Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек: «Ауыл шаруашылығы әрдайым қолдауды қажет етеді»

23.04.2022

7495 0

Соңғы уақытта ауылшаруашылық саласына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, бірқатар істер қолға алынуда. «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу мәселесі  әрдайым күн тәртібінде. Ерен еңбек, маңдай терді қажет ететін саланың бірі – ауыл шаруашылығы.  Жалпы қаламыздағы ауылшаруашылық саласының ахуалы қандай? Осы орайда қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбекті әңгімеге тартқан едік.

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек: "Ауыл шаруашылығы әрдайым қолдауды қажет етеді"

– Әңгімемізді шаруалардың жай-күйінен бастасақ. Ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны қандай? 

– Ауыл шаруашылығы саласы қашан да мемлекет қолдауын қажет етеді. Себебі ол еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алады. Сондықтан да бұл саланың көтерер жүгі ауыр. Біз барынша ауыл еңбеккерлерін қолдап, егін, мал шаруашылық саласы бойынша жұмыстарға тиянақты көңіл бөліп отырмыз. Даму қарқыны бірқалыпты деп айтуға болады. Әсіресе, ауыл адамдары мал басын көбейтуге ынталы. Яғни, ата кәсіп ешқашан ұмытылмақ емес. Дәл қазіргі кез егіннің уақыты. Қала бойынша биыл 8956 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш – 3420 гектар. Қашыртқыларды, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары толық орындалды. Шаруашылықаралық және ішкі каналдардың 152000 текше метр топырағы шығарылып, 5 дана гидробекеттер, 5 дана су құрылыстары жөндеуден өтті. Биыл 1019 тонна күріш тұқымы құйылды. Тұқымның 23,3% отандық сорттар, 76,7% ресейлік сорттар. Қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 3745 тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге 3065 тонна тыңайтқыш сатып алынды.

– Көктемгі егін егу жұмыстары басталды ма?

– «Көктемнің әр күні жылға азық» деп қазақ бекер айт­пайды. Көктемгі далалық жұмыстарды тез аяқтау – басты міндет. Сондықтан  наурыз айында егін егуге дайындықты бастап кеттік. Бүгінгі күнге дейін межелі жоспар орындалды.  Оның ішінде 719 гектар жаңа жоңышқа, 482 гектар жаздық бидай, 189 гектар қант құмайы, 40 гектар мақсары, 5 гектар арпа егілді. Қолда бар 1067 гектар ескі жоңышқа тырмаланып суарылды.

Күріш дақылын егуге оңтайлы  уақыт – сәуір айы. Сондықтан да 3-ші онкүндікте күріш егу басталады.

– Егін егу науқанына жанар-жағар май, техника дайындығы сақадай сай болар?

– Қалаға қарасты шаруашылықтарда трактор, жүк көлігі, комбайндар сақадай сай тұр. Көктемгі егін егу жұмыс­тарына техникалардың дайындығы 100%. Бұл жұмыстарға 91 трактор, 22 трактор тіркемесі, 21 соқа, 9 дән сепкіш, 5 жүк көлігі дайын тұр. Оларға қажетті жанар-жағар майдың жетіспеушілігі білінбейді. 1000 тонна дизель отынын жеткізіп беруші операторлар «РК Мұнай» және «Нефть-Транс-Қызылорда» ЖШС болып белгіленген. Қазіргі уақытта жанар-жағар май уақытылы жеткізілуде.

– Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты өзімізден шығатын өнімдерді молынан егуге қандай мүмкіндік бар?

– Сырттан келетін өнімдерді азайтып, өзімізден шығатын өнімдерді көбейту жоспарда бар. Бұл бағаны тұрақтандыруға септігін тигізеді. Жерді жатсынбайтын өнімдерді көбірек егуге болады. Биыл 2818 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 500 гектар картоп, 1328 гектар көкөніс, 990 гектар бақша дақылдары егіледі.

– Қалаға қарасты ауылдық округ халқының егін егуге талпынысы қалай? Тұрғындар бақша егуге ықыласты ма? Әлде су тапшылығы кедергі ма?

– Биыл Қарауылтөбе ауылдық округіне «Ы.Жахаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС-мен бірлесіп, қала тұрғындарына маусымдық кезең­ге 10 гектар жер беру жоспарлануда. Берілетін егіс­тік жерге  тегістеу, қарықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар өткен жылы да жүргізіліп, қаланың 87 тұр­ғынына жер берілген еді. Тұрғындар картоп көкөніс, бақша дақылдарын егіп, өздерін қыстық азық қорымен қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта маусымдық кезеңге берілетін жер туралы «Facebook» әлеуметтік желілеріне хабарландыру жарияланып, өтініш жинақталуда. Егерде егін еккісі келетін жандар болса, бізге хабарласып жер алуға болады.

– Өткен жылы да  жер берілген болатын. Алайда аяқ сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралмапты. Бұл жөнінде редакцияға хабарласқан оқырмандар болды. Аяқ су мәселесіне қатысты қандай қиындық бар? 

– Өздеріңізге белгілі өткен жылы Сырдария өзенінде су деңгейі төмен болып, су тапшылығы орын алды. Сондықтан айтарлықтай қиындықтар болды. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарына суды аз қажет ететін дақылдарды егу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертпе хат таратылды.

Осыған байланысты биыл 3420 гектарға күріш егу жоспарланып, өткен жылмен салыстырғанда 693 гектарға кем. Күріш дақылының орнына мал азық­тық жоңышқа егілуде. Сондай-ақ су тапшылығы жағдайында шиелістердің алдын алу, егін егу жұмыстарын агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізу үшін қала әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылды.

Егінді егуін егеміз. Алайда оның бітік шығуы үшін оны өз көлемінде және уақытында суарудың да маңызы зор. Сондықтан да суды аз қажет ететін өнім түрлеріне көңіл бөлу қажет. Осы жылы 8956 гектар алқапқа егін егу жоспарланып отыр. Шаруашылықты  биыл да су тапшылығы мәселесі алаңдатып отырғаны белгілі. Сондықтан да ауылдық округтерде насос қондырғысын қою бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Яғни, егінін егіп, еңбекті зая кетірмеу үшін тиісті шараларды қолға алған.

– Қалада жылыжай салып, кәсібін жолға қойған кәсіп иелері бар. Жылыжай ісін неге қолға алмасқа? Бұл бағаны қымбаттатпауға ықпал етері сөзсіз.

– Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде «КазАгроМир» ЖШС-нің құны1,1 млрд теңгені құрайтын көлемі 2,2 гектар автоматтандырылған кешенді жылыжай құрылысы жұмыс істеуде. Ол 2020 жылы іске қосылып, 2021 жылы 320 тонна қияр өндірді. Сол кезде қияр бағасы базар бағасынан төмен бағада сатылды. Бұған ауыл тұрғындары мен қала тұрғындары қуанып, өнімге сұраныс арта түскен болатын. Қазіргі уақытта қаңтар айында егілген қияр өнімінен күнара 3-5 тонна аралығында өнім жинауда. Биыл да бағаны тұрақты ұстауға әрекет жасалады. Тұрғындардың талап-тілегі басты назарда.

Сонымен қатар қаланың батыс бөлігінде «Ауыл­шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның есебіндегі 5 гектар аумақта орналасқан 120 жылыжайлар кешенін 50 данасын «Golden Bridge Turan» ЖШС күріш дақылын көшеттеп егуде.

Қаламызда есік алдында шағын жылыжай кешені дамып келеді. Қазіргі таңда жалпы 0,13 гектарды құрайтын 2 шағын жылыжай кешені жұмыс жасауда. Атап айтқанда, Ақсуат ауылдық округіне қарасты Жаңадария өңірінен «Шапағат» жылыжайы, Қызылжарма ауылдық округінен «Green house» жылыжайы жұмыс істеп тұр. Мұнда күнделікті 0,1 тоннаға жуық қияр шығуда.

Биыл «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» тарапынан жылыжай кешенін салуға 13,0 млн теңгені құрайтын  2 жоба мақұлданып, бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары басталуда.

– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына берілетін субсидия жайында үнемі айтып келеді. Осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынған?

 – Агроөнеркәсіп нысандарын субсидиялау бойынша мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға өтінім қабылдау 2018 жылдан бастап, электронды веб-портал арқылы жүргізілуде. Яғни, ауыл шаруашылығы нысандары «Qoldau.kz» және «Plem.kz» веб порталы арқылы егін және мал шаруашылығы саласы бойынша субсидия алуға электронды форматта өтінім тапсырады. Өтінім тікелей ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы қабылданады.

– Мал шаруашылығымен айналысатындар жайылымдық жерлердің жоқтығын айтады. Ал жем-шөп күннен-күнге қымбаттап барады. Бұл мәселелердің шешімін қалай табуға болады?

– Жайылымдық  жерлерді  мақсатты пайдаланбай отыр­ған  жер иеленушілерге Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 14-1-бабының 4-тармағына, 94-бабына, 148-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзу­шылықтарды жою туралы орындалуға міндетті әкімшілік іс қозғауға және нұсқама беруге негіз болып табылуына байланысты хаттама толтырылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы  шығарылып, ҚР жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Осы мақсатта қала бойынша көлемі 707 гектарды құрайтын жер учаскелеріне 28 бақылау шаралары жүргізілді.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде 25 нысан тарапынан құқық бұзушылық деректері анықталған.

Мемлекет тарапынан мал азығына арналған шығын­дардың құнын арзандату мақсатында  қолда бар төрт түлік малдың ішінде аналық басқа субсидия төленуде. Сонымен қатар мал азықтық дақылдар егумен айналысатын шаруа­шылықтарға жиналған өнімдерін қолжетімді бағада ауыл тұрғындарына сату туралы келісім жасалынды.

Сондай-ақ ірі күріш ақтайтын кәсіпорын басшыларымен күріш жемін қымбаттатпау жөнінде төмен бағада сатуға ұсыныс берілді.

– Бүгінде саладағы кадр мәселесі қалай шешілуде? Білікті агроном, мал дәрігері бар ма?

– Сұрағыңыз өте орынды. Агроөнеркәсіп кешені саласында кадрлар тапшылығы өзекті мәселе. Қазіргі таңда Ресейдің әр түрлі жоғары оқу орындарында үкімет­аралық келісімдер шеңберінде Қазақстан Респуб­ликасының азаматтарын оқыту үшін білім гранттары жыл сайын бөлінеді.  2016 жылы аймақтан 178 студент К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясын бітіріп, облыс, қала көлемінде жұмыс істеуде. Ауылдағы маман жетіспеушілігі назар аударарлық мәселе. Бұл бағытта тиісті жұмыстар қол­ға алынған. Мәселен, жастарды ауылға тарту мақ­сатында 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Онда жас мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік жұмысшылар, мәдениет және спорт мамандары қамтылған еді. 2012 жылдан бері бағдарламаға ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандары енді. Бұл жастардың осы сала бойынша жұмысқа орналасып, баспанамен қамтылуына көп көмегін тигізіп келеді. Алдағы уақытта  мұндай жұмыстар маман тапшылығының алдын-алу үшін қажет екені айқын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: