Сенбі, 20 тамыз, 00:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№65 (1869)
16.08.2022
PDF мұрағаты

Токио-2020: Қос боксшы қоржынға қола салды

07.08.2021

597 0

Төрткүл дүние назарындағы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетуге жақын. Әлем спортшылары бәсекеге түскен бұл жарыста әр мемлекет өзінің ең мықты деген спортшыларын алып келді. Жарыста спортшылары шаршы алаңда шеберлік көрсетіп жүрген ел қатарында Қазақстан да бар. Дегенмен отандық спортшыларымыз тек ІІІ орынды місе тұтуда.

 Ұлттық құраманың қоржынында әзірге 5 қола медаль бар. Оның иелері дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло және былғары қолғап шеберлері Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов.

Қамшыбек Токио олимпиадасында 91 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, ең алғашқы жекпе-жегін мысырлық боксшы Юсри Хафезға қарсы өткізді. «Ә» дегеннен-ақ басымдық көрсеткен қазақ боксшысы Египет елінің былғары қолғап шеберін жеңіп, ширек финалға өтті. Келесі кезеңде ол ресейлік Иван Верясовпен кездесіп, жеңіске жеткен болатын. Осы жеңісі арқылы ол жартылай финалға жолдама алды.

Финалға жолдама сарапқа салынған бәсеке аса тартысты өтті. Алғашқы раундта басымдық көрсеткен АҚШ боксшысы Ричард Торрезге жазылды. Ал екінші раундта қазақстандық алға ұмтылып, бірнеше соққысын дөп тигізген. Шешуші үшінші раундта қолғап түйістірген екі боксшы жойқын соққылармен алмасып, нәтижесінде қазақ боксшысы жарақат алып қалды. Жарақатқа байланысты жарыс тоқтатылып, жеңіс америкалық боксшыға берілді. Осылайша, Қамшыбек Қазақстанның қоржынын тағы бір қола медальмен толықтырды.

Араға күн салмастан екінші былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов та жұдырықтасты. 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ол жартылай финалда Ұлыбританияның боксшысы Джалал Яфайға есе жіберді. Алғашқы раундта Сәкенге нокдаундық есеп ашылса, екінші раундта қазақ спортшысы жоғары белсенділік танытты. Дегенмен раунд соңында 5 төрешінің 3-еуі ғана Сәкенге жоғары ұпай қойды. Ал шешуші үшінші раундта көзі қарақты көрермен Сәкеннің бір саты жоғары өнер көрсеткенін, бірнеше соққыны дарытқанын көрді. Дегенмен төрешілер Джалал Яфайды финалда жұдырықтасуға лайықты деп шешті.

Жалпы қазіргі кезде Қазақстан ұлттық құрамасы 5 қола медальмен 76-орынға тұрақтады. Жанкүйер үміт артқан боксшылардың шеберлігі жетпеді деуге келмейді. Шаршы алаң шеберлері ширақ қимылдап, бар күшін салды. Дегенмен Қамшыбекті жарақаты, ал Сәкенді төрешілердің назары финалға жібермеді. Десе де қазақ спортының жанкүйерлері каратэ мен велотрек спортынан медаль алатынына үміттеніп отыр. Себебі дәл осы сайыста спортшылар сәтті өнер көрсетуде.

Тағы да оқыңыз: