Бейсенбі, 18 сәуiр, 13:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Жақсылық істеп жүрміз бе?

12.04.2023

6486 0

Бұл мақаланы жазарда көп ойландым. Шынымды айтсам, неден бастарымды білмей ұзақ жүрдім. Бірнеше күннен бері жақсылық істеп жүрміз бе? деген сұрақ санамнан шықпай қайта-қайта орала берді. Айналама мұқият қарап, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын бағамдадым. Шын бет-бейнесін көрмесем де, көбінің атақ, байлық, ақша үшін, енді бірінің қызмет үшін сыйласып, жақсылық жасағандай кейіп танытып жүргенін де аңғардым. Бір өкініштісі кімнің қызметі, ақшасы бар сол адамға жағдай жасаймыз. Қолыңда барды сол пайдасы жоқ адамға береміз. Төрімізге шығарып, құрметтейміз.  Бауырымызға олай жылы қабақ танытпайтын шығармыз. Алайда басыңа іс түскенде қасыңнан табылатын ол адам емес, бауыр екенін білсек те, түсінбейміз. Бүгінде адам адамдық қасиеттен айрылып бара жатқандай. Себебі бір-бірін алдап, тек өз қара басын ойлайтындар көбейіп барады.

Қазіргі заманда жақсылық істейтін жандар аз. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деп жақсылық жасап жүрген мейірімді жандар да жетерлік. Дегенмен, қазіргі кезде жақсылықты әртүрлі түсініп, сан түрлі ойлармен төмендетіп жіберген секілдіміз. Айналамдағы жақын адамдарыма кімге? қашан? қандай жақсылық жасадың? деген сауал жолдадым. Бәрі де мұндай сұрақты күтпесе керек. Алғашында тосылып қалды. Тіпті, көбінің соңғы рет кімге қандай жақсылық жасағаны да есінде жоқ.

Адам баласын игі істерге бастайтын ізгі жүректің қалауы – жақсылық. «Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, әсерлі ғой ізгілердің ісі де» демекші, арамызда жақсылыққа жаны құмар жандар да бар. Олардың жүзінен жылулықты, көзінен қуанышты бірден аңғарасың. Олар жақсылық жасау арқылы жалғыз қалған жанға серік, шаршап-шалдыққанға тіреу, мүсәпірге көмек бола алады. Негізінен адам баласы дүниеге ізгі амалдар атқару үшін келеді екен. Ал біздің ғұмырымыз жақсылық жолындағы үлкен сапар. Жалпы, жақсылықтың ең асылы – адамға қуаныш сыйлау. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткеннің өзі жақсылық емес пе?! Адамдарға жақсылық жасау – бақытқа жетелейтін қысқа жолдардың бірі. Қолыңнан қандай игі іс келсе де оны жақсылыққа жетелеу керек.  Ол үшін алпауыт күштің, таудай білімнің керегі жоқ. Әуелі ниет болса болғаны. Алла адамды жаратып, пенденің ой санасымен сезімі қалыптасқаннан бері жақсылық қатар келеді. Ол дүние дінге, ұлтқа, байлыққа қарамайды. Ақ пен қара секілді, жақсылықпен қоса жамандық та бар. Алайда жақсылық жасасаңда, жамандық қылсаңда өзіңе кері айналып келері анық. Жақсылық міндетті түрде жалғасын табады. Себебі, сенің бір жанға қуаныш сыйлағаның, одан кейінгі адамдардың да жақсылыққа ұмтылуына себепші болады. Өзгеге жақсылық жасасаң, өзің де себепсіз бақытқа бөленесің.

Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме бүгінгі қоғамда күннен-күнге сан түрлі жамандықты көз көріп, құлақ естіп жүр. Соңғы кездері келеңсіз жағдайлардың көптігі сонша, адамның осынша тасбауыр болып кеткені ме деген ойда қаласың. Алайда өмір ақ пен қарадан құралғандай жақсылықпен бірге жамандықта тыным таппай тыныстауда. Жасыратын несі бар, соңғы жылдары адамның ниеті мен пиғылы бұзылып, жақсылық жасауды да ұмытып бара жатырмыз. Өкінішті-ақ. Сондай-ақ қазір жақсылық жасау үшін «ақшасы бар, бай болу керек» деген түсінік қалыптасты. Алайда айналаңа тырнақтай жақсылық істеп, қуаныш сыйлау үшін қаржының керегі жоқ екені белгілі. Жақсылықтың жаршысы болу үшін таза жүрекпен шынайы ниет жеткілікті.  

Өткен жолыма үңіліп қарасам маған жақсылық жасаған жандар көп екен. Ең алдымен мені дүниеге әкелген ата-анам, бауырларым, адал достарым… Тізбектей берсем кете береді. Олардың жақсылық жасайтыны анық қой дейтін шығарсыз. Әрине, туғаныңмен жақын адамыңның сыртыңнан пышақ сұқпайтыны анық. Дегенмен бейтаныс адамдардан да жылулық көріп, қолдауын сезінгенде жүрегі мейірімге толы, иманды, адамгершілігі  бар жандардың бар екеніне көзің жетеді.

Өз кәсібін дөңгелетіп отырған бір кәсіпкер ағамыздың мына сөзі әлі күнге есімнен кетпейді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» Жақсылық істеп, қайырымдылық жасаған күні Алла маған екі еселеп береді. Сондықтан қазір жақсылықты шын ниетіммен қуана-қуана жасаймын. Сенесің бе, кейбіреулер көзді жұмғанда тек қараңғылық көреді ғой, ал мен тек күн мен жарық әлемді байқаймын, – деді жақсылыққа құмар ағамыз ағынан жарылып.

Қарап отырсақ, бір-біріне соқтығысқан адамдар әйтеуір бір жаққа асығып әлек. Тіпті, кейде ағайын-туысқа, ата-анаға, бауырға, баламызға көңіл бөліп, олармен емен-жарқын әңгіме құрып, жағдайын сұрауға да уақыт таппаймыз. Бір-бірімізге жақсылық жасамақ түгілі, бір-біріміздің бағамызды түсінбей барамыз. 

Жүргінші жолдан өтуге жүрексініп тұрған қарияға, қолындағы жүгі ауыр жүкті келіншекке, аяғы шалынып құлап қалған балаға, көшені тазалап жүрген анамыздан үлкен әйелге көмектесудің өзі жақсылық емес пе?! Болмашы нәрседен қуаныш көріп, болмашы нәрсеге көңілі қалатын қазақтың әрбір ісі игілікке құралса, жақсылық болмай немене?!

Жақында басымнан өткен бір оқиғамен бөліскенді жөн көріп отырмын. Бірде  жұмыстан кеш шығып, үйге қараңғы түскенде қайттым. Жақын маңайдан көлік көрінбейді. Тіпті, тірі жан жоқ. Қоғамдық көліктің де тоқтап қалғанын біліп тұрмын. Енді не істесем екен деп аялдамаға отыра кеттім. Интернеттен неше түрліні оқып алған менің, қараңғыдан дегбірім қашып,  қорқынышым үдей бастады. Сөйтіп отырғанда бір дыбыс естілді. Алыстан бір адамның маған беттеп келе жатқанын көрдым. Қорқынышымды әсіресе қараңғы жерде жалғыз қалған қыздар түсінетін болар. Бір кезде әлгі бейне жақын келіп, «не істеп отырсыз?» деді. Менің қорыққанан сөйлей алмай отырғанымды аңғарды. Түнде жалғыз жүргеніңіз не? деп телефонына шұқшиды. Осылайша маған такси шақырып берді. Қараңғыда қорыққаннан  түріне де қарауға шамам келмеді. Үйге жетіп, таксидің ақшасын төлейін десем, жаңағы бейтаныс кісі төлеп жіберіпті. Қуанғаным сонша, маған жасаған жақсылығы алдынан жүз еселеп қайтар деп, іштей қатты риза болдым. Осындай жақсы адамдар барда әлем мәнін жоғалтпай, ғаламат ғалам ғасырлар бойы өмір сүре бермек.

Ибн Аббас (р.а) та былай деді: «Жақсылық тек қана мына үш нәрсемен толық болады. Ол – жақсылықты жасауға асығу, жасаған жақсылығын көп деп емес, аз деп білу, жақсылықты жасырын жасау». Шынында, жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды, өйткені аз ғана жақсылық ешбір жақсылық жасамағаннан хайырлы. Ендеше, жақсылық жасап жарысайықшы!

   #ислам_ізгіқоғам #aqmeshit_kz  

Ақмарал Қадырханқызы Олжабаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: