Жексенбі, 22 желтоқсан, 20:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нашар маманды жасанды интеллект оңай алмастырады

25.11.2023

3013 0

Сурет: asylarna.kz

Бүгінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан жаңа технологияны игеріп үлгеру де мүмкін емес. Технократтар дәуірінде жаңа технологияны қаншалықты жатырмыз? Қол қусырып, тамсанып отыра беру қазаққа тән бе? Біз  жаңа технологиялар дамуының қай сатысында жүрміз? Техниканың мүмкіндігін уыстан шығарып алмаймыз ба? Жасанды интеллект ғасырында бұл тақырыпта сауал аз емес. Осы орайда  ІТ сарапшы, Бостон университетінің магистранты Тимур Бектұрмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Жақында елде «Жасанды интеллект дәуіріндегі біздің болашақ» тақырыбында кездесу өткіздіңіз. Шынында, жаңа дәуірдегі біздің болашағымыз қандай? Қаншалықты дайынбыз? Не істеу керек?

– Мен өте оптимист адаммын.  Болашаққа жарқын көзқараспен қараймын. Қазақ жастарына, қазақ ұлтының потенциалына өте қатты сенемін. Дегенмен  теориялық тұрғыда солай болғанмен, рационал тұрғыда қарайтын болсақ,  біздің технологиялық тұрғыдан бәрібір кеш қалып келе жатқан мемлекет екеніміз аян. Не істеу керек? Әрине, қазақ техносауатты болуы керек. Негізгі  және басты ұраным – қазақ халқының техносауатты болғаны. Жалпы техника, технология, компьютерлік технология дейміз бе, жаңа технология дейміз бе, осы бағытта негізгі ойыншыларды бөліп қарастыруға болады. Бірінші деңгейдегі ойыншылар – бұлар технологияны жасайтын, зерттейтін адамдар. Сәйкесінше, сол технологияның аясында  әртүрлі инфрақұрылымды ұсынатын топ. Бұл топқа АҚШ-тағы «Microsoft» «Аmazon» «Apple» «Meta» секілді алпауыт технологиялық компаниялар енеді деуге болады. Бұл компаниялардың барлығы бізге инфрақұрылымын ұсынады. Мәселен, ютуб, сонымен қатар әлеуметтік желінің барлығы инфрақұрылымға, негізгі платформаларға жатады.  Біз бұл топтың қатарында жоқпыз. Тек біз ғана емес, әлемде бірқатар ел бар, солардың барлығы бұл топта жоқ. Екінші топ – осы технологиялық алпауыт компаниялардың ұсынған өнімдерін, платформаларын өзінің жетістігі үшін қолданатын топ. Олар контент жасайды, осы платформаның негізінде өздерінің өнімдерін жасайды, қызметтерін ұсынады. Яғни бұл платформаның жетегінде кетіп қалмайды. Мәселен, Қазақстанда 20 млн ғана адам бармыз. Біз әлем бойынша өз еліміздегі халықтың масштабына шаққанда 90 пайызы инстаграмда отыратын халық болып есептелеміз. «We are Digital» деп аталатын халықаралық есеп бар. Осы репорттың мәліметі бойынша Қазақстан халқының 95 пайызына дейін инстаграмда отырады екен. Бұл әлем бойынша ешбір елде жоқ статистика. Бұл сан біздің үшінші топқа жататынымызды көрсетеді.  Бұл деген өте пассив түрде, тек ғана қолдану. Яғни өнім жасамау, платформаларды өзіміздің игілігіміз үшін пайдаланудың орнына, оларды «соқыр қолданушы» ретінде пайдалану. Енді қараңыз, бірінші топ технологияны жасаушылар дедік,  екінші топ технология мен платформаның аясында өздерінің өнімдерін өндіруші, контент жасаушы. Енді бұл алғашқы екі топ ақша табу керек қой. Бүкіл әлемге ұсынған технологиясының қайтарымын ақшалай түрде алу керек. Олар ақшаны қайдан алады? Әрине, біз сияқты үшінші топқа жататын елдерден алады. Қалай дейміз ғой. Біз сол жарнаманың құлымыз,  платформалардағы әртүрлі контенттің қаралымын көбейтуші «зомбилер» секілдіміз. «Қаншалықты дайынбыз?» деген өте ауыр сұрақ. Дайынбыз десем, дұрыс емес, дайын емеспіз десем, ауыр тиеді. Бұған менің жауабым жоқ. Ал не істеу керек? Әрине, біз осы екінші топқа қосылсақ жақсы болар еді. «Соқыр қолданушы» емес, саналы пайдаланушылардың қатарына қосылуымыз қажет.

– Бүгінде жасанды интеллект медицина саласында қолданыла бастағаны айтылып келеді. Жалпы жасанды интеллект тек бір ғана салада емес, өмірде көп проблеманы шешіп бере алатынын ғалымдар айтып жүр. Шынында, жасанды интеллект адамды алмастыра ала ма?

– Бұл қазір әлемдік деңгейде талқыланып жатыр. Мәселен, бүкіл ғұмырын жасанды интеллект саласын дамытуға жұмсаған Джеффри Хинтон секілді азаматтар сәл пессимистік көңіл күйде. Яғни жасанды интеллектінің дамуын баяулатайық, адам баласына зияны көп болып кетуі ықтимал дегенді айтады. Оған қарсы екінші бір топ бар, яғни Мета компаниясының жасанды интеллект зерттеуі бойынша вице-президенті Лян ЛеКун болса, өте оптимистік көзқараста. Ол адамзаттың игілігіне пайдалану үшін технологияны дамыта беру қажет, одан қорқатын ештеңе жоқ деген көзқарасты ұстанады. Менің ойымша, шындық осы екі пікірдің ортасында. Мен «Жасанды интеллект адамды алмастыра ала ма?» деген сұраққа «иә» деп жауап берер едім. Бірақ «адамзатты алмастыра ала ма?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап беремін. Яғни адам дегеніміз сіз бен біз, яғни жеке тұлғалар. Жасанды интеллект көп салада, білім саласында, қайталанатын істерді атқару саласында адамды алмастыра алады, бірақ адамзатты алмастыра алмайды.  Мәселен, адам заңгер немесе мұғалім, қаржыгер және тағы басқа саланың маманы болса да, нашар маман, жұмысын өз деңгейінде атқара алмауы мүмкін.  Жасанды интеллект мұндай адамды оп-оңай алмастырады және өте арзанға түседі. Ал өз ісіне мығым,  ерекше қабілеті бар адамдар бар, оларды алмастыра алмайды. Жалпы алғанда бұл өте пәлсапалық сұрақ. Бұған жауап беру негізі абырой әпермейді. Бұл сұраққа жоғарыда айтқан жауапты ұсына отырып, бәрібір білмеймін деп айтар едім.

– Жасанды интеллектіні өмірде қалай қолдануымыз керек?

– Кәдімгідей қолдана береміз. Жалпы сіз бен біз, барлығымыз жасанды интеллектіні өмірде қолданып жүрміз. Мәселен, такси шақырған кезде, гугл аудармашы секілді платформаны қолданғанда, ютубтан видео қараған кезде жасанды инттеллектіні қолданып жүрміз. Бұл сұрақ қазір көкейтесті емес. Ал жалпы әрине, еңбек өнімділігіңізді арттыру, шығыныңызды азайту және өміріңізді жеңілдету үшін қолданасыз.

– Жасанды интеллектінің адамзатқа әкелер қандай пайдасы бар және  қандай қауіп төндіруі мүмкін?

– Технологияның адамзатқа пайдасы мен қаупі қатар жүретіні белгілі. Мәселен, ұшақ та, автомобиль де адамзат үшін қауіпті, жыл сайын қанша адам көлік апатынан қайтыс болады. Тіпті электр тоғы да, от та, су да қауіпті. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген мақал бар қазақта. Жасанды интеллектінің пайдалы да, қауіпті де тұстары бар, бірақ біз соның пайдалы тұсын көбірек қолдануымыз керек.  Мәселен, әлеуметтік желілерді пайдалана бастағанда осы сұрақ қойылатын еді. Әлеуметтік желінің қаупі өте көп. Мәселен, әлеуметтік желінің кесірінен балалар сабақ оқымай жүр, ересектер алтын уақытын қор қылуда, адамдардың ойы бұзылды, кітап оқитын, пайдалы дүние тыңдайтын адамдар әлеуметтік желідегі бос әңгімеге уақытын құртуда. Әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі алаяқтық жасалуда, кибербуллинг болып жатыр. Бірақ әлеуметтік желіні тоқтатып жатқан ешкім жоқ. Әлеуметтік желі арқылы сауда, кәсіп жүргізгендер, білім алып, білімін бөлісіп жатқандар бар. Сол сияқты кез келген нәрсенің пайдасы мен зияны қатар жүреді. Бірақ біз пайдасына қарай назар аударуымыз қажет.

– «Oxford Insights» компаниясының «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексі-2022» зерттеуінің қорытындысы бойынша Қазақстан 72-ші орында. Бұл нені білдіреді? Маман ретінде көзқарасыңыз…

– Бұл жай ғана есеп. Мысалы, біз электронды үкіметті дамытудан әлем бойынша 35-ші орындамыз. Бұл ештеңені білдірмейді. Бір елден артта, бір елден алдамыз. Жалпы жасанды интеллектіге дайындық дегенде әртүрлі әдістеме болуы керек.  Бұл мемлекеттік қызметтің бе, әлде қоғамның дайындығы ма, сол жағын қарау керек. Егер біз қоғамдық тұрғыдан жасанды интеллектіні дамыту жағынан көзқарасымды білдірсем, пессимистік пікір айтар едім. Өйткені  қазақ халқының потенциалы өте мықты, біз – білімді ұлтпыз. Осы потенциал мен білімді технологияны меңгеруге жұмсаса екен деген арманым, өтінішім бар. Оны жай өсек-аяң, жалған ақпарат, әлеуметтік желілерде бос уақыт өткізуге жұмсағанды ұнатпаймын. Осы жағынан алғанда, бәлкім, біз дайын емес шығармыз. Ал мемлекеттік тұрғыдан өте көп жұмыс жасалып жатыр. Мәселен, «Астана хаб» технологиялық платформасы бар. Сол жерде түрлі стандарттар мен технологияны дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізі қазақ халқының жаппай сауатты болуы біздің дамуымызға әсер етеді деген ойдамын.

 – Өзіңіз қыр-сырын жиі айтатын «ChatGPT»-дің құпиясы қандай? Оның қарапайым адамға пайдасы бар ма?

– Пайдасы өте көп. Мәселен, мәтінмен жұмыс істейтін адамдар үшін өте пайдалы. Айталық, контент үшін, контент жоспар жасау үшін, редакциялық жоспар жасау, мақаланың тақырыбын қою,  ғылыми-академиялық ізденіс кезінде әртүрлі альтернатив көзқарас табу, бағдарламалық код жазу, оны тексеру, мұғалімдерге сабақ жоспарын жасау, оқушыларға тест дайындау үшін деген секілді шексіз мүмкіндіктері бар. Мұның бір құпиясы жоқ. Дегенмен қазақ қоғамы ChatGPT секілді генератив жасанды интеллект технологиясын қолдана білу керек. Мәселен, қазір соңғы 2-3 жылда бәрі «инстаграмды, тик-токты меңгеруіміз керек, ол жерден пайда табуға болады екен ғой» деп енді оянып жатыр. Дәл сол секілді қазақтың 10 жылдан кейін оянғанын қаламаймын. Дәл қазір бүкіл әлем осы ChatGPT-мен енді танысып жатқан кезде қазақтардың да тезірек танысып, дер кезінде күнделікті қолданғанын қалаймын. Себебі біз қаласақ та, қаламасақ та технология дами береді. Мысалы, Қазақстан халқы бізге смартфон, 4G, 5G, айфон қажет емес, біз нокиа деген батырмалы телефонмен жүре береміз деп айта алмайды. Заман өзгерді, технология дамыды, енді соған ілесу керек. Дәл сол секілді ChatGPT-ді бүгін-ертең қолданбай-ақ қояр, біз де, келер ұрпақ та қаласын-қаламасын, бұл технологиямен бетпе-бет келеміз. Жалғыз ғана өкініш, сол кезде кеш болып қалады.

– Жаңа технологияларды пайдалануда қазақ тілінің қалыс қалмауына үлес қосып жүрсіз. Жасанды интеллект және қазақ тілі туралы айтсаңыз…

– Қазақ тілі қалыс қалмауы үшін әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек.  Көпшілігі бұл ІТ мамандардың қолында деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде, олай емес. Бүкіл қазақ халқы тайлы-тұяғы қалмай жаңа технологияның аясында қазақ тілін дамытуға күш салуы керек деп есептеймін. Ал мұны ІТ мамандар жасайды деп отырса, ештеңе өзгермейді. ІТ маман технологияның тілін білетін адам, бар болғаны осы. Ал ғалымдар, тіл мамандары, журналистер ІТ маманға қазақ контентін дамытуға идея айта алады. ІТ маман сол идеяны жүзеге асырушы ғана. Сондықтан да бәріміз технологияны түсінуіміз керек,. Әрбір қазақ технологиялық жағынан сауатты болса, керемет идеялар жүзеге асар еді.

– Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етеді?

–  Еңбек нарығына әсері өте қарқынды болады. Мәселен, «Goldman Sachs» деп аталатын халықаралық зерттеу институтының есебі бойынша, АҚШ-тың өзінде жақын бесжылдықта 300 млн жұмыс орны жоғалуы мүмкін деген болжам айтылуда. Мәселен, бала күнімізде машинкамен мәтін теріп отыратын адамды көрдік. Қазір сол машинистер, жоқ қой. Сол сияқты кассир мамандығы да түбегейлі жойылып кетпесе де, санаулы қалды. Мұны айтпағанда, кейінгі жылдары банкоматтарға қызмет көрсететін техникалық мамандар да болды. Қазір оларға да сұраныс азайып бара жатыр, себебі жұрт банкомат қызметіне жүгіне бермейді. Телефонистер тіпті жоқ. Сол сияқты еңбек нарығында үлкен өзгеріс болатыны сөзсіз. Біз соны көзбен көре отырып, қазір үйреніп қалатын нәрсені ұйқыдан кеш оянып, уысымыздан шығарып алатынымыз өкінішті. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім» деп Абай айтпақшы, кейін өкінгеннен пайда жоқ.

– Бүгінгі буынды жаңа технологияға бейімдеу үшін елде қандай жұмыстар қолға алынуы тиіс?

– Бүгінгі буынды жаңа технологияға бейімдеу үшін жаппай техносауат пен қазақша насихат қажет. Әрбір ата-ана, әр маман насихаттап, жаңа технологияны үлкен-кіші үйрену керек. Қазіргі жас буынның ертеңгі өмірінде жаңа технология күн сайын бетпе-бет келетінін түсіндіру керек. Әйтпесе, біз сол үнемі пассивті түрде қолданатын, жарнаманың көзі болатын қоғамға айналып кетуіміз мүмкін.

– Тағы да адаммен салыстыру сұрағына оралсақ. Жасанды инттеллект тіпті өлең де шығарады. Сонда адамнан артықшылығы қандай?

– Жалпы жасанды интеллектіні адаммен салыстыруға болмайды. «Apple» компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс симбиоз туралы айтады. Адам баласының кейбір қабілеттері басқа жаратылысқа қарағанда әлсіз болып келеді. Мәселен, қасқырмен салыстырғанда адам жыртқыш емес. Жылқы мен адамды салыстыратын болсақ, жылқы шапқанда біз қуып жете алмаймыз, бірақ біз жылқыны ерттеп міне аламыз. Технология деген дәл сондай дүние. Технологияның барлығы адамзат игілігі үшін жасалуда.

– Жасанды интелект өмірімізге дендеп енгенде роботтарға арналған моральдық-этикалық норма қабылданар ма екен? Сіздің пікіріңіз…

– Роботтарға арналған моральдық-этикалық норма қабылданады деген ойдамын. Өйткені кейбір роботтар эмоциялық робот болуы мүмкін. Сондықтан оған нақты нұсқау беру керек шығар. Оған «темірқұл, ей» деген секілді ренжітетін сөз айтпау керек шығар. Бұл енді біздің қоғам әзірге түсіне бермейтін тақырып деген ойдамын. Дегенмен уақыт өте келе сондай бір норма қабылданады деген ойдамын.

– Қарағанды қасіреті арқамызға батты. Дәл осы кезде «өндіріске жасанды интеллект енгенде, дәл мұндай жағдайға жетпес пе еді?» деген сұрақ ойға орала береді…

– Қазір «жасанды интеллектіні дамытудың қарқынын сәл тоқтата тұрайық, біз қатты кетіп бара жатырмыз, ертең қалай боларын ешкім білмейді» деп пессимистік көзқарас айтып жүрген ғалымдар қара жаяу адамдар емес. Олар өмірін жасанды интеллектіні дамытуға арнаған әлемдегі №1 адамдар. Олар «жасанды интеллект теріс көзқарастағы, диктаторлардың, тирандардың қолына түскен жағдайда онда біздің жағдайымыз мүшкіл» дегенді айтып жүр. Жасанды интеллект өз бетінше пайда да, зиян да тигізбейді. Мәселе жаңа технологияның кімнің қолына түсетіндігінде. Өндірісте жасанды интеллект енген күнде де бәрібір осындай жағдай болар еді. Неліктен дейсіз ғой. Себебі мәселе технологияда емес, адамдарда. Мұндай жағдайға жеткізіп отырған технологиялық нашарлық емес, сыбайлас жемқорлық, «бармақ басты, көз қысты» дерт, дер кезінде айтпау, техникалық қауіпсіздікті сақтамау, дұрыс қаржыландырмау, еңбек қауіпсіздігіне мән бермеу, жұмысшылардың өміріне бей-жай қарау секілді адами факторлар бар. Қазір әлемде болып жатқан барлық оқиғаға технологияның түк қатысы жоқ. Мәселе – адамдарда.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: