Жұма, 11 қазан, 07:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Кәсіпке қолдау бар, кедергі жоқ

30.07.2022

837 0

Қызылордада кәсіпкерлік саласында жарты жылда атқарылған шаруа аз емес. Нәтижесі қандай? Бұл жөнінде  қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиевпен сұхбаттасқан едік.

– Бағлан Бақытжанұлы, атқарылған жұмыстарға аз-кем тоқталып өтсеңіз. Алғашқы сұрақты экономиканың негізі саналатын өнеркәсіптен бастасақ….

 – Қазіргі таңда нарықтық экономикада кәсіпкерлік саласының өз орны бар. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында өнер­кәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 356671 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 90,6 пайызды құрады. Өнеркәсіп саласының төмендеуі аймақ өнеркәсібінің негізін құрайтын шикі мұнай өндіру көлемінің 9,7%-ға, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы қызметтер көрсету бойынша 17,1%-ға төмендеуі және қолданыстағы мұнай кеніштерінде мұнай қорының сарқылуы мен сулануына бай­ланысты орын алып отыр. Ал өңдеуші өнеркәсіп саласында 26 513 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бүгінгі таңда өнеркәсіп саласын дамыту бағытында қала бойынша жоба құны 602,5 млн теңгені құрайтын 19 жобадан тұратын тізім жасақталды. Оның ішінде осы жылдың 1 шілдесінде  «Қызылорда» Өңірлік инвестицялық орта­лығы» микроқаржы ұйымы арқылы жоба құны 40 млн теңгені құрайтын 2 жоба қолдау алды. Сондай-ақ аталған жобаларды мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары арқылы қаржыландыру бойынша қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қажетті жұмыстар жүргізіледі. Жобалар санын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Биыл аталған сала бойынша  «Танкаман» ЖШС «Балмұздақ өндірісі» жобасын іске қосса, темір бетон бұйымдары өндіретін «Sheber ЖБИ» ЖШС және кірпіш өндіретін «Дос Строи» ЖШС іске қосылды. Бұдан бөлек «Нұр Орда жолы» ЖШС «Қызылорда қаласында асфальтбетон зауытының құрылысы» жобасы негізінде жұмыстар басталды.

– Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қай деңгейде?

– Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарла­малар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұрт­шылыққа дем беруде. Яғни «жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыруға болмайды. Қалай да әрекет қылу керек. Бүгінгі күннің тұрмысы бос отыруға мүмкіндік те бермесі анық. Жеке кәсібін ашып, екі қолға бір күрек табылса деп мақсат етіп отырғандар да бар. Елімізде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы шағын және орта бизнесті дамыту екені белгілі. Осы жылдың 1 шілдесіне қала бойынша 28 858 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан. Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 47,5% Қызылорда қаласының үлесінде. 

– Облыс орталығынан туризим сала­сын дамытуға қандай мүмкіндіктер бар? Жалпы туризмді дамытуға қызығатын кәсіпкерлер бар  ма?

– Қызылорда қаласында туризмді дамы­ту­дың негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті туристік индустрияға жағдай жасау және экономиканың табысы мол секторына ай­налдыру.

Облыстық статистикалық ақпаратқа сәй­кес, 2022 жылдың 3 айында келушілерді орна­ластырумен шұғылданатын объекті­лердің саны 62 бірлікке жетіп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артқан. Орналастыру орындары  897 нөмір­ге есептеліп, олардың сыйымдылығы 1583 төсек-орынды қамтиды. Аталған көрсет­кіш өткен жылдың тиісті мерзімімен салыс­тырғанда 2,6%-ға өскен. Келушілерге көр­сетілген қызмет көлемі 183,7 млн теңгеге жетті. Қызылорда қаласына 15462 туристер келіп, 2021 жылдан 59,3%-ға артқан. Оның ішінде резиденттер 15393 адам, өткен жыл­мен салыстырғанда 58,8 %-ға өсіп отыр. Басқа елдерден келген туристер саны 69 адам­ға құрады.

Бүгінде қаламыздағы туристік қызметті 10 турагент жүзеге асырады.

Туризм саласының дамуына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авто­көлік дәлізі бойындағы жол маңы сервистік қызмет көрсету кешендерін салуда оң ықпа­лын тигізуде. Автокөлік дәлізінің бойында  бұған дейін 7 жоба іске қосылса, 2021 жылы жаңадан 1 жоба, 2022 жылдың қаңтар айында 1 жоба іске асты. Аталған жобалар аясында 1 млрд 350 млн теңге жеке инвестиция са­лынып, жаңадан 47 жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, осы жылға жаңадан са­лынатын 2 жоба жоспарлануда.

Қызылорда қаласының аумағында жазғы кезеңде 2 демалыс аймағы, 14 маусымдық демалыс орындары жұмыс жасайды. Айта кетсек, соңғы 3 жыл көлемінде 6 маусымдық  демалыс орындары ашылды.

– «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша жұмыстар тоқтап қалған жоқ па? Қандай жобалар жүзеге асуда?

–  2019 жылы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 820 қаулысымен «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңіл­дікпен несиелеу бағдарламасының талап­тары бекітілгені белгілі.

Бағдарламаның несиенің пайыздық мөл­шерлемесін субсидиялау бағыты бойынша несие көлеміне шектеу жоқ, сыйақы мөл­шерлемесі 6%-ды құрады. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарла­масы бойынша несиенің мөлшерлемесі жылына 15%-дан аспайды. Бұл жерде өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер үшін 9%-пайызы, ал агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу үшін инвестициялық жобалар бойынша 10%-пайызы субсидияланады.

Бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері қала бойынша жалпы құны 4 млрд 730 млн теңгені құрайтын 42 жоба, осы жылдың басынан бері жоба құны 228 млн теңгені құрайтын 2 жоба қолдау тапты.

– Әлемді коронавирус індеті өршіген қиын сәттерден кейін кәсіпкерлер жұмысы тұралап қалғаны рас. Оларға мем­лекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылуда?

– Өздеріңізге белгілі, әлемдік панде­миямен күрес ел экономикасына қатты әсер етті. Оның салқыны негізінен эконо­микамыздың басты драйвері саналатын бизнес қауымына елеулі салдарын тигізді. Бұл ретте кәсіпкерлерді қолдау және олар­ды одан әрі дамыту үшін мемлекетіміз бірқатар бағдарлама қабылдады. Бизнесті жүргізуге сан алуан субсидияларды төлеу мен шағын бизнеске микрокредиттер беру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат қарастырылуда. Осы ретте, экономикамыздың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлікті дамыту және жер­гілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар біздің өңірімізде де қарқынды жүзеге асуда. Мәселен кәсіп­керлікті қолдау мен дамытуға арналған үкіметтік және өңірлік бағдарламалар шеңбе­рінде жыл басынан бері 4 млрд. 432 млн. теңгені құрайтын 139  жоба қолдау алды.

Қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама­лардың талаптары кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Нақтырақ айтсақ, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау ба­ғыты бойынша сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрады. Бағдарламаның кепілдендіру бағыты бойынша несие көлемі ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін несиенің 85%-на кепілдеме беріледі. Жұмыс жасап тұр­ған кәсіпкерлер несиенің 50%-на кепіл­деме беріледі. Сондай-ақ ұлттық жоба шең­берінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріледі. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 млн. теңгеден 5 млн теңгеге дейін құрайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін әрбір кәсіпкер бір бизнес-жоба бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беру мақсатындағы кон­курстық іріктеуге қатысушы бола алады. Аталған конкурс жайлы толық ақпарат алу үшін қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне жолығуға болады.

Бұдан бөлек, қаламызда орналасқан «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орта­лығы арқылы микро және шағын бизнеске микрокредиттер беру өз жалғасын табуда. Аталған орталықтың несие беру қағидасы кәсіпкерлер үшін өте қолайлы және пайыз­дық мөлшерлемесі 6% -ды құрайды.

– Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телім­дерін қалай алуға болады?

– Кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскеле­рін рәсімдеу сауда-саттық (аукцион, конкурс) жүргізілу тәртібі бойынша жүр­гі­зіледі. Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөнін­дегі сауда-саттықты мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түр­де ұйымдастыруы мен өткізілу қағидасын Қазақстан Республикасы Ауыл шарушалығы министрінің 2021 жылғы №15 қазандағы №297 бұйрығымен бекітілген. Жаңадан бекітілген қағидаға сәйкес жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты онлайн форматта өткізіледі.

Сауда-саттыққа қатысу үшін қатысушы www.Gosreestr.kz сайтына кіріп «Электрон­дық сауда алаңына» өтіп, өтінім береді және электрондық цифрлық қолтаңбасын қояды.

Сондай-ақ жер учаскелері кәсіпкерлер үшін «Өнеркәсіптік-инновациялық жобалар­ды бірыңғай индустрияландыру картасы­на енгізу қағидаларына» сәйкес қала аума­ғында жүзеге асырылуы жоспарланған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға мем­лекеттік қолдау шарасы ретінде ұсынылады.

– Алдағы межелі міндеттерге тоқталып өтсеңіз…

– Жоспарға сәйкес жыл қорытындысымен жалпы тіркелген шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің санын артыру – бас­ты мақсат. Оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін 92 пайызға дейін жеткізу бойынша шара­лар қабылданды. Бұл жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп атқа­рылатын болады.

«Бизнестің жол картасы – 2025» биз­несті дамыту және қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында қала және қалаға қарасты елді-мекендерден бекітілген межеге сәйкес 143 жобаны қаржыландыру керек. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойын­ша осы жылы қалада 10, Ақжарма, Қызыл­өзек, Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округ­терінде 1 жобадан, Қосшыңырау ауылдық округінде 2, Ақсуат, Қызылжарма ауылдық округтері мен Белкөл кентінде 3 және Тасбөгет кентінде 4 жобаны қаржыландыру бағытында қажетті жұмыс жасалады.

Бұдан бөлек,  жоғарыда атап өткендей қаржыландыруды қажет ететін өңдеу өнер­кәсібі саласы бағытында жоба құны 602,5 млн теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру бағытында қолданыстағы заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ оң нәтижелерге қол жеткізу мақсатында қала және қалаға қарасты елді-мекендердегі кәсіпкерлер санын кемінде 10%-ға, жұмыспен қамтыл­ғандар санын 15%-ға жеткізу бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл шара­лардың барлығы қаламызда шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

 – Әңгімеңізге  рақмет.

Сұхбаттасқан

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: