Бейсенбі, 31 қазан, 14:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86-2096
29.10.2024
PDF мұрағаты

Амандық БҮРЛІБАЕВ, Жыраулар үйінің директоры: Американың өнер зерттеушісі әкемді іздеп ауылға келген еді

29.10.2024

406 0

Сыр өңірі – жыраулық өнермен әлемге аты шыққан шайырлар мекені. Солардың бірі – Тұрмағамбет ауылының тумасы Амандық Бүрлібаев табиғаттың ерекше дауысымен таңдай қақтырған талантты тұлға Қуандық Бүрлібаевтың ұлы. Амандық та әкесі аманаттаған қара домбырасын қолға алып, өнер жолында талмай еңбек етуде. Бүгінде өнердің сара жолын бойына тұмарлаған ол аймақтағы Жыраулар үйінің директоры қызметінде. Үкілі домбыраны жанына серік еткен жыраумен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Амандық Қуандықұлы, сіз ерекше дауысы бар дарынның ұрпағысыз. Әкеңіздің жолын қуып жыршылық өнерді жалғап жүрсіз. Тектінің жаққан шырағындай болып, ұлы өнерді жалғаудың қиындығы да салмақты болар.

– Ұстазым Алмас ағамыздың «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деген сөзімен бастайын. Өзім жүз жырауын жүзіктеген Тұрмағамбет ауылында дүниеге келдім. Әкем белгілі жырау Қуандық Бүрлібайұлы өзінің аз ғұмырында әлем сахналарында жыр-жырлап, Жапон елінің астанасы Токио қаласындағы әйгілі «Ацтек» залында өткен дүниежүзілік фольклорлық «Оцеик» фестиваліне қатысып, өз дауысын дүниежүзілік өнердің алтын қорына қалдырды. Бұл қазақ өнері тарихында Жапон елінде жыраулық өнерді насихаттау барысында жасалған алғашқы қадам еді. Оны бірінші болып бастаған әкем жырау Қуандық Бүрлібайұлы болатын. Осы фестивальде жырау Қуандық Бүрлібайұлының өнеріне тәнті болған Американың өнер зерттеушісі Мадисондағы «Висконсин» университетінің профессоры Уолтер Зеф Фельдман мырза өз еліне шақырған еді. Бірақ әкеме ол елге бару бақыты бұйырмай өмірден өтті. Айтайын дегенім, осы Зеф Фельдман мырза әкемнің қазасын естіп, сонау мұхиттың әр жағынан анама, біздің отбасымызға көңіл айтып келеді деп үш ұйықтасақ түсімізге де кірмепті. Бірақ сол Зеф Фельдман мырза Тұрмағамбет ауылындағы біздің шаңырағымызға келіп, отбасымызға көңіл айтты. Мұның өзі өнерге деген құрмет деп білдім.

 – Өзіңіздің репертуарыңызда қанша жыр бар?

– Репертуарымда көптеген толғау-терме, айтыс-мысал, «Көрұғлы» дастанының 1 бөлімі, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Рауа Бану» дастаны бар.

– Өнер жолы оңай емес. Неше жастан бастап дүбірлі өнер додасына жол тарттыңыз? Бауырларыңыздың ішінде жыраулыққа бет бұрғаны бар ма?

– Шаңырақта төрт ұл, төрт қыз тәрбиелендік. Мен үйдің ең кенжесімін. Бәріміз де ән айтамыз. Негізі жыраулық өнер қанмен беріледі. Әкем таңертең, түсте, кешкісін қолынан домбырасы түспейтін. Рүстембек, Мұзарап жырауларды тыңдап өстік. Біз де әкемді тыңдау арқылы мақамды да, сөзін де жаттағанбыз. Ауылда екі-үш сағат клуб үстіндегі дауыс зорайтқыштан жыраулардың термесі қосылып тұратын. Қарапайым әннен хабары жоқ ауыл адамдары сырттан келген жыраулардың сөзінің, мақамының қатесін сезіп жүретін. Сол секілді біздің де құлағымызға сіңіп қалған. Дәстүрлі өнердің басы-қасында жүрген мен ғана. Мені кенжесі болғандықтан ба, әкем ерекше жақсы көріп, жанынан бір сәт тастамайтын. Танымал жыраулардың алдында бізге өлең айтқызады. Бала деген мақтау сүйеді ғой. «ой, пәлі» деген сайын шырқай беретінбіз. Бұл да бір тәрбиенің бөлігі деп білемін. Оқушы кезімде Ленинградқа екі рет симпозиумға бардым. Бүгінде ауылдағы ағамның Байқоңыр деген баласы «Тасберген жырау» үйірмесіне қатысып жүр. Сол бауырым ата жолын ұстанса деймін.

– Жыршылық өнерге жастардың қызығушылығы қандай?

– Ұлттық өнеріміздің қатарындағы күйшілік, қобыз, қолөнермен ғана шетелдіктерді тәнті етеміз деп ойлаймын. Қазіргі жастардың жыраулық өнерге ұмтылысы жақсы. Шәкірттеріміз Бакуге барып, 15 мемлекет қатысқан халықаралық конкурстан жүлде алып келіп жатыр. Қазалыда мәдениет үйінің жанынан жыраулар дайындайтын бөлім ашылды. Сонда тәрбиеленген шәкірттер жоғарғы оқу орындарында дәстүрлі өнер бағытында білім алуда. Аралдағы Жыраулар үйінде – 155, Қармақшыда – 160, Шиеліде – 70-тен астам бала ұлттық өнерімізді үйреніп, дәріс алуда. Жыраулық өнер – ұлттық кодымыз. Мұны жоғалтып алмау үшін жанашырлық қажет. Біз жырлаушыны да, тыңдаушыны да тәрбиелеудеміз. Осы ретте мына бір жайға ерекше тоқталғым келеді. Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университеттің ректоры Бейбіткүл Кәрімовамен жолығып, оның ұлттық өнерге деген құрметінің ерекше екеніне риза болдым. «Дәстүрлі өнер» институтындағы ғимараттың сыртында, әрбір қабаттың дәлізінде жыр қосылып тұр. Жүрек тебіренеді. Патриоттық сезім оянады. Қала, аудан мектептері де осыдан үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.

– Бүгінгі таңда Жыраулар үйін басқарып отырсыз. Қандай жобалар қолға алынуда?

– Жыраулық өнер ерте туып, кенже дамығаны белгілі. Қазіргі көзі тірі жыраулардың ішінде 85-90 пайызында арнайы үнтаспа жоқ. Сыр бойындағы жыраулардың үнтаспасын дайындауға талаптанып жатырмыз. Мақсатымыз – бізге дейінгі жыраулардың үнтаспасын тазалау, олардың мақамын өз деңгейінде сақтау. Ғалым, фольклор зерттеушілерде бұрынғы жыраулардың дауыстары бар екен. Келер жылдан бастап жыраулар үйінде ғылыми ізденісті жандандыру қолға алынбақ. Дәстүрлі орындаушылар арасында халықаралық фестиваль өткізу де алдағы жоспарымыздың бір бағыты.

– Ақындық өнерден де кенде емес екенсіз. Әкеңізге арнап жазған өлеңіңіз бар ма?

 – Әкем өмірден өткен соң бір жылдан кейін естелікке толы жыр шумақтары ойыма оралып, қалам ұстадым.

Жан Көке, жылдан асты кеткеніңе,

Тағдырдың тайып түсіп өткелінде.

Арманың жыр бестіге мінгізу ед,

Көрмедің тізгін қағып жеткенімде.

Күлімдеп мейіріміңді төккеніңде,

Жанымда жыр-бәйшешек көктеді де.

Белдеуде боз құлындай қала бардым,

 Тәнті боп бір Алланың еткеніне.

Саңқылдап сұңқар даусың әлемді алып,

Деп едім қия шыңға беттеді ме,

Сап тынып бала көңілім суып қалды,

Өміріңнің мұнша жылдам өткеніне.

Мән бермей мағынасына енді іздедім,

Сиректеу шаштан сипап өпкеніңе,

 Сұм ажал айтып келмейт, қайтып бермейт,

Көлдей ғып көздің жасын төккеніңе.

Аз ғұмыр ай батқандай адастырып,

Талайдың еңбегін еш етпеді ме,

 Ақтық сөз арманыңды естімедім,

Жаратқан көргеніңді көп деді ме.

 Баласы жүйрік аттың мүше ұстайды,

Наз бедеу парқы басқа тектерінде.

Жан Көке, жырдың туы жығылмайды,

Өнердің бүр шашармын көктемінде.

 – Тағылымды сұхбатыңызға рахмет! Өзіңіз айтқандай, өнердің көктемінде бүр аша беріңіз!

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: