Әрбір мемлекеттің туы шет елдерде екі жағдайда көкке көтеріледі. Біріншісі – сол елдің президенті іс сапармен барғанда, екіншісі – спортшысы жеңіс тұғырына көтерілгенде. Міне, осыдан-ақ спорттың құдіретті де қадірлі екенін аңғаруға болады. Алайда кешегі Токио төрінде өткен Олимпиадада біздің спортшылардың жұлдызы жана қоймады. Себебі неде? Дайындық дұрыс емес дейін десең, қыруар қаржы бөлініп, жұртпен бірдей-ақ дайындалған сияқты. Спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдауда да есеп жоқ. Онда неге жеңілді? Әйтеуір таусылмайтын сұрақ, бітпейтін жауап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио Олимпиадасынан сабақ алу керегін айтты. Бұл туралы Президент Twitter желісінде жазды.
«Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. 8 қола медаль иеленіп, 83-ші орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек», – деді Президент.
Иә, расымен де Мемлекет басшысының жазбасында айтылғандай қазақ спортына аз қаражат бөлініп отырған жоқ. Ал оның іс жүзінде ел сенімін ақтап, қазақ атын әлемге танытуы өз деңгейінде болмай тұр. Мұның әлі де болса кемшін тұсын жетілдіре түсу керектігі мамандар тарапынан жиі айтылуда.
Жақында ғана бокстан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы болған Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев былай деп хабарлады.
«Біздің бокста 19 миллион бапкер бар. Қайда барсаң да, көшеде кетіп бара жатсаң да барлығы маман. Әрине, мен түсінемін. Бәріміз алтын күттік. Енді халықтан сұрайтыным, балаларды сынға алмай, қайта жігерін жаныңыздар. «Сөз сүйектен өтеді» деген даналық сөз бар. Сөзбен қолдау көрсетіп, алдағы болатын жарыстарға намысын қайрап жіберу керек. Олимпиадаға осал адам бармайды. Олардың барлығы өткен жылы жолдама ұтып алған ойыншылар. Ешкімді өзгертіп апаруға болмайды. Мұнымен ештеңе бітіп қалған жоқ. Бізде әлі әлем біріншілігі болады. Сол жерде біз көрсетеміз, қандай мемлекеттік держава екенімізді. Олимпиада, өкінішке қарай, екі қоламен аяқталды. Ал қараңызшы, 2008-дегі Пекин Олимпиадасында кубалықтарда алтын болмады, ал өзбектер Риода ғана сенсация жасады. Оның алдында мүлде алтын болмаған. Бұрынғыдай емес, бокс бүкіл әлемде өте қатты дамып кетті. Бұрынғы осал мемлекеттің бәрі бізбен тең дәрежеде өнер көрсетеді. Біздің кездегімен салыстырғанда қазір бокс өте қатты дамып кеткен. Алдағы уақытта жіберген қателіктерімізді түзету жолында жұмыс жасайтын боламыз. Оның нәтижесін өздеріңіз көресіздер», – дейді Бақтияр Артаев.
Мұнымен қоса жаттықтырушы Олимпиадада қазақстандық тарапқа қысымшылық жасалғанын, әділетсіз баға берілгенін мәлімдеді.
«Осы Олимпиадада біздің тарапқа қысымшылық болды. Біз өзбектермен, Ресеймен, Кубамен алысып жүргенде бразиялиялықтар, аргентиналықтар, американдықтар алға шығып кетті. Ұлттық Олимпиада комитеті атынан осы жарысты ұйымдастыруға төреші ретінде американдық Дэвид Ларада деген азаматты қойған. Бұл азамат 2016 жылы да төреші болып сайланған еді. Левитке қарсы қастандық жасалды. Дэвид Ларада – соған басты себеп болып тұр. Екіншіден, тағы бір американдық Ангел Вериворял деген азамат төрешілердің жұмысын үйлестіруші. Техникалық делегат Уэн Роус австралиялық. Бұлар біздің жерлесіміз Закир Сафиуллинің жекпе-
жегінің сәтсіздікке ұшырауына себепкер. Осының бәрін біз сараптап жатырмыз. Келесі Олимпиадада спорт-шылардың дайындығын еселеп арттырамыз. Сол мақсатта жұмысты бастап жатырмыз», – деді өз сөзінде.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасы Қазақстан тарихындағы ең төменгі нәтиже көрсеткен байрақты бәсеке бол-ды. 1996 жылдан бері ел спортшылары жазғы олимпиададан алтын медальсыз қайтпаған. Қазақстан құрамасы биылғы ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарында 8 қола медаль алды. Олар Дзюдодан – Елдос Сметов, ауыр атлетикадан – Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, Бокстан – Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, еркін күрестен – Нұрислам Санаев, каратэден ерлер арасында – Дархан Асаділов, әйелдер арасында –Софья Берульцева жүлдегер атанды.
Бұл – спорт саласының еліміз бойынша көрсеткіші. Ал енді өзімізге ойысайық. Қызылорда облысында спорт-тың дамуына қосқан үлесі орасан. Оған кешегі ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Дәулет Ниязбеков, каратэден Мөлдір Жаңбырбайдың қатысуы дәлел бола алады.
– Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші спортпен шұғылданушылар санын ұл-ғайту болып табылады. Қазіргі таңда өңірімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 31,3 пайызға көтеріліп, 254101 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенде 42 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Сонымен қатар бүгінгі күні 7 аудан орталығында және Қызылорда қаласында 8 дене шынықтыру сауықтыру клубында 13613 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты бұқаралық спортқа баулу. Осы мақсатта облыс аумағында жыл басынан бері 564 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 53439 адам қатысты. Жалпы облыста 2310 спорт нысаны бар. Оның ішінде 12 стадион, 38 спорт кешені, 7 жабық жүзу бассейні, 3 ипподром, 1 жеңіл атлетикалық манеж, 74 ату тирі, 17 теннис корты, 1 хоккей корты, 434 спорттық зал, 1463 жазықтықты құрылғы бар. Мұның барлығы жасөспірімдерді спортқа баулуға үндейді деп есептеймін. Сондай-ақ 2020-2021 жылдарға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 12 жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланды. Өткен жылы 5 жоба іске қосылса, 6 жоба биылдан бастап қаржыландырылуда. Қалған 1 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында 5 спорт кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен бірге «Самұрық» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласы, Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы салынады. Сондай-ақ «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының және байдарке, каноэде есу базасының құрылыстары аяқталды. Мұндай спорт саласына қатысты жұмыстар жыл сайын жүргізіле бермек. Ал оның нәтижесі міндетті түрде болады. Сыр спортының қарқыны жаман емес. Қазақ атын әлемге танытып жүрген оғландар қатары жыл сайын арта бермек, – дейді облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Жағыпар Тәжмаханов.
Қала орталығында жасөспірімдерді спортқа баулып отырған Қажымұхан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының директоры Жамал Бозованың да пікірін білген болатынбыз.
Оның айтуынша, облыс бойынша балалар-жасөспірімдердің 7604 спорттық секциясына 100 893 бала қамтылған. Оның ішінде, балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі 1612 спорт секцияларда 17157 бала, спорт клубтарындағы 2276 спорт секциясында 9241 бала, жалпы білім беру мекемелеріндегі 3716 спорт секциясында 74495 бала 47 спорт түрімен тегін шұғылданады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жан басына нормативтік қаржыландыру» жобасы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2021 жылға мемлекеттік спорттық тапсырысқа облыс бойынша 212 756 мың теңге қаражат бөлініп, 2150 баланы қамту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 12 жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалардың 38 өтінімдері қолдау тауып, 1832 бала спорттық секциямен қамтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 700 медал жеңіп алды. Оның ішінде 211 алтын, 208 күміс, 281 қола. Әлем және Азия чемпионаттарында барлығы 47, 20 алтын, 5 күміс, 22 қола медальға қол жеткізді. 35 ҚР спорт шебері, 278 ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 57 І-ші cпорттық разрядты спортшылар дайындалды. Қажымұхан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында 15 спорт түрінен 1390 жасөспірім балалар жаттығады.
Тәуелсіздік таңы атқалы 30 жылдың ішінде біздің елімізде бұқаралық спорттың дамуы қарқын алды. Оған жоғарыда атап өткеніміздей Сыр саңлақтарының қосқан үлесі де баршылық. Спорттың дамуы мызғымас спорттық жетістіктердің өсуі осы салаға айрықша көңіл бөлгеннің нәтижесі деуге болады. Ел үміті сынға түсер сын сағатта сыр бермейтін сайыпқырандардың тұғыры Тәуелсіз Қазақстан бола берсін деген ақжарма тілек әр адамның көңілінде сайрап тұр.
Тұрар ШАЙДУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!