Сенбі, 28 желтоқсан, 05:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Спорт – ел айнасы

27.07.2021

1450 0

Әлем назары Токиода. Қазақ үшін де бұл тартысты бәсекенің маңызы зор. Себебі үкілеп қосқан спорт саңлақтары «күншығыс елінде» ел намысын қорғап, алтыннан алқа тағуға барын салмақ. Оған Қазақстанның егемендік еншілегелі жиған тәжірибесі мен алдыңғы толқынның үлгілі нәтижесі де серпін берері белгілі. Әсіресе олимпиада чемпионы атанған Әлжан Жармұхамедов, Надежда Ольхова, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков секілді аңыз тұлғалардың сара жолы додаға түскен спортшылардың жарқын жеңіске ынтасын оятары сөзсіз.  Осыған орай төрткүл дүние көз тіккен Токио Олимпиадасы қарсаңында қазақ спортының Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістігі мен спорт жанкүйерлері жадында жаңғырған тарихи сәтті  саралап көрелік.

Спорт туралы сөз болғанда ең алымен тілге тиек етер құрмет төрі – төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындары мен Азия ойындары. Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған спортшы сынға түсетін бәсекеде Қазақстан да лайықты көрсеткішке қол жеткізіп үлгерді. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағалы Олимпиада ойындарына жетінші мәрте қатысуде. Әр сапар қазақстандықтарды алтын медальмен қуантып, ел мерейін көтеріп келеді. Ел спортшылары 1996 жылдан бері  олимпиададан жалпы саны 64 медаль еншілеген. Оның 19-ы алтын, 20-сы күміс, 25-і қола медаль. Жалпы жеңіс тұғырынан көрінгендер қатарында жеңіл атлет Ольга Рыпакова, велошабандоз Александр Винокуров, боксшы Данияр Елеусінов сынды спортшылар бар. Бұл тізімді биылғы Олимпиада ойындарында бақ сынап жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңартары анық..

Сондай-ақ қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып, жеті жүлде еншіледік. Оған қоса Тәуелсіздік жылдары Азия ойындарында бәсекеге түскен спортшыларымыз жалпы саны 557 медальге қол жеткізген екен. Ал қысқы Азия ойындарында  қазақстандықтар 69 алтын, 51 кү­міс, 44 қолаға қол жеткізіп,орнықты нәтиже көр­сете білген.

Қазақстандағы спорттың даму деңгейін ең алдымен спорт ғимараттарының саны мен бұқара­лық спорт көрсеткішінен аңғаруға болады. Осы ретте 7-інші Қысқы Азия ойындары мен 28-інші Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорт­тық жарыстар кезінде бой көтерген бірқатар ірі спорт ғимаратының орны ерекше. Әлемдік стандарт шеңберінде салынған нысандар бүгінге дейін үздіксіз қызмет етіп келеді. «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені, сондай-ақ атлетикалық қалашық елдегі спорттың дамуына сеп болды.

Спорт – ел айнасы

Сонымен қатар 2018 жылғы Ақмола облы­сының Щучье қаласында жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылса, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Жекпе-жек сарайы бой көтеріп, оған Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Сондай-ақ  өткен жылы елорда төрінде тағы бір нысан – «Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешені пайдалануға берілді. Міне, мұның барлығы кәсіби спортшылар мен тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына жасалған басты қадам.

Аталған ғимараттар спортшылардың халық­ара­лық жарыстарда жоғары жетістікке қол жет­кізуі­не ғана емес, тұрғындар арасындағы бұқаралық дене шынықтыруды дамытуға да ықпал етті. Тәуелсіздік кезеңінде республикада кәсіби спортшыларды дайындаудың орнықты жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе  жекелеген спортшылар мен командалардың федерация, ассоциациялар және одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктер мен жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Бүгінде Қазақстанның спорт түрлерінен 101 республикалық федерация құрылуы да осы мүмкіндіктің жемісі екені анық.

Тағы айта кетерлігі, 2014 жылы саланы дамытуға арналған «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Президенттің Жарлықтарымен және Үкіметтің қаулыларымен бекітілген бес жылдық кезеңдерге арналған 4 мемлекеттік бағдарлама, 1 тұжырымдама бекітіліп, іске асырылған. Осы бағдарламаларды және алға қойған міндеттерді іске асырудың нәтижесінде халықты дене шынықтыру және спортпен қамтудың үлесі 31,6 процентке жеткен. Бұл – ел тұрғындарының 5,9 миллионға жуығы дене шынықтыру және спортпен айналысады деген сөз.

Бокс бәсекесі

Сонымен қатар ел боксшылары кәсіпқой аренада алдыңғы қатардан көрініп, Қазақстанның бокс мектебінің танымалдығын арттырған спорт­шылардың легі толастар емес. Мәселен, аты аңызға айналған Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанса, Бейбіт Шүменов WBA тұжырымында әлем чемпионы атағын еншіледі. Осы ретте кәсіпқой бокста Қазақстанды әлем жұртшылығына таныстырып, орасан жетістікке жеткен Геннадий Головкинді атап өтпеске бол­майды. Боксшы тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында Афина Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленіп, кәсіпқой боксқа ауысқан соң WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары, сондай-ақ «The Ring» журналының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізген еді. Ең маңыздысы, Геннадий Головкин чемпиондық атағын алты жыл бойы қорғады. Сонымен қатар өткен жылы Данияр Елеусінов орта салмақтағы бос IBF континентальдық белбеуін жеңіп алғаны да аталған спорттағы жеңісті күннің нәтижесі.

Соңғы жылдары Қазақстанның бокс спортындағы айтулы жаңалық  ретінде «Astana Arlans» бокс клубының құрылуын айтуға болады. Клуб бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегіз маусымына қатысып, барлығында жүлделі орыннан көрінді. Атап айтқанда бұл турнирде үш мәрте алтын, екі кезек күміс, үш рет қола медаль жеңіп, қазақ боксының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Ұлттық спорт ұмытылмайды

Тәуелсіздік төрімізге озғалы танымал спорт түрлері ғана емес, ұлтттық спорттың да бойына қан жүгірді. Бүгінде 25-тен астам ұлттық спорт түрі жанданып, республиклық және халықаралық жарыстар ұйымдастыру жолға қойылған. Бар қазақ бөркін аспанға атып қуанған сәтті бірі –  «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енуі еді. Содан бері ұлттық спортқа деген қоғамдық көзқарас пен ынта өзгерді. Қазіргі таңда елде ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі және 45 ипподром жұмыс істейді.

Халық асыға күтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі де ұлттық спорттық брендіне айналып, жаңа таланттарды тануға мүмкіндік берген еді. Сондай-ақ соңғы жылдары «Әлем Барысы», «Жас Барыс» сынды жарыстардың да мәртебесі артып, білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде енгізу қолға алынған.

Спорт – ел айнасы

«Ала доп» келешегі

Жалпы Тәуелсіздік жылдары қазақ фут­болының тарихы 2002 жылы бастау алды десек, артық емес. Оған себеп сол жылы Стокгольм қаласында УЕФА Конгресі өтіп, Қазақстан ресми түрде УЕФА құрамына қабылданды. Осылайша, жанкүйерлердің көптен күткен арманы орындалып, отандық құрама Еуропаның үздік командаларымен кездесетін шақ келді.Содан бері футбол құрама Англия, Германия, Голландия құрамаларымен әртүрлі іріктеу турнирлерінде бір топта өнер көрсетуде.Әрине, әзірге ауыз толтырып айтарлық жетістік жоқ, Алайда 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» футбол клубының Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алуы, 2015 жылы елордалық «Астана» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуі әлі мүмкіндік молын білдіреді.

Жалпы қазақ футболы туралы сөз бола қалса, халық тарапынан  өкініш пен көңіл толмастықты жиі естиміз. Алайда бұл көзқарас жаңсақ секілді. Себебі жанкүйерлер тарапынан спорттың бірі – футзал ескерусіз қалып келеді. Бұл бағытта жетістік шоғыры басым. Мәселен, 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпиона­тында Қазақстан құрамасы қолаға қол жеткізіп баста­са, кезекті жарыстарда оң нәтиже көрсетуде. Сонымен қатар алматылық «Қайрат» футзал клубы футзалдан UEFA кубогын екі мәрте жеңіп алғанын ескеруіміз қажет.

P.S. Байрақты бәсекеде асығы алшысынан түсіп, жеңіспен оралған әрбір спортшыны қазақ елі батыр санатына жатқызады. Себебі әлемдік аренада мемлекеттің бет-беделін қалыптастыру, жеке ел ретіндегі жалпығаламдық түсінік пен имиджін жүйелеу спорттағы жетістіксіз мүмкін болмайтыны тағы бар. Содан болар, ұлттың рухы мен потенциалы көрініс беретін жарыс жолында спортшылардың барын салып, өз елінің туын асқақтатуды мақсат тұтуы ел намысы саналады. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістік көрсеткіші де осы ойымызды айғақтағаны анық.

Берен Шағыров

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: