Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жақсылығы аңызға айналды

29.11.2021

1476 0

«Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» дейді дана халқымыз. «Азамат сөзі – жүректің көзі» дегенді де айтқан қазақ мұндай теңеуді мықтыларға ғана берген. Сыр бойында да азамат сөзіне лайықтылар аз емес. Соның бірі – Бақытбек Бердібекұлы Шаймағанбетов.

Мақаламызға арқау еткен Бақытбек Бердібекұлы 1968 жылдың қаңтарында Жалағаш ауданының Аққыр кеңшарында дүниеге келген. Кейіпкеріміз туған ауы­лында онжылдықты тәмамдаған соң Кеңес әскерінің қатарына алынып, 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Ол алғашқы еңбек жолын әскерден келген соң Қызылорданың көптеген құрылысын жүргізген «Қызылорда Строй» тресінде құрылысшы болып бастайды.

– Біз 9 ағайындымыз. Мен Бақытбектің үлкен ағасымын. Бақытбек студент кезінде менің қолымда тұрды. Ол кезде қалалық ГАИ-дің басшысы болатынмын. Інім әскерден келген соң бір жыл жұмыс істеп, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына «Спорт және дене шынықтыру» факуль­тетіне оқуға түсті. Себебі ол бала күнінен спортқа бейім боп өсті. Физикалық тұрғыдан мықты болатын. Соның ар­қасында қаншама жарысқа қатысты. Сөйтіп жүріп, оқуды бітірді. Институт қабырғасында жүріп, өмірлік теңін тауып шаңырақ көтерді. Қазір соның бәрі естелік болып қалды, – деді ағасы Әмір Шаймағанбетов.

Бүгінгі жұрт Бақытбек Бердібекұлын жомарт жан ретінде жақсы біледі. Соңғы он жыл көлемінде ауыл аймақтағы тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж отбасылардан, ауыр дертке шалдыққан адамдардан көмегін аяған емес. Одан бөлек ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі үлкенді-кішілі жарыстардың бәріне демеушілік жасап, керек-жарағымен қамтамасыз еткенін де көпшілік жақсы біледі. Оның ішінде мәдениет саласында жүрген әнші, ақын, жыршылардың кештерін өт­кізуге, елден шыққан белгілі өнер адам­дарының жыр жинақтарының, өзге де әдеби еңбектерінің шығуына ықпал етті. «Өмірге құштар бауырлар», «Сыр еліндегі ескерткіштер», «Бәйтерек» сияқты т.б. кітаптардың шығуына де­меушілік етті.

Еңбекқор кейіпкеріміз  мұнай саласына келіп, «Лукойл» АҚ мұнай компаниясына жұмысқа орналасады. Ен­дігі өмірі мұнаймен сабақтас болатынын сезінген Бақытбек білімін жетілдіруді мақсат етіп, Ресейдің Уфа қаласында оқып келеді. Қазақ мектебін бітіріп, қазақы тәрбие алған, қазақы ортаның баласы Бақытбек өңкей өзге ұлттың ортасында оқыса да еліне, жұртына жаманат кел­тірмеді. Етінің тірілігімен  оқу орнын ойдағыдай аяқтап, қолына құжаты тиісімен қайтадан туған ел топырағына табан тіреді. Сөйтіп «Торғай Петролеум» тресіне келіп, 1996-2006 жылға дейін тынбай еңбек етті. Мұнда қатардағы қарапайым оператордан бөлім басшысына дейін көтерілді. Ол кезде мұндай ірі жұмыс орындарында жоғары қызметтерге қатардағы кадрлардың кө­теріле қоюы некен-саяқ жағдай болатын дейді жақындары. Өзінің ісіне мығым, талапшыл, қажетті жерінде сөзін нықтап айтатын Бақытбек осындай мінезімен жұмыста жақсы беделге ие болды. Оның сол уақыттағы тынымсыз еңбегі, істі ұйым­дастыру қабілеті туралы көзкөрген әріптестері қазірге дейін айтып отырады.

Жақсылығы аңызға айналды

Ол қырыққа қарай бет бұрған тұста «Торғай Петролеумнан» кетсе де мұнай саласынан алысқа ұзаған жоқ. Оның басқарушылық қабілеті мен кәсіби тәжі­рибесі әлі де талай жерге қажет болып шық­ты. Бақытбек Шаймағанбетов 2007-2012 жылы «ҚазГерМұнай» компаниясында қызмет етті. Онда «Құмкөл» мұнай кені­шінде «Ақшабұлақ», «Нұралы» мұнай кен орнындарында жұмыс істеп, аға операторлықтан учаске бастығына дейін көтерілді. Оның басшылық қызметке тағайындалуы оған деген сенімнің бір көрінісі болатын.

Ал 2012 жылдан бастап баласының есімін берген жеке «Айтөре» шаруа қожалығын құрып, кәсіпке бет бұрды. Жаңадария өзенінің бойында, «Қызылдың қиясы» деп аталатын жерде, туған ауылы «Аққырда» жұмысын бастаған шаруа қожалығында төрт түлік мал өсіріп, ауыл­дың жұмыссыз жүрген жиырмаға жуық жасын жұмыспен қамтыды.

Бақытбек досқа адал, сертке берік, ақкөңіл адам еді. Алайда арқалар жүгі ауыр жауапты қызмет пен өлкенің мұнай саласының даму жолында қосқан үлесі оның шынайы келбетін, бар болмысын көрсетті. Асыл тұлғаның асыл қасиеттерін досы, жырау,  ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов былай деп еске алды:

– Қамшының сабындай ғана келте ғұмырдың өкіндіретін тұстары өте көп. Сондықтан да «жалған өмір» дей­міз. Өзімізбен бірге жүріп, күн салмай хабарласып отырған талай жақын­дарымыздың  тағдыр-талқаны таусылып, қайтпас сапарға аттанып жатқанын көріп те жүрміз. Өкінесің, өксисің амалың құрып, уақыт емшіге жүгінесің. Міне, осындай қимас жанның бірі – Жәрімбет әу­лиенің ұрпағы Шаймағанбетов Бақытбек  Бердібекұлы болатын.

Оның мезгілсіз қаза болуы естіген ағайынның бәрін қайғыдан  қайыстырды. Өлім түгілі өкпеге қимайтын есіл дос жайлы ендігі жерде естелік айтамыз деп кім ойлаған?.. Оның ғұмыр-дариясы мәң­гілік сағынышқа  ауысты…

Бақытбек сол кездегі Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтының дене шынықтыру және спорт факультетіне  Аққыр  ауылындағы  №188 орта  мектебін  бітіріп келді. Бәлкім, содан да шығар мектепке  деген  қамқорлығы  ерекше  болатын.  Әкесі,   елге  белгілі  тұлға  Бердібек  Түбекбаевтың  атымен  аталатын турнир  өткізіп,  жыл сайын  футболдан  жасөспірімдер  арасында  жарыс  ұйым­дастырып,  ауыл  балаларының  спортқа  деген  қызығушылығын  арттырып, намысын жанып отыратын.  Мектептегі  биология  кабинетін Б. Түбекбаевтың  аты­мен  атап,  жаңа  үлгіге  сай  жабдықтады, ауыл балаларының  жаңа  талапқа сай бі­ліммен  қарулануына  үлкен  үлесін  қосты.  Бұл – Бақытбек бауырымыздың  елге жасаған көптеген игі істерінің бірі ғана. Республикалық  «Мектепке  жол» акциясында да Бақытбекті сөз етер тұстар көп-ақ. Ендігі жерде осындай жақсы амалдары өзіне серік болғай, – деді ол.

Расында, Бақытбек жаны да, ары да таза, адамгершілігі мол, адалдық пен әділдіктен аттамаған ақкөңіл әрі жомарт азамат еді. Ұлағатты отбасының алтын діңгегі еді. Негізінде азаматтың абыройлы қызмет атқаруы, ел алдында еңсесінің биік жүруі обасындағы жылулықтың, татулықтың молдығына байланысты екені белгілі. Ләйлә оның 30 жыл  уақыт бір шаңырақ астында ғұ­мыр кешкен аяулы жары. 1991 жыл әсем Шымкент қаласы  Бақытбектің болашақ жарына жолығуына да себепші болды. Тағдыр қосқан қосағы Ләйлә Нарышаева Шымкент қаласындағы «Педагогика және мәдениет» институтын бітірген. Бүгінде туған өлкесінде «Атымтай жомарт» атанған азаматтың артында әке рухын ардақтайтын, ұлағатты ұл мен қыз қалды.  Қызынан 4 немересі бар.

Атадан балаға мұра болған өмір көші бір орында тұрмайтыны әмбеге аян. Бүгінде саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған арда азаматтың артында айтып жүрер жақсылығы мен ізін жал­ғайтын ұрпағы, көзін көрген жақсылар қалды. Оның өзі болмаса да, елге еткен жақсылығы жылдан жылға көш тартып, аңыз боп көшері анық. Біз білетін жалғыз ақиқат осы ғана.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: