Бейсенбі, 26 желтоқсан, 22:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақ барда көкпар ойыны ұмытылмайды

18.08.2023

585 0

Ауылдың қара домалақ баласы болған соң  ұлттық құндылықтарға деген құлшыныс өзге­лерге қарағанда тым бөлек. Оның ішінде еліміздің елдігін, адамның ептілігін танытатын сан алуан ұлттық ойындар дегенде делебеміз қозады. Соның бірі – көкпар.  Әсілінде,  көкпар десе, арқасы қозбайтын қазақ кемде-кем. Ауыз­дығымен алысқан тұлпарға аяқ артып, атшабар алаңында көк серкені тақымдап, делебең қозып шапқанға не жетсін, шіркін. Қазақ «Көкпар – ба­тыр­дыкі, той – ақындыкі» деп бекер айтпаса керек.

Ғалымдардың ғылыми еңбек­терінде текті жануар жылқының қазақ даласында алғаш қолға үйретілгендігі ай­тылады. Содан болар, ертеде батыр бабаларымыздың ең сенімді серігі ретінде талай сәйгүлік аңызға айналды.   Өзімізге тән Алпамыстың – Байшұбары, Қобыландының – Тай­буры­­лы, Ер Тарғын­ның – Қарақасқасы, Ақан серінің – Құлагері сынды тұлпарлар әдебиетімізде тектен текке айтылмаса керек. Айта берсең, бұл жануардың  тектілігі  таусылмайды. Ішсе қымыз,  жесе ет, мінсе көлік. Не деген текті жануар десеңізші.

Ұлттық  ат спорты ойындарының бірі көк­пардың машақаты көп.   Қайнап  жатқан қалың дода арасынан  суырылып жеке дара шығу оңай шаруа емес. Көкпар аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайды.  Оны мықты жылқы мен жігіттің серісі ойнайды. Ол әрбір жігіттің намысын жаниды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Жаугершілік заманда    көкпардың қыр сырын  жетік білген  батырлар  соғыс алаңында  ешкімге есе жібермеген. Уа­қытында «Гиганттың бiр тартары» атанған, есімі облысымызға белгілі болған көкпаршы Серік Бекманов бізбен әңгімесінде бұл жөнінде былайша ағынан жарылды.

– Бұл ойында жүріп аяқты да, қолды да сындырдық. Екi рет естен танып қалып, қалың доданың арасында ес жидым. Бiрақ астымдағы атым сүрiнiп кетiп құлағаным болмаса, өздiгiмнен ер үстiнен ауған кезiм жоқ. Жас күнiмде  көрші ауылдан да кеп шабатын еді. Бірде Сыр өңірінде үлкен көкпар-той өтетін болды. Оған облыстың түкпір-түкпірінен  атағынан ат үркетін небір шабандоздар келді. Мықты көкпаршылар тақымымнан серкенi жұлып алған емес. Қолыма серкенiң сирағы iлiнсе, менiң тақымыма басы­латын. Жұрттың «Гиганттың бiр тартары», «тақымы қатты» деп  атап кеткенi сондықтан шығар, – дейді ол.

 Ағамыздың  айтуынша, атты ерекше күтіммен баптайды. Жылқының күтімі дұрыс болмаса көкпарда бағың байланып, қолың жүрмейді.   Көкпаршы додаға осал ат мініп шаппайды. Өйткені, ат пен үстіндегі адамның екеуара үйлесімі болмаса еңбегің  еш болады екен.

Расында, додада топ жару үшін көкпардың бабы келісу керек. Осыған тоқталайықшы. көкпаршы өзінің тақымындағы атын таза бидай беріп асырайды. Тұнық сумен суарылған жасыл-жонышқаның көгін ғана береді. Қысы-жазы жабулап ұстайды. Сиыр су ішкен ыдыспен ат суармайды.  Ат жаздың 40 күн шілдесінде, қыс­тың сықырлаған аязында қолда жем шөпте тұрады дейді.

Ағамыз қазір алпыстан асса да ауыл жас­тарына батасын беріп, өзі көкпардың үнемі басы-қасында  жүреді. Әлі күнге дейін аттың үстінен түскен емес. Ал жастар жайы бір бөлек.

Осы тұста, кейінгі уақытта жасындай жар­­қылдап жүрген жас көкпаршы Бекжан Қараманнның да пікірін білдік.

– Қазір ұлттық спортқа, өнерге деген көзқарас жаңаша. Біз, жастар болып, оны дамытуды қолға алуымыз керек. Қазір біз, Қоғалыкөл жастары көкпар ойынын дәстүрлі түрде ойнап келеміз. Ауыл жастарының мақсаты мен мүддесін бір арнаға тоғыстыру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудың бір тетігі бұл. Қазіргі таңда ауыл жастарынан команда құрап, сыртта болатын додаларға қатысуға дайындалып жүрміз. Облыс бойынша ұлттық спортқа кеңінен көңіл бөлініп отыр. Біз қазір тек наурыз айында ғана емес, жыл он екі ай көкпар тартамыз. Жылқылардың жай-күйіне қарап, күн ысыған аптап ыстықтарда тоқтатамыз. Ал бірақ, басқа уақыттарда дәстүрді үзіп алмауға тырысамыз. Алдыңғы толқын ағалардың қолдауымен алда да бұл бағытта көп іс атқару ойымызда бар, – дейді жас көкпаршы.

Рас, қазіргі таңда ұлттық ойын жиі-жиі ұйымдастырылып жүр. Үлкен астар мен жиын тойларда көкпар беру дәстүрі қалыптасты. Бұл ұлттық ойын елдің құрыш қолды ұландарының күшін сынауға таптырмас сәт. Көкпар – мықтылар ойыны.

– Дода кезінде аттан құлап немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Сондықтан кез келген біз қа­тарлы жастар көкпаршы болуға құлшына қоймайды. Оны өз ортамыздан да білеміз. Өйт­кені, додаға түсу үшін алдымен жарамды ат, екіншіден, жүректілік керек. Ал шеберлік бірте-бірте шыңдалады. Қазір бар күшімді осы спортқа салып жатырмын, – дейді Бекжан.

Қош. Елішілік жарыстарды айтпағанда, елде Азия ашық біріншілігі өтіп тұрады. Бұл осы айтулы өнер өрісінің кеңейгенін аңдатса керек. Қазір  көкпар бәсекесіне төрткүл дүние көз тігіп отыр. Бағзы заманнан бері батыр бабалардан мирас болған асыл өнер бүгінде дамып жатыр. Көкпардың ер-тұрманы реттеліп, екі тізгін, бір шылбыры шын жанашыр азаматтардың қолына берілді. 

Атадан аманат болған ойынды насихаттап жаңғыртып, ұрпаққа мирас ету бәрімізге  парыз. Көкпарды өз деңгейінде насихаттай алсақ, қазіргідей адам естісе шошитын жігіттердің қатары азаяр еді. Сонымен бірге серкені тақыммен емес, тіл мен сөздің тартысына айналдырып, еншілеп алғысы келетіндер бар екендігі жанымызға батады.  Қазір мал-жаны араласып көрші отырған аудан, ауыл тұрғындары айлап көкпар шабады. Қуантарлығы да – осы. Демек, жер бетінде қазақ барда ұлттық ойындар ұмытылмайды.

Көкен АҚТАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: