Сейсенбі, 23 сәуiр, 18:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Раушан ЫСҚАҚОВА, қалалық мәслихат депутаты, «Сыр еркесі» балабақшасының меңгерушісі: «Баланы бизнеске айналдырған балабақшалар бар»

09.10.2021

2414 0

– Депутат болуды мақсат еткенде қандай мәселенің шешімін табуға ықпал етемін деп ойладыңыз және алғашқы нәтижесі бар ма?

– «Жақсыны көрмек үшін» дейді ғой. Мен бала күнімнен не нәрсені де көзбен көріп, қолмен ұстағанды жақсы көретінмін. Сол арман-мақсатым мені әлі күнге дейін жетелеп, биік-белестерді бағындырып келемін. Депутат болудағы ең алғашқы мақсатым – жұмыссыздықпен күресу. Әрине, елімізде бұл үлкен күрмеулі мәселе екені белгілі. Десе де алдағы уақытта жұмыссыздық жойылып, қазақтың әрбір азаматы жұмыссыз отырмайтын уақыт келеріне сенемін. Бүгінде жұмыссыздар саны азайды. Өйткені жұмыс көзі көбейіп, жастар кем дегенде «Қоғамдық жұмыспен» еңбек етеді. Мәселен, өткен жылы қала бойынша жұмыссыздық 4,7 процент болса, биыл 3,1 процентті құрап отыр. Сонымен қатар «Жастар практикасы» да жүзеге асуда. Осы сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа барып, сонда тұрақты қалып жатқан жастар қатары көп. Жалпы қала бойынша тұрақты жұмысқа орналасқандар үлесі 40,1 процентті құрайды.

– Бүгінде барлық тірліктің басы қаржыға келіп тіреледі. Қалалық бюджеттің жай-күйі қалай?

– Жақында ғана сессияда Қызылорда қаласының бюджеттік қаралымы өтті. Бұрын қалалық білім бөліміне қарасты мектеп пен балабақшалар қалалық бюджетке қарайтын. Олар биылдан бастап облыстық білім бас-қармасының бюджетіне кірді. Өздеріңізге белгілі, қаржының басым бөлігі білім саласында еді. Сондықтан қаланың бюджеті біршама азайды.

– Алдағы сессияларда қаралатын маңызды мәселелер туралы айта кетсеңіз?

– Қалалық мәслихат депутаттары әр сессия сайын қаладағы өзекті мәселелерді көтеруге тырысады. Мәселен, биылғы жылғы жоспарға сәйкес алдағы сессияларда қаладағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қала бойынша жолаушылар тасымалын ұйымдастыру шеңберінде халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту – басты назарда. Сондай-ақ Қызылорда қаласы әкіміне жүктелген міндеттерінің орындалу барысы туралы қаралмақ. Бір айта кетерлігі, тек кезекті сессия отырысында ғана емес, халықтың тұрмыс тіршілігіне ең бірінші қажетті маңызды мәселелерді комиссия қарауында кезек күттірмей шығарып келеміз. Мәселен, бүгінге дейін халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету санаториялық балабақшалардың жағдайы, көгалдандыру, аяқ сумен қамтамасыз ету, «Кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзушы-лықтың алдын алу» жұмыстары қаралды. Ал алдағы уақытта Қызылорда қаласында тұрғын үй салу мақсатында берілген жер учаскелерінің берілу барысы және олардың мақсатты игерілуі, «Қалалық құрылыс бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары мен переспективалық іс шаралары» мәселелері қаралады.

– Қазіргі кезде қоғамдық көліктердің ара-қашықтығының ұзақтығын айтып, шағымданушылар көп. Бұл мәселе қалай шешілмек?

– Бүгінде қала бойынша 33 бағытқа, барлығы 585 автокөлік екі ауысыммен жұмыс істеуде. Оның ішінде 501 қоғамдық көлік жеке тұлғалардың меншігінде. Қарап отырсаңыз, қоғамдық көліктердің көбі үлкен сыйым-дылықтағы автобустар. Қазір №3, 19, 20 қоғамдық көліктері қысқарып кетті. Жасыратыны жоқ, бұл мәселенің бір арнаға түсуі қиындау болып тұр. Осыған байланысты арнайы комиссия отырысы өтті. Онда жан-жақты талқыланып, толық шешімін таба алмады. Сондықтан алдағы уақытта қайта қаралады. Айта кету керек, бүгінде қоғамдық көліктердің жүру бағытына арналған қалаішілік жаңа сызба дайын тұр. Алдағы уақытта осы мәселеге қайта оралып, жаңа сызбамен танысамыз. Сол кезде нақты әрі тиімді шешімі шығады деген ойдамын.

– Бүгінде қандай мәселелерді қозғап жүрсіз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, жұмыссыздық мәселесін көтеріп жүрмін. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік саласын қолдауды тыс қалдырмаймын. Жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту орталығынан 600-ден аса жас қайта даярлау курсын бітірді. Осылар әрі қарай өз ісін бастап, кішкентай болса да кәсіп ашса деймін. Мәселен, олардың қатарында сабын, әжетхана қағазын тұрмысқа қажетті заттарды шығарғысы келетіндер бар. Соларға аз да болса, қолдау көрсетіп, өз септігімді тигізсем деймін. Кәсіпкерлік саласы дамыса, еліміздің экономикасына оң ықпалын тигізері анық. Сондай-ақ жастарға дұрыс бағыт көрсетіп, тәлім-тәрбие беріп, өмірдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, келешегін жарқын ету басты мақсатым.

– Бала тәрбиесінің негізі – балабақша. Сіздің ойыңызша заманға сай балабақша қандай болу керек?

– Дұрыс айтасыз. Тәрбиенің негізгі бастауы балабақшадан басталады. Себебі бала тәй-тәй басып, бірін біліп, бірін білмей, оң қолымен сол қолын ажырата алмайтын жаста келеді. Осылайша оң-солын танып, әріп пен санауды үйреніп мектепке дайын болып барады. Бір сөзбен айтқанда, заманға сай балабақша – білікті қызметкері, қолжетімді білім беру үшін барлық жағдайы жасалған база. Сондай-ақ бала қауіпсіздігі ерекше назарға алынуы керек.

– Өзіңізге бес саусақтай белгілі салада қандай мәселе бар? Тәрбиешілердің жалақысы, біліктілігі қандай?

– Қай саланың да өз мәселесі бар. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында 256 балабақша бар. Соның 28-і мемлекеттік балабақша. Осыған дейін 6 балабақша республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Ал қазір барлығы да жан басына қаржыландырылады. Оның тиімді жағы да, тиімсіз тұсы да бар. Орын саны аз балабақшалар шығынын өтеп шыға алмайды. Мәселен, бізде бір балаға 43 мың теңге бөлінеді. Оның ішіне қызметкердің жалақысы, коммуналдық қызметтің төлемдері, балабақшаның техникалық базасы кіреді. Ашығын айтқанда, бұл қаражат балабақшаға жеткіліксіз. Жыл басында біршама қиындық туды. Мектепке дейінгі сала бойынша санаториялық балабақшалардың жай-күйі біраз жыр болды. Алайда қазір толық шешімін тапты. Ал тәрбиешілердің жалақысы біліктілігіне байланысты 110-170-ның аралығын құрайды. Біздің балабақшада педагог-модератор біліктілігін алған мамандар қызмет атқарады.

– Қазір әлеуметтік желілерде тәрбиешілердің баланы ұрған видеолары толып жүр. Шыны керек, ата-ана ретінде баламызды балабақшаға беруге алаңдаймыз. Бұл жөнінде не дейсіз?

– Балабақшаға әрбір үйдің үкілеген үміті, еркелеген тәттісі келеді. Барлық ата-ана бізге көзінің ағы мен қарасын сеніп тапсырып, алаңсыз жұмыста жүр. Әрине, арамызда осындай жауапкершілік пен сенім үдесінен шыға алмай, тәрбиешілердің адал еңбегіне кір келтіріп жүргендер де бар. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен бес саусақ бірдей емес қой. Арамызда бұл салаға адасып келгендер де бар. Сырт көзге балабақшаның жұмысы оңай көрінуі мүмкін. Алайда баланың жүрегінен жол табу қиынның-қиыны. Әр баланың тілін табу оңай емес. Оның ішінде ақылды да, қыңыр да, қырсық та бала бар. Мықты тәрбиеші бәрінің бабын таба білу керек. Сонда ғана баланың балабақшаға деген ұмтылысы мен құлшынысы жақсы болады. Ал бізге келер болсақ, азанда барлық баланы өзім күтіп аламын. Бала деген бал ғой. Олардың күлгенін, ойнағанын көріп, өзің де бала болып кетесің. Кейде кіші топқа бара қалсаң, бәрін ұмытып, бір демаласың. Біздің балабақшада «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, мықты мамандар жұмыс істейді. Әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Әрбір баланы өзінің баласындай жасқы көріп, қамқорлық жасайды. Қазіргі кезде тәрбиешілер баланы ұрмақ түгілі, дауыс көтеріп сөйлемейді. Өйткені әрбір бала бір-бір тұлға. Түсіне білген адамға оларды ұрып, ұрсып тыңдата алмайсың. Керісінше, еркелетіп, бауырыңа бассаң ғана саған деген көзқарасы өзгеріп, айтқаныңды істейді. Еш уақытта баланы таяқпен ұрып, түзеп ала алмайсың. Қазақта «Қар қылаумен, бала сылаумен өседі» деген әдемі сөз бар. Әсіресе балабақшаның баласын тек, жылылықпен, мейірімділікпен ғана өсіресің. Сонда ғана топ тәрбиешісінің жұмысы алға жүреді.

– Қазір көбі баласын жеке балабақшаға беруге мәжбүр. Олардың сапасына көңіліңіз тола ма? Қызметі талапқа сай ма? Қалай ойлайсыз?

– Қалалық білім бөлімінің жоспары бойынша қаладағы балабақшалар 7 аймаққа бөлінген. Әр аймақта 36 бала-бақшадан бар. Мен бірінші аймақтың жетекшісімін. Қарамағымда 3 мемлекеттік, 33 жеке балабақша бар. Қазіргі кезде олар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жекелердің заманға сай, балаға жағдай жасалуын арасында зерделеп, қадағалап отырамыз. Қалалық білім бөлімінің мамандарымен бірге жеке балабақшаларды аралаймыз. Сол кезде көңілім толған, әттеген-айы басым балабақшалар да кездесті. Мәселен, «Ханшайым ана», «Шырағым-ай», «Жеті қазына» балабақшаларын ауыз толтырып айтуға болады. Бір өкініштісі, баланы бизнеске айналдырғандар да кездесті. Оларды көріп, менің де қарным ашты. Алдағы уақытта түзететіндерін айтып, «енді қайталанбайды, талапқа сай қызмет етеміз» деп уәдесін бергендер де болды. Сонда да талапқа сай емес балабақшалар әлі де бар. Алдағы уақытта лицензия берілсе, жақсаруы мүмкін. Ата-аналар жеке балабақшаның тасымалдауына қызығып, баласын сонда береді. Кейде өздері көлікке мініп барып, көзбен көрсе ғой деп ойламын. Бұл жерде баланың өмірі маңызды екенін ескеру керек. Сондықтан ата-аналар ең бірінші өзін емес, баласына жайлы жерді іздеуі қажет. Қазір карантиндік талапқа сәйкес ата-аналарды ішке кіргізе алмай отырмыз. Десе де алдағы уақытта балабақша жұмысымен таныстыру жоспарда бар.

– «Арай» шағын ауданының мәселесі көп. Атап айтсақ, жолдары шұрқ тесік, көшелері жарықтандырылмаған. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Қазіргі кезде «Арай» шағын ауданы қала құрамына кірді. Бүгінде бюджеттен қаржы бөлініп жатыр. Мұндағы мәселелермен жақсы таныспын. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен өз шешімін табады. Ала жаздай қатты ыстықта «кондиционер» қоса алмай, кешкі уақытта жарықтың әлсіз болуы таныс жағдай. Мәселен, «Гүлдала», «Сырдария» және тағы басқа көшелерінің жарығы өте төмен деңгейде. Кезінде тұрғындар өздері қолдан тартып алған. Қазан айынан бастап, жарық мәселесі оң шешімін табады. Сонымен қатар «Арай-Шұғыла» да дәл солай жаңғыртылмақ. Бұл жаққа жаз мезгілінде ауыз су келіп, көшелеріне тас төселді. Енді көшелеріне атау беру қаралып жатыр.

– Сондай-ақ мұндағы үйлердің құжатында «Арай саяжайы» деп жазылған. Бұл мұндағы халықты алаң-датады. «Саяжай» дегенді алып тастау қала бюджетіне қымбатқа түсе ме?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, «Арай» шағын ауданы толық қаланың меншігіне кірді. Сондықтан мұндағы тұрғындар құжаттарын қайта жөндеп, «саяжай» деген сөзді алып тастаса болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: