Сейсенбі, 23 сәуiр, 19:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Жалған статистика елдің мәселесін көрсетпейді»

26.02.2022

3927 0

Ел аманатын арқалап елордаға кеткен халық қалаулыларынан көптің күтері көп. Қоғамдағы түйткілді мәселенің түйінін табар ма екен деп елеңдейды. Бір сөзбен айтқанда, депутатқа артылар жүк те, айтылар сын да аз емес. Халық үнін еститін, елдегі мәселені жүрегінен өткізіп, тиісті заң қабылдарда ел игілігіне лайық шешім қабылдайтын Парламент депутаттарымен сұхбат жүргізіп келеміз. Бұл жолы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназаровамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11-ші қаңтарда өткен Парламент Мәжілісінің отырысында қоғамдағы көкейтесті мәселелерге тоқталды. Сенатор ретінде Жаңа Қазақстанның жаңа бастамаларына көзқарасыңыз қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 11-ші қаңтарда өткен Парламент Мәжілісінің отырысында қоғамдағы көкейтесті мәселелерге тоқталды. Үкіметке тиісті тапсырма беріп, алдағы уақыттағы бағыт-бағдарды анықтап берді. Сонымен қатар 8-ші ақпан күні өткен кеңейтілген отырыста Үкіметтің іс-шара жоспарын тыңдап, тиісті тапсырма берді. Ондағы басты мақсат – халықтың әл-әуқатын арттыру. Сондай-ақ қоғамдағы бірнеше жылдан бері қалыптасқан әлеуметтік теңсіздікті жою мәселесіне тоқталды. Бүгінде Үкіметтің алдында тұрған ең үлкен міндеттің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, бағаны бақылауда ұстау. Өткен жылы тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тауарларының бағасы күрт өскені белгілі. Қазіргі кезде инфляция тек бізде ғана емес, дүние жүзінде орын алуда. Мәселен, шет елдерде баға 10-15 процентке дейін өсуде. Ал біздің елде қымбаттау 8-9 проценттің ортасында тұр. Алайда Президент инфляцияны 3-4 проценттен асырмауды тапсырды. Алдағы уақытта жұмыс орындарын ашу, жаңа экономиканың тетіктерін табу, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлер арқылы халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерге тепе-теңдік мүмкіндігін беру мәселелері бір жолға қойылады. Ел Президенті кейбір кәсіпкерлерге мемлекет қолдауы қолжетімді болса, өзге кәсіпкерлер үшін қиын екенін баса айтты. Енді бұл келеңсіздіктер жойылып, оң шешімін табады. Сондай-ақ Президент халықты қарызға батырған несие мәселесіне де тоқталды. Атап айтсақ, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды ұсынды. Бүгінде Үкімет осы тапсырма бойынша жұмыс істеуде. Біз депутат ретінде осы заңды тез арада қабылдауға атсалысамыз.

– Бүгінде Парламент қабырғасында қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз? Өзіңізге бес саусақтай белгілі денсаулық саласында мәселе аз емес.

– Сенатор ретінде көтерген мәселенің бірі шешімін тапса, енді бірін әлі де айтып, жұмыс істеп келеміз. Өткен жылы қанша жылдан бері санитарлық авиация қызметінің тарифі өзгермей, ұшақтардың ескіргенін айтып, мәселе көтердім. Өйткені соңғы жылдары ұшақтар құлап, науқастармен бірге дәрігерлерді де жоғалтып жатырмыз. Нәтижесінде мамыр айында бұл салаға қосымша 2 млрд теңге қаражат бөлінді. Санитарлық авиация қызметінің тарифі көтеріліп, жаңа ұшақтар қызметке қосылды. Бұл саланың қызмет сапасы бір қадам болса да, алға жылжыды. Сондай-ақ медициналық жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттерге мемлекет тарапынан мекеме мен жоғары оқу орнына берілетін мемлекеттік тапсырыстың бағасы да өте төмен екенін жеткіздік. Оған жоғары оқу орнындағы студенттердің оқулығы, тиісті құрал-жабдықтары, мұғалімдердің жалақысы кіреді. 2020 жылдың қыркүйек айында осы мәселені көтергенде бір студентке берілетін қаражат 609 мың теңге еді. Оны жан-жақты есептедік. Сөйтіп, өткен жылдың мамыр айында қосымша қаражат бөлінді. Осылайша мемлекеттік тапсырыстың бағасын 2 есеге дейін өсіруге септігіміз тиді. Сонымен қатар жастар денсаулығы туралы жиі көтеріп жүрмін. Бірақ әлі күнге дейін түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Дегенмен бұл жөнінде тиісті министрлік жұмыс істеп жатыр. Бүгінде халық санының 23-24 проценті 15-29 жас аралығындағы жастарды құрайды. Сондықтан оларға ерекше мән беріліп, жастардың денсаулығы, білім алу, жұмыспен қамту, баспана мәселесі жүйелі шешімін табу керек. Тағы да бір мәселе – трансплантология. Қазіргі кезде науқастар бір бүйрекке қол жеткізе алмай, өмірден өтуде. Сондай-ақ трансплантацияның есебінде 7-8 жыл бойы кезекте тұрғандар қаншама. Күні кеше 3 диализ орталығына барып, гемодиализ алып жүрген науқастармен кездестім. Кеңейтілген отырыста осы саладағы мәселелерді көтердік. Айта берсек, мәселе көп. Соңғы жылдары жол апатынан қайтыс болғандар саны артты. Дүние жүзі бойынша Қазақстан жол апатынан адам өлімі бойынша 105-107 орында тұр. Бұл бірнеше салааралық мәселе болғандықтан тиісті сауал әзірлеудемін. Өкінішке орай, бүгінде туа біткен ақаумен дүниеге келетін сәбилер саны да өте көп. Оның өзіндік себептері де бар. Дегенмен алдын-алу мәселесі де әлі жеткіліксіз. Осы мәселені де қозғап жүрміз. Қызылорда облысынан сайланған депутат, әріптесім М.Бақтиярұлымен бірлесе Сырдария өзенінің жайын көтердік. Қазір алдағы егін науқанына судың жеткілікті болуы үшін тиісті министрліктермен бірге жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар биылғы жылғы бюджетті нақтылаған кезде Қызылорда қаласынан жаңа қан орталығының құрылысын салу мәселесін көтердік. Негізі бұл бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Дегенмен оған облыстан тиісті құжаттар дер кезінде дайын болған жоқ. Бүгінде құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтті. Осыған орай Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинятқызыменен алдын-ала келісімге келдік. Министр мәселені қолдайтынын жеткізді. Қазір қаржы министрлігімен тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Биыл шешімін табады деген үміттеміз.

– Денсаулық сақтау әлеуметтік салалар ішінде күрделісі екені белгілі. Десе де біздегі жетістікті қалай бөлісер едіңіз?..

– Әлеуметтік сала бойынша 2021 жылы заң қабылданып, 55 млрд теңге қаражат бөлінді. Заң аясында мүгедектігі бар азаматтарға қоғамдағы өзінің орнын тауып, жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Сондай-ақ бірінші топ мүгедегінің күтушісіне берілетін қаражаттың көлемін көбейді. Бұрын балалар арасындағы мүгедектікті 18 жасқа дейін бөлмейтін едік. Ал қазір 7 жастан бастап, 3 топқа бөлінетін болды. Мәселен, бала жасынан мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысының көлемі 1 топқа өтсе, айтарлықтай көбейеді. Өзіңіз айтқандай, денсаулық сақтау өте күрделі сала. Әрине жетістіктері де бар. Өкінішке орай кемшіліктері де жеткілікті.

– Жыл сайын депутаттар ел аралап, халықпен кездеседі. Осы тұста Сыр өңірі халқын мазалайтын ең өзекті мәселелерге тоқтала кетсеңіз…

– Қызылорда облысының тұрғындарын мазалайтын ең өзекті мәселе – баспана, жұмыспен қамту. Бүгінде Мемлекет басшысы да, депутаттар да жалған статистиканы қуаламай, нақты және тұрақты жұмыс орындарын ашу мәселесін қолға алу керегін айтуда. Алдағы уақытта облыс әкімдерінің жұмысын халықтың тұрақты жұмыспен қамтылу көрсеткішімен бағалаймыз деген ұсыныс та бар. Қазір қай жерде де халықтың табысы мен базардағы бағаның айырмашылығы кеңінен талқылануда. Осы тұста баға тұрақтылығына байланысты сауалдар көп. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына жаңашылдық қажет. Суды аз қажет ететін дақылды өсіру күн тәртібінде тұр. Бұл мәселені аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы да айтып жүр. Ал елді мекендегі тұрғындар медициналық көмектің қолжетімділігін қалайды. Жыл басында Арал, Жаңақорған аудандарында болдық. Қазіргі кезде екі ауданда «компьютерлік томография» қойылды. Ал Қазалы ауданында «ангиография» құрылғысы бар. Бұл – халыққа уақытылы медициналық көмек көрсетуге бағытталған жұмыстар. Осы тұста медицина саласы бойынша тек жергілікті жерден емес, министрлік тарапынан шешілмей жатқан мәселелер бар екенін айта кету керек. Сондықтан медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі жиі көтерілетін мәселе. Сондай-ақ елге келген сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесуге тырысамын. Олардың мәселесін тыңдап, барынша жергілікті әкімдік арқылы шешіп отырмыз. Өткен жылы мүгедек жандардың өтініштері Сенат қабырғасына дейін жетті. Осыған байланысты палата төрағасы Мәулен Сағатқанұлы олармен кездесті. Сөйтіп, депутаттарға ұсыныс тастап, олардың уәждерін көтеріп, әлі де жетілдіруге қажет ететін мәселелерді қарастыруды, арнайы заң қабылдауды тапсырды. Біз жан-жақты зерттеп, жүмыс істедік. Нәтижесінде тиісті заң жобасы Сенат қабырғасында дайындалды.

– «Қазақстан халқына» қорына жиналған қаржыға сирек кездесетін дертке шалдыққан балаларға көмек берілмек. Бұл мүмкіндікті қандай диагнозы бар балалар ала алады?

– Президент «Қазақстан халқына» қорының ең маңызды мақсатының бірі сирек кездесетін дертке шалдыққан балаларға көмек беру екенін айтты. Бүгінде оған денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес 50-ден астам ауру түрлері кіреді. Сөздің ашығы, барлық науқасқа республика тарапынан берілетін дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Сондықтан жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөліп, анықталған науқастарға көмек беру, өміріне, денсаулығына төніп тұрған қауіп болса, жергілікті мәслихаттың шешімімен жұмыс жүргізілу керек. Мәселен, Қызылорда облысында денсаулық саласын басқарған 3 жылдың ішінде 8 рет облыстық мәслихаттың шешімімен осы мәселені көтердік. Нәтижесінде 30-ға жуық науқасқа қосымша тым қымбат, бірақ нәтиже беретін дәрі-дәрмектерге 200 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осылайша жылда жаңадан табылған науқастың дерті барлық жағынан дәлелденіп, алайда министрліктің бұйрығына енбеген болса, біз оған қаражатты жергілікті бюджеттен бөлетін едік. Алайда қазір мұндай жағдайды әр облыс түрлі жолмен шешімін тауып отыр. Осыған орай талдау жасау үшін барлық облыс әкімдеріне хат жолдадым. Себебі Қазақстан азаматтарының құқықтары барлық өңірде бірдей. Сондықтан бір облыстың жағдайы келеді, бірінің жағдайы келмейді деген пікірден аулақ болуымыз керек. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері қозғап жүрмін. Алдағы уақытта жан-жақты зерттеп, талдау жасап ұсынамын.

– Қашанда ана мен бала денсаулығы басты орында. Дегенмен кесарь тілігі, экомен босанған, тіпті өзі босанғаннан кейінгі аналардың денсаулығын қалпына келтіруге арналған бағдарлама жоқ. Дәрігер, сенатор ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Бұл – өте өзекті мәселе. Мен де толық келісемін. Әсіресе Қызылордада, экологиялық апат аймағында тұратын адамдардың денсаулығына әсер етпей қоймайды. Оның ішінде жас аналардың барлығы өз денсаулығын қалпына келтіру керек. Бұл мәселені 2016 жылы Қызылорда облысында шешуге алғашқы қадам жасадық. Облыстық ана мен бала орталығында жергілікті бюджеттен сол кезде 15 млн теңгеден бастап, кейін 34 млн теңгеге дейін ұлғайып, 2020 жылға дейін жақсы жұмыс істелді. Атап айтсақ, дәрігердің жолдамасымен босанған әйелдің жағдайына қарай бірден үйіне шығарып жібермей, оңалту орталығына жатқызды. Онда жас ана мен сәбиі жіті қадағалауда болып, 21 күнге дейін ем-дом қабылдады. Мұндай бастаманың бізге керек екеніне сол кезде-ақ көзіміз жетті. Соңғы жылдары еліміз бойынша МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін оңалту және қалпына келтіру орталықтарының көлемі артып, жыл сайын кеңейіп келеді. Бірақ босанғаннан кейінгі аналарға оңалту бөлімі арнайы ана мен бала орталығының ішінен ашылу керек деп ойлаймын.

– Технократтар заманында медицина саласы жаңа технологиялармен қамтамасыз етілуде көш басында болуға тиіс. Ел медицинасындағы қандай жаңалықты мақтана айта аласыз?

– Былтыр «Ұлттық нейрохирургия» орталығына барып, профессор С.Ақшолақовтың жұмысымен таныстық. Президенттің қолдауымен 2021 жылы Орта Азияда ең бірінші Қазақстанға «Гамма-пышақ» әкелінді. Қателеспесем, ТМД елдері бойынша 4-ші мемлекет болып алып отырмыз. Бұл миында ісігі бар науқастарға ота жасау үшін өте тиімді құрал. Соңғы заманауи технологияларды пайдалана отырып, наркозсыз ота жасайды. Отадан кейінгі нәтижесі де өте жақсы. Әрине осындай медициналық құрал-жабдықтармен мақтануға болады.

– Сенат қабырғасында қандай да бір заңды қабылдауға келіспеген кез болды ма?

– Расында, мұндай жағдай кездесті. Негізі 2014 жылдан бері Қазақстанда сыра мен шарапты жарнамалауға тыйым салынған. Алайда тиісті министрлік ол заңның күшін жоюға ұсыныс білдірді. Біз оған қарсы болдық. Осы мәселе бойынша комитет басшысына кірдім. Министрлермен жұмыс істедік. Бұл ұсыныс бір ай талқыланды. Бірақ біз өз көзқарасымызды дәлелдеп шықтық. Нәтижесінде сыраны жарналамауға қатысты тыйым өз күшінде қалды.

– Бүгінде МӘМС айналасында түрлі пікір айтылуда. Қаншалықты нәтиже берді?

– Елімізде МӘМС-тің енгізілгеніне екі-үш жыл ғана болды. Сондықтан толық нәтиже берді деуге келмес. Дегенмен нәтиже жоқ деп те айта алмаймыз. Осыдан екі-үш апта бұрын Үкімет тиісті министрге тапсырма берді. Алдағы уақытта МӘМС арқылы қаражаттың тиімділігін анықтап, бағыттарын қайта қараймыз. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрімен кездесіп, алдағы 5 жылдық бюджетіміздің негізгі басымдықтарын анықтасақ деген ұсыныс білдірдім. Өйткені білім саласы 2022 жылдың бюджетінде 36 процентке өссе, әлеуметтік сала 7 процентке артқан. Ал денсаулық саласы 11 процентке азайды. Не себепті кеміп отыр? Медицина саласында күрделі мәселелер жетерлік. Атап айтсақ, бүгінде ауылдық медицинаның жайы мәз емес. Сондай-ақ елімізде ана мен бала денсаулығы, онкологиялық аурулар өршіп тұр. Осы мәселелер жөнінде 2021 жылдың 23 желтоқсан күні бюджет қабылдаған кезде Үкімет басшысының алдында көтердім. Сол кезде осы мәселелерді денсаулық сақтау министрлігі өз тарапынан жеткізу керек деген ұсыныс айтылды. Сондықтан алдағы уақытта тиісті министрлікпен бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын.

– Балалар дәрігері әрі сенатор ретінде «Балалар жылына» балаларды қуантатын қандай жаңалық бар?

– Елімізде ауыр науқаспен ауыратын балаларын санаториялық-курорттық емге, оңалту және қалпына келтіру орталығына жұмыспен қамту әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы арқылы жолдама беріледі. Алайда оған баласын уақытылы апаруға көп ата-ананың қалтасы көтермей, жолдама күйіп кетуде. Осыған орай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған заң қабылданса, ата-ананың барып келу, сол жақта тұру қаражатының 70 проценті өтелмек. Бұл тек қана балаларға ғана емес, жанына қараушы адамды қажет ететін мүгедектігі бар жандарға да арналады. Сонымен қатар осыдан бір апта бұрын ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының жұмысымен таныстық. Сол жерде омкогематологиямен ауыратын балалардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырдық. Ұлттық орталықтың төрағасы Юрий Пямен бірге осы кездесуді бір айдай жоспарладық. Басқосу барысында орталықта балаларын емдетіп жатқан ата-аналардың мәселесін тыңдап, балаларға берілетін дәрі-дәрмектің сапасы жөнінде сөз қозғалды. Бүгінде ол жерде 12 айға дейін жатып, бірнеше жылға дейін емделетін балалар бар. Осыған орай олардың жағдайы мен болашағы туралы кеңінен зеттеру жүргізіп, Сенат отырысына ұсыныс дайындаудамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: