Сәрсенбі, 27 қараша, 15:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада қазақ радиосы жаңа биікке көтерілді

28.08.2021

2090 0

Ғасыр бойы ұлттың үнжариясы болып келе жатқан Қазақ радиосының ел тарихында өзіндік алар орны бар. Тәулік бойы халықты тағылымды дүниелермен қамтитын руханият жаршысы ұлтпен қатар жасап келеді. Алғаш радио дауысы елімізде 1921 жылы қазан айынан басталып, сол кездегі астанамыз Орынбор қаласынан тікелей эфир арқылы тараған еді. Сол кезеңдері басталған жарқын жол бүгінде үлкен даңғылға айналды. Осы орайда Қазақ радиосының 100 жылдығына орай «Қазақ» және «Шалқар» радиоарналары Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлымен сұхбаттасып, кешегі көкжигі мен бүгінгі биігі туралы ой бөліскен едік. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Бақыт Жағыпарұлы, еліміздің ақпарат кеңістігінде Қазақ радиосының ықпалы қандай? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Қазақ радиосының барлық жағынан ықпалы артып келеді. Жыл өткен сайын жаңаша қалыпта түрленіп, жаңғырып келе жатыр. Мен «НТК», «З1», «Алматы» телеарналарында да қызмет істедім. Осылардың ішінде Қазақ радиосы туған ауылымдай ардақты әрі ыстық. Бұл қастерлі редакцияда талай тарланбоздың қолтаңбасы қалды. Қадау-қадау тұлғалардың ішінде қадап айтарымыз Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Шолпан Байғабылова сынды дикторларды айтуға болады. Біз осы кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап жетілдік. Әбдіхалық Досмағамбетов, Тілеуберді Доспаев, Фарихан Атханова, Ақбол Үдербаева секілді режиссерлердің тәрбиесін көрдік. Руслана Құдайбергенова, Жолымбет Кейкелов, ақын Дүйсенбек Қанатбаев және Құсман Игісінов, Мұқай Байсейітов, бүгінде арамызда қызмет ететін Ғалым Есенсариев, Қошан Мұстафаұлындай мықтылармен әріптес болғанымыз біз үшін үлкен мектеп болды. Осы кісілердің әрқайсысы радио тарихында алтын әріппен жазылып қалатын қайталанбас тұлғалар. Қазақ радиосының қалыптасу тарихы тереңде жатыр. Біз әлі күнге дейін Қазақ радиосының атасы Ахмет Байтұрсынұлы екенін біле бермейміз. Бұл туралы профессор Намазалы Омашев зерттеу еңбегінде егжей-тегжейлі дәлелдеген болатын. 1921 жылы Қазақ радиосының алғашқы граммафондық хабары Орынбор қаласынан 1 қазанда шыққандығы айғақталды. Биыл Қазақ радиосының 100 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 55 жылдығына орай мәдени шаралар Алматы облысының орталығы Талдықорғаннан бастау алды. Сондай-ақ Қызылордада, Шым-кентте және елордада Қазақ радиосына көше атауы берілді. Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы университетте «Қазақ радиосы» дәрісханасы ашылды. Халықаралық радио марафоны өткізілді. Сол арқылы түркітілдес бауырлардың тыныс-тіршілігі, мәдениеті тағы басқа да құндылықтары радио эфирі арқылы насихатталды. Осы шараның барлығы Қазақ радиосының қаншалықты ықпалды екенін білдірсе керек.

– Қазақ радиосы апта сайын неше мәрте эфирге шығады.

– Қазақ радиосы тәулігіне 24 сағат хабар таратады. Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Қазақ радиосы – республика мәдениетінің бел омыртқасы. Жылдамдығы жағынан газеттен де, теледидардан да шапшаң. Радио қызметкерлері халық құрметіне өте лайықты жандар», – деп баға берген болатын. Сондықтан радио қызметкерлері жыл он екі ай тоқтаусыз қызмет етеді.

– Қандай бағдарламалар көп тыңдалады?

– Радио – барлық саланы тоғыстырған сөз өнерінің шаңырағы. Сондықтан радиохабарларда қамтылмайтын тақырып жоқ. Бағдарламалардың барлығы тыңдармандар тарапынан жоғары бағаға ие болып жүр. Біз де әдебиет те, тарих та, археология мен экономика, заңгерлік пен психологиялық мәселенің барлығы қамтылып, сантүрлі хабар дайындаймыз. Биыл радионың 100 жылдығымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Мұқаң кезінде радио дикторы болып қызмет еткенін де айта кетуіміз керек. Қазақ радиосына Мұқағали ақынның зор еңбегі сіңді. Дикторлығын паш ететін нақты дерек өз даусымен оқылған өлеңдері. Үнтасапасы Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Өкінішке қарай Мұқаңның да, Ә.Байжанбаевтың да бейне жазбалары сақталмаған. Атақты ақын Еркін Ібітанов:

«Нұр құшқанда Алатау шоқылары,

Микрофон алдында отырады.

Тыңдаңыздар, далалық-қалалықтар,

Эфирде соңғы хабар оқылады» – деп Мұқағали ағасының дикторлық қызметін суреттейді. Міне, бұлардың барлығы радио арнасының көкжиегін кеңейтіп тұр десек қателеспейміз.

– Қазақ радиосының Қызылордамен байланысын атап өтсеңіз?

– Қазақ радиосының Қызылордамен байланысы қатпарлы тарих бедерінде сақтаулы тұр. Осы 100 жылдық белесте радио сан түрлі кезеңдерді бастан кешірді. Орынбордан кейін 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қызылордаға қоныс аударып, күллі қазақ даласына хабар таратты. 1931 жылдың мамыр, маусым айларынан Алматыдан әуе толқынына шықты. Қызылордада болған кезеңдері елге ең қажетті хабарларды беруге талпынды. Және сол үдеден табыла да, таныла да білді деп айта аламын. 1926 жылы Қызылорда да болған жылдары ел астанасы болған тұспен қатар келген еді. Сондықтан ол кезеңдегі дүниелердің ізі де, сөзі де ерекше қастерлі саналады. Қызылорда да қазақ радиосы жаңа биікке көтерілді деуге болады.

– Қазіргі хабар таратуы қалай жүргізілуде? Бұрынғы мен бүгінгісінде айырмашылық бар ма?

– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Дегенмен заман ағымына сай жаңа технологиялармен толыққанды қамтамасыз етілді. 2012 жылы 1 қазаннан бастап елордаға қоныс аударып, Қаз-Медиа орталығынан хабар таратып келеді. Одан бері де 9 жылға жуық уақыт өтті. Сол жылы «Алматы студиясы» құрылды. 2017 жылы «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС құрылғанын да айта кету керек. Оның құрамында «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана», «Классик» радиоарналары бар. Осы серіктестіктің Бас директоры Ернұр Бураханның бастамасымен 4 радионың хабарлары мен музыкалық контенттері бір-бірін қайталамайды. Бір жолға қойылған. Аталған радио арналарының әрқайсының өз тыңдаушылары бар.

– Радионың қат-қабат жұмысы барын білеміз. Дегенмен оның да өзіне тән ерекшеліктері болуы заңдылық. Оқырманға басқа БАҚ-тан айырмашылығы жөнінде айтып берсеңіз?

– Радионың өзге БАҚ-тан өзгешелігі оқиға орнынан жылдам ақпар жеткізуінде. Өзіңіз айтқандай радионың көзге көрінбейтін сантүрлі машақаты жетерлік. Тақырыпты, кейіпкерді өзің табасың. Сұхбатты өзің аласың. Оны өзің монтаждайсың. Сценариін өзің жазасың, тіпті тақырыпқа орай әнін де төсеніш музыкасын да өзің таңдайсың. Бұрынғы уақытта арнайы оператор, дыбыс режиссері, редактор, диктор болса, қазір соның бәрін бір адам атқарады. Бұл – алдын ала таспамен жасалатын хабардың құпиялары. Ал тікелей эфирдің де жауапкершілігі орасан. Кейде шақырған кейіпкерің әлде бір себеппен келмей қалуы да мүмкін. Ондай да тығырықтан жол тауып, бір сағаттық немесе жарты сағаттық эфирлік уақытты толтыру сырттайғы адам ойлағандай оңай шаруа емес. Бір досым айтып еді «Екі сағаттық хабарға екі күн дайындалады екенсің ғой» деп. Бұл бер жағы. Одан да көп уақыт жұмсайсың. Қаншама кітап ақтарасың, архив қопарасың, өмірден өтіп кеткен танымал кісілердің «Алтын қордан» даусын іздейсің. Сондықтан радио деген көшеден жүгіріп келіп, микрофонның алдына отыра қалып, қызыл сөзді көпіртіп айта беретін мінбер емес! Қазір заманның ыңғайына, уақыттың ырғағына қарай музыкалық шоу бағытындағы хабарлардың аудиториясы үлкен деп айтуға болады. Бұл – барлық радиоға тән ортақ үрдіс.

– Қазақ радиосындағы қасиетті құндылық «Алтын қор» екені белгілі. «Алтын қорда» қазір қанша материал сақтаулы?

– Әрине, «Алтын қордың» радио тарихында алатын орны ерекше. 1948 жылдары негізі қаланған «Алтын қорда» осында қызмет еткен ардагер аға-апалармыздың қолтаңбасы сақтаулы. Қаншама құнды мұралар жетерлік. 100 мыңнан астам құнды дүниелердің бәрі осы «Алтын қорда» оның ішінде радио спектакль, ән мен күй, жыр-дастан, әдеби, тарихи әңгімелердің бәрі бар. 2003 жылдан бері байырғы үнтаспалар сандық жүйеге көшірілуде.

– Радиодан берілетін музыкалық туындылар көркемдік кеңестің іріктеуінен өте ме?

– Қазақ радиосының көркемдік кеңесі жұмысын тоқтатқан жоқ. Бізге жолданған әрбір ән мен күй сол көркемдік кеңестің сүзгісінен өткеннен кейін, эфирге қойылады.

– «Қазақ радиосы» алдағы уақытта тыңдармандарына қандай жаңа бағдарламалар ұсынуы мүмкін?

– Жаңа маусымға дайындап отырған біраз тың дүниелер бар. Оларды қыркүйек айынан бастап эфирден тыңдай аласыздар. Әр хабардың бағасын тыңдаушы саралай жатар.

– Қазақ радиосының 100 жылдығына орай лебізіңіз болса…

– Қазақ радиосында қызмет еткен барлық ардагерлерді, сол кісілердің ізін жалғаған бүгінгі әріптестерімді Қазақ радиосының 100 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтаймын!

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: