Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бектас НҰРИДИНОВ, қала әкімінің орынбасары: «Бұл мереке бұрынғыдан өзгерек»

23.10.2021

3777 0

«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» демекші, өскен өңір, өз қалаңның тыныс-тіршілігі мен дамуы әрбір тұрғынға қуаныш сыйлары анық. Таза қала, өркениетті қоғамның сипаты көрініс бергенде ғана шаһар тарихы тамырын кеңге жаяды. Сыр бойының бас шаһары – Қызылорда қаласы да осы құндылықты сіңіре білгені белгілі. Осы тұста қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновпен шаһардың мерейлі мерейтойы туралы тілдесудің сәті түсті.

Бектас НҰРИДИНОВ, қала әкімінің орынбасары: "Бұл мереке бұрынғыдан өзгерек"

– Қызылордалықтар жыл сайын асыға күтетін қала күні мерекесі жақындап қалды. Биыл қала күні қалай мерекеленеді?

– Өзіңізге мәлім, әлемді шарпыған індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Биыл да мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру карантиндік режимге байланысты санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілетін болады. Әрине, қазір қала күнін мерекелеу қоғамды ортақ мүдде жолында топтастыруға, жағымды көңіл-күй сыйлауға әсері мол. Сол себепті тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында қаланың орталық көшесі мен алаңдары мерекеге сай безендіріледі. Алайда біздің мерейлі мерекеге бұл жолғы жоспарымыз мүлде бөлек.

– Сонда бұл жолғы қала күнін тойлау шарасы несімен ерекшеленеді? Қандай өзгерістер бар?

– Жыл басында карантиндік режимге байланысты іс-шаралардың өтуіне тыйым салынғаны белгілі. Ағымдағы жылы тіпті Наурыз мейрамы да тойланбады. Одан кейін де ешқандай шара бұрынғыдай үлкен көлемде аталып өткен жоқ. Себебі жыл басында мерекелік шараларға бөлінетін қаржы көлемі пандемияға байланысты қысқартылды.

Биыл біз жылдағыдай дүбірлетіп, ашық аспан астында концерттік бағдарламалар мен осы іспеттес шаралар өткізбейміз. Шынында «Бұл жыл бұрынғыдан өзгерек» болмақ. Осы жолғы қала күнін барынша халыққа пайдалы етіп, бір жағы сақтық шарасы ретінде рухани әрі танымдық шаралармен ерекшелендіруді ойладық. Мәселен, жақында ғана ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қала күні мерекесінің бастауы ретінде «Салауатты Қызылорда» атты жеңіл атлетикалық кіші марафоны өтті. Бұл шараның бір бөлігі ғана.

Жоспарға сәйкес, облыстық жастар ресурстық орталығында «Qosyl acoustic» акустикалық ән кеші, «Қазыналы Қызылорда» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтететін болады. Оған барлық аудан қатысады және жәрмеңке бір мезетте қаланың әр түкпірінде өткізіледі. Сондай-ақ осы күні «Қызылорда – таза қала» атты қалалық сенбілік ұйымдастырылып, «Алтын дән – 2021» аясында ат жарысы өтеді. Тағы айта кетерлігі, «Қызылорда – интеллектуалды қала» интеллектуалдық сайысы ерекше маңызға ие. Мұнда қаладағы 55 мектеп қамтылады. Сондай-ақ 26 қазанда қала мектептерінде «Қызылорда менің көзіммен» атты жас суретшілер байқауы, қалалық «Жыр шумағым өзіңе» атты жас ақындар мүшәйрасы өтеді. А.Тоқмағанбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдығына орай жаңа кітабының тұсаукесері және қалалық Жастар театрының сахналауында режиссер О.Нұрмахановтың «Ұлардың дауысы» атты поэзиялық қойылымының премьерасы болады. Осы ретте қала тұрғындарын мерекелік шараларға белсенді қатысуға шақырамыз.

Біздің басты жаңалығымыз, қала күні қарсаңында апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына арналған 50 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру рәсімі ұйымдастырылады. Тұрғындарға пәтер кілтін қала әкім өзі табыстайды. Бұдан бөлек «Сабалақтан» ауыз су ұңғымасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның уақытын нақтылап айтатын боламыз. Бұл да осы қала күні қарсаңында өткізілетін шараның бір парасы.

– Қала күнінің нақты күні бар ма? Ол қалай белгіленеді? Ол бір датаға қойылу керек пе?

– Қазір біздің Қызылордада ғана емес, еліміздің барлық облыс орталықтарында қала күнін тойлау мерзімі нақты бір датамен белгіленбеген. Біз осы сауал бойынша зерделеу жұмысын жүргізіп, нақты бір датаға қоюға ұсыныс білдірген едік. Өйткені бұл бір адамның қалауымен қабылданатын шешім емес. Оның үстіне қазір ел ішіндегі эпидахуалдың тұрақсыздығы қала күнін нақты бір күнге қоюда қиындық тудырып тұр. Сондықтан біз осы жолы қала күні деп бір күнді атап өтпей, мереке қарсаңында бір апталық іс-шаралар тізбегін жасадық.

– Мереке қарсаңында сақтық шарасын сақтау бойынша қандай жұмыс жүргізіледі?

– Қазір әлемде коронавирус инфекциясынан қаншама адам зардап шегіп жатыр. Бізге қала тұрғындарының, елдің амандығы мен саулығы маңызды. Ашық аспан астында концерт өткізіп тойлауға болар еді. Бірақ онда адамдар тығыз байланыста болатындықтан бақылау жасау әлдеқайда қиын. Оның үстіне мұндай шараларға көбіне жасөспірімдер келетінін ескеру қажет. Ал бұл мәселеге дұрыстап үңілер болсақ, мектеп оқушыларына коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары енді жүргізіледі. Өзі онсызда індеттен бас ала алмай жатқанда, бір күн тойлаймыз деп ауру жұқтырғандардың санын арттырып алсақ, әспеттеген шарамыз «жығылғанға жұдырық болмай ма?». Ал мәдениет үйі мен мектептерде өтетін шараларға айтарлықтай алаңдамауға болады. Себебі онда санитарлық талапты, бетперде режимі мен арақашықтықты сақтауға толық мүмкіндік бар.

– Түсінікті. Мәдениет саласынан бөлек басқа салалар бойынша шаралар өте ме?

– Негізгі шаралар мәдениет, білім салаларын қамтымақ. Қалғаны пәтер беру, қаламыздағы инфрақұрылымдарды ретке келтіру жұмыстары бойынша өтеді.

– Апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына арналған үй пайдалануға берілетінін айтыңыз. Осы жайында толығырақ тоқталсаңыз.

– Азаматтар өздері тұратын тұрғын үйінің санитарлық-техникалық жағдайы нашар болған жағдайда аккредиттелген сарапшыларға үйдің техникалық жағдайын анықтау мақсатында жүгіне алады. Тұрғын үйі апаттық деп танылып, тәуелсіз сарапшының сараптама қорытындысын алған жағдайда «Еgov» порталы арқылы электронды өтініш пен құжаттарын өткізіп, тұрғын үй кезегіне тіркеледі. Кезегі келгенде үйлі болады. Биыл апаттық үй тұрғындарына сол жағалау шағын ауданынан 50 пәтерлік сатып алу құқығынсыз арендалық үйлер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Аталған санат бойынша берілген үйлер арендалық болғандықтан жекешелендіруге жатпайды.

– Бұған дейінгі қала күнін атап өту шараларында қандай ерекшеліктер болды? Соңғы жылдары мереке қарсаңында бой көтерген нысандар бар ма?

– Иә, бар. Биыл біршама жаңа үйлер бой көтерді. Жыл соңына дейін сол жағалау шағын ауданынан 14 көпқабатты арендалық үй, жалпы саны 680 пәтер кезекте тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз пайдалануға беріледі. Оның 430 пәтері көп балалы отбасыларға, 50 пәтері жетім балаларға және 200 пәтері халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына бөлінеді деп жоспарлануда. Әрине, кезекте тұрған тұрғындардың бәрін бір мезетте тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Уақыты келгенде баспанасын ала береді. Жалпы бұл процесс үздіксіз жалғасады. Жыл сайын бюджеттен ақша бөлініп, апатты жағдайдағы үйде тұратын азаматтарға кезекпен үй беріледі.

– Қаладағы мәселелерге байланысты тұрғындармен байланыс бар ма?

– Қазір тұрғындармен кездесулер өткізіліп, олардың талап-тілектеріне сай жұмыс жасалуда. Мұның барлығы сол қаланың өркендеуі, дамуы, көркеюі үшін жасалып жатқан шаруалар. Тұрғындар хат арқылы не әлеуметтік желі арқылы өз аймақтарындағы түйіткілді мәселелер туралы ашық жеткізіп отыр. Ал біз көтерген, айтылған мәселелер бойынша жылдам жұмыс жүргізіп, орын алған кемшіліктерді түзетіп келеміз. Азаматтардың көкейкесті сұрақтарына жауап алуы үшін барлық мәліметтерді қала әкімдігінің сайты мен барлық әлеуметтік желіге жариялап отырмыз. Бұл сол халық талап ететін ашықтық деуге саятын шығар.

– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: