Өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен кезекті облыстық мәслихат сессиясы өтті. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Сессия отырысында аймақ басшысы биылғы экономикалық жағдайға тоқталды.
– Тұрақты табыс пен халықтың өмір сүру сапасы – біздің ең маңызды басымдықтар болып қала бермек. Осы жылға арналған «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 40,1 млрд теңгеге 291 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл 10 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтиды.
Биыл облыста 1946 пәтерлік 98 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Оның 969 пәтерлік 74-і жыл соңына дейін пайдалануға берілуде. Өткен жылы Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 жылда алғаш рет 250 пәтерлік бес тұрғын үй салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Кезекте тұрған 1300-ден астам қазақстандықты ескере отырып, Байқоңыр қаласында тағы да елу пәтерлік 5 үйдің құрылысын 2021 жылы бастау туралы шешім қабылданды. Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және халықтың 63 пайызы табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие, – деді облыс әкімі.
Облыста 498 шақырымнан астам көлік жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделді. Әлеуметтік салада 30 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханалар салу мәселесі шешілген. Аймақта ковид індеті күшейген жағдайда 3200 инфекциялық төсек-орын 21 стационарда дайын.
Алдағы 10 күндікте 200 орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын пайдалануға беріледі деп күтілуде. Медициналық ұйымдар 682 оттегі концентратормен, 244 ИВЛ және 60 рентген аппаратымен жабдықталған. Спорт саласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 22 жоба іске асты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 дене-шынықтыру кешені салынды.
Қашықтан оқытуға қажет мектеп теңгеріміндегі 14 мыңнан астам компьютер оқушыларға берілді. Бюджет қаражаты мен демеушілер есебінен 27 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынды, олар тұрмысы төмен отбасының балаларына табысталған.
2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 7 млрд теңге инвестицияланса, биыл тек 10 айында көрсеткіш 10 млрд теңгеден асты. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 11 пайызға өсті, оның ішінде 98 пайызы қайта өңделген өнім екенін айта кеткен жөн.
Биыл өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық карта қабылданды. Оның аясында экономиканың түрлі саласында 265 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық бюджеттің түсімдерін 1 625 358 мың теңгеге ұлғайту жоспарланса, 2020 жылға арналған облыстық бюджеттен бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген және пайдаланылмаған қаржылар қысқартылуда. Қысқартылған қаржы облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, жұмылдыру дайындығы, қаржы басқармаларына қайта бағытталуда. Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасының бюджеттік бағдарламасына ішінара өзгерістер енгізілуде. Осы өзгерістерге сәйкес аймақтағы жалпы бюджеттің көлемі 328,5 млрд теңгені құрап отыр.
2019 жылдың наурыз айында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы «Қызылорда облысының мемлекеттік органдарға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясымен келісім-шартқа отырған. Жоба аясында биыл сәуір айына дейін 77 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту арқылы жоғары жылдамдық интернет жүйесімен қамтамасыз етілді. Жоғарыда аталған жоба бойынша қала және аудандық ветеринария бөлімдері жабылуына орай оптикалық байланыс желісіне қосылған нүктелері азайып, үнемделген қаржыны облыстық бюджетке қайтаруға ұсыныс берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!