Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 03:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Үкіметтегі ауыс-түйіс: Кімге қай орын бұйырды?

08.04.2023

779 0

Жаңадан жасақталған Үкіметте орныны сақтап қалған министрлер жеткілікті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңа Үкімет мүшелері тағайындалды.

Сонымен, кімге қай

орын бұйырды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Әлихан Смайылов Үкімет басшысы болып қайта тағайындалды. Ол былтырдан бері Үкімет басшысы лауазымын атқарып келеді.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орын­басары болып Роман Скляр қайта тағайындалды. Ол бұл қызметке өткен жылы орналасты. Ал Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент жарлығымен төртінші рет қаржы министрі болды. Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин де қызметінде қалды. Ол өткен жылы 2 қыркүйекте Президент Жарлығымен Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. Алтай Көлгінов те Премьер-министр орынбасары қызметінде қалды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – Үкі­мет аппараты басшысы  болып Ғалымжан Қойшыбаев қайта тағайындалды. Ал Руслан Жақсылықов Президент Жарлығымен Қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды. Ми­нистрлікте орнын сақтап қалғандардың бірі – Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Ол бұл лауазымға өткен жылғы 25 ақпанда тағайындалған еді.

Сонымен қатар Зүлфия Сүлейменова Президент Жарлығымен экология және табиғи ресурстар министрі болып қайта тағайындалды. Бұл қызметке ол жыл басында ғана келді. Ал былтыр 2 қыркүйекте Президент жарлығымен ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған Дархан Қыдырәлі лауазымын сақтап қалды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Мусин де өз қызметінде қалды. Әлібек Қуантыров Президент Жарлығымен ұлттық экономика министрі лауазымына қайта тағайындалды. Өткен жылдан бастап денсаулық сақтау министрі қызметін ақарып келе жатқан Ажар Ғиният бұл лауазымға қайта тағайындалды.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарып келе жатқан Юрий Ильин қызметінде қалды. Одан бөлек оқу-ағарту министрі болып Ғани Бейсембаев қайта тағайындалды. 2023 жылғы 4 қаңтарда Президент Жарлығымен мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Асхат Оралов та лауазымын сақтап қалды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалған Марат Қарабаев Президент Жарлығымен қызметін әрі қарай жалғастырады.

Айта кету керек, Тамара Дүйсенова төртінші рет еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Ал ғылым және жоғары білім министрі қызметіне Саясат Нұрбек қайта тағайындалды. Биыл 4 қаңтарда әділет министрі болып тағайындалған Азамат Есқараев өз қызметінде қалды. Сонымен қатар Президент Жарлығымен ауыл шаруашылығы министрі болып Ербол Қарашөкеев қайта тағайындалды.

Сондай-ақ Үкімет құрамында жаңа министрлер есімі аталды.

Сыртқы істер министрі болып Мұрат Нұртілеу тағайындалды. 2019 жылғы 18 қыркүйектен бастап сыртқы істер министрі қызметін атқарған Мұхтар Тілеуберді қызметінен босатылды. Мұрат Нұртілеу президент әкімшілігі басшысы лауазымынан босатылып, Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Ал Президент Жарлығымен Алмасадам Сәтқалиев энергетика министрі лауазымына келді. Әр жылдары «ҚазТрансОйл», KEGOC, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» компанияларда басшылық қызметтерді атқарған. Соңғы қызметі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы.

Дайындаған:

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: