Сейсенбі, 19 наурыз, 12:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Қалалық мәслихат: 3 партиядан депутаттар сайланды

16.01.2021

6089 0

Жыл басында қалалық мәслихаттың жұмысы қызу басталды. Себебі өткен аптада ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Халық өз таңдауын жасады. Осы аптада мәжіліс залындағы леп басқаша.
Бір-бірін жылы шыраймен құттықтаған халық аманатын арқалаған, жаңадан сайланған депутаттар жиналды.

VІІ шақырылған қалалық мәслихаттың алғашқы сессия отырысына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Әбдіқадір Ергешбаев, қала әкімінің орынбасарлары, сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Бұл жолы сессияны сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Ергешбаев жүргізді.
Алдымен ол 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен сайлау қорытындысына тоқталып, содан соң жаңадан қатарға қосылған халық қалаулыларына депутаттық мандаттарын табыс етті.
Сессия барысында мәслихат хатшысы да сайланды. Депутаттардың дауыс беру қорытындысымен Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы болып Құттықожаев Ибадулла Дүйсенбайұлы сайланды. Сонымен қатар қалалық мәслихат жанындағы «Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясына «Nur Otan» партиясының атынан сайланған депутат Ерлан Нұртазаев, «Өндіріс, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясына «Nur Otan» партиясының атынан сайланған депутат Мұхитжан Кәрімбаев, «Құқық қорғау және әлеуметтік қолдау, жастар ісі мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясына «Қазақстан халық партиясы» атынан сайланған депутат Қайрат Ерназаров жетекшілік ететін болды. Оған қоса қалалық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясын құру жөнінде шешім қабылданып, оның жетекшісі болып депутат Жорабек Нұрымбетов бекітілді.
Сессия соңында сөз алған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық қалаулыларына сәттілік тіледі.
– Жыл басында елімізде маңызды оқиға орын алды. Яғни сайлау өтіп, депутаттық құрам жаңарды. Депутаттыққа үміткерлер үгіт-насихат жұмысын белсене жүргізді. Биылғы саяси науқанда көппартиялы мәслихат жүйесімен ерекшеленуде.
Құрметті халық қалаулылары, жаңа 2021 жылға мол табыспен аяқ бастық. Әрине, атқарылған жұмыс көп. Бірақ алда тұрған міндеттер аз емес. Ендігі жерде өздеріңізбен бірге тұрғындарды толғандырып жүрген түйткілдердің түйінін тарқатып, халық сұранысын қанағаттандырып, күрмеуі күрделі мәселелердің шешілу жолында қарқынды жұмыс істеп, оң нәтижеге бірлесе отырып, қол жеткізетінімізге сеніміміз мол.
Сонымен бірге қалалық мәслихаттың хатшысы қызметіне сайланған Ибадулла Құттықожаевты білікті басшы, тәжірибелі маман екенін баршамыз жақсы білеміз. Сыр өңірінің дамуына өз үлесін қосып келе жатыр. Баршаңызға тек сәттілік, абырой тілеймін, – деді қала басшысы.

P.S. Қалалық мәслихаттағы биылғы бір ерекшелік, сайланған 22 депутаттың ішінде бесеуі – нәзік жандылар. Яғни осы жолы олардың қатары көп екені байқалады. Сондай-ақ әрқайсысы әр сала мамандары. Арасында кәсіпкерлер де бар. Сонымен депутаттық мандатқа ие болған халық қалаулыларын ел игілігі жолында алда қарқынды тірлік күтіп тұр…

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: