Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов алдағы уақытта мансабын Италияда жалғастыруы мүмкін. Бүгінде ресейлік ЦСКА футбол командасында ойнап жүрген ала доп шебері туралы «А сериясында ойнауы мүмкін» деген ақпарат тарады.
Бұл жаңалыққа қазақ футболының жанкүйерлері қуанғаны рас. Себебі қазақ баласының еуропалық клуб сапында өнер көрсетуі мақтаныш болары анық. Бірақ футболшының агенті Евгений Новиков «Спорт Экспресс» басылымына берген пікірінде бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Зайнутдинов А сериясындағы клубтардың біріне ауыса ма? Бұл ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін! ЦСКА-мен ешқандай келісім жоқ!» − деді Новиков.
Алайда «Sports.kz» украиналық менеджер Алекс Великихтен Зайнутдиновтің Италияға кетуі туралы болжамдарын сұрап білді. Шетелдік жобаларды үйлестіру және Италиядан, Шығыс және Солтүстік Еуропадан дарынды футболшыларды іздеу және А сериясының әртүрлі клубымен скаутинг жүргізетін маман өз ойымен бөлісті.
«Біріншіден, италиялық нарық үшін ЦСКА-ның трансфер мәселелері бойынша жұмыс жүйесі түсінікті, жақсы қалыптасқан және сәйкесінше, сырттан келетін басқа адамдар көп емес, тек соңғы үш жылда бизнеспен айналысатындар ғана бар. Екіншіден, бұл ойыншы екі жыл бұрын итальяндық нарықты қызықтыра білді, бірақ кейін бағасы жоғары болды. Үшіншіден, футболшы жартылай қорғауда ойнау үшін пайдалы. Оның бағасы 3 миллион еуроны және бонустарды құрауы мүмкін немесе сатып алу құқығымен арендаға беріледі. Көп нәрсе ойыншының өзіне байланысты», − деді Великих. Сондай-ақ сарапшы Зайнутдиновтің А сериясында жақсы өнер көрсете алатынына сенетінін де тілге тиек етті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!