Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Гүлшат МҰСАЕВА, қалалық мәслихат депутаты: Күрделі мәселелердің шешімі қарапайым болуы мүмкін

05.05.2021

10133 0

VII шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарының арасындағы жаңа есімнің бірі – Гүлшат Мұсаева. Біз үшін жаңа есім болғанмен, Гүлшат Исақызы үшін ел аманатын арқалау алғаш рет емес екен. 19 жасында еңбекші жастар өкілі ретінде ауылдық кеңестің депутаты болған ол араға 30 жыл салып, тағы да депутаттық жауапкершілікті арқалады. Әрине, екі түрлі жүйе. Одан бері уақыт алмасты, заман өзгерді. Дегенмен ел аманатын арқалау, халық алдындағы жауапкершілік, депутаттың беделі биіктей түспесе аласарған жоқ. Халық қалаулысымен сұхбатымыз үш ай ішіндегі жұмыс барысы жайына арналды.

Гүлшат МҰСАЕВА, қалалық мәслихат депутаты: Күрделі мәселелердің шешімі қарапайым болуы мүмкін

– Гүлшат Исақызы, қалалық мәслихат­тағы жаңа есімдердің бірі болғаныңызбен, бұған дейін де депутаттық тәжірибеңіз бар екен. Демек, тәжірибеңізді пайдаланып, білек сыбана іске кіріскен боларсыз. Депутат ретінде қандай мәселені шешуді қолға алыңыз?

– Иә, Кеңес одағы тұсында еңбекші жас­тардың арасынан бірнеше мәрте ауылдық кеңестің депутаты, Қазақстан ЛКЖО Ор­талық Комитетінің мүшесі болып сайландым. Халық қалаулысының жауапкершілік жүгін жастайымнан сезінгендіктен депутат ар­қа­лаған жүктің жеңіл болмасын жақсы білемін. Әрине, бұл жолғы депутаттықтың жөні бөлек. Тәуелсіз елде өмір сүру және халықтың игілігіне қызмет ету – әрбір азамат үшін мәртебе деп білемін. Елімнің патриоты ретінде маған әсері ерекше екенін жасырмаймын.

Депутаттық жұмысты алдымен аумақтық бөлініс бойынша бекітілген қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінің жағдайымен танысудан бастадым. Ауылдың тыныс-тіршілігімен таныс емес едім. Сол себепті арнайылап барып, ауыл әкімімен бірге ауыл­ды аралап, ұжымдармен, халықпен кездестім. Ауылдың өзекті мәселелерін анықтауға, оның шешу жолдарын саралауға кірістім. Менің жұмыс барысындағы ұстанымым – «сауығудың жолы – дұрыс диагноз қою». Яғни проблеманы шешу үшін  ең әуелі оның бар екенін мойындау, себебін анықтау және салдарын зерделеу шарт. Ауылдың басты проблемасы – тұрғындардың өз бетінше құрылыс жүргізуі. Мұндағы халықтың саны ресми статистика мәліметі бойынша 8003 адамды құрайды дегенімен, шын мәнінде 15 мыңға жуықтайды. Осыдан-ақ мәселенің мәнісін бағамдай беріңіз. Ауылға көшіп келіп, инфрақұрылымы жасалмаған жер алған  қаншама отбасы өз бетінше құрылыс жүргізген. Әркім өздігінше жарық желілерін тартып, су кіргізген, шамасы жеткендері жолдың нобайын салған. Инфрақұрылым жүргізу – ауылдың қазіргі таңдағы көкейкесті мәселесі. Ауылдың өзге де мәселелерін жинақтап, саралап, депутаттық сауал жолдап, әріптестермен ақылдаса отырып, ұтымды шешу жолдарын қарастырудамын. Мұның барлығы депутат ретінде аттандап айтумен емес, салмақты негіздемеге сүйене отырып, жан-жақты зерделеумен шешілетінін жақсы түсінемін.

Гүлшат МҰСАЕВА, қалалық мәслихат депутаты: Күрделі мәселелердің шешімі қарапайым болуы мүмкін

– Сайлауға дейінгі уәде. Яғни сайлау­алды бағдарламаңызда нендей мәселеге басымдық бердіңіз?

– Сайлауалды бағдарламамда негізгі үш бағыт қамтылды: ұлт тәрбиесі, әлеуметтік сала және экономика. Үгіт-насихат жұмысымен халықпен кездесуде бағдарламама арқау болған сол үш бағыт бойынша әрбір мәселені ашып көрсетіп, оның шешу жолдарын да ұсындым. Мысалы, ұлт тәрбиесі бойынша отбасы институтын қолдауға басымдық бердім. Себебі елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты. Отбасы жағ­дайын жақсарту, ұрпақ тәрбиесіне қа­тыс­ты мәселенің шешу жолдарын атадым. Атап айтқанда, отбасы тәрбиесін нықтау, мұқ­таж отбасыларға көмек көрсету бойынша өңір­лік бағдарламаларды жетілдіру, Текті қыз­дар мектебін ашу; «Отбасылық бюджет», «От­басылық бизнес» бойынша әдістемелік көмек көрсету, қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін салт-дәстүр, отбасылық және рухани құндылықтардың сақталуына ықпал ету.

– «Текті қыздар мектебі» деген елең еткізерліктей екен…

– Бұл дамыған елдер тәжірибесінде кез­деседі. Қазақтың қанында бар қасиет. Тәрбиелі, текті болу – нағыз қазақтың бол­мысы. Қазақ ұрпақты үш-ақ ауыз сөзбен тәр­биелеген: ұят болады, жаман болады, обал болады. Біз қазір тектілік дегенді материалдық жағдаймен шатастырып алып жүрміз. Тектілік дүниемен өлшенбейді. Ол адам бойындағы асыл қасиеттердің, па­расаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақ­тастықпен беріледі. Омар Жәлелдің бір сұхбатында: «Білімділігі­не таң қалып, текті­лігіне тәнті боласың» деген сөзі жүрегіме ұялады. Тектілікті бойы­на барынша сіңірген интеллектуалды, ина­батты, парасатты ұрпақ тәрбиелеу –  парызымыз.

Гүлшат МҰСАЕВА, қалалық мәслихат депутаты: Күрделі мәселелердің шешімі қарапайым болуы мүмкін

– Сондай-ақ бағдарламаңызда атап көрсеткен отбасы бюджетін жоспарлауға көмек көрсету бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені сөзсіз. Әрбір отбасы үшін шағын мемлекетінің бюджетін жоспарлау қаншалықты маңызды? Несиеден-несиеге күн кешу жағдайы неге белең алды?

– Бүгінде бұқараның күйі анық. Несиеден несиеге жалғасқан тіршілік. Таусылмайтын қарыз. Бұл – отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлай білмеудің салдары. Негізі от­басылық бюджетті ғана емес, отбасын да жоспарлау – заман талабы. Менің бұл пікірім кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Бірақ бүгінгі күннің шындығы, мойындауымыз керек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің ғалымдарымен бірлесе «Отбасылық бизнес – халықтың әл-ауқатын арттырудың инновациялық тәсілі» атты үш жылдық ғылыми жобаны орындадық. Аудандарға, ауылдарға барып, тұрғындармен кездесіп, әдістемелік көмектер бердік. Осы тәжірибеме сүйене отырып, халықтың экономикалық сауатын арттыру мақсатында отбасы бюдже­тін жоспарлау бойынша әдістемелік көмек көрсету келешекте ойымда бар.

– Қалалық мәслихатта әлеуметтік, құқық және жастар саясаты мәселесі комиссиясының мүшесі екенсіз. Жұмыс нәтижесі қалай? 100 күн ішінде комиссия нендей мәселені қолға алды?

– Жұмыс жоспарына сай бүгінгі күнге дейін комиссияның 3 отырысы өтіп, бірнеше мәселе қаралды. Атап айтқанда халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар; санаторлық балабақшалардың жұмыстары; қалада бұқа­ралық спортты дамытудың барысы. Аталған мәселелер бойынша зерттеу-талдау жасалды, проблемалар анықталды, тиісті орындарға ұсыныстар бердік.

– Экономист-ғалым ретінде қаланың экономикасын көтеруге қандай идея ұсынар едіңіз?

– Идея көп. Алайда жалаң идея құнсыз. Оны жүзеге асырудың қуатты механизмдері, оңтайлы шешу жолдары мен түпкі нәтиже қоса ұсынылуы тиіс. Кейде күрделі мәсе­ленің шешімі қарапайым болуы мүмкін. Сондықтан мәселенің күрделілігіне емес, оны шешу жолдарына ден қойған абзал.

Ел экономикасын көтеру үшін алдымен ауылды көтеру шарт. Оның ішінде кәсіп­керлікті дамыту өте маңызды. Біз нарықтық экономикада өмір сүрудеміз, жаһандық көшке ілестік, шегінуге жол жоқ. Шикізаттық бағыттан арылып, уақыт талабына сай заманауи отандық өндіріс орындарын ашу­ға күш салу керек. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру, отан­дық тауар өндірушілерді қолдау өзекті. Сайлауалды бағдарламамда елді мекендердің әлеуметік-экономикалық даму жағдайына мониторинг жүргізу, кешенді талдау жасау қажеттілігін айтқанмын. Осы мақсатта қалаға қарасты 7 ауылдық округтің жағдайын сараптаудамын. Талдау нәтижесінде әр ауыл­дың әлеуметік-экономикалық даму жағ­дайына ғылыми-тәжірибелік тұрғыда негізделген нақты диагноз қойып, сауықтыру жолдарын көрсететін әдістемелік ұсыным түрінде кітапша шығарсам деймін. Ауыл әкімдері өздеріне қарасты елді мекендердің бүкіл жағдайына қанық екеніне күмәнім жоқ, дегенмен, бұл еңбекте барлық ауылдың мәліметтері бір жүйеге топтастырылады, ауылдардың даму деңгейін салыстырмалы бағалауға ыңғайлы болады. Ауыл әкімдеріне қажетті құрал болады деп ойлаймын.

Екіншіден, қаланы көркейту үшін бір­жылдық гүлдерге қаржы бөлгенше, аяқ сумен қамтамасыз етудің жолдарын қарас­тырған жөн: ирригациялық жүйені, ирри­гациялық инфрақұрылымды қалпына кел­тіру; тамшылатып суару; ұңғыма қазу, т.б. тиімді жолдарын пайдалану орынды. Аяқ су мәселесі шешілсе, тұрғындар ары қарай тіршілігін түрлендіреді. Сонымен қатар бірқатар экологиялық, экономикалық мәселелердің шешілуіне, тіпті, нарықтағы азық-түлік бағасының тұрақталуына да ықпал етері сөзсіз.

Үшіншіден, қаланың іргесіндегі ауыл­дарды шаруашылық бейіміне қарай маман­дандыру арқылы қуатты кластерлік жүйе құру. Мәселен, бір ауыл ет өнімдерін, екіншісі бақша өнімдерін, енді бір ауыл құс өнімдерін өндіруге басымдық берсе деймін. Әрине, ауылда бір сала ғана емес, барлық бағытта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істей береді, тек соның ішінде басты салаларға басымдық беріледі. Осы орайда айта кетейін, Қызылжарма ауылында кезінде құс фабрикасы жұмыс істеді. Демек, ауыл халқы осы саланың қыр-сырын толық меңгерген. Осы саланы қайта жаңғырту аса тиімді, себебі құс өнімдері біздің өңірге сырттан әкелінеді, бағасы қымбат. Ішкі нарықта құс өнімдерінің барлық түріне, жұмыртқаға сұраныс өте жоғары және алдағы уақытта сұраныс арта түспесе, кемімейді.  Бұл нағыз қалдықсыз технологиямен жұмыс жасайтын экономикалық тұрғыдан тиімді өндіріс. Анығын айтқанда тыңайтқыштан бастап қазір сәнге айналған жылдам тамақ әзірлеу орындарын аса қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге болады.

– Қай депутат болмасын, өзіне жақын саланың жайын ойлайтыны белгілі. Депутат ретінде ғылыммен айналысып жүрген жастарға, ғылымның дамуы үшін қандай шешім қабылдау қажет?

– Әлем дамуының бесінші тренді – адами капиталдың сапасын арттыру. Дамыған елдерде адами капиталға құятын инвестиция көлемі заттық капиталдан 4 есеге көп. Адами капитал сапасы білім мен ғылымға тікелей тәуелді. Озық елдердің жұмыспен қамту құрылымында заманауи өзгерістерге тез бейімделетін, дағдарыс жағдайында оңтайлы шешім қабылдай алатын адамдар 25 процентті құрайды, дамушы елдерде 8-17 процент. Сол себепті жастардың креативті идеяларын, инновациялық жобаларын қолдау, олардың замануи әлемде еңбек етуіне, білім алуына, өмір сүре алуына үйрету – міндетіміз. Қоғамда интеллектуалды ұлт, үздіксіз білім алуды үнемі насихаттау қажет. Себебі ақыл империясы – болашақ империясы болмақ.

– Депутаттың қоғамдық қабылдауы қалай өтуде? Жеке басының жағдайын айтып келген жанға қалай көмектесесіз? Халық пен депутаттың байланысы қалай?

– Халыққа жақын болуы үшін қабылдау форматын өзгерттім. Мәслихат немесе «Nur otan» ғимаратында ғана емес, сол ауылға өзім барып, қабылдау өткіземін. Айына бір рет өтетін қабылдауға тұрғындар көбірек келеді. Ауыл үлкендерінің ұсыныс-пікіріне зейін қоямын, тұрғындар мәселесінің ше­шілуіне қолдан келгенше көмектесемін. Әрине, отбасының жағдайын айтып, көмек сұрап келетіндер де бар. Оларға үнемі материалдық көмек көрсететіндей мүм­кіндігім жоқ. Дегенмен әріптестер ара­сынан демеушілер іздеп, жәрдем жасауға тырысамын. Қабылдауға келген тұр­ғын­дарды мұқият тыңдаймын. Мен үшін әрбір адам құрметтеуге лайықты. Сонымен қатар ашықтық, жариялылық, кері байланыс принципін ұстанамын.

– 100 күнге есеп берсек. Гүлшат Мұсаеваның депутаттық жұмысын сын көзбен қалай бағалайсыз?

– Сыншы да, ақылшы да, төреші де – халық. Дегенмен басты сыншы өзің екені сөзсіз. Әрбір саналы азамат секілді күнделікті өзіме есеп беремін. 100 күнде мардымды іс бітірдім деп айта алмаймын. Сессияда қаралған мәселелердің оң ше­шіміне ықпал ету, ұсыныс-пікір білдіру, қоғамдық көлік, көгалдандыру, бюджеттен ауылдың инфрақұрылымына қаржы бөлу, халықпен түрлі мәселелер төңірегінде кез­десулер ұйымдастыру, тұрғындардың жеке­леген мәселесін шешу секілді мәселелер. Партияның бақылау комиссиясымен бірге әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта жасау, спорт алаң­дарының жағдайы, сол жағалаудағы көп­қабатты тұрғын үйлердің құрылыс сапасын бақылау рейдтеріне қатыстым.

Гүлшат МҰСАЕВА, қалалық мәслихат депутаты: Күрделі мәселелердің шешімі қарапайым болуы мүмкін

– Сіздіңше, белсенді депутат қандай?

–  Халықтың үні, бұқараның базынасы, көптің көкейкесті мәселелерінен тыс қалмай, ұдайы назарда ұстайтын, оның шешілуіне ықпал ететін депутат. Ел дамуының өзегі – қоғамда билік пен халық арасындағы ашық диалогтың орнауы десек, соның дәнекері бола білетін депутат.

– Бүгінде кім-кімнің жұмысының өлшемі әлеуметтік желі болған сияқты. Әлеуметтік желіге тәуелдісіз бе?

– Әр қадамымды әлеуметтік желіге жүк­теп, есеп беруден аулақпын. Дегенмен ха­лықпен байланысудың бір құралы ретінде тиімді пайдалануды үйреніп жүрмін. Әлеу­меттік желіге тәуелділікті жақсы үрдіс деп қабылдамаймын. Әсіресе, жастардың сөздік қорын қысқартып, тіпті сауатсыздыққа әке­луде. Кейбір жастардың желідегі жазуын көргенде қатты қынжыламын. Бұл қарапайым қөрінгенімен өте күрделі салдары бар көңіл аударарлық мәселе.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: