Жұма, 19 сәуiр, 18:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

«Айнымас антынан, салтынан – Маңғыстау»

27.07.2021

1732 0

Маңғыстау облысы – Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан құтты қоныс. Ол Атырау облысымен және Түркіменстан, Өзбекстан, Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдерімен шектеседі. Мұнда Қазақстанның теңізбен байланыстыратын жалғыз су бекеті – Ақтау халықаралық теңіз сауда порты бар. Осы өңірдің тумасы Әбіш Кекілбайұлы Маңғыстауды «Ұйқыдағы аруға» теңеген. Себебі ғарыштан түсірілген суреттерде Маңғыстау түбегінің контуры жас келіншектің профиліне ұқсайды. Бүгін «Атамекен, мен сені білемін бе?» айдарында оқырманмен бірге осы өңірге рухани сапар шекпекпіз.

Неге «Маңғыстау»?

Жалпы бұл аймақтың Маңғыстау аталуына ғалымдар бірнеше мысал кел­тірген. Соның ішінде халық арасында «мың қыстау», «мың ауыл» деген түсінік кеңінен таралған. 1985 жылы шыққан Е.Қойшыбаевтың «Қазақстанның жер-су атаулары атты сөздігі» кітабында Маңғыстау атауының шығу тегі туралы төрт болжам келтірілген. Біріншісі, өлке аты «мың» және «қыстау» тіркесінен шыққан. Екіншісі – ноғайдың «менк» деген тайпасының атынан ауысқан. Үшіншісі, көне түркі тіліндегі «мен» төрт жастағы қой сөзіне «қышлақ» жалғауы арқылы қалыптасса, төртіншісі Е.Қойшыбаевтың өз болжамы бойынша «Маңғыштағ» «Құбыжықтар тауы» дегенді білдіреді.

Ғалым Серікбол Қондыбай «құбы­жықтар» болжамы дұрыс деген ой айтқан. Оның айтуы бойынша Маңғыс­тауда мекен еткен оғыз түркмен тайпа­лардың арасында «салыр» руы бол­ған. Олар «Маңғыштағ» атауын өз­деріне дейінгі аңыздарға негіздеп жасаған, аударма топоним деп білген. Сондықтан «Маңғыстауды» маңғыш тау қорқынышты алып айдаһардың ме­кендеген тауы немесе «айдаһартау» дегенді білдіреді деген тоқтамға келген.

Еуропамен жалғайтын Каспий теңізі

Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігін қоршай орналасқан Каспий теңізі арқылы Шығыс Еуропаға шығуға толықтай мүмкіндік болса, оңтүстігінде Түрікменстан, оңтүстік-шығысында Қарақалпақстан, солтүстігі мен солтүстік-шығысында Атырау, Ақтөбе облыстарымен шектесіп жатыр. Аймақтың ең биік нүктесі – Шығыс Қаратау жотасындағы Бесшоқы тауы. Ал дүниежүзінде тереңдігі жағынан бесінші орынды алатын ойыс Қарақия ойысы Маңғыстаудың ең терең нүктесі.

Бұл өңірдің жазы өте ыстық болса, қысы суық. Жауын-шашын көп түспейді, аспанды жаулаған бұлтты күндер де сирек болады. Осының барлығы аймақтың қиыр солтүстігінде және солтүстік-батысында дала, орталығында шөлейт және оңтүстігінде нағыз шөлді өңірлердің қалыптасуына әкеп соққан. Каспий теңізінің де климатқа әсері шектеулі. Теңіз жағалауға жақын жерлерде ғана ауаға әсер етеді. Мысалы, ауаның ыл­ғал­дылығы шамалы артып, қыста температурасы жоғарылайды, ал жазда төмендейді, температураның жылдық және тәуліктік амплитудасы кемиді. Осы жайттардың әсерінен тым құрғақ континенттік климат қалыптасады.

Қазіргі таңда облыстың жер көлемі 16 564 мың гектарды құрайды. Әкімшілік 5 ауданнан, 5 облыстық маңызы бар қаладан, 6 кенттен, 55 ауылдық елді мекеннен және 43 ауылдық округтен тұрады. Аймақ халқының 76 проценті қалада, ал 24 проценті ауылдық жерде шоғырланған.

Қазақстан экономикасының «доноры»

Иә, Маңғыстауды жалпақ тілмен Қазақстанның «доноры» деп атайды. Себебі пайдалы қазбаларға бай болуы, мұнай мен кен өндірісі аймақтың экономикалық белсенділігін арттырады. Каспий теңізі арқылы соңғы жылдары жүк тасымалдау қызметі де артып келеді.

Аймақта мұнай-газ өндірумен «Қазмұнайгаз», «Қазполмұнай», «Тол­қынмұнайгаз» атты компаниялар айна­лысады. Игерілген өнім ішке, яғни Атырау мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ Ақтау-Самара құбыры арқылы шетелге де жіберіледі. Бұл аймақта өндірілетін мұнай Қазақстандағы қара алтынның 30 процентін құрайды. Өңірде шамамен 59 кен орны бар.

«Маңғыстаумұнайгаз» аймақтың 34 процент мұнайын өндірсе, «Қазмұнай­газ» Жаңаөзенде мұнай өндірумен айна­лысады. Маңғышлақ атом энергетика комбинаты аймақты энергия және сумен қамтамасыз етіп отыр.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі қата­рында тамақ жасау, тігін, резеңке және пластмасса заттары, машина жасау, химиялық өндіріс қарқынды дамыған. 2005 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінің жылдық көлемі 600 млрд теңгені құраған.

Одан бөлек Ақтаудағы аэропортта ішкі бағыт бойынша 8 және 16 халық­аралық бағыт бар. Яғни, Ақтаудан Мәскеу, Стамбул, Киев пен Баку арқылы әлемнің кез келген нүктесіне жетуге болады.

Болашақтың қаласы

Маңғыстау өңірінің орталығы – Ақтау қаласы. Ол Каспий теңізінің шығысында орналасқан. Оның оңтүстік-шығысында 40 шақырым жерде әйгілі Қарақия ойысы жатыр.

Қаланың бір ерекшелігі – мұнда тек Н.Назарбаев және Тәуелсіздік даңғылы атты екі көше бар. Өз ішінде қала ықшам аудандарға бөлінген. Қазіргі кезде 31 ықшам аудан бар. Бұл өз кезегінде керекті мекен-жайды оңай табуға көмектеседі. Сонымен қатар қалада теміржол жоқ, ол үшін пойыздар Маңғыстау станциясына тоқтап, 20 шақырым жерде орналасқан Ақтауға көлікпен жетуге болады.

Қазіргі кезде қаланың солтүстігінде Ақтау-Сити атты жаңа қала аумағының қарқынды құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба 2007 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің қолдауымен бастау ал­ған болатын. Қазақстандағы жалғыз порт та осы қалада. Ол арқылы түрлі халықаралық құрғақ жүк, мұнай мен шикізат өнімдері тасымалданады.

Ақтауда Абай атындағы мәдениет сарайы, Н.Жантөрин атындағы драма театр, кинотеатр мен теңіз жағасындағы ойын-сауық кешендері көп. Жазғы мезгілде қала тұрғындары мен қонақта­рына «Достар», «Nur Plaza», «Манила» атты жағажайлар қызмет етеді.

Палеолиттен қалған Шерқала

Маңғыстау өңіріндегі ең ерекше орынның бірі – Жем өзенінің орта бөлігінің шығысындағы бұйратты Шер­қала қырқасы. Қырат Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының жанында орналасқан.

Оңтүстік-батыстан солтүстік-шы­ғыс­қа қарай 95-100 шақырымға созы­лып жатқан Шерқала қырқасының абсолюттік биіктігі 332 метр. Төңке­рілген кесе іспеттес бұл қырқа палеолит дәуірінің әктасты және сазбалшықты жыныстарынан түзілген. Поляк ре­волюционері Б.Залесский 1851 жылы Маңғыстау өлкесіне геологиялық экспе­дициямен келгенде бұл қыратты Римнің пантеондарына ұқсатқан. «Шерқалаға алыстан қарағанда, Римнің керемет пантеондарын, ежелгі замандардың ескерт­кіштерін көргендей боласың. Жа­қындап келгенде, жеке қабырғалардың колонналарын, қираған мүсіндер сияқты ақ таулардың бағандарын көресің», – деп жазып, қыраттың суретін салған. Ол сурет Залесскийдің «Қырғыз даласын­дағы өмір» атты альбомында алдымен 1856 жылы Парижде, кейін 1989 жылы Алматыда жарық көрді.

Тарихи деректерге тоқталсақ, кезінде Бозащы түбегінен Хорезм мен Хиуаға жүретін жол бойында осы тауда әскери қамал болған. Пирамида тәрізді таудың солтүстік-шығыс беткейінің түбінен жол тартылған. Шерқаланы үңгіп қазылған тоннель жоғарылаған соң екі тарау бо­лып, қырқалы тау үстіне шығады. Қа­малдың ұзындығы 300 м. Ернеулерінде сыйымдылығы екі-үш адамдық атқыш-садақшылар үшін орын бар.

Шерқала Қаратаудың орталық және батыс жоталарының ортасында орналасқан. Әйгілі «Жібек жолының» саудасы қызып жатқан кезінде  талайға көлеңке, пана болған деседі. Кейбір аңыз­дар бойынша, бұрынырақта Шер­қала­ның төбесінде кішкене қалашық болған. Халық сол жерде өмір сүріп, дұш­пандардың шабуылынан қорғанған екен.

Қазіргі таңда бұл қырат Маңғыстау өлкесінің ең әдемі орындарының қата­рында. Жыл сайын мұнда туристер келіп, сұлу жерге сүйсініп, тарихына бойлап қайтады.

Бекет атаның жерасты мешіті

Бұл өлкедегі тағы бір киелі жер – ол Маңғыстау, Үстірт, Атырау мекендеген Адай тегінен шыққан қазақ халқының данасы Бекет Мырзағұлұлының жерасты мешіті. Ол жастайынан қолға қару алып, елінің егемендігі мен халқының тыныштығын сақтау үшін жаудан қор­ғап, Ер Бекет атанған. Дегенмен бейбітшілік пен тыныштықты қалаған батыр жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбітшілік орнағанын, көршілес халық­тармен достық қарым-қатынас құруды армандаған Бекет құдай жолына түсіп, Хиуаға медресеге оқуға аттанған. Атақ­ты Бақыржан қажыдан дәріс алған Бекет еліне қайтып, ұстазының ісін жалғастырып, жер-жерден жерасты меші­тін салған. Бекет ата мәдениеттің өркен­деуінеүлес қосқан.

Жерасты мешіті Маңғыстау ауданын­дағы Қызан елді мекенінен 30 шақырым жерде орналасқан. Ол биіктігі 10 метрге жуық  ақбор төбенің  шығыс беткейінен ойып салынған. Мешіт екі бөлмеден тұрады. Бөлмелері қабырғаларының  қа­лыңдығы  1-1,3 метрдей ақ бордан ойы­лып  жасалынған.  Мешіттің алғашқы қалпы жақсы сақталған. Оның бөлмелері бір-біріне жапсарластыра салынған, төбесінде жарық түсіп, ауа кіріп тұруы үшін тесік қалдырылған. Дәстүрлі діни және  тарихи тұлға, діни ағартушы Бекет Мырзағұлұлының өміріне байланысты тарихи ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. 1-ші бөлменің ауданы шамамен 10 шаршы метр болса, 2-ші бөлме сопақша болып келген. Ойық диаметрі 1,5 м. Бұл ойық  арқылы 3 сырық ағашы орнатылған. Бөлменің едені қалың қабаттан тұрады. Ғылыми зерттеулер бойынша дәстүрлі діни және тарихи тұлға Бекет Мырзағұлұлының бала оқытқан мешіттерінің бірі деп танылған.

Табиғаты тамаша Тамшалы

Еділ-Орал археологиялық экспеди­циясы 1982 жылы Тамшалы сайын анықтаған. Қазіргі таңда туристердің таңданысын тудыратын орынға айналған Тамшалы өзінің сыңғырлап аққан суымен және тамаша табиғатымен ерекше.

Оның басты кереметі – сайдың қабырғасымен жартылай дөңгелек түрін­де қалыптасқан шағын үңгір төбесіндегі сулы сазды қабатының ашық қалуы. Тұщы су жартасты кемерден тамшылап, үш метр биіктіктен ағады. Аққан тамшылар жаңбыр жауып тұрған тәрізді тырсылдап, жыл бойы тіршілікке толы болады. Қысты күні су ағыстарын мұз басса да су төмен қарай қарқынды ағуын тоқтатпайды.  Мұз бағаналарын тілімдеп, қуыстар арқылы төмен қарай құлдырайтын жан-жақты су ағыстарының сарқырауы мен тамшылар сылдыры түрлі дыбысқа ұласады. Осы­нау табиғаттың төл туындысында таза ауамен тыныстап, моншақтай мөлдір тамшылардың күміс сыңғыры бойды сергітіп, жанды жадыратады. Тұғырдан төмен қарай тамшы сорғалап, моншақ тамшылары табан тасқа соғыла сазды әуенмен әдемі әсерге бөлейді.

Тамшалы – Түпқараған ауданында, Форт-Шевченко қаласынан солтүстікке 35 шақырым жерде орналасқан табиғи су көзі. Ол – кәдімгі киіз үйге ұқсас дөңгелек, кеуек үңгір. Оның басының кей жерінде тас қабырға терлеп, кей жерінде себелеп, мұздай әрі мөлдір тамшы ағады. Үңгір табанында шағын көлшік бар. Осыған орай Тамшалы ата­лып, ертеден сол жерді мекен еткен елдің ауыз су көзіне айналған. Ал көл арнасынан артылып аққан су бөгеліп, суармалы егіншілікке пайдаланылған. Тамшалының ерте заманда елді мекен бол­ғанын сай бойындағы тұт ағаштары ай­ғақтайтындай. Қыр басында ерте дәуір ескерткіштері де сақталған.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: