Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

АСТАНАҒА КӨШУ АРМАН БОЛЫП ЖҮРМЕСІН…

12.09.2023

296 0

Елорда – қазақтың бас қаласы. Арман қуған әрбір жас Астанаға қарай мойын бұрары анық. Ондағы мақсаты елдің бас қаласында тұрсам, оқысам, еңбек етсем, өссем, өнсем екені тағы белгілі. Қазір сол бас қаланың халқы көбейіп келеді. Ресми деректерде миллионнан аса тұрғыны бар елордаға жыл сайын аймақтардан 60 мың адам көшіп барады екен. Тіпті бүгінде Астанаға өңірлерден келушілерді шектеу туралы бастама да көтеріліп жатыр.

Осыдан бірнеше ай бұрын елге белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы «Астана – резеңке емес созыла беретін. Сондықтан келушілердің санын шектеу керек», деп ұсыныс айтқан көрінеді. Біз ел ағасы  бұл сөзін бас қалаға жанашырлықтан айтты деп түсіндік. Өйткені жыл сайын үлкен бір ауданның халқымен пара-пар тұрғындарды қабылдау үшін қанша жерден Астана болса да әлеует керек. Бірақ ол Астана ғой. Бас қаланың әлеуеті болмаса, басқа қалаларда не қауқар? Журналист Бақытбек Қадырдың республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Астана: көші-қонды реттеген жөн бе?» деген мақаласына осы жай арқау болыпты. Бір кездері бас қалада тұрған, оқыған, еңбек еткен жан ретінде біз де көтерілген мәселеге үн қосқанды жөн санадық.

Республикалық басылымдағы ақпаратқа сүйенсек, елордаға басқа өңірлерден келушілердің санына шектеу қою бастамасын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қолдаған көрінеді. Премьер-министр орынбасарының айтуынша, Астанадағы инфрақұрылым көп адамға лайықталмаған, мектеп аз, медицина мекемелері көп кісіні қабылдауға қауқарсыз. Оның алға тартқан уәжі – осы.

– Елордада мектеп, медицина, жалпы әлеуметтік инфрақұрылым дайын емес. Егер әлеуметтік инфрақұрылым дайын болса, қажетті мүмкіндік болса, адам санын көбейтуге болады. Астана қаласындағы инфрақұрылымды есепке ала отырып, мұны дұрыс шешім деп есептеймін, – деп пікір білдірген Үкімет басшысының орынбасары.

Бұл мәселе Астананың қоғамдық кеңесінде де талқыланыпты. Анығырақ айтсақ, 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған бас жос­пары жобасын талқылау кезінде халық саны мәселесі көтеріліп, аймақтардан елордаға көшіп келіп жатқандардың қатары шамадан тыс ұлғайып бара жатқаны айтылған.

Бұл мәселенің не үшін көтерілгенін, Үкімет басшысының орынбасары айтқан сөздің астарында не барын түсінбедік. Өзі елорда болса, оның халқы да сәйкесінше өсіп отыруы керек емес пе?! 1997 жылы  енді елдің бас қаласы болғанда мұнда 300 мыңға жетер-жетпес тұрғын болған екен. Қазір астаналықтардың саны 1,2 миллионнан асты. Менің ойымша бұл тек тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркелгендердің саны ғана. Онда ауылдарынан жұмыс таппай сол жерде еңбек ететін қаншама отандасымыз бар, жан-жақтан жиналған студенттер бар, одан қалды көршілес мемлекеттерден келгендер бар, бәрін қосқанда 2 млн-ның ол жақ, бұл жағында адам бар. Бәлкім, Дүйсенованың сөзінің астарында осы сырттан, яғни басқа мемлекеттерден  келетіндерді шектеу керек деген ой жатыр ма?.. Бұл жағын тағы білмедік.

Елді елең еткізген мәселеге байланысты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек те ойын ортаға салыпты.

– Біз – унитарлы мемлекетпіз. Қазақстанның халқы басқа өңірлерден көшіп келсе, онда ешқандай шектеу болмайды. Иә, адам саны өсіп барады. Сол азаматтарды қабылдау үшін Астанада сапалы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дайындау керек. Халық келіп жатыр, мектеп пен әлеуметтік нысандар жетіспейді. Жылу мен су мәселесі толығымен шешілген жоқ. Сондықтан дайындалуымыз керек, – депті бас қаланың әкімі.

Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары бойынша, халық саны жыл сайын орташа есеппен 2,5 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Осыған сәйкес, 2030 жылы елорда тұрғындарының саны 2 мил­лионға жетпек.

Кешенді жоспар бойынша ешқандай мәселе туындамауы керек еді ғой. Жыл сайын ұлғайып, үлкейіп, көркейіп келе жатқан қала әлі талай миллиондарды қабылдауы тиіс. Жұрттың астанасында 20 млн адам тұрады. Ал бізде миллионнан асып еді мәселе шыға бастады. Әлде елорданы дамытуға жауаптылар инфрақұрылымды сылтауратып, мәселеден құтылғысы келе ме? Әйтеуір, Астанаға көшіп бару арман болып жүрмесін…

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: