Мемлекеттік рәміздер кез келген ұлттың дербестігі мен егемендігін айқын бейнелейтін нышанның бірі. Тәуелсіздік алудан бұрын, тәуелсіздікті сақтау, миллиондаған халықтың басын бір арнаға тоғыстыру, елдегі ішкі алауыздыққа жол бермеу ешкімнің қолынан келе бермейтіні анық. Биыл міне, тәуелсіз елдің топырағында табан тіреп жүргенімізге 34 жыл болды.
Өзіндік имиджі қалыптасқан, тұғырлы елміз. Елтаңба, Ту, Әнұран – біздің символымыз. Осыған орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің белсенді жастары рәміздерді ұлықтау мақсатында екі күн қатарынан тағылымы мол, ұлттық құндылықты насихаттауға бағытталған кездесу өтті. 3 маусым күні Ардагерлер үйінде Қорқыт жастары ардагерлермен кездесті. Бұл тек іс-шара емес, аға буын мен кейінгі толқын арасындағы алтын көпір, ұрпақтар үндестігі болды десек, артық емес. Ардагерлер өз естеліктерімен бөлісіп, елдік пен бірліктің, Ту мен Елтаңбаның, Әнұранның қасиетін жастарға түсіндірді. Жылы жүздесу де үлкендер ақ батасын беріп, университет ұжымына белсенді жастарға ақжарма тілегін арнады.
Ал 4 маусым күні «Жібек жолы» сауда орталығында мемлекеттік рәміздер күніне арналға патриоттық ән кеші өз жалғасын тапты. Сауда үйінің алдына жиналған қала тұрғындары мен қала қонақтары ерекше көңіл-күйге бөленіп, мемлекеттік рәміздерге арналған шығармашылық көріністер мен тарихи тағылымға куә болды. Жастар ән айтты, жыр оқыды, көк туға құрмет көрсетті. Жиналған жұртшылық тарихи тағылымы мол, бүгінгі ұрпаққа үлгі бола білетін, тәрбиелік мәні бар шаралардың жиі өтуі керегін айтты.
Бұл күндері Қорқыт жастары рәміздерге деген құрметті іспен дәлелдеп, ел ағаларының алғысына бөленді. Осындай шаралар арқылы біз тек тарихқа тағзым етіп қана қоймай, ел болашағына деген сенімді нығайтамыз. – дейді Қорқыт жастары. Ел болашағына алаңдайтын, бүгін мен ертеңін ұмытпайтын жастар саны көбейе берсін. Рәміздер күні құтты болсын!
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!