Сәрсенбі, 17 сәуiр, 02:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Диқан не егеді?

06.04.2021

2548 0

Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мәселесі көптен бері айтылып келеді. Дегенмен бұл іске білек сыбана кірісетін кез енді келгендей. Себебі тек бір ғана күріш егумен еңбекші елдің несібесі артып, ел қамбасының тоқ болмайтыны айқын сезіле бастады. Ақ күріші брендке айналған сырбойылық диқандар үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыру қалай жүргізілмек? Күріштің жайын бес саусағындай білетін диқанға өзге дақылдың бабын табу оңайға түсе ме?

Көктем келсе, кетпенін сайлап егін егуге кірісетін диқан қауымының көңілі алаң. Су тапшылығы мәселесі жайбарақаттықты көтермейді. Қамсыз егін егіп, су жетпей жатса, еңбектің еш кеткені емес пе? Сырбойылық диқанның жайын ойлап, Үкіметке сауал жолдаған сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Нұртөре Жүсіптің депутаттық сауалында бұл мәселенің, дария бойында қоныстанған елдің жайы анық көрсетілген. «Қызылорда облысының жер қорында 230 мың га суармалы, оның ішінде инженерлік жүйеге келтірілген 180 мың га жер бар. Суармалы жерлер жыл сайын кепілді өнім беретін, қайтарымы жоғары ауыл шаруашылығының алтын қоры ғана емес, ол сол өңірлерде тұратын халықтың өмір-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Осы суармалы жерлер тек каналдарды толтыру арқылы ғана егістікті суландырады. 15 мың шақырымнан астам каналдар шаруашылықішілік суармалы және қашыртқы жерлері гидротехникалық жүйелер күйреудің алдында тұр. Осының барлығы судың барынша тиімсіз жұмсалуына, яғни жыл сайын 2 млрд текше метр су босқа ысырап болатындығын көрсетеді. Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің елдегі жалпы үлесі 16 процентті құралса, республикадағы су ағымының 43 процентін тұтынады. Оның ішінде күріш егісінің көлемі 90 мың гектарға жетті. 1 га күріш алқабына 33 мың текше метр су жұмсалу керек, 90 мың гектарға 3 млрд текше метр су қажет» деп судың жайын көрсеткен депутаттар Үкі­метке Сыр өңіріндегі ауыл шаруашылығының жайы қалай бола­тынын айтып, алаңдаушылық білдіріпті. «Алдағы болжамдар су тапшылығы күрделене түсетіндігін көрсетеді. Бұл – Қызылорда облысы үшін үлкен қауіп. Мәселені қалай шешу керек? Орасан зор су қажет ететін күріш алқабын қысқарту қажет пе, әлде Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын тез арада әртараптандыру үшін тиімді тетігін жасау керек пе? Үкіметтің нақты ұстанымы қандай?» деп жазады.

Су тапшылығы сезіледі

Биыл Сырдария өзеніндегі судың өткен жылдарға қарағанда аз болатын­дығын Арал-Сырдария бассейндік инс­пекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов те облыс әкімдігінде өткен мәжілісте атап айтты.

– Қазіргі уақытта қалыптасқан су шаруашылығы жағдайы туралы айтатын болсам, Сырдария өзені бассейніндегі үлкен су қоймаларында 13,7 млрд тек­шеметр су болса, өткен жылмен са­лыстырғанда 3,1 млрд кем су бар. Бүгінгі күні Шардара су қоймасында 4792 млн, Көксарай су реттегішінде 1404 млн текше метр су жиналды. Жиналған су көлемі Шардара су қоймасында өткен жылмен салыстырғанда 351 млн текшеметрге аз. Көкбұлақ су бекетіне секундына орташа 581 текшеметр су түсуде. Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының гидромед қызметтері 2020 жылдың 1 қазаны мен 2021 жылдың 1 наурызы аралығында түс­кен жауын-шашын мөлшері өткен жылмен салыстырғанда орташа 15-20 процентке төмендігін болжады, – дейді ол.

Бүгінде сырбойылық диқандар көк­темгі егін дайындығына кірісіп те кетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының мәліметі бойынша биыл өңірде 188,2 мың гектарға егу жоспарланған. Оның ішінде дәнді дақылдар 96,6 мың, майлы дақылдар 6,7 мың, мал азықтық дақылдар 66,4 мың, картоп, көкөніс, бақша 18,5 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күріш көлемі 84,4 мың гектарға жоспарланыпты.

Қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Дәулетбек Әбдірасулов суды аз қажет ететін дақылдарды егу көлемін арттыру бағытында жұмыс жасалып жатқанын айтты.

– Су тапшылығына байланысты ауыл­шаруа­шылық дақылдары ротациясын сақ­тай отырып, суды аз қажет ететін және су үнемдеу әдістерін қолдана отырып картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға бағытталған жұ­мыстар атқарылуда. Өткен жылы 878 гектар жерге бақша дақылдары егілген болса, биыл 987 гектар жерге бақша дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Ал көкөніс дақылдары өткен жылы 1088 гектар жерге егілген болса, биыл жалпы аумағы 1296 гектар жерге орналастыру жоспарлануда, – дейді.

Қолдау қажет

Әртараптандыруға тезірек бейімделу үшін кәсіпкерлерге қолдау қажет. Келе­шекте су жетіспеушілігіне байланыс­ты күріш алқаптарын ұлғайту мүмкін еместігін түсінген кәсіпкерлер бүгінде әртараптандыруға бейімделе бастады. Бірі мал шаруашылығын қолға алса, енді бірі алма бағы, екіншісі бақша дақылдарын егуге тәуекел ете бастады. Дегенмен оларға қолдау қажет. Бұл орайда облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков олардың мәселесі тиісті орындарға ұсыныс ретінде жолданғанын айтты.

– Қандай қолдау бар дегенге кел­сек, ауылшаруашылығы бағытына жаңа техника сатып алса, мемлекет 25 процен­тін қайтарып береді. Осы жеңілдікті кәсіпкерлер қолдануға болады. Мұнан бөлек жақында облыстық Кәсіпкерлер палатасы атынан құзырлы орындарға ұсыныс бердік. Онда әртараптандыру мақ­сатында сатып алынған техника қар­жысының 50 процентін мемлекет субсидиялап берсе деген ұсынысымызды жеткіздік. Бұл қаншалықты қолдау табатыны әзірге белгісіз. Шынында да мәселе бар. Мәселен, бүгінгі күнге дейін күріш егіп келген кәсіпкер енді басқа дақыл егейін десе, оның техникасының бәрі күрішке бейімделген. Жаңа техника алу қажет. Ал техника қаржысын субсидиялау болса, әртараптандыру жұмысын алға жылжытуға мүмкіндік болар еді, – дейді бөлім басшысы.

Орайы келгенде бөлім басшысы күріш өндірушілердің көкейтесті мәселесін де атап айтты.

– Күрішті өңдеумен айналысатын кәсіп­керлер корпоративтік табыс са­лығын азайту мәселесін үнемі көтеріп келеді. Бұл мәселені ашып айтар болсақ, күріш егетін жерлері бар шаруашылықтар корпо­ративтік табыс салығын 10 процент, әрі қарайғы өзге де жеңілдіктерімен 3 процент төлейді екен де, ал өз жерлері жоқ, өңделмеген күрішті серіктестерінен сатып алып, өңдейтін кәсіпкерлердің бюджетке беретін корпоративтік та­быс салығы 20 процентті құрайды. Айырмашылық 6-7 есе. Күріш өңдеушілер үшін салық төлеміне жеңілдік жасалса деген ұсынысымызды құзырлы орындарға жолдадық. Ал күріш егушілер үшін негізгі проблема – су тапшылығы. Күрішшілер су тапшылығы мәселесін айтуда. Әрине, бұл облыс көле­мінде шешімін табатын мәселе емес.

Қандай дақыл егуге болады?

Облыстық кәсіпкерлер палатасы ди­ректорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов  ауылшаруашы­лығы саласының өкілдері үшін өзге де дақылдардың пайдасы мен шығынын атап көрсетіп, «Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы» ғы­лыми-зерттеу институтының нор­мативтеріне сүйеніп, пайдалы ақпарат жариялады.

Облыстағы шаруашылық құры­­­лым­дары 1 гек­тар күрішті өсіріп, жинау­­ға орташа есеппен 350-400 мың теңге аралығында шығын жұмсайды. 1 гек­тар­дан орташа 55 центнерден өнім жи­нап, күріш салысының бір келісін 80-100 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы әр келіден 100 теңгені, гектары­нан 550 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі 28 процент шамасында. Жыл сайын тауарлық-материалдық құнды­лықтар мен жанар-жағармайдың қымбат­тауынан өнім­­­нің өзіндік құны өсіп, рентабельділігі тө­мендеуде.

Соя. 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 132,3 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 25 центнерден өнім жинап, жиналған соя дәнінің килограмын сапасына қарай орташа 150 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 150 теңгені, гектарына 375 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі –183,4 процент.

Соя (тамшылатып суару). 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 417,3 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 45 центнерден өнім жинап, жиналған соя дәнінің килограмын сапа­сына қарай орташа 150 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 150 теңгені, гектарына 258 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 62 процент.

Дәндік жүгері. 1 гектарға өсіріп, жи­науға орташа есеппен 196,6 мың теңге жұмсалады. Осыдан орташа гектарынан 40 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің килограмын 90 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 90 теңгені, гектарына 360 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 83,1 процент.

Сүрлемдік жүгері. 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 182,5 мың теңге жұмсалады. Осыдан орташа гектарынан 300 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің килограмын 15 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 15 теңгені, гектарына 450 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 146,5 процент.

Дәндік жүгері (тамшылатып суару). 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1,0 млн теңге жұмсалады. Осыдан орташа гектарынан 120 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің килограмын 90 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 90 теңгені, гектарына 540 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 100 процент.

Мақсары. 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 81 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 12 центнерден өнім жинап, жиналған мақсары дәнінің килограмын сапасына қарай орташа 120 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 120 теңгені, гектарына 144 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 77,3 процент.

Рапс – 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 93,8 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 130 центнерден өнім жинап, жиналған рапс өнімінің килограмын сапасына қарай орташа 11 теңгеден сатқанда шаруа­шылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 3,8 теңгені, гектарына 93,6 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 99,7 пайыз.

Жаздық арпа. 1 гектарға өсіріп, жи­науға орташа есеппен 89,4 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 15 центнерден өнім жинап, жиналған өнімінің килограмын сапасына қарай орташа 75 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 15,3 теңгені, гектарына 112,5 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 25,8 процент.

Жаздық бидай. 1 гектарға өсіріп, жи­науға орташа есеппен 135 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 15 центнерден өнім жинап, жиналған өнімінің килограмын сапасына қарай орташа 90 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 90 теңгені, гектарына 135 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 53,4 процент.

Дақылдар, көкөністер:

Картоп (тамшылатып суару). 1 гек­тарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1 млн теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 200 центнерден өнім жинап, жиналған картоптың килограмын сапасына қарай орташа 100 теңгеден сатқанда шаруа­шылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 100 теңгені, гектарына 2 млн теңгені құрайды. Рентабельділігі – 100 процент. (картоптың есептемесі облыста егіп жүрген шаруашылықтардың орташа есебінен алынды).

Қызанақ. 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1 млн теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 250 центнерден өнім жинап, жиналған қызанақтың ки­лограмын сапасына қарай орташа 55 тең­геден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 55 тең­гені, гектарына 430,5 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 37 процент.

Қызанақ (тамшылатып суару). 1 гек­тарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1,5 млн теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 500 центнерден өнім жинап, жиналған қызанақтың килограмын сапа­сына қарай орташа 55 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 55 теңгені, гектарына 1,6 млн теңгені құрайды. Рентабельділігі – 77 процент.

Қияр. 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 807 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 150 центнерден өнім жинап, жиналған қиярдың килограмын сапасына қарай орташа 100 теңгеден сат­қанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 46 теңгені, гек­тарына 693 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 86 процент.

Қияр (тамшылатып суару). 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1,4 млн. теңге жұмсайды. Осыдан орташа гек­тарынан 250 центнерден өнім жинап, жиналған қиярдың килограмын сапасына қарай орташа 100 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 46 теңгені, гектарына 1,2 млн теңгені құрайды. Рентабельділігі – 85 процент.

Қарбыз. 1 гектарға өсіріп, жинауға ор­таша есеппен 386,2 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 200 центнерден өнім жинап, жиналған қарбыз өнімінің килограмын сапасына қарай орташа 40 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 20,6 теңгені, гектарына 800 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 107,0 процент.

Қарбыз (тамшылатып суару). 1 гек­тарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 657,6 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 500 центнерден өнім жинап, жиналған қарбыз өнімінің килограмын сапасына қарай орташа 40 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 40 теңгені, гектарына 2,0 млн теңгені құрайды. Рентабельділігі – 204,0 процент.

Бақша. 1 гектарға өсіріп, жинауға ор­таша есеппен 255,6 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 185 центнерден өнім жинап, жиналған бақша өнімінің килограмын сапасына қарай орташа 30 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 16,2 теңгені, гектарына 299,7 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 117,2 процент.

 Қант қызылшасы. 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 273,9 мың теңге жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 200 центнерден өнім жинап, жиналған қант қызылшасының килограмын сапа­сына қарай орташа 70 теңгеден сат­қанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 56,3 теңгені, гектарына 1126,1 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 410,9 процент.

Жерді алдауға болмайды

Ауылшаруашылығы саласын әртарап­тандыру су үнемдеуден бөлек, топырақтың құнарлылығын сақтау үшін қажет. Дәл қазір бүгінді ойлағанмен, Жер-ананың жылдан-жылға тозып бара жатқанын ұмытпауымыз керек. Еңбек еткенді несібесіз қалдырмайтын жер­ден қашанғы ала береміз? Ғалыммен әңгімелескенде осындай ой түйдік.

 Камалдин Шермағамбетов, «Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының «Агро­технология, мелио­рация және топы­рақ­тану» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:

– Заңдылығы бойынша ауыспалы егіс­тікте күріштің көлемі 50 процент немесе одан төмен болу керек. Бұл көрсеткіштен жоғары болса топырақтың құнарлылығы төмендей береді. Қызылорда облысында 8 танапты күріш ауыспалы егістері игерілген. Егін егу заңдылығы бойынша ауыспалы егістің 4 танабына күріш егіліп, қалғанына басқа дақылдар егілуі тиіс. Өкінішке орай, орталық аудандарда ауыспалы егістің 75 процентіне күріш егеді. Бұл топырақтың органикалық қорының азаюына алып келеді. Мысалы, 60-ыншы жылдары күріш жүйесін игере бастаған кезде Сыр топырағында қара шіріндінің үлесі 2,5-3 процентке дейін болған. Қазір 1 процентке де жетпейді. Органикалық қор деген ғасырлар бойы жиналатын нәрсе. Ал біз  күріш жүйесін игерген жылдардан бастап топырақтың құнарлылығын төмендетіп алдық. Енді қалай қалпына келтіреміз? Оның бір ғана жолы – ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыру. Бұл топы­рақтың құнарлығы үшін де, су тапшылығы мәселесін шешу үшін қажет. Алайда шаруашылықтар техниканың барлығы күріш егуге, жинауға бейімделгенін алға тартуда. Әрине, бұл түсінуге бола­тын жағдай. Дегенмен топырақтың құнар­лылығын сақтау үшін де әртараптандыруға бару керек. Әлемде ғасырлар бойы бірыңғай күріш егіп келе жатқан елдер бар. Олар органикалық қорды қалай сақтап отыр дегенге келсек, ол елдерде топырақты қоректендіретін арнайы биопрепараттар әзірлейді. Біз де осыған дайын­далудамыз. Біздің институтта  осы бағыт бар, бірақ әлі зертханалық деңгейде ғана.

Негізі Жер-Анамен тілдескенде оның бергенін қайтару да керек. Жерді ал­дауға болмайды. Қазақтың «Алаған қолым береген» деген сөзі бар емес пе?!  Жердің органикалық қорын көтермейінше тиім­ділігі азая береді, келешегіне қиын. Экономиканы экологияны бұзбай көтеру керек. Мұның негізгі жолы – ауыспалы егіс заңдылығын сақтау.

P.S. Көктемнің екінші айы басталғанмен диқанға қолайлы ауа-райы болмай тұр. Көктемгі шаруаға әзірлік жасаған кезде шығынын да, пайдасын да ойлайтын кәсіпкерге әлі де ойлану керек. Ғылым мен өндіріс біріге қимылдаса шаруаның да, жердің де келешегі жарқын болар еді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: