келдіңіз?

– Әрине, депутаттық мандат үлкен жауапкершілікті талап етеді. Елдің сені­мінен шығу оңай емес. Алаштың анасы атанған Сыр елі жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Алайда бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған түйінді мәселелер жетерлік. Тұрғындардың жақсы өмір сү­руіне жағдай жасап, қаланың көркеюіне үлес қосу – менің депутат ретінде басты мақсатым.

Осымен екі мәрте қалалық мәслихат депутаты болып сайландым. Тұрғындар маған сенім артып, қайта дауыс берді. Қаланың «Сәулет», «Саяхат» шағын аудандарындағы өзекті мәселелері маған етене таныс. Тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін мәселе – көшелерді асфальттау, жарықтандыру. Көп жылдан бері жол зардабын тартқан халықтың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізіп келемін. Бюджет мүмкіндігіне қарай бәрін кезең-кезеңімен шешімін табуда. Менің жоспарым өзім қарайтын аймаққа жол салу мен ауыз су жүргізу және түнгі жарық бағаналарын орнату мен көлшіктерді көму жұмыстары еді. Сайлауалды бағ­дарламамдағы бұл жоспар қазіргі таңда толық орындалды десе болады. Мәселен «Сәулет» шағын ауданы бойынша 35 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, негізгі деген 8 көшеге жарық бағаналары орнатылды. Оның ішінде депутаттық ұсынысыммен №3, 5, 6, 10, 11, 11А, 12, 13, 14, 15 көшелері енгізілді. Сондай-ақ «Сәулет», «Саяхат» шағын аудандарында пайда болған сасық көлшіктердің жағымсыз иісінен жүріп-тұру мүмкін емес еді. Тіпті қоқыс алаңына айнала жаздаған болатын. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, қала әкімінің қолдауымен аталған аумақтардағы көлшіктер көмілді.

– Депутат болып сайланғаныңызға біршама уақыт өтті. Осы уақыт аралы­ғында міндетіңізге кіретін аймақтарда өзге де оң нәтижеге қол жеткізе алдыңыз ба?

– Менің қарамағымдағы қос аймақта жаңадан бой көтергендіктен басты мәсе­ле инфрақұрылым жүргізу мен әлеу­мет­тік нысандар санын арттыру. Осы орайда облыстық білім басқармасымен бірігіп, «Саяхат» шағын ауданында жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы 600 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Шаһарымыздағы өзекті мәселенің бі­рі – бұл қоғамдық көлік жайы. Пандемия салдарынан жолаушылар ағыны аз болуына байланысты жеке кәсіпкерлердің біразы қоғамдық көліктерін сатып жіберген. Сол себепті бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Десе де өзіме қарасты ау­маққа қатынайтын №19, №20 бағыттың тасымалдаушылармен бірнеше рет кезде­сіп, мәселені ушықтырмай шешуге ты­рысып келемін. Бүгінде Қызылорда қаласы әкімдігі мен «Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-і  облыстық бюджетке  67 дана жаңа автобус алу үшін өтінім берді. Бұл мәселе де толық шешілетін болады. Бұдан бөлек  алдағы уақытта екі шағын ауданға ойын және спорттық алаңдарды салу мәселесін жолға қоймақпын.

– «Айтылмаған сөз жетім» дейді қазақ. Ел ішінде күйіп тұрған мәселе көп. Жалпы алдағы сессияда қандай мәселелерді көтермексіз?

– Өткен жылы «Сәулет» шағын ауданы бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді. Алдағы сессияларда «Саяхат» шағын ауданына орта­ша жол жөндеу мәселесін көтеремін. Себебі «Саяхат» тұрғын ауданы бойынша толығымен тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.

Алдағы сессияда қала бюджетін бе­кіту мен нақтылау қызу талқыланады ғой. Өйткені әрбір депутат сайлаушылар аманат еткен мәселелердің бюджетке енуіне бар күш-жігерін салуға тырысады. Дегенмен барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес. Бірақ мәселелердің ұзақ және қысқа мерзімге бағытталған жоспарларға енгізілуіне барынша күш саламыз. Бүгінгі күнге дейін сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстары халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі маңызды мәселелерінің шешімін табуына біршама үлес қосты деп есептеймін.

– Осы күнге дейін сіздің ықпа­лыңызбен жасалған, біткен жұмыстарға тоқталып өтіңізші…

– Бүгінде біз халықтың игілігі жолында атқарушы билікпен бірге халыққа қыз­мет етіп келеміз. Қала ішіндегі түрлі мәселелердің шешілуіне мұрындық болдық. Бұл ретте мәслихат одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс жасаудағы тәжірибемнің артуына үлес қосты деп айта аламын. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілік жүгі соншалықты артты. Сондықтан өз округімнің тұрғындарымен кездесіп, толғандырған мәселеле­рінің шешімін табуға барынша атсалысып жүрмін.

Жалпы мен ауыл жастарын үнемі назарда ұстаймын. Өзім түлеп ұшқан ауыл балаларын қолдау мақсатында үздік оқушыларға екі жыл қатарынан стипендия тағайындадым. Бұл жұмыс алдағы уақытта  да жалғасын табады. Кәсіпкер ретінде демеу­шілік жасаймын. Десе де оның барлығын жария етуді жөн санамаймын. «Оң қолым бергенді сол қолым көрмесін» деген қағи­даны ұстанамын.

– Жалпы депутаттық мандат пен жұмыс бөлек әңгіме. Үйдегі Жасұлан Бақытұлы қандай адам?

– Мен үйде халық мәселесіне етене араласқан депутат немесе қатал басшы емеспін. Үйде жай ғана балаларым үшін қамқор әкемін. Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы емес пе?! Сондықтан жұбайымыз екеуміз басты назарды баланың тәрбиесіне арнаймыз. «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Баланы адамгершілікке, қарапайымдылыққа, жақ­сы әдетке, әдептілікке, ұқыптылыққа, жауап­кершілікке тәрбиелегенде ғана ол ұлтына адал, сертіне берік азамат болып шығады. Ал біздің елге сондай азаматтар керек. Менің қызметтен тыс, адамдық борышым осы дер едім.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: