Сейсенбі, 19 наурыз, 08:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22(2032)
16.03.2024
PDF мұрағаты

Қай партияға қанша орын тиді?

16.01.2021

6794 0

Жыл басындағы маңызды шара – ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы қорытындыланды. Сайлау нәтижесінде Мәжіліске өткен «Nur Otan», «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясының қанша мандат алғаны жарияланды.

Жалпы VII шақырылған Парламент Мәжілісінің толық құрамында сайлауда жеңіске жеткен елдегі үш саяси партия және Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары бар. Оның ішінде «Nur Otan» партиясына 76 мандат берілсе, «Ақ жол» демократиялық партиясына 12 және Қазақстан халық партиясына 10 мандат берілді. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліске 9 депутат сайланды.
«Nur Otan» партиясы өз 76 кандидаттан тұратын тізімін Саяси кеңесі Бюросының шешімімен бекіткен. Партияның Фракция құрамы 70 пайызға жаңарған, орташа жасы 49-ды құрап, бұрынғыдан 4 жылға жасарды. Оның ішіндегі 36 кандидат праймериз жеңімпаздары болса, 40 кандидат Саяси кеңес Бюросының квотасы бойынша бекітілген. Сонымен қатар партия Төрағасының Парламент Мәжілісіндегі жастар мен әйелдер үлесін арттыру тапсырмасы іске асырылды. Қазіргі таңда партия Фракциясының жаңа құрамындағы әйелдердің үлесі 40 пайыз және 35 жасқа дейінгі жастар бар. Биыл біз ел тарихында Парламент Мәжілісіне ең жас депутаттың сайлануына куә болдық. 25 жастағы заң шығарушының қызметке қауқарлығы белгісіз болса да бастысы енді заң шығарушы органдарға жастардың араласуына мүмкіндік берілгені. Ал депутаттыққа кандидаттардың ішінде тек 7-уі бұрынғы мемлекеттік қызметкер, қалған депутаттар тізіміне білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді сала өкілдері енді.
– «Nur Otan» партиясын қайта жаңғырту «Мықты көшбасшылар – Мықты партия» қағидатын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік берді. Енді жаңа Фракция алдында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының жүйелі түрде бақылау және жаңа реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттері тұр, – деді Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан бөлек, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Мәжіліс депутаты мандатына бірауыздан 12 кандидатын сайлады. Ал Қазақстан Халық партиясы сайлау қорытындысын талқылау және Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды анықтау үшін съезд өткізді. Съезд барысында депутаттық мандаттар партиялық тізімдегі кандидаттар арасында дауыс беру арқылы бөлінді.
Одан бөлек Қызылорда облысындағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына жалпы саны 152 мандат берілді. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының хабарлауынша, сайлау қорытындысы бойынша барлық партия жергілікті мәслихаттардан мандат алған.
Өңір бойынша Қазақстан Халық партиясы – 4, «Nur Otan» партиясы – 126, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 5, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 15, «ADAL» саяси партиясы – 2 квотаға ие болған. Енді облыстық мәслихатта 33 депутат, оның ішінде «Nur Otan» партиясынан 27, «Ақ жол» партиясынан 3 және «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 3 мандат берілді. Ал Қызылорда қалалық мәслихатында «Nur Otan» партиясынан 18, «Ақ жол» демократиялық партиясынан 2 және Қазақстан Халық партиясынан 2, жалпы саны 22 мандат бар.
Кеше жетінші шақырылған ҚР Парламенті бірінші сессиясы өтті. Сессияға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сенаттың 42, Мәжілістің 99 депутаты қатысты. Жиын Мемлекет басшысының «ҚР Конституциясының 59-бабына сәйкес, 7-ші шақырылымдағы Парламенттің 1-ші сессиясын ашық деп жариялаймын» деген сөзімен ашылды. Салтанатты түрде Мемлекеттік Әнұран ойнатылып, Қазақстан Президенті сөз сөйледі.
Сондай-ақ салтанатты жиында Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға ант етемін» деп ант берді.
Дәл осы күні облыстық және қалалық мәслихатта «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жаңа құрамы алғашқы отырысын өткізді. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жиында «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, облыстық мәслихаттың сессия төрағасы, мәслихат хатшысы, тұрақты комиссиялар мен төрағалары кандидатурасы ұсынылып, нақты шешімдер қабылданды.
Аймақ басшысы жаңа құрамды депутаттық мандатымен құттықтап, халық игілігі үшін абыройлы қызмет атқаруға сенім білдірді. Басқосуда облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі болып Ләйлә Төрешова сайланды.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: