Сейсенбі, 26 қараша, 19:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Ет неге қымбат?

23.02.2021

2427 0

Қазақ халқы қашаннан әлемдегі етті ең көп пайдаланатын елдердің көш басында тұрады. Расымен, біз ет жемесек тұра алмайтын елміз. Бабаларымыз мал асырап оның өнімін жыл бойы тұтынып келген.

Жә, сонымен тақырыпқа ойысайын. Қыс басталғалы бері нарықта ет бағасы өсіп келеді. Міне, көктем мезгілі де таяу. Дегенмен әлі арзандайтын түрі жоқ. Бүгінде базарда жылқы етінің келісі 2100-2200-ден, сиыр еті 1700-1800 теңгеден сатылуда.

Мал базардағы баға

Қала іргесіндегі КБИ шағын ауданында орналасқан мал базарда әр апта сайын сауда қыза түседі. Ауыл-аймақтан ат арытып келгендер базардан қалтасын қалыңдатып қайтқысы келетіні сөзсіз. Маңдай тер, табан етімен баққан малын кім де болса арзанға бергісі жоқ. Ол жағы түсінікті де. Мал сатушылар биыл ет бағасы қымбаттағанын айтады. Олардың айтуынша, бағылған мал шығынды ақтауға тиіс.

– Қыс мезгілі болған соң мал онша қоң жинай қоймайды. Дегенмен жайылымнан бөлек қорада қосымша жем берудің пайдасы бар. Бағымы болғанның пайдасы да жаман болмайды. Халқымызда «Мал баққанға бітеді», «Малдының беті жарық» деп тегін айтылмаған. Өзім 2004 жылдан бері ет сатумен айналысамын. Қала орталығындағы ет базарларының көбісі менен сауда жасайды. Біз төрт түлікпен өсіп жетілген жұртпыз. Жастайымыздан малдың қыр-сырын меңгеріп өстік,  – дейді Өмірсерік есімді қала тұрғыны.

Қазір базарда төрт-түлік аз. Себебі жайы­лымдағы мал әлі толық семіре қойған жоқ. Мына әкеліп тұрған қой, сиырдың бар­лығы бордақыланған. Оларға кеткен жем-шөптің шығыны да қоса есептеледі, – дейді сатушылар.

Қала орталықтарындағы сауда нүк­те­­лерінің ет сататын бөліміне бара қалсаңыз баға тіпті шарықтай түскенін аңғару қиын емес. «Келіңіз, ет алыңыз. Жас малдың еті, бүгін ғана сойылған» деп жарыса сөйлеп, ет жарнамасын жасаудан жарысады.. Олардың айтуынша, қазір ет азайған әрі базарға қымбат бағамен түсіп жатыр.

– Қазір карантин уақыты, мал етін өзге елдерге экспорттау жағы сәл саябырсып тұр. Бұрынғыдай ағыл-тегіл ет өткізіп жатқандар жоқ. Содан болу керек бізге де ет қымбат бағамен келеді. Қымбат ет өтпейді. Бұрынғыдай емес, алушы да аз, – дейді Қарлығаш есімді сатушы. Қарлығаштың айтуынша, былтыр рамазан айы кезінде күніне бір сиырдың етін сатып жіберетін кездер жиі болған. Ал биыл бір малдың етін бір аптада әрең өткізетінін жасырмады.

Жанармай мен  жем қымбат

Серік есімді кәсіпкер қала орталығында тұрады. Соңғы 15 жылдан бері ірі қара малын бордақылап, етін базардағы сатушыларға өткізіп жүр. Айтуынша, ерте көктемде 50-ге жуық тайынша сатып алып, қыстай жемдеп, сатумен айналысады. Бағаның бұлай  қымбаттауына төрт-түлік басының азаюы мен жем-шөптің қым­баттауы әсер етіп отыр.

– Әр үш малдың бірі шығынды жабады, қалған екеуінен пайда түседі. Алыс ауыл­дағы мал сатушылардың өзі оны қала бағасымен өткізгісі келеді. Өйткені сатып алатын мал жоқ, – деді ол.

Ет экспорты мен  импорты

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы берген мәлімет бойынша, 2019 жылы Иранға 789 бас уақ мал, 56 бас мүйізді ірі қара сатылымға шықты. Өзбекстанға 261 бас мүйізді ірі қара мен 181 бас түйе сатылса,  Біріккен Араб Әмірлігіне 950 бас уақ мал экспортталды.

Сонымен қатар Чехиядан 280 бас, Германиядан 300 бас, Ресейден 1045 бас мүйізді ірі қара импортталған.

Ал өткен жылы көрші Өзбекстан мемлекетіне 30 бас түйе малы экспортқа шығарылды. Ағымдағы жылдың осы айына дейін Ресей елінен 100 бас мүйізді ірі қара импортталған. Мұның барлығы сайып келгенде ет бағасына өзіндік әсер етері анық. Қазір карантин уақыты болғандықтан шет мемлекеттерге экспорт жағы сәл саябырсып тұр.                                

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: