Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 14:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Тұрғындар толық қоныстанса, мәселе шешілер еді»

12.05.2021

8015 0

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, саяси-қоғамдық арыз-шағым, ұсыныс-пікірін жауапсыз қаладырмау, құзырлы мекемеге жеткізу – халық қалаулысының бір міндеті. Оған қоса сайлауға дейінгі уәдені шашау шығармай соңына жеткізу, түйіткілді мәселені шешуге мұрындық болу депутатқа артылар жүкті еселей түседі. Ал аумақтық бөліністе бекітілген «олқылығы көп» мөлтек ауданның мәселесін шешу  тіпті қиынның-қиыны. Осындай елмен етене жақын болып, шет аумақтың мұң-мұқтажын мінберге жеткізіп жүрген азаматтың қатарында қалалық мәслихат депутаты, облыстық фтизипульмонологиялық орталығының директоры Әбдіғабит Әбләзімұлы да бар. Кезекті кездесу барысында халық қалаулысына шағын аудан тұрғындарының көкейдегі сауалдарын қойып, толымды жауап алудың сәті түсті.

– Әбдіғабит Әбләзімұлы, депутаттық ман­датты еншілегеніңізге көп уақыт боламаса да қала тұрғындарының жай-күйіне қатысты маңызды мәселені жиындарда жиі көтеріп келесіз. Де­путаттық қызметіңізде негізгі басымдықты қай салаға беруді жоспарлайсыз?

– Мен үшін қоғамдағы әрбір мәселе маңызды. Халық мұқтажының үлкен-кішісі болмайды деп санаймын. Сондықтан барынша ауқымды тірлік атқарып, түрлі саладағы кемшілікті назардан тыс қалдырмай, зер­делеуге күш салғым келеді. Әрине, өзім жай-күйін бес саусағымдай білетін, қызмет істейтін денсаулық сақтау саласы алғашқы орында. Бұл саладағы білім-білігім ел-жұрттың кәдесіне жарайды деп үміттенемін.

– Бүгінге дейін мәслихат сессиясының 6 оты­рысы өтті. Осы аралықта депутат ретінде өзіңізді алаңдатқан қандай тақырыпты тиісті мекеме назарына ұсындыңыз?

– Мәслихат сессиясында көптеген мәселе қаралды. Соның ішінде өзім ерекше назар аударып, ұсыныс жасаған тақырып – ауыз су сапасы. Кезекті жиында қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғындар тұтынатын артезиан суының сапасын ғылыми тұрғыда зерттеу, аяқсу жүйесін ретке келтіру секілді тақырыптарда ұсыныс-пікір білдірдім. Аурудың негізгі ошағы – сапасыз ауыз су екенін ескерсек, аталған ұсыныс халық денсаулығы үшін пайдалы болмақ. Себебі жаз айларында балалар мен ересектер арасында түрлі жұқпалы аурулардың бас көтеру себебі де ауыз су сапасында жатыр.

Әсіресе ғылыми зерттеу ісі ерекше назар аударуды талап етеді. Бірнеше жыл бұрын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары қаладағы ауыз су мен аяқсуды зерттеу жұмысын әзірлеген болатын. Ендігі жұмыс – осы ерекшеліктерді ескеріп, жұмыс жасау.

Сонымен қатар ауыз суды тазалау әдісін қада­ғалаумен қатар, кейбір қала тұрғындары қолданатын су сүзгілерінің жұмысына да бақылау қажет. Себебі ауыз суда адам организміне қажетті қоспалар бар. Кейбір сүзгілер ауыз судағы сол қоспаларды жойып, құнарын төмендетуі мүмкін.

– Сізге аумақтық бөлініс бойынша «Бәйтерек» шағын ауданы бекітілгені белгілі. Жасы­ратыны жоқ, бұл шағын ауданның мәселесі жетерлік. Мұны БАҚ пен әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттардан да аңғаруға болады. Алдымен тұр­ғындарды алаңдатқан негізгі мәселе – жол жайынан бастайық. «Бәйтерек»-ке тақтайдай жол қашан түседі?

– Қазіргі таңда «Бәйтерек» шағын ауданы «Бәй­терек-1», «Бәйтерек-2», «Бәйтерек-3», «Бәйтерек-4» секілді бөліністен құралған. Ондағы қордаланған мәселенің көптігінен хабардармын. Тұрғындармен кездесу, жеке қабылдау ұйымдастыру, әлеуметтік желімен байланысу арқылы жағдайға толық қанықтым деп айта аламын. Халық көп олқылықты көрсетіп, көмек сұрады. Бір қызығы, тұрғылықты жері бойынша Бәйтерек ауданына ресми тіркеуге тұрған азаматтар саны 1000-ға жетпейді. Себебі бұл аумақтан жер алып, үй салған тұрғындардың басым бөлігі қаланың басқа аумағында тұрғылықты мекені бар. Мұны айтудағы себеп көптеген көтерілген мәселенің оң шешім табуы үшін тұрғындар алдымен «Бәйтерек» мөлтек ауданына толық қоныстанып, ресми тіркелуі қажет. Тіпті бізге келеңсіздіктерді көрсетіп, шешуді сұраған «бәйтеректік» ағайынның көп бөлігі өздерінің сол маңдағы үйінде тұрмайды, тіркеуде жоқ. Сондықтан бірінші осы мәселені шешкенде ғана негізгі қиындық оңалар еді. Әйтпесе, «Бәйтерекке» ауыз су кірген, кәріз жүйелері тартылған, жол бар.

Ал енді асфальттау барысына келсек,  қазіргі таңда шағын аудандағы 4 көшеге жол салу, өзге көшелерге тас төсеу бойынша жоба-сметалық құжат әзірленіп, мердігер мекемені анықтау кезеңі жүргізілуде. Жақын арада жол құрылысы басталатын болады.

– Мұндағы халықты толғандырған сауал тек жол емес. Көпір құрылысы да көп күткен іс болды?..

– Дұрыс айтасыз, тұрғындармен кездесу барысында бұл мәселе де жиі көтеріледі. Қазіргі таңда қаланы бас жоспарына сәйкес Қорқыт ата көшесін тікелей «Бәйтерек» ауданы арқылы Қызылорда-Жезқазған автожолына қосу межеленген. Соған сәйкес, болашақ көпірдің қамту аймағы «Бәйтерек-1»-мен шектеліп қалмақшы. Сондықтан біз аталған жобаға өзгеріс енгізуге ұсыныс берудеміз. Егер ұсыныс қабылданса, сол маңда бой көтеретін көпір «Бәйтерек-2» мен «Бәйтерек-3» шағын ауданының тұсынан салынынатын болады. Сол кезде каналдың арғы жағындағы тұр­ғындардың балаларын мектепке апаруға, қалаға жылдам жетуіне қолайлы жағдай туады.

– Тұрғындар бастапқыда қарқыны күшейген жаңа мектеп құрылысы кейінгі уақытта баяулады деп алаңдап отыр. «Бәйтеректегі» жаңа мектеп қашан пайдалануға беріледі? 

– Жаңа мектептің құрылыс жұмысы толық бақылауда. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондықтан алаңдауға себеп жоқ. Осы орайда жоғарыда айтып өткен тұрғындар санына қатысты мәселені тағы қайталағым келеді. Себебі жаңа мектеп бой көтерген шақта онда оқитын бүлдіршіндердің саны аз болуы ықтимал. Бүгінде жоба-сметалық құжаты аяқталған болашақ балабақшаны да осы келеңсіздік күтіп тұр. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін міндетті түрде тірекеліп, толық қоныстану маңызды. Мен шаһар басшысымен кездесуде және депутаттық сауал жолдау барысында аталған мәселені көтердім. Қала әкімі құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма берді. Алайда жаңа мөлтек ауданның болашағы тұрғындардың жауапкершілігіне тікелей тәуелді.

– Байқағанымыз, тұрғындар барғысы-ақ келеді. Алайда қала орталығынан қатынау оңай шаруа емес. Оның үстіне екі араға қатынайтын қоғамдық көліктің уақытылы бармауы, шағын ауданды толық араламауы тұрғындарды қашырып отырған секілді ме, қалай?

– Олай демес едім. Керісінше, қоғамдық көлік халық аз болғасын шағын ауданды толық аралай алмай отыр. Тұрғындар кезекті кездесуде қоғамдық көліктің жетіспеушілігін, көліктердің «Бәйтерек-1» аумағынан кері қайтатыны туралы шағымдарды айт­ты. Бұл мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлымен бірлесіп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Оған қоса тиісті мемлекеттік конкурс жеңімпазы болған мердігер мекеме басшысын тұрғындармен кездестіріп, талқыла­дық. Сондай-ақ сол маңдағы аялдамаларға қоғамдық көліктің жүру жиілігі туралы кестелер іліп, келеңсіздік түзелді.

Ал тұрғындар қоғамдық көлік «Бәйтерек-1»-мен шектелмей, «Бәйтерек-4»-ке дейін барып, шағын ауданды толық айналса деген ұсыныс айтуда. Айта кету керек, тиісті мердігер мекеме мемлекеттік конкурс талабын толық орындап, қоғамдық көлікті белгіленген аумақта жүргізуде. Бұл тұрғыда ешқандай бұзылған талап, орындалмаған келісім жоқ. Алайда халық санының аздығы салдарынан мөлтек ауданды толық қамтуға мүмкіндік бермеуде. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындардың «Бәйтерек» шағын ауданына ресми тіркеуге тұрып, қоныстануы аталған мәселені шешеді.

– Енді денсаулық сақтау саласына ойыссақ. 20 жыл­дан астам туберкулез дертін емдеу ісінде белсенді қызмет етіп келесіз. Қызылорда облысы туберкулез аурушаңдығы бойынша республикадағы алдыңғы орындағы аймақтар қатарында. Мемлекетте дерттің алдын алу, емдеу шараларын жүргізу үшін көптеген іс-шаралар жобасын қолға алды. Осыған орай аймақтағы туберкулез дертінің  көрсеткіші туралы мәліметпен бөліссеңіз… 

– Туберкулез медициналық ауру түрі ғана емес, ол әлеуметтік ауру қатарына енеді. Бұл – тұрғындардың әлеуметтік жағдайының тікелей индикаторы. Сон­дықтан туберкулезге экологиялық жағдай, зиян әре­кет­тен өзге, әлеуметтік ахуал тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн. Үкімет те осы ерекшеліктерді ескере, көптеген жобаларды жүзеге асырып, індеттің асқынуын тежеп, жүйелі емдеуге жағдай жасады. Нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жылына 3500-ге тарта туберкулезге шалдыққан азамат тіркеуге алынса, бүгінде жылына 450-дей науқас тіркеуге алынды. Жағдайдың жыл өткен сайын жақсарғанын осы деректен-ақ аңғаруға болады.

– Соңғы уақытта қаладағы денсаулық сақтау нысандарының сапасының нашарлағаны туралы екіұшты пікір көбейді. Осы тұрғыда маман ретіндегі ой-пікіріңізді білсек… 

– Расында, Қызылорда қаласындағы көптеген емханалардың материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Оны емхана орналасқан нысандардың сыртқы-ішкі келбетінен бағамдауға болады. Оған қоса бұрынғы түрлі мекемелерді жаңарту арқылы қайта ашылған емханалар заманауи денсаулық сақтау сала­сындағы талаптарға жауап бермейді десек, артық емес. Бұл мәселе бойынша құзіретті органдарға бірнеше рет ұсыныс-пікір де жолданды. Алайда нәтиже байқалар түрі жоқ. Ел саулығы үшін аталған мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: