Қызылорда облысында бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен бұған дейін Қармақшы ауданы әкімінің қызметін атқарып келген Қайрат Нұртай облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңа орынбасарының қызметіне сәттілік тіледі.
«Қайрат Ырзақұлұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалымен жақсы таныс. Әр түрлі салада жинақтаған мол тәжірибесін, қазіргі таңда маңызды болып саналатын идеологиялық саланы одан әрі жетілдіруге аянбай жұмсайды деп сенім білдіремін.Облыс әкімінің орынбасары ретінде Қайрат Ырзақұлұлы ішкі саясат, дін істері, жұмылдыру дайындығы, мәдениет және спорт салаларына жетекшілік жасайтын болады.Жаңа қызметіңізбен құттықтай отырып, алдағы атқарар жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз», – деді облыс әкімі.
Қайрат Ырзақұлұлы 1982 жылы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде туған. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін инженер-механик, Дінмұхамед Қонаев атындағы университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жетекші маманы болып бастап, 2005-2006 жылдары Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарған; 2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі; 2014-2015 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.
2018 жылдан бастап 2019 жылдың желтоқсан айына дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметттерін атқарған. 2021 жылдың шілде айынан бастап Қармақшы ауданының әкімі қызметінде болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!