Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 05:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сайлау қалай өтті?

27.07.2021

824 0

Елімізде 25 шілде күні 700-ден аса елді мекеннің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланды. Қызылорда облысында 40 ауылдық округте сайлау өтті.

Облыс бойынша 54 сайлау учаскесінде дауыс беру өтті. Оған 304 комиссия мүшесі тартылды. Дауыс беруге ар­налған сайлау учаскелерінің барлығы жергілікті уақыт сағат 7.00-ден бастап сағат 20.00-ге дейін жұмыс істеді.

Ауыл әкімдігіне үміткер «Мем­лекеттік қызмет туралы» заңға сай 25 жасқа толған, мем­лекеттік қызметте кемі екі жыл немесе қоғамдық ұйымда кемінде 2 жыл басқарған адам болуы керек. Одан бөлек, жоғары білімі болуы – басты шарттардың бірі. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі, ел тарихында тұңғыш рет халық өз әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы таңдады. Еліміздегі алты саяси партия сайлауға өз кандидаттарын ұсынды.

Сайлау процесінің ашық және заңға сәйкес өтуін бақы­лау үшін облыстағы саяси пар­тиялар, азаматтық қоғам инс­титуттарынан 600-ден астам байқаушы жұмыс жасады. «Елі­мізде тұңғыш рет ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Біздің мақсатымыз – сай­лаудың ашық, әділ, сайлау заң­намаларына сәйкес өтуіне өз үлесімізді қосу», –  дейді «Партиялық емес байқау орта­лығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиа­лының төрағасы Жандос Тұсмағамбетов.

Сайлау заң талаптарына сәйкес өтті. Сайлау кезеңінде құқық бұзушылықтар тіркелмеген. Сондай-ақ карантиндік жағдайға байланысты санитарлық талаптар және әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталған. Ал індет жұқтырғандармен байланыста болған сайлаушылар үйден дауыс берді. Бұл ретте дауыс беру пәтерге, үй ішіне кірмей ұйымдастырылды. Мұндай дауыс беру байланыссыз тәсілмен мысалы, баспалдақ алаңында, үй аумағы маңында жүргізілді.

Сыр өңіріндегі сайлау ко­миссиясына келіп түскен қо­ры­тынды ақпаратқа сәйкес сай­лаушылардың 83,6 процен­ті дауыс берген. Бұл жөнінде облыстық сайлау комиссия­сының төрағасы Ғалым Баймырзаев баяндады.

– Арал ауданы бойынша 12 округте 19 учаске бойынша 8019 сайлаушы, оның ішінде келушілер саны 7295 – 90,97 процентті құрап отыр. Ал Қаза­лыда 3 округте 2673 сайлаушы, келушілер саны 2496 – 93,38, Қармақшы ауданындағы 1 ок­ругте 2 учаске бойынша 3410 сайлаушының 2854-і қатысты. Жалағаш ауданы бойынша 4 ок­ругте 5 учаске бойынша 3596 келушілер саны 3156 – 87,76 процентті құрады. Сондай-ақ, Сырдария ауданындағы 3 ок­ругте 2808 сайлаушының 2584-і қатысып 92,02 процент болды. Шиелідегі 4 округте 5 учаске бойынша 4225 сайлаушы, келу­шілер саны 3324–78,67, Жаңа­қорған ауданындағы 13 округте 17 учаске бойынша 11340 сай­лаушы, келушілер саны 8440 – 74,43 процентті құрап отыр. Сай­лау барлық учаскелерде Конс­титуциялық заңға сәйкес өтті. Құқық бұзушылықтар аңық­талған жоқ. Арыз – шағымдар түскен жоқ, –  дейді Ғалым Қонақбайұлы.

Сайлауға алғаш рет  қаты­сып, өз таңдауын жасаған сыр­дариялық Нұрдәулет Қорғанбай 18 жасқа үш ай бұрын ғана толған. Ол саяси науқанға қатысуға мүмкіндік туғанын білгенде қатты қуанған. Өйткені жас жігіттің ауыл өмірін жақсартуға үлес қосу басты арманы екен. 

– Сайлауға дейін әкім болуға ниетті 3 үміткердің де сайлауалды бағдарламасымен танысып шықтым. Сонымен қатар 3 үміткердің осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарын біліп, өз таңдауымды жасадым. Осылайша алғашқы сайлауыма да қатыстым. Менің дауысым ауылымның дамуына үлес қосса қуанышымызда шек жоқ, – дейді Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылының тұрғыны Нұрдәулет Қорғанбай.

Сайлау қорытындысы сайлау өткеннен кейін үш күннің ішін­де шығарылады. Жеті күн ішін­де сайланған әкім тіркелуі тиіс. Әкімнің өкілет мерзімі аймақтық сайлау комиссиясында тіркелгеннен кейін басталады. Ауыл әкімдерінің өкілеттік мер­зімі өзгерген жоқ. Олар бұрын­ғысынша 4 жылға сайланды.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: