Аймақтағы азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті. Аймақ басшысы өкімімен құрылған көшпелі отырысқа облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов пен ірі сауда орталықтарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Биыл комиссияның 91 отырысы өткізілген. Себебі құзырлы мемлекеттік органдармен хаттамалық тапсырмаларды орындау барысында күріш, пияз және ас тұзы бойынша 11 құқық бұзушылық анықталған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті 6 кәсіпорынға күріш өнімі бойынша айыппұл салған. Қалған 5 дерек бойынша бағалар төмендетіліп, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті негізсіз делдалдарды қысқартқан.
Облыс әкімінің орынбасары сауда орталықтарындағы бағаның тұрақтылығын бағамдау үшін алдымен Назарбаев көшесінің бойында орналасқан «SMALL» сауда орнына барды.
«SMALL» сауда орталығындағы азық-түлік өнімдеріне қатысты мән-жайды филиал директоры Еркенже Тұрсынбаев айтып берді.
– «Байқоңыр» ӘКК азық-түлік тауарларын әкелгенде, біз олардың ұсынатын бағаларының үстіне үстеме мөлшерін асырмауымыз керек. Негізі біз бағаны 15 пайызға дейін көтеруге құқымыз бар. Бірақ біз үстеме баға қоспаймыз. Ал қосқан жағдайда тек 7 пайызбен шектелеміз. «Байқоңыр» ӘКК-де азық-түлік тауарының 19 түрі болса, бізде соның 5 түрі бар. Нақтырақ айтсақ, күріш, тұз, ұн мен пияз және картоп бар. Бәрінің сапасы жақсы. Өйткені тұрғындар тарапынан ешқандай шағым жоқ. Алдағы уақытта осы 5 түрлі өнімнің қатарына май мен қант және макарон қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы біз барлық 19 түрлі азық-түлік тауарын алғымыз келеді, себебі басқаға қарағанда бағасы төмен, – дейді филиал директоры.
Комиссияның келесі көшпелі отырысы «Шұғыла» шағын ауданындағы «QYZYLORDA» сауда желісінде жалғасты. Мұндағы сауда желісіндегі кәсіпкердің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3 айдан бері тұрақты. Яғни үстеме бағасы өспеген. Тек май бағасы төмендеді. Ал жұмыртқаның бағасы күннен-күнге өсуде.
Мұнан соң сол жағалауда орналасқан «QYZYLORDA» супермаркетінде комиссияның көшпелі отырысының жиыны өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов үкіметтің тапсырмасы бойынша аптасына екі мәрте баға үстемесін сұрыптау мен делдалдық жүйені қысқарту бойынша комиссияның атқарған жұмыстарын талқылады.
– Президент жыл соңына дейін инфляцияны 2 есеге төмендету міндетін қойды. Сол тапсырманың шеңберінде қазір тиісті шаралар қабылданған. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына өсу индексі 22,4 пайызды құраса, биыл қараша айындағы әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының өсу индексі 3,2 пайызды құрады.
Халықты қысқы маусымаралық кезеңде көкөніс тауарларының 3 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін 4952 тонна көкөніс өнімдеріне келісімшарт жасалса, биыл бірінші рет облыс әкімінің бастамасымен 1291 тонна көкөніс өніміне жергілікті тауар өндірушілермен форвардтық келісім шарт жасалды.
Облыста нан бағасын тұрақтандыру мақсатында басқа өңірлердің ұн өндіруші кәсіпорындарымен жыл басынан 7480 тонна ұнмен қамтамасыз ету жөнінде келісімшарт жасалды. Бүгінде осы 5277,6 тоннасы облысқа жеткізіліп, наубайханаларға таратылса, қалған 2202,4 тоннасы жеткізілу үстінде.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көктемгі егіс жұмыстарын қолдап, алдын-ала қаржыландыру мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен 6 мың тонна күзгі өнімге форвардтық келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар республика көлемінде күріш бағасын реттеу және өңірлердегі өңірлік-кәсіпкерлік корпорацияларды қажетті күрішпен қамтамасыз ету мақсатында күріш жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке қорытындысы бойынша өңірлердің ӘКК мен облыстың күріш өңдеушілері нақты 3,9 млрд теңгеге 9738 тоннаны 14 облыс пен Алматы, Шымкент қалаларына алдын-ала 70 пайызын қаржыландыру шартымен форвардтық келісім жасаған.
Ал өзіміздің әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлерінде жұмыс істеп тұрған әлеуметтік бұрыштарда күріштің келісі 390-400 теңге аралығында.
Мұнан соң облысты 2354,3 тонна қантпен қамтамасыз ету үшін «Мерке» қант зауытымен келісім жасалып, бүгінде 204 тонна қант жеткізілген.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін делдалсыз, тікелей өндіруші бағасымен облыс тұрғындарына ұсыну мақсатында қыркүйек айынан бастап, апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде.
Бұдан бөлек тұрақтандыру қорындағы сақтау қоймасының көлемін ұлғайтып жатырмыз. Әрі қарай үкіметтің көмегімен тұрақтандыру қорындағы өнімнің көлемін көбейту арқылы бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, жоспарға сәйкес азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы аптасына екі рет өтетін болады.
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!