Сенбі, 21 желтоқсан, 22:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Чемпион неге қапалы?

09.10.2021

2025 0

2018 жылы Аргентинадағы жастар арасында өткен олимпиадаға каноэдан қатысып, алтыннан алқа тағынған қазақ спортшысы Диас Бахраддин бүгінде төлемақы мен чемпионға облыс әкімі сыйлаған пәтерден айырылған. Спортқа деген құлшынысы жоғары чемпион әлі де болса шеберлігін шыңдап, ендігі кезекте олимпиадада топ жарғысы келеді. Алайда ол деңгейге жету үшін қолдау жоқ. Мән-жайды анықтау үшін Диастың өзімен тілдестік.

БӘРІ ЖАҚСЫ БАСТАЛҒАН ЕДІ…

2018 жыл. Аргентинада жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Диас Бахраддин сол жарыста «сенсация» жасап, каноэден 1 минут 54 секундта өнер көрсетіп, чемпион атанды.

– Елге келген кезде барлығы көкке көтеріп, ыстық ықыласпен қарсы алды. Сол кезде өз жетістігіме қуанып, бұдан да жоғары деңгейге жетуге уәде бердім. Олимпиада чемпионы болғаныммен құттықтап, сол кездегі облыс әкімі Қызылорда қаласынан 3 бөлмелі пәтерді дүйім жұрт алдында табыстады, – дейді Диас Бахраддин.

Сол уақыттан бастап спортшы намазға жығылып, ҚМДБ рұқсат берген Әбу Ханифа мазхабын ұстанған. Міне, осы уақыттан бастап оның спорттық карьерасы құлдырай бастады.

Чемпион неге қапалы?
2018 жылы Аргентинадағы жастар арасында өткен олимпиаданың каноэ спортынан алтын медаль иегері Диас Бахраддин

«МЕНІ КӨП НӘРСЕДЕН ШЕТТЕТТІ»

Жастар олимпиадасының чемпионы бұл спортқа 2013 жылы 11 жасында келген. Сол уақыттан бастап Мейірбек Мұхиддин және Диана Қазиева деген бапкерлерінің тәрбиесінде болған. «Менің чемпион болуымның бірден-бір себепкері сол жандар. Оларға айтар алғысым шексіз», – дейді спортшы.

Дегенмен чемпионға демеу беруден гөрі оны шеттету көп болған. Оған намазды немесе спортты таңдау туралы ультиматум қойылған. «Мен екеуін де бірдей алып жүре аламын. Маған «намаз» ешқандай кедергі келтірмейтінін айттым. Осы сәттен бастап жаттықтырушылардың маған деген көзқарасы өзгерді. Жаттығу барысында маған назар аудармайтын болды. Мен өзім дайындалуға мәжбүр болдым. Әрине, жаттықтырушымен дайындалған бөлек. Бірақ мен көрсеткіштерімді сақтап қалу үшін жаттықтырушылар назар аудармаса да жаттығуым керек болды», – дейді Диас Бахраддин.

Оқу-жаттығу Еуропада өтетін болды. Ол жерде тамақты тауық немесе шошқа етінен дайындайды. Бапкерлер тауық етінің каллориясы аз дейді-мыс. Ал бес уақыт намазы бар Диас шошқа етінен бас тартады. Міне, сол кезде бапкерлер спортшыға ультиматум қояды.

– 2020 жылы карантин басталғанда мен барлық жаттығудан қол үздім. Амалсыз өзім фитнес орталықтарда жаттығуым керек болды. Мені ешқандай жарыстарға жібермейтін болды. Бірақ оңайлықпен берілмей, бар күшімді салып шынықтым. Жыл басында чемпион ретінде тағайындалған жалақы тоқтатылды. Бірер айдан соң 3 бөлмелі үйді де босатуыма тура келді, – дейді Диастың өзі.

ОҚУДАН ШЕТТЕТІЛУІНЕ НЕ СЕБЕП?

Жалпы Диас спорт басқармасына қарасты Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резерв колледжінде «Спорт жат-тықтырушысы – оқытушы» мамандығында білім алған. 2021 жылы 1 сәуірде №4 педагогикалық кеңес пен колледж Жарғысы бойынша ол оқудан шығарылған. Оның себептерін колледж директорының спорт жөніндегі орынбасары Бауыржан Есмағамбетов түсіндірді.

Чемпион неге қапалы?
Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резерв колледжі директорының спорт жөніндегі орынбасары Бауыржан Есмағамбетов

– Бахраддин Диас 2019 жылы оқуға қабылданған. 2019-2020 оқу жылында бірінші курсын аяқтады. 2020-2021 жылы екінші курста оқып жатқанда Диас онлайн да, дәстүрлі өткен сабаққа да қатысқан жоқ. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары мен мұғалімдер басшылыққа арыз-шағымдарын жеткізді. Соған сәйкес Бахраддин Диастың мәселесіпедагогикалық кеңесте қаралды. Педагогикалық кеңестің шешімімен Диас оқудан шығарылды, – дейді директордың орынбасары.

Алайда Диас бұл себептер негізсіз және спорттан шеттету мақсатында жасалған істің бірі дейді. «Пандемия кезінде мен сабаққа қатыса алмадым. Оның үстіне оқу-жаттығу жиындарында жүрдім. Көбіне бүкіл күшімізді жаттығуға жұмсағаннан кейін қашықтан өткен сабаққа қатысуға әл-дәрмен қалмайтын. Тіпті жаттығу жиындарынан соң уақыт та таппайтынбыз. Оның үстіне колледжде жаттығуда жүрген спортшылардан көп талап етілмейтін. Оны колледждегілердің барлығы біледі», – дейді ол.

ҮЙ ДИАСТЫКІ ЕМЕС, «АКИМАТТЫКІ»

Алтыннан алқа тағынған чемпионға Қызылордадан берілген 3 бөлмелі пәтер де қайтарып алынған. Алғашқы кезде-ақ спортшы оны өз атына рәсімдемек болғанда жекеменшікке алу құқығы жоқ жалдамалы пәтер болып шыққан. Ол үйдің қала әкімдігінің теңгерімінде екенін колледж директорының орынбасары айтып-түсіндірді.

– Диас Бахраддинге берілген пәтер жалдау шартымен берілген қызметтік үй болатын. Бұл үй Диастың жастар олимпиадасында жеңімпаз болуына орай жалдау қызметтік шартымен берілді. Осы шартта спортшы бір өңірден екінші өңірге ауысып, сол жақта спортпен шұғылданатын болса, ол тұрғын үй міндетті түрде қалалық әкімдікке қайтарылатыны жазылған. Бұл спортшының өзі мен анасына түсіндіріліп, жалдау шарты бұзылып, өткізу-қабылдау актісі жасалып, тұрғын үй мемлекет меншігіне өткізілді, – дейді ол.

Бұл жайлы қала әкімдігі тарапынан арнайы хат та жазылған. Қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаевтың хатын колледж-интернат 2021 жылдың 25 мамырында №01-17/254 кіріс нөмірімен қабылдап алған. Хатта: «Қазіргі таңда азамат Д.Бахраддин аталған қызметтік пәтерді босатып, басқа қалаға қоныс аударуына байланысты коммуналдық тұрғын үй қорына қызметтік пәтерді кері қайтару сұралады» делінген.

Ал Диастың басқа өңірге қоныс аударуы туралы облыстық спорт басқармасының бас маманы жауап берді. «ҚР Туризм және спорт агенттігі төрағасының 2014 жылдың 24 шілдесіндегі бұйрығына сәйкес, спортшыларды бір ұйымнан екінші ұйымға ауыстыру туралы ереже шықты. Сол ереже бойынша 2021 жылдың 1 наурызында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан хат келді. Ол хатта байдарка және каноэ есуден спортшы Бахраддин Диасты Түркістан облысына ауысуына байланысты Қызылорда облысынан есептен шығару жөнінде айтылған. Сол хат бойынша жұмыс жасалды. Басқарма басшысы мәлімет алу мақсатында Бахраддин Диастың жеке бапкерімен, тіпті анасымен де кездесті. Диасқа өз ойынан қайтуды ұсынды. Нәтижесінде 2021 жылдың 26 сәуірінде басқарма басшысы Бахраддин Диастың Түркістан облысының атынан қатысуына келісім беріп, хат жолдады», – дейді спорт басқармасының бас маманы Мәулен Бегалиев.

Чемпион неге қапалы?
Облыстық спорт басқармасының бас маманы Мәулен Бегалиев

Диас Түркістан құрамасына ауысуының басты себебі – бапкерлер тарапынан келтірілген психологиялық қысымы екенін алға тартып отыр. «Мен спорттан шеттетіліп қалғым келмеді. Дегенмен спортшыға бапкерсіз дайындалу қиын. Маған бұл жақта ешқандай назар аударылмайтын болғандықтан мен Түркістанның құрамасына ауысуға мәжбүр болдым. Бірақ ол жақта да жағдай мәз емес», – дейді Диас Бахраддин.

Спортшыны баспанасыз қалдырғаны емес, қызметтік үйді сонша атой салып, жұрттың көзінше табыстағаны қынжылтады. «Сонда біздің облыс олимпиада чемпионына бір бөлмелі болса да «өзіне» үй алып бере алмай ма?», – дейді спортшы.

«МЕНІ ӨЗ ЕЛІМ КЕРЕК ҚЫЛМАУДА»

Әр тараптан келген қысым мен керітартпалықтан шаршаған спортшы бүгінде шетелге кетуге дайын отыр. Себебі мұнда оның дайындығына жағдай жасалмаған. Онымен қоса көрсетіліп жатқан қысым тағы бар.

Чемпион неге қапалы?

Қазіргі кезде бұл спорт түрі кенде қалып қойған мемлекеттерге хат жолдап та үлгерген. Алдағы уақытта шақырту алса, сол елде осы спортты дамытуды жоспарлап отыр. Талай жаттығудан шет қалса да Диас бүгінгі күні «формасына» қайта оралған. Өз бетінше жаттығу жасап, бұрынғы көрсеткіштерін жандандырған.

– Спорттық мансабымдағы қысымнан жан-жағыма қарайлай бастадым. Әлемдегі дамушы елдерде байдарка және каноэ спортының дамуы төмен. Егер де жағдай осылай ушыға берсе, отбасыммен бірге қоныс аударамын. Сол елге барып байдарка және каное спортын дамытсам деймін. Бұдан басқа амалым жоқ. Мені өзімнің Қазақстаным қажет етпей отыр, демек күнкөріс үшін кісі еліне кетуге тура келеді. Өмір деген үлкен мектеп екен, жас болсам да өз көзқарасым бар, бар мен жоқты ажыратып, әділдік пен әділетсіздіктің айырмасын айқындай аламын. Мен ешкімге де реніш айтпаймын, бірақ өзегімді өртеген өкініш ұмытылмайды. Маңдайдан сорғалаған терім, спорттағы нәтижем қазақ еліне бақ әкелді, енді сол бақ өзіме сор болып тұр, – деді спортшы ашына.

Қанша күйінсе де туған елін, жерін сүйетін Диас Бахраддин шақырту алып, басқа жаттықтырушы берсе, Сыр еліне қайтып оралуға дайын екенін жасырмады. Қалғаны алдағы уақытта белгілі болады. Бастысы, «Сыр елінен әлем чемпионы шықты» немесе «Қазақстандық азамат шетелдің чемпионы атанды» деген жаңалық естісеңіз таң қалмаңыз…

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: