Жексенбі, 28 сәуiр, 12:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

«Балалар үйінен кетерде қорқыныш болды»: жас боксшы жігіт басынан өткен оқиғаларымен бөлісті

28.07.2023

1489 0

24 жастағы Қаныш Сейдазым Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында туған. Балалар үйінде тәрбиеленген ол өміріндегі кейбір маңызды кезеңдерде еріктілерден көп қолдау көргенін айтады. Бүгінде жігіт ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше балаларға көмектесетін “Best for kids” ұйымында еріктілікпен айналысады. Одан бөлек бокста да өз жолын салып, жаттықтырушы ретінде шәкірт те тәрбиелеп үлгеріп жүр. Қаныш Stan.kz тілшісіне алғаш үлкен қала Астанаға келуі мен басынан өткен түрлі оқиғаларын, арман-мақсаттарын айтып берді. 

Сәтбаев қаласындағы Рудник кентіндегі балалар үйінде тәрбиеленген Қаныш 2015 жылы 16 жасында Астана қаласына келіп, кәсіптік техникалық колледжге электромонтер мамандығында оқуға түскен. 

Балалар үйінен кетерде қорқыныш болды

Қаныш үлкен өмірге қадам басудың өзі үшін оңайлыққа соқпағанын тілге тиек етті.

“Балалар үйінен кетерде қорқыныш болды. Алдымда не күтетінін сезгендей болдым. Сол сезімдердің әсерінен біраз уақыт ешқайда барғым келмей жүрді. Ал колледжге түскен соң балалық өмірге деген сағыныш болды. Сол кезде алда өмірдің бұданда қиындай түсетінін ұқтым. Сол себепті бәріне дайын боп жүрдім”,- деді жігіт.

Ол 9-сынып бітіріп жатқан кезінде лагерде жұмыс істеуге мүмкіндік алып, Астанаға келер алдында азынаулақ ақша жинағанын алға тартты. 

“Келген соң директорға кірместен балалармен базарға бардық. Футболға арналған киім, керек-жарақтарымызды алып арқа-жарқа болған қызықты сәттеріміз есімде. Мұнда бізден бұрын түскен үлкендеріміз болды. Солар бағыт беріп, қаланы таныстырып, автобустар мен аялдамаларды көрсетті. Жол ақысының 90 теңге екенін білгенде қатты шошығаныбыз”, – деп күле еске алды ол.  

Шәкіртақы 8500 теңге, жұмыс істегім келді…

Қаныш үлкен қаладағы алғашқы күндерін есіне алды. Айтуынша тәртіпке әбден үйреніп қалған жігіт алғашында өз еркімен жүруге сәл ыңғайсызданған екен. Тіпті түрлі қызықты жағдайлар орын алыпты. 

“Режим мен тәртіпке әбден үйреніп қалыппын. Себебі мен тәрбиеленген мекемеде бір жерге баратын болсақ, тәрбиешіден міндетті түрде сұранып, барлығы уақытымен есептеліп отыратын. Ал мына жаққа келгенімде басында өзімді басқаша сезіндім. Сағат 22:00-де үйреніп қалғанымдай ұйқым келетін. Мұнда менен сұрамаса да апайларға кетіп бара жатқанымды ескертетінмін. Олар да мені түсінбей таңырқай қарайтын. Кейін балалар сұранбауға болатынын, қайда барып, қашан келуімді өзімнің шешетінімді айтты”, – деп қосты ол. 

Жігіт 8500 теңге шәкіртақысын барынша үнемдеп жұмсаған. Айтуынша мұнда тамақ, жатақхана тегін болғандықтан, оның үстіне жуынуға арналған гигиеналық қажеттіліктер де ай сайын ұсынылғандықтан аса қатты қиындықтар болмаған.

“Студенттік кезім басталған сәтте қатты жұмыс істегім келді. Бірақ кәмелетке толмағандықтан кедергілер болды. Сонда да іздеп көлік жуатын түрлі жерлерге барып, өзімді ұсындым. Алайда жасыма байланысты қабылданбадым. Кейін бір күні базарда ешқандай құжатсыз жүк тасу сияқты түрлі жұмысқа алып кететін жер бар екенін естідім. Таңғы сағат жетілерлер шамасында сол жерге бардым. Сөйтіп бірінші күні бізді алдап ақшамызды бермей қойды. Екіншісінде төледі, бірақ аз мөлшерде. Кейін мұның дұрыс емес екенін ұқтым. Әлі жұмыс істеп үлгеремін ғой деп, оқуыма көңіл бөле бастадым”, –деді ол.  

Ерікті қыздың арқасында жоғары оқу орнына түстім

Қаныш колледж бітірген соң Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетке оқуға түскен. Ал өміріндегі осы бір үлкен жолда білім алуға үгіт-насихат беріп, қолдаған еріктілер екенін тілге тиек етті. 

“Оқуға тапсырудың да әлегі көп екен. Балалар үйінде шаруамыздың тез шешілетініне әбден үйреніп қалыппын. Мұнда тіпті медициналық тексеріске кемінде 1 сағат уақыт кетеді. 40-50 адаммен қабаттасып жүріп, университетке түсуге деген ынтам кетіп, әскерге барайын оданда деген де ойлар болды. Алайда Динара есімді ерікті жанымда жүріп, жұмысынан сұранып мені университетке апарып құжаттарымды тапсырдық. Ең алғаш барып қабылдау комиссиясынан кеңес алғанымызда қалаған мамандығыма түсуге еш мүмкіндігімнің жоқ екенін айтты. Дене шынықтыру және спорт мамандығында оқуды қалағам. Сол сөзден кейін тағы ойланып, оқуға түскім келмей қалды. Ал жанымдағы ерікті сонда да қоймай жоқ біз осы мамандыққа оқуға түсеміз деп тұрып алды. Бұған сенбедім, бірақ еріктінің үмітін көріп ұялғанымнан айтқанын істеп жүре бердім”, – деді Қаныш. 

Шығармашылық тесттер мен сынақтардан сүрінбей өткен ол өзі ойламаған жерден жоғары оқу орнының студенті атанған. 

“Өмір мүлде біз ойлағандай болмайды”: Еріктілікке келген Қаныш

Қаныш жоғары оқу орнының студенті атанғаннан кейін балалар үйне, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарға көмек ететін “Best for kids” ұйымына ерікті ретінде қосылады. Айтуынша, әсіресе ерекше балаларға бару үлкен жауапкершілікті талап еткен. 

“Мұндай орталықтарға барған кезде көбіне жарыстар өткізіп, түрлі ойындар ұйымдастырып, физикалық тұрғыда шынығуына көмектесеміз. Алайда барған сайын көңілім құлазитынын жасырмаймын. Себебі қазір ойлап қарасам, кезінде балалар үйінде келіп қуантса екен деп еріктілерді асыға күтетінбіз. Алайда мұндағы балаларға қарап, бізге қарағанда оларға көмектің көбірек керек болғанын аңғардым. Себебі біздің он екі мүшеміз сау ғой. Әрине еріктілік жұмысым кезінде мұндай ішкі сезімдерімді барынша білдіртпеуге тырысамын”,- деп қосты ол. 

Қаныш ұйымымен бірге одан бөлек өзі оқыған колледж студенттеріне де түрлі кеңестер береді екен. 

“Біз үлкен өмірге аяқ басқанда азығыңды табуға көмектесетін қарапайым түйіндеме жазуды, жұмысқа барғанда қалай сөйлесу керек екенін үйретеміз. Қынжылтатыны сол мұндағы жастар дайын дүнеиеге үйреніп қалған. Балалар үйінде, колледжде берілген көмекке сүйеніп, болашақта да солай болады деп топшылап жатады. Бірақ мен оларға үлкен өмірдің мүлде біз ойлағандай болмайтынын түсіндіруге тырысамын. Адал, тұзу жолмен жүріп, адаспай өздерін табуына үгіттеймін”, – деп қосты Қаныш.

Жігіт еріктілік кезінде өзін асыға күтетін балалар үйндегі достарының жылы лебізін көріп қоғамға көмектесуге күш алатынын айтады. Дегенмен мұның да үлкен жауапкершілікті талап ететінін жасырмайды.

 Армандарым көп: Баспаналы болып, шаңырақ көтерсем…

Боксшы жігіт жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң педагогикалық тесттен өтіп, білікті маман атанған. Қазір бокста Номад құрамасының жұдырықты жекпе-жек спортшысы. Бұл бағытта оның жетістіктері де жоқ емес. Алты рет алаңға шыққан Қаныш бесеуін жеңіспен аяқтаған.

Ол болашақта мектепте сабақ беруді де қалайтынын айтады. Ал әзірге спортта шынығуға көбірек мүмкіндік беретіндіктен жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүр. Бос уақытында еріктілікпен де айналысып, қоғамға пайда әкелуге тырысуда.

“Алда арман жоспарларым көп. Солардың бірі баспаналы болу. Кейін үйленіп шаңырақ көтерсем деймін. Боксқа шығуды қойып, мамандығыммен жұмыс істегім келеді. Жеке бизнестер ашсам ба деймін. Бұйырса оған да жетерміз”, – деп қорытты ол. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: