Сенбі, 07 желтоқсан, 22:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: «Депутаттар халық пен қала үшін маңызды мәселелерге көңіл бөледі»

29.01.2022

2268 0

Мәслихат депутаттарын халықтың мұң-мұқтажын тыңдап билікке жеткізетін, өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастыратын алтын көпір десе де болады. Бір жыл бұрын сайланған қалалық мәслихат депутаттары өткен жылда тындырымды тірлік атқарды. Қалалық мәслихаттың атқарған жұмысы мен алдағы жоспары турасында толық мағлұмат алу үшін VІІ шақырылған қалалық мәслихаттың хатшысы Ибадулла Құттықожаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өткен жылы қалалық мәслихат депутаттары қайтадан сайланды. Бүгінде мәслихатта қандай өзгерістер бар?

– Иә, 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен ҚР Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлау қорытындысына орай 15 қаңтарда VІІ шақырылымдағы Қызылорда қалалық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Жаңа құрамдағы депутаттық корпуста 3 саяси партия өкілдері бар. «Nur Otan» партиясынан 18 депутат, «Қазақстан халық партиясы» 2 және «Aq jol» партиясынан 2 депутат. Мәслихат құрамындағы 22 депутаттың 15-і алғаш рет сайланғандар, яғни депутаттық корпус 68,2 процентке жаңарған. Сайлау заңнамасына енгізілген 30 проценттік квотаға сәйкес 5 депутат әйелдер қауымынан болса, 5 депутат 35-ке дейінгі жастар өкілдері. Депутаттар құрамында түрлі саланың білікті де білімді мамандары бар. Халық қалаулыларының басым бөлігін құрайтын «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттар сайлау алды праймеризден іріктелген, беделді, белсенді азаматтар. Жастар өкілдерін құрайтын «Aq jol» партиясы мен тәжірибелі азматтардан құралған «Қазақстан халық партиясының» да өзіндік айтары бар.

– Бір жыл ішінде мәслихат депутаттары қандай іс атқарды?

– Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. 2021 жылы VІІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихаттың 16 сессиясы өтті. Оның төртеуі кезекті және он екісі кезектен тыс. Өткізілген сессияларда 90-нан аса шешім қабылданды. Шешімдер уақытылы Әділет органдары мен тиісті орындарға жолданды. Жалпыға бірдей міндетті маңызы бар 18 шешім Әділет органдарында тіркеуден өтіп, БАҚ-та жарияланды. Мәслихат қабылдаған шешімдерге қатысты құзырлы органдардан наразылық пен ұсыныс түскен жоқ.

Мәслихат депутаттары тарапынан өздеріне бөлінген аумақтағы мәселелерді зерттеу, шешу, тұрғындарды қабылдау, тұрақты комиссиялар отырысы, депутаттық аралау, кездесулерге қатысып, ақпарат құралдары арқылы атқарған жұмыстарын жариялап тұрады.

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, қалалық мәслихат хатшысы: "Депутаттар халық пен қала үшін маңызды мәселелерге көңіл бөледі"

– Бүгінде шешімін тапқан өзекті мәселелерді атап өтсеңіз?

– Әрине, халық қалаулысы болған соң тұрғындар мен қала үшін аса маңызды мәселелердің шешімін табуға көңіл бөлінеді. Мәслихаттың регламентіне сәйкес жоспарлы мәселені сессияға мәслихаттың Уақытша комиссиясы тиісті мекемелермен бірлесіп әзірлейді. Қаралатын әрбір мәселеде депутаттар халық мүддесін қорғауға, оларды тол-ғандыратын мәселелерді шешуге ерекше мән береді.

Мәселен, сессияда қаралған қала аумағындағы жолаушы тасымалын ұйымдастыру мәселесі бойынша қоғамдық көліктердің жаңа жол сызбасын тез арада аяқтап, қолдауды қажет ететін жеке меншіктегі әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарына субсидия беру мәселесі сессия шешімінде қамтылды.

Осы мәселеге орай өткен жылы облыстық мәслихат сессиясында «2022-2024 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесін анықтау» туралы шешім қабылданып, алдағы уақытта субсидия қаралатын болды.

Кезекті сессияда қаралған тағы бір өзекті мәселе – агроөнеркәсіп кешенін дамыту жағдайы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету екенін айтты.

Сыр өңіріндегі «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына» қарасты Ы.Жақаев атындағы күріш ғылыми зерттеу институтының ғылыми потенциалын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кеңінен пайдалану тиімді болмақ. Ал бұл мақсатқа жету үшін депутаттар ғылыми орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып, ғалымдарға көмек көрсету керектігін алға тартып, тиісті органдар ұсыныс хаттарын жолдады.

Мысалы, орталықтың жұмысына тиімді жағдай жасау үшін ғимаратты модернизациялау, кешенді зертхана ашу, ғылыми өндірістік жұмыстардың материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Ал бұл мәселелер Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қаражаты есебінен шешіледі.

– Мәслихаттағы комиссиялардың жұмысына тоқталсаңыз…

– Жалпы қалалық мәслихатта үш тұрақты комиссия бар және депутаттар сол комиссияларға бөлінген. «Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі» комиссиясы, төрағасы «Nur Otan» партиясынан сайланған Ерлан Нұртазаев. «Өндіріс, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі» комиссияға «Nur Otan» партиясынан Мұхиджан Кәрімбаев төрағалық етеді. Ал «Құқық қорғау және әлеуметтік қолдау, жастар ісі мәселелері жөніндегі» комиссиясының төрағасы – «Қазақстан халық партиясының» депутаты Қайрат Ерназаров.

2021 жылы қалалық мәслихат жанындағы тұрақты комиссияның 22 отырысы өтіп, күн тәртібінде қаралған 40-қа жуық мәселе бойынша жергілікті атқару органдары назарына комиссия қаулысымен 138 ұсыныс берілді. Оның 44-ін бюджеттік, 31-ін өндірістік және 63-ін әлеуметтік комиссия ұсынды.

Тұрақты комиссияларда Қызылорда қаласын дамыту бағдарламаларының нысаналы индикаторларға қол жеткізу көрсеткіштері, 2020 жылға арналған қала, кент және ауылдық округ бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есеп, «Қызылорда тазалығы» ЖШС атқарып отырған жұмыстары мен алдағы жоспарлары, Қызылорда қаласы бойынша көгалдандыру, аяқ сумен қамтамасыз ету мәселелері», «Қызылорда қаласы бойынша жылу маусымына дайындық барысы», Қоғамдық көліктердің жол жүру сызбаларын талқылау, тұрғын үй пәтерлерін беру кезектілігі туралы, жер учаскелерін табыстау туралы, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар, арнайы бағыттағы балабақшалардың (санаторлық) қазіргі атқарып отырған жұмыстары, «Білім беру ұйымдарындағы тәрбие беру туралы», қалалық ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің атқарған жұмыстары қаралды.

– Халық қалаулылары халыққа қаншалықты жақын?

– Депутаттар қала аумағын жиі аралап, халықпен кездесіп, нысандармен танысып, әр мәселенің байыбын зерттеп, проблемаларды шешуде, халықтың аса қажет сұранысын билікке жеткізеді және де олардың орындалуын бақылайды.

Өткен жылы депутаттық корпус тарапынан 132 депутаттық сауал, тұрғындар тарапынан көтерілген 205 өзекті мәселе, әлеуметтік желіде жарияланған 75 сұрақ бойынша барлығы 412 мәселе тізбесі жинақталып, жалпы қаржысы 582,5 млн теңгені құрайтын мәселе шешімін табуы үшін атқарушы органға жолданды.

Сонымен қатар өткен жылы мәслихатта депутаттардың 103 жеке қабылдауы өтіп, 346 тұрғын тарапынан көтерілген мәселелер зерделеніп, заңға сәйкес құзырлы органдармен жұмыс жасалуда. Ол өтініштердің 41 проценті орындалды. Қалған ұсыныс қаржы мен уақытты қажет етуіне байланысты бақылауға алынған.

Аталған мәселелерді шешу бағытында қала әкімдігі мен депутаттық корпус бірлесе жұмыс жасауда. Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев мәслихат депутаттарымен бірге кент және ауылдық округтерге барып, тұрғындармен кездесіп, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысуда.

Сондай-ақ депутаттар халықты көкейтесті мәселелерін апта сайын өтетін қала әкімінің «Депутаттық сағат» атты қабылдауында болып талқылайды. Бұл өз кезегінде тұрғындар мәселесін жедел шешуге зор мүмкіндік береді.

Мәселелер қаржыға байланысты шешіледі. Қосымша қаржы қалаға республикалық, облыстық бюджеттен қаралады. Осы мақсатта қала әкімімен облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының кездесуі, алдағы міндеттерді бірнеше рет талқылауының, біздің қалалық мәслихат депутаттарының облыстық мәслихаттың бюджеттік комиссия отырысына қатысуының маңызы зор.

Қалалық мәслихаттың 2020 жылғы 14 желтоқсандағы 72 сессиясында бекітілген «2021-2023 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешімі 6 рет нақтыланып, 4 рет түзету енгізілді.

Нақтылаулар нәтижесінде 2021 жылға арналып бекітілген қалалық бюджет 52,0 млрд теңгеден 64,2 млрд теңгеге өсті. Ал 2022 жылға қалалық бюджет 51 млрд 662 млн теңге көлемінде бекітілді. Жыл бойы оған қажеттілігіне қарай түзетулер мен өзгерістер енгізіледі.

– Кәсіпкер, қаржысы бар депутаттардың кей мәселені өз қаржысы арқылы шешіп, елге көмектесетінін білеміз…

– Иә, қалалық мәслихат депутаттарының басты ұстанымы – тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін үнемі назарда ұстап, оларға барынша қолдау мен көмек көрсету. Осы орайда қалалық мәслихат депутаттары жұмыс барысында жеке қаражаты есебінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға демеушілік көмек көрсетіп келеді. Мәселен, «Сәби бақыты» қайырымдылық қорына депутаттар тарапынан 80-ге жуық компьютер бөлшектері жинақталып, табысталды.

Наурыз, Жаңа жыл мерекелері мен жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық мәслихат депутаттары 500-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті. Депутаттардың қай-қайсысы болса да қолдан келгенше көмек сұрағандарды демейді, қолдайды. Мүмкіндігі барлары үлкен шараларды жасауда.

Депутат Қайрат Ерназаров Талсуат ауылдық округіндегі спорт алаңының жетіспеушілігін ескеріп, ауылда ашық футбол алаңын демеушілік есебінен іске қосты. Мұса Әбдіхалықов С.Лапин атындағы №261 мектеп жанындағы спорт алаңын жаңғыртуға ықпал етті. Одан бөлек Мұса Жақыпұлы жеті жыл бойы мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 11 отбасыға тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Жасұлан Жарасбаев қаланы көркейту, көгалдандыруға өзінің жеке есебінен қомақты үлесін қосып келеді.

Қалалық мәслихат депутаттары өңірдегі қаламгерлерді қолдау, аяқ су мәселесі мен көгалдандыру, қаржылай көмек көрсетуде, қаланың көрікті жерлерін безендіруге, мектептерде арнайы үйірмелер ашуға өз үле стерін қосып келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: