Жұма, 11 қазан, 19:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Сүндет – мұсылмандық міндет

01.08.2023

1096 0

          Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өзінің тарихын, мәдениетін, санадан өше бастаған рухани мұраларын жан-жақты зерттеп және терең тануға ұмтылып келеді. Зайырлылық бағытты таңдаған мемлекетімізде ұлтымыздың санасын, ұлттық құндылықтарын өркениетті тұрғыдан зерделеу өте маңызды. Біздің қазақ халқы рухани мәдениеті жағынан әлемдегі ең бай халықтың бірі деп айтуға толық хақымыз бар. Солардың бірі баланы сүндетке отырғызу дәстүрі. Бұдан бөлек; құрсақ той, шілдехана, қырқынан шығару, азан шақырып ат қою, тұсау кесер, неке қию, жарамазан айту, сүйінші сұрау, байғазы беру, көрімдік беру, ерулік беру, бата беру, қонақкәде, қолға су құю, асату, баланың аузына түкірту, асар жасау, жылу жинау, шашу, ат тергеу, араша түсу, аунату, жеті шелпек тарату, базарлық әкелу, жолаяқ жасау, беташар, қыз ұзату, арқан тарту, құда түсу, киіт беру, көгентүп атау, бастаңғы жасау, босаға майлау, қазан шегелеу,көрісу, қалау айту, сүйек жаңғырту т.б. мыңнан астам керемет бай дәстүрлеріміз бар.

          «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтпақшы жылдағыдай жасы келген баланы жаңа өмірге қадам бастыратын сүндетке отырғызу науқаны басталды. Бұл ықылым замандардан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр десек те болады. Тіпті әлемнің көптеген өркениетті елдері де осы сүндетке отырғызудың пайдасы зор екеніне көз жеткізіп, өмір салтына енгізуді ұсынып отыр. Алдымен сүндетке отырғызу деген не? Оның адам өміріндегі маңызы қандай? Осыған қысқаша біршолу жасап өтсек …     

          «Сүндеттеу, Сүндет (араб.: ختان‎ — сұннат) — медицина ғылымында «циркумцизия» (лат.Circumcisio — дөңгелетекесу) депаталады.

Cүндет ғұрпы

          Сүндет – ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Сүндет әуел баста араб халқының әдет-ғұрпы болатын. Ол Құранда баяндалмағанымен, көне араб поэзиясы мен хадистерде айтылған. Сүндет Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие болды. Меккеде ер балалар 3 – 7 жастарында сүндетке отырғызылды. Бұл ғұрып “таһар” деп аталады. Сүндетке отырғызылатын баланың құрметіне арналып той-думан жасалып, балаға ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендетеді. Мысырда ұл баланы 5-6 жасында сүндеттейді. Қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, құран оқытылады.»

Сүндеттелудің қандай пайдасы бар?

          «Жүргізілген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің мынадай нақты пайдасы барын дәлелдеді:

• Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады;

• Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншағының қатерлі ісікке шалдығу қаупі алты есе жоғары.

• Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары;

          Ғалымдар «қара» құрлықтан кейбір нақты мысалдар келтіреді. Мәселен, Кения мен Замбияда ұл балалардың 10-30 пайызы ғана сүндетке отырғызылады. Ал ВИЧ инфекцияларын тасымалдаушылар саны олардың халқының төрттен бірін құрайды. Ал сол Африканың әр баланы сүндетке отырғызатын Камерун, Бенин сияқты өзге елдердегі АҚТҚ (ВИЧ) ауруының таралуы алты пайыздан артпайды.»(Muftiat.kz)

Баланы қаншажаста сүндетке отырғызған дұрыс?

          Сонымен қатар «сүндеттеу уақытын белгілеу» адамдардың өз ықтиярына тапсырылады деген пікірлер де жоқ емес. Бастысы бала сүндеттеуді көтере алу керек. Қазақ халқында баласы бес, жеті не тоғызжасқа толған шағында оны сүндеттеуді өзіне міндет санаған. Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір игі дәстүрін бүгінгі дамыған медицина да қуаттап, баланың он жасқа жетпей сүндеттелінуі пайдалы екенін алға тартады. Сондықтан сүндетке отырғызу уақытын әрбір отбасы жергілікті аймақ пен елдің өзіндік әдет-ғұрыптарына байланысты белгілеген дұрыс.

          БҚО бойынша пәтуаға жауапты маман Әсет Раманкуловтың айтуынша, мұсылман қауымы, оның ішінде қазақ халқы тақсандарды киелі деп есептегендіктен көбіне бала 3, 5, 7 жасқа келгенде сүндетке отырғызған. Жалпы мұсылман діні 7 жасқа дейін сүндеттегенді құптайды.

Баланы сүндетке отырғызуға дайындау

          Баланы сүндетке отырғызбас бұрын ата-анасы немесе ата-әжесі психологиялық жағынан алдын ала дайындайды. «Балам сені жақында сүндетке отырғызамыз, сен сол кезде нағыз жігіт боласың, үлкен азамат болып, Отаныңды қорғайсың» деп, жігерлендіреді. Ес жиып, етекжия бастаған сонау бала күнімізде үйге үлкен кісілер келсе «Әй балам кәне насыбайыңды көрсет, әпчууу» деп түшкіретін әдет бар еді. Бұның астарына тереңірек үңілсек, ол да баланы сүндеттеуге үрпісін жұмсартып алдын ала дайындаудың белгісі екен. Бұл да өз кезегінде бабаларымыздың Ұлы Дала философиясын, жаратылыстың құпиясын, өмірдің сырын жетік білгендігін көрсетсе керек.

          Баяғыда баланы молдалар сүндеттеген. Ал, қазір ғылым, өркениет дамыған заманда медициналық жолмен сүндеттейді. Себебі бұл баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Сүндет той

          «Сүндет той, мұсылманға міндет той» деген сөз бар қазақта. Сүндеттеу берік орнаған салтымыз болса да, сүндет той жасау міндет емес. Мұны «міндет» деп түсініп, жағдайы келмесе де қарызға батып, сүндет той жасайтындар да бар. Этнограф Досымбек Қатранның айтуынша, қазақ халқы сүндеттойды дүбірлетіп тойламаған. Ондай салт араб елдерінде болған. Оны тарихи деректер де растайды. «Мысалы, Мысырға барған Бейбарыс сұлтан уәзірлері мен сарбаздарының балаларын бір күнде сүндетке отырғызып, ұлан-асыр той жасаған дейді. Ол XIII ғасырда болған. Әрине, баланың мұсылмандық парызын орындап жатқаны – үлкен қуаныш. Дегенмен, соншалықты дүркіретіп өткізген даңғазалық, мақтаншақтық деп есептеймін», – деді Қатран. Маманның сөзінше, сүндет той – жақын ағайынның ішінде атқарылатын шаруа. Бір атаның балалары арасында атап өтсе де болады. Оны атқа мінгізу салтымен қоса өткізеді. «Біздің салтымызда ол «жарты мүшел» болып саналады. Сондықтан баланың жеті жасында атқа қонып, шаруағаараласқанынқосаатапөтетін. Сүндет той мен атқа мінгізудің қатар жүретіні де сол. Атам қазақ екеуін үндестіре білген ғой. Яғни, 7 жасқа дейін бала ойын баласы, одан кейін үйдің шаруасына араласқан. Ал жаңағыдай дабырлатып тойлау қазақта болған жоқ. Енді, үлкен той жасау түріктерде, күрдтер де, кавказдықтар да болған. Ондайда баланы көлікке отырғызып, сүндет тойын дүбірлетіп өткізген», – деп түсіндірді ол. (Nur.kz сайты)

          Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, біз іргесі берік ел болуымыз үшін ғасырлар бойы қалыптасқан төл дүниетанымыңыз арқылы ғана қол жеткізе аласыз. Осы арқылы әр адам өзінің кім екендігін, әр халық өзінің мәдени өзегінің қандай екенін әлемге паш етеді. Өзін өзі таныған халық өзін өзгеге мойындата алады. Өзіне деген сенім де осы дүние таным негізінде күшейеді. Өзін мойындатқан тұлға мен өзін танытқан халықтың мерейі қашан да үстем. Осы түйсіктің негізінде қазақ даласында да белгілі бір дәстүрлер мен ережелер желісі қалыптасып, тамыр жайғаны анық. Олай болса сол ата – бабадан бүгінге дейін там-тұмдап жеткен ата-дәстүр, әдет-ғұрпымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа насихаттап, келер ұрпаққа аманаттап тапсырайық, құрметті ағайын!

Бақтияр Оспанов

Қызылорда облыстық

«Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог-ғалымы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: