Осы аптады Сыр елінде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты түркітілдес елдердің халықаралық форльклордық-музыкалық өнер фестивалі өтті. Бірнеше күнге созылған фестивальдің ашылуы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық-драма театрында өтті.
Тағылымды шараға Түркия, Тыва, Саха, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз қатысты. Бүкіл түркінің ортақ абызы – Қорқыт бабамыздың жаны жай тапқан қасиетті мекен, биыл түркітілдес туыстардың өнер шеберлерін алтыншы рет қабылдап отыр.
Фестивальға құрметті қонақ болып басты әрі рухани серіктес, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты. Айта кетейік, халықаралық шараны ұйымдастырудың тұрақты қолдаушысы болған «ТҮРКСОЙ» ұйымының құрылғанына биыл – 30 жыл. Ұйым түркі әлемінің мәдени құндылықтарын тану, зерттеу, сақтау, дамыту бағытындағы ірі де ізгі жұмыстардың атқарылуына әрдайым ұйтқы болып келеді.
Фестивальді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, ақжарма лебізін жеткізді.
– Баршаңызды түркі халықтарының мәдениеті мен өнерінің басын қосқан дәстүрлі фестивальдің ашылуымен, «ТҮРКСОЙ» ұйымын мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Түркі халықтарының руханиятын насихаттаудағы еселі еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін!
Туысқан халықтардың фольклорлық музыкалық өнерін дәріптеу, өзара мәдени байланысын нығайту мақсатында өткізілетін фестиваль арқылы қатысушылар бір-бірінің кешеден бүгінге жеткен мәдени қазынасының сырына қанығып, рухани кеңістігін кеңейтеді. Фестиваль өткізілген жылдар ішінде Қорқыт баба мұралары Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы UNESCO-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген. Бұл – Қорқыттан қалған ұлы өнердің, Ұлы дала сазының мәңгілік өмірінің айқын дәлелі. Бастау алған сәттен бері қатысушылар үлкен ықыласпен күтетін фестивальдің биылғы кезеңі тәуелсіз Қазақстан тарихында өзіндік ерекше орны бар Қызылорда облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келді. «Сыр елі – жыр елі» атанған Сыр өңірі ел мәдениетінде жаңа даму үдерісінің көшін бастады. Араға 10 жыл салып, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан өнер және әдебиет өкілдеріне арнайы «Тұран» сыйлығын табыстадық. Бұл дәстүр бұдан әрі жыл сайын өз жалғасын табады.
Археолог ғалымдардың ұсынысымен Сырдария сақтарын асқан көркемдігімен тамсандыратын «Шірік Рабат Алтын адамы» және Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін «Сығанақ ханшайымының» алтын мүсіндерін қараша айында облыстық музейге табыстаймыз. Жәдігерлер Сыр өңірінің басты брендіне айналады, – деді облыс әкімі.
Айтулы шарада қазақ халқының ұлттық өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген жыраулар Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Ұлжан Байбосынова, «Хассак» этно-фольклорлық тобы және Сыр еліндегі жыраулық мектептің көрнекті өкілдері де өнер көрсетті. Қорқыт ата мұрасын насихаттаушы Раушан Оразбаева, Мақсат Мұхаммеджандар Қорқыт бабамыздың күйлері мен жырларын нақышына келтіріп орындады.
Рухани кеш «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалінің гимнімен түйінделді.
Айта кетейік, бұдан бұрын фестиваль қонақтары 205 жылдық тарихы бар Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралап, облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Тұран таңбалары» атты этно-археологиялық көрмемен танысқан болатын. Мұнан әрі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындағы «Түркі әлемінің бесігі» атты кітап көрмесін тамашалап, жоғарғы және арнаулы оқу орындарында шеберлік дәрісін өткізді. Көрмеде түркі әлемінің бірлігі, теңдігі және бауырластығы идеясын, түркілер тарихы мен ортақ мәдени, ғылыми еңбектер, тарихи-мәдени басылымдар назарға ұсынылды. Дәстүрлі шара Қармақшы ауданында «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің гала-концертіне ұласты.
Сыр өлкесін атажұрт санайтын түркітілдес ағайындар аймағымыздың тарихы мен мәдениетіне, сондай-ақ бүгінгі тұрмыс-тіршілік сипатына айрықша ден қойып, жоғары баға берді. Фестивальдің қорытынды кеші Қармақшы жерінде өтті.
Гауһар
ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!