Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында сырт алаңда Болгарияның «Левски» клубынан 1:0 есебімен жеңілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу София қаласындағы «Георгий Аспарухов» стадионында өтті. Матч тағдырын қосымша уақыттың екінші минутында соғылған жалғыз гол шешті. Болгариялық клуб сапынан Сержиньо 90+2 минутта мергендік танытып, командасына жеңіс сыйлады.
Қарымта кездесу 11 тамыз күні Түркістан қаласында өтеді. Айта кетейік, Алматыда америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті өтетіндіктен, матч Түркістанға ауыстырылған болатын.
Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Грекияның АЕК клубымен кездеседі. Ал жеңілген ұжым Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, ПАОК (Грекия) пен «Андерлехт» (Бельгия) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
