Дүйсенбі, 06 мамыр, 05:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Әлихан – «Бала барысы»

08.10.2022

941 0

Қызылорда қаласында «Балалар жылы» және «қала күні» қарсаңында

«Бала барысы – 2022» қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Ашық біріншілік 2009-2010 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына қала әкімі Асылбек Шәменов қатысып, балаларға сәттілік тіледі.

Президент биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғап, дарын­ды балаларды қолдауымыз керектігін ерекше атап өтті. Ұлттық спортты насихаттау осы рухани жаңғырудан басталады. Айта кету керек, «Бала барысы» турнирі облыстық деңгейде алғаш рет өтті.

Боз кілемде өнер көрсеткен қазақ күресі, бүгінгі таңда жоғары қарқынмен дамып келеді. Жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы күннен-күнге артуда. Кім мықтыны анықтаған сайыста өңірдегі сайдың тасындай тізілген 30 жас балуан бақ сынады. Мұндағы басты мақсат – жас ұрпақтың ұлттық спортқа қызығушылығын арт­тырып, салауатты өмір салтын наси­хаттау. «Күш атасын танымас» деген балуандар өзара мықтыны анықтап, айласы мен әдісі, бабы мен бағы келіскен қатысушылар финалда кездесті.

Делебені қоздырып, сайыс көрігін қыздырған белдесулер, бір-бірінен өткен мықты балуандар барын салды.  Қазақ күресіне деген құлшыныс жарысқа қатысушы әр баланың жанарында байқалып-ақ тұрды. Өйткені әрбірі жеңіске құштарлық танытып, намысқа тырысып бақты.

Нәтижесінде қармақшылық Әлихан Әлиасқаров 1 орынды жеңіп алып, бала барысы атанды. Оған сыйлыққа тай тұяқ пен Алтын белбеу, 150 мың теңге сыйақы берілді. Сондай-ақ жаңақорғандық Дінмұхамед Ержанов II орын иеленіп, 100 мың теңге сыйақы алып, күміс белбеу тақты. Ал қызылордалық Исламбек Балмолдаев жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Оған қола белбеу және 50 мың теңге сыйақы берілді. «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша қар­мақшылық Арқар Бақытжанға 25000 теңге сыйақы табысталды.

«Бала барысы – 2022»  сайысына «Абай-Дәулет» серіктестігі, «Ер-Ару» сауда үйі, Шаған құрылыс заттары серіктестігі демеушілік етті.

А.ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: