Сейсенбі, 19 наурыз, 08:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22(2032)
16.03.2024
PDF мұрағаты

Жайық жағасындағы жайлы мекен

26.01.2021

2618 0

Жайық өзені ағысының оң жақ бойында орналасқан Қазақстанның Батыс облысының орталығы – Орал қаласы. Сұлу табиғатқа, терең тарихқа және қара алтынға бай бұл өлке. Талай дарабоз дарынның кіндік қаны тамған құтты мекеннің ерекшелігі де аз емес. Сонымен жасыл желек пен көкжайлауы көздің жауын алатын бұл өңір несімен ерекше?

Біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылы құрылған

Шежіресі тарихтың тұңғиығына кететін бұл аймақты біздің заманымызға дейін бір мыңжылдықта савроматтар мен сарматтар мекендеген. Қаланың алғашқы пайда болу кезеңі Орал өзенінің бойында сармат-алан мен оғыз-пешенег тайпаларының мекендеуімен байланыстырылады.

14-15 ғасырдағы феодалдық қатынастардың әрекетінен аймаққа қашқын шаруалар келіп, қала құрыла бастайды. Алғашында «Яицкий городок» деп аталған мекен шамамен 1613 жылдары патшайым Екатеринаның бұйрығымен «Орал» деп аталады. Кейін бұл өңірде Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі, Сырым Датұлының көтерілісі басталды. Көтерілістер мен азаматтық соғыстардың әсерінен патша үкіметі құлап, кеңес үкіметінің кезегі келген тұста да бұл мекеннің даласы қанға боялған еді. «Барлық адамды бірдей бақытты қыламыз» деп жалған ұрандатқан Қазан төңкерісі миллиондаған адамның өмірін қиды.

Ал 1932 жылы Батыс Қазақстан облысы құрылып, орталығы Орал қаласы болып бекітілді. Ұлы Отан Соғысы кезінде де Сталинград майданының ең жақын тыл болып саналды. Сондықтан қалада орталық аймақтан келген 14 қорғаныс кәсіпорны мен 20 госпиталь орналасты. Орталық қаладан майданға аттанған сарбаздар қатары да аз болған жоқ. Оның ішінде екі мәрте Совет Одағының Батыры атағын иемденген Орал әуе клубының түлегі Леонид Беда бар. Онымен қоса, қазақтың қос батыр аруының бірі Мәншүк Мәметова да осы өңірдегі Бөкей орда ауданында дүниеге келген.

Бүгінде Қазақстанның ең көне қалаларының бірі болып саналатын Оралда осындай тарихи мұраларды сақтап қалу үшін атқарылып жатқан игі іс көп. Қазан төңкерісіне дейін қазақ жеріндегі ең үлкен қалалардың бірі болып саналған Орал қаласы қазіргі таңда түрлі ұлттың рухани мекеніне айналды.

Нар тұлғалар туған жер

Жайықтың жағасында туып, талантымен талайға танылған көп. Қазақ әдебиетінде де, өнерде де, елі мен жері үшін күрескен батырлар қатарында да Оралда туып-өскендер бар.

Мәселен, қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған Қадыр Мырза Әли Батыс Қазақстанның Жымпиты ауданында туған. Ең алғаш туындысы 19 жасында-ақ «Пионер» республикалық газетінде жарияланған ақын күллі өмірін шығармашылыққа арнады. Бүгінде Қадыр ақынның құрметіне Орал қаласында ақын атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылып, ескерткіш қойылды. Орталықта Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапхана қоры мен мұражайы, 150 орындық концерт залы және Жайықтан түлеп ұшқан өзге де қаламгерлер туралы естеліктер сақталған арнайы бұрыш бар. Сонымен қатар халық жазушысының құрметіне жыл сайын туған жері Жымпиты ауданында республикалық «Қадыр оқулары» өтеді.

Қадыр орталығы

Орыстың отаршылдық саясатына қарсы шыққан батыр Махамбет Өтемісұлы Бөкей Ордадағы Жасқұс ауылында туған. Қазақ тарихында батырлық және ақындық қырымен өзіндік із қалдырған. Бүгінде батыр Исатай мен Махамбетке арналған ескерткіш Орал қаласының рухани қазынасын арттырды. Оралдағы педагогикалық институтқа 2003 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Махамбет Өтемісов аты берілді.

Қазақстанның халық әртісі, әйгілі күйші Дина Нұрпейісова облысқа қарасты Жаңақала ауданында дүниеге келген. Жастайынан қазақ күйшілерінің шығармаларын нақышына келтіріп орындап, халық арасында «домбырашы атанған. Қазір туған өлкесіндегі Саз мектебіне күйшінің аты беріліп, бүгінде дарынды шәкірттер сол мектептен түлеп ұшуда. Одан бөлек, Құрманғазы Сағырбайұлы мен оның шәкірті Дина Нұрпейісова атындағы көше қиылысында күйшілерге арнап ескерткіш қойылған.

«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп ұлтын асқар биікке шығарып, жырлаған Жұбан Молдағалиев Оралға қарасты Тайпақ ауданында дүниеге келген. Оралдағы ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, әскер қатарында жүрген кезінде соғыста болған ақын қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы атанды. Қазіргі таңда Оралда Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапхана оқырман қауымға қызмет етеді. Одан бөлек, ақынға арнап саябақ ашылып, ескерткіші орнатылған.

«Дәдем ата» туралы білесіз бе?

Батыстағы Сырым ауданында Тоғанас атты ауыл бар. Тоғанас – бұрын «Правда» газеті атындағы совхоз» атанған даңқты шаруашылық. Аты күллі Кеңес Одағына тараған шаруашылық егіншілік және мал өсірумен айналысып, кеңшарды ұзақ жыл бойы Виктор Шубин басқарған. Ол сол ауылдағы шаруашылықтың егіс алқабын кеңейту үшін зират салынған орынды тегістеп, жыртқызбақ болады.

Алайда жер жыртуға келген барлық тракторлар зираттың қасына жеткенде бұзылып қала беретін болған. Мұндайға сенбеген Виктор Шубин тылсым күшті өз көзімен көру үшін К-700 трактормен жерді жыртуға тырысады. Сонда трактордың темір шынжыры өзінен-өзі үзіліп кетіп, трактор бір орында айналып тұра берген. Сол уақыттан бастап кеңшар басшысы киелі орынды қорғауға алып, жыл сайын құрбандыққа шалуға мал беріп тұрған.

«Дәдем ата» зираты

Бұл зират Жұмағазы әулиенікі болған. Ал Шубин оның атын атауға тілі келмей «дядя» деп, кейін Дәдем ата аталып кеткен. Жұмағазы әулиенің нақты қай жылдары туғаны белгісіз, бірақ жас кезінде Түркістан қаласының Әзірет Сұлтан мешітінде еңбек етумен қатар білім алған. Жалпы халық арасында Жұмағазы хазірет туралы аңызәпсана көп, бірақ соның бәрінде оның тылсым күшке ие болғаны жайында айтылады.

Мысалы, бір аңызда Жұмағазы хазірет Түркістаннан келген соң Сырым мен Теректі аудандары аралығынан қоныс сұрай келгенде рубасылары өтінішін орындаудан бас тартқан. Сол кезде Дәдем ата бұрылып кетіп бара жатқанда арқасынан лаулап от көрінген. Содан ел ағалары «Оу, жұртым, мына адам тегін кісі болмады, киесі ұрар, өтінішін орындап, жер бермесек болмас» деп жер береді. Енді бірде Жұмағазы хазірет ерте күзде мұзы жаңа қатқан Аңқаты өзенінен арбамен оңай өтіп кетеді. Ал арбаның артынан ерген ит, күшік малтығып, суға батып кеткен екен. Енді бірде хазірет қосшы баласымен айдалада келе жатқанда арбаның белтемірі үзіліп қалады. Сонда Жұмағазы хазірет белтемірді түсіріп, дем қою арқылы жалғап, қосшы баласына көзі тірісінде ешкімге айтпауды тапсырады. Аңыз айтушылар «көктен найзағай түсіп, темірді балқытып жалғаған» деседі.

Бүгінде Жұмағазы хазіреттің зираты Қазақстанның киелі жерлері қатарында. Самара-Шымкент күре жолының бойында, Оралдан Жымпиты ауылына қарай 80 шақырым жерде әулиенің қорымы орналасқан. Жұмағазы хазіреттің тікелей ұрпағы Ғарифолла Баймұратұлы 2009 жылы «Дәдем ата» жеке қорын ашқан. Қорымның басына кесене көтерді. Оған бала кезінде әкесінің зиратқа ертіп барып, «Мынау – сенің атаң! Бірақ бұл жерден сынық ине аламын деп ойлама. Керісінше қызмет қыл» деп айтуы себеп болған.

Қазіргі таңда Хазіреттің Үбінияз деген баласынан туған Жамбоздың немересі Ғарифолла Баймұратұлы шырақшы қызметін атқаруда. Ол өз күшімен және жанашырлардың демеуімен зиярат орнында мешіт пен қонақ үй салған. Қазір сол жолдың үстімен өткен жолаушылар Дәдем атаның рухына Құран бағыштап, арнайы садақа салуға арналған жәшікке тиын тастайды. Одан бөлек киелі жерде бәле-жаладан тазару ниетімен қонатын жандар бар. Ал жиналған қаражат жетім-жесірлерге, қайырымдылыққа жұмсалады.

Бөкей Ордасы бүгінде

1801 жылы Еділ мен Жайық аралығында Бөкей Сұлтан І Павел патшадан рұқсат алып, Ішкі Қазақ Ордасына көшеді, яғни Бөкей Ордасы құрылады. Орда негізінен құмды және сазды жерде орналасып, бірде жалғыз, бірде бірлескен төмпешіктер кездескен. Кейінірек ол төмпешіктердің обалар екені анықталған.

Жәңгір хан Ішкі орданы басқарған тұста Ордаға шамамен 100-ден астам орыс зерттеушісі келіп, хан оларды жылы ілтипатпен қарсы алған. Тіпті 1842 жылы хан Жәңгірдің өтінішімен Орыс жағрапиялық қоғамының мүшесі Я.Ханыков Бөкей Орданың аумақтық картасын дайындаған. Хан Жәңгір Ордаға билік еткен тұста өзіне Хан ставкасын салу арқылы би-сұлтандар мен қара халыққа үй тұрғызу мәдениетін көрсетті. Тұрғындардың сауатын арттыру үшін кітапхана, банк қызметін атқарған қазынашылық, өрт сөндіру мен ауа райын болжайтын орталық ашылады. Сонымен қатар хан Жәңгір ауылды топырақ басудан қорғау үшін арнайы Орда орманын отырғызады. Сондай-ақ ақын Ғұмар Қараштың бастамасымен 1911 жылы «Қазақстан» газеті Ордадан басылып шықты.

Қазақ халқы тарихындағы алғашқы музей де Жәңгірдің ұйымдастыруымен өз үйінің бір бөлмесінде ашылған. Ол жерде династиялық құнды заттар, ат әбзелдері мен қару-жарақ сақталған. Нарын құмында ең алғаш қазақ-орыс мектебі ашылып, ғалым-этнограф Мұхамедсадық Бабажанов пен ғалым-зерттеуші Асан Тайманов секілді дарынды шәкірттер білім алды.

Хан ордасы

Хан Ордасы бүгінгі күннің өзінде де тарихи құндылығын жоғалтқан жоқ. Жолы түсіп келген жанды Хан Ордасында Жәңгір ханның, Мұхаммед Сауыт пен Дәулеткерей бабамыздың кесенесі күтеді. Соған сай әр келген адам бабалар басына барып зиярат етеді. Ал бұрынғы қазынашылық ғимараты – бүгінде «Бөкей ордасы тарихи музейі». Музейде мектеп, аурухана, қару-жарақ палатасы мен баспахана секілді арнайы кешендер бар. Құм көшін тоқтату үшін 1832 жылы қарағай егуді ұсынған хан Жәңгірдің арқасында қазір ол жақта «Хан тоғайы» әлі де болса өз қызметін атқарып тұр.

Яғни, батыстағы Бөкей Орда ауданы тарихтың тілсіз куәсі болған мекен. Бүгінде мыңдаған туристі жыл сайын қабылдап отырған аудан қазақ тарихындағы маңызы зор аймақ саналады.

«Қара алтынға» бай Ақсай

Орал қаласынан 132 шақырым жерде Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласы бар. 60 мың тұрғыны бар қаланың Батыс Қазақстан үшін маңызы зор. 1936 жылы Орал-Елек теміржолын салуға байланысты «Қазақстан» станциясы болып салынған. Алайда 1965 жылы қала мәртебесі беріліп, атауы Ақсай болып өзгерген. Қаланың басты құндылығы – газ бен мұнайды игеретін Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны.

«Қарашығанақ» кен орны

Ақсай қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан кен орны Қазақстандағы ірі мұнай-газ кен орны болып саналады. Кен орнында Қазақстандағы барлық газдың 45 пайызы және мұнайдың 16 пайызы бар. 2017 жылы «Карашығанақ Петролиум Оперэйтинг» компаниясы 146 миллион баррель мұнай эквивалентін өндіріп үлгерді. Қысқасы, жұмысшылар қаласы ел экономикасына елеулі үлес қосуда.

Мұнайшылар қаласына шетел мен өзге аймақтардан келіп жұмыс істейтіндер көп. Сондықтан қала инфрақұрылымы дамып, тұрғындар жағдайы мейлінше жақсы жасалған. Қалада 8 мектеп, аудандық және қалалық аурухана бар. Ал Ақсайға келген адам қаладағы Ауған соғысы ардагерлері, Жәңгір хан саябағы мен «Газовиктер» саябағында дем ала алады. Одан бөлек, өлкетану мұражайына, қалалық кітапханаға барып және мәдениет үйінде «Мұрагер» театрының қойылымын тамашалай алады. Ал уақытты қызықты өткізу үшін «Сарыарқа» бассейн кешеніне баруына, кинотеатрдан кино тамашалауына немесе қаладан 5 шақырым жердегі «Утва» өзенінің жағасында табиғат аясында демалуына болады.

Ақсай қаласы

Оралға оралғың-ақ кеп тұрады

Негізінен Орал қаласы келген қонақтарды өзінің жасыл желегі тарихтың куәгері болған ескі үйлері және Жайық өзенімен баурап алады. Қазақстан бойынша ең таза қаланың бірі болып есептелетін шаһарда жайқалып өскен ағаш көп.

Оралға келген жан тарихтан сыр шерте де, рухани азықтана да және уақытын қызықты өткізе де алады. Мысалы, тарихтың терең тұңғиығына еніп, сол уақыттан қалған естеліктерді білгісі келген жанға мұражайлар көмекке келеді. Қаладағы өлкетану музейінде туристер өңірді экономикалық, тарих пен географиялық бедерін тереңінен тани алады. Ал Мәншүк Мәметованың бұрынғы үйі, қазір мұражайға айналып, батырдың естелік заттары сақталған. Сондай-ақ Оралда А.Пушкин тұрақтап, «Капитан қызы» шығармасын жазған үй де бүгінгі таңда музейге айналған. Бұл үйде Пушкиннан бөлек Жуковский, Даль, Толстой секілді тұлғалар тұрақтаған. Емельян Пугачевтің тұрақтаған үйі де қазіргі кезде өлкетану мұражайының филиалы ретінде жасақталған. Оралда сонымен қатар суретші Сәкен Ғұмаровтың 200-ден астам еңбегі, жеке құралдары мен құжаттары сақталған мұражай бар.

Орал қаласы

Қалада «Қарашығанақ» компаниясының бастауымен 2000 жылдары Қазақ драма театры салынды. Құрылысына 10 млн доллар жұмсалған театрдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев арнайы келіп қатысқан. Бұл театр еліміз Тәуелсіздік алған кезеңде салынған алғашқы театр болып саналады. Театрдың үлкен залында 300-ге жуық орын бар. Одан басқа екі дайындық залы, көпшілік шараларды өткізуге арналған холл, декорация дайындайтын цех, құрметті қонақтарға арналған зал, балалар театры сахнасы секілді бөліктері бар. Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театрындағы қойылымдарды шығармашылық ұжымның арнайы кестесіне сәйкес тамашалай аласыз. Оралда ең көне театрдың бірі – А.Островский атындағы облыстық театр. 1859 жылы ашылған рухани нысанда жыл сайын 5-7 жаңа қойылым көрсетіледі. Театрдың қоржынында қазақ және орыс шығармалары желісінде сахналанған қойылымдар саны жыл айын арта түсуде.

Өңірдің көркем табиғатын тамашалап, демалу үшін Киров атындағы саябаққа баруға болады. Саябаққа кірер тұста Атоян атындағы «Ақжайық» футбол клубының стадионы көзге түседі. 1840 жылы негізі қаланған саябақтың өзі емен ағаштарының жасыл желегімен, сылдырлай аққан Шаған өзенімен көздің жауын алады. Киров саябағында фудкорттар, түрлі аттракцион, биік сырғанақтар және шомылуға арналған жағалау күтеді. Сондай-ақ Шаған өзенінің арғы жағында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асатын жол салынған тоғайға бару үшін арнайы өткел бар.

Жайық өзені

Жазғы уақытта арнайы жасалған «Карьер» жағажайына барып, Жайық өзеніне шомылуға болады. Ол жерде әр жаздың кешінде би алаңы ұйымдастырылып, келген қонақтармен қызықты ойын-сауық кештері өтеді. Ал бірнеше күнге келген адамдар жағажайдағы арнайы үйлерді жалға алып, судың жағасында тұрақтауына болады.

Қыс мезгілінде Орал өңірі қалың қардың құрсауына енеді. Мұндай уақытта барлық қызық қаланың шетіндегі «турбазада». Ол жерде биіктігі 2-3 метрлік үлкен, орташа және кіші сырғанақтар бар. Сонымен қатар коньки тебу арқылы да мұндағы уақытты қызықты өткізуге болады. Жылыну үшін арнайы от жанып тұратын аймаққа барып ыстық шай ішуге болады. Сондай-ақ Оралда шопинг жасауға, кино көру немесе балалардың уақытын қызықты өткізу үшін «City Center» ойынсауық орталығы бар. Орталықта брендтік киімдер сататын бутиктер, кинотеатр және балалар ойын алаңы бар.

Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театры

Оралдағы кеме зауыты

Іргетасы 1941 жылы қаланған «Зенит» Орал зауыты» алғашында Ленинградтан эвакуацияланған «Двигатель» зауыты базасында жасақталған. Басты қызметі соғыс кезінде арнайы әскери-теңіз қаруын жасақтау болып, Қазақстан өндіріс орындары ішінде жалғыз І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған зауыт болды.

«Зенит» зауыты

Қазіргі таңда зауыттың аумағы 21 гектарды құраса, ауданы шамамен 74 шаршы метр болады. Зауытта қорғаныс мақсатында кеме мен қайықтар жасалып, оларға техникалық бақылау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ қорғаныс ұйымдарының техникаларын қайта жасақтау және жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мұнда көбіне 100 «Сұңқар», 0200 «Бүркіт», «ҒС-19», 0210 «Айбар» катерлері және 0300 «Барыс», 250 «Барыс-МО» жоба аясындағы кемелер жасалып шығарылады. Жаңартуда кейін зауыт 500 тоннаға дейінгі кемелер жасайтын деңгейге жетті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: