Әлем жылдағы дәстүрмен биылғы маусымда да дүбірлі додаларды жалғастырды. Әр құрлықта белгіленген графикпен байрақты бәсекелер басталды. Ел ішінде ішкі біріншіліктер, түрлі жарыстар қыза түсті. Алайда көктемнің алғашқы айынан-ақ осынау әлемдік додалардың кестесі қайта өзгеріске ұшырады. Оған себеп – Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс. Қазір қос ел арасындағы қақтығыс спорттық шараларға да айтарлықтай әсер етіп, Ресей әлем мемлекеттері мен спорттық ұйымдар және жанкүйерлер тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырауда. Бүгінде саясаттың салқыны бұл елдің спортшыларын спорттың барлық түрінен шеттетуге әкеліп отыр.
Ең бірінші, әлемдегі нөмірі бірінші спорт саналатын футболдың, оның ішінде УЕФА чемпиондар лигасының финалдық матчы Францияның астанасы Парижге ауысты. Қақтығыс басталғанша финал өтетін орын Санкт -Петербургтегі «Газпром Арена» деп белгіленген еді. Бұған қоса Ресей құрамасы енді УЕФА турнирлеріндегі матчтарын бейтарап алаңда өткізеді. Польша, Швеция және Чехия ӘЧ-2022 өтпелі кезеңінің ойындарын өткізу үшін Ресейге барудан бас тартты. Әлеуметтік желілерде шетелдік футболшылардың Ресейдің басқыншылық әрекетіне қарсы пікірлері өріп жүр.
Футболдан Польша құрамасының капитаны, Мюнхендік «Баварияның» ойыншысы Роберт Левандовский «Біз әлемде бейбітшілік үстемдік құрғанын қалаймыз. Ресейдің мына әрекеті біздің оларға деген жеккөрушілігімізді оятты. Украина да бізге бауырлас ел. Біз ӘЧ-2022 аясындағы кездесуде Ресей құрамасымен ойнаудан бас тартамыз» деді.
Осылайша Англия, Польша, Швеция, Чехия, Уэльс, Норвегия, Албания, Швейцария, Ирландия және Дания құрамалары Ресеймен ойнаудан бас тартты. Тіпті халықаралық олимпиадалық комитет (ХОК) Ресей мен Беларусь же-ріндегі барлық турнирлерді кейінге шегеруді немесе мүлде болдырмауды және ол елдердің туы мен гимндерін қолданбауды ұсынды. Ресейлік клубтар еурокубоктағы барлық матчтарын бейтарап алаңдарда өткізеді.
Сонымен қатар «Шальке 04» футбол клубы ойын жейдесіндегі демеушінің «Gazprom» атауын алып, «Газпроммен» серіктестікті мерзімінен бұрын тоқтатты. УЕФА олармен келісімшартты бұзды. Ал аты аңызға айналған, әлемдегі миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін жаулаған «Манчестер Юнайтед» ресейлік «Аэрофлот» әуе компаниясымен серіктестікті тоқтатты. Әлемдегі үздік лига саналатын АПЛ-дегі кездесулер барысында Украинаның туын көрсетуге рұқсат берді. Ол үшін ешкім жазаланбайды. ФИФА мен УЕФА Ресейдің барлық командаларын халықаралық турнирлер-ден шеттетті. Ресей ӘЧ-2022 өтпелі кезеңіне де, финалдық кезеңіне де қатыса алмайды. Ал «Спартак» Еуропа лигасының осы маусымынан шығарылды. Тіпті алда Украинадағы жағдайға байланысты санкция күшейіп, ресейліктер Әлем чемпионатына мүлдем қатыстырылмауы мүмкін.
Соғыстың әсері мұнымен біте қойған жоқ. Жағдайдың ушыққаны сонша, финляндиялық «Йокерит» хоккей клубы Гагарин кубогінде ойнамайтындарын мәлімдеді. Осылайша «Спартак» тер төкпей-ақ келесі кезеңге өтті. Латвия билігі болса ригалық «Динамоның» ҚХЛ-ден шығуын қарастыруда. Ал эстониялық «Калев» және польшалық «Зелена-Гура» баскетбол клубтары ВТБ бірыңғай лигасында өнер көрсетуін түбегейлі тоқтатты.
Соңғы бір аптада Ресей спортының жағдайы тіптен нашарлады. Әлемнің әр түкпірінде наразылықтар болып, өзге де спорт түрлерінен орыс халқын шеттету сұралуда. Әсіресе бұл Еуропада қатты белең алды. Соның салдарынан Швеция мен Финляндия допты хоккейден Сыктывкардағы Әлем чемпионатына қатысудан бас тартса, «Формула-1-дің» Ресейдегі гран-при турнирі өтпейтін болды. Тіпті Санкт-Петербургте өтуі тиіс ATP 250 турнирі Қазақстанға, нақтырақ айтсақ Нұр-Сұлтанға ауыстырылды. Бұдан бөлек енді көршілес елде шаңғы спортынан әлем кубогінің кезеңдері де өтпейді. Бүкіл-әлемдік шахмат олимпиадасы да Ресейден басқа мемлекетке ауыстырылуда.
Ресейліктер үшін спорт әлеміндегі жағымсыз жаңалық мұнымен бітпеді. Еуропалық регби федерациясы мен самбо федерациясы Ресей аумағында турнирлер өткізбейміз деп шешті. Санкцияның күшейгені соншалық Ресей мен Белаурсь хоккей құрамалары барлық халықаралық турнирлерден шеттетілді. Олардың қатарында ересектер, әйелдер, жастар һәм жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаттары бар. IIHF Ресейді 2023 жылы Новосібір мен Омскте болуы тиіс хоккейден жастар арасындағы Әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырды. Ал халықаралық гандбол федеарациясы Ресей мен Беларусьті өзі өткізетін барлық турнирлерге енді қатыстырмайды.
Сөз соңы. Жалпы қос ел арасындағы шиеленіс тоқтап, ахуал жақсармайынша ресейліктерге салынар санкция көбейе түспек. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Ресей соғысты тоқтатпаса, спорттың барлық түріне қатыспайтын әлемдегі жалғыз мемлекет болуы ықтимал. Бұл туралы отандық және шетелдік сарапшылар жиі айтуда.
Ақтілек БІТІМБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!