Бейсенбі, 02 мамыр, 23:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ағза трансплантациясы: қос тағдыр ізімен

12.02.2024

217 0

Ағза трансплантациясының ең күрделі кезеңі тек хирургиялық ота емес, науқас үшін лайықты донор табу да машақат. «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығы дерегіне сүйенсек, жыл сайын 300-ден астам қазақстандық донор тапшылығынан көз жұмады екен. Өкініштісі, әрбірі соңына дейін үміт үзбей, қайырымды жанның қолдауын күтеді. Қай күні қуанышты жаңалық естимін деп ұялы телефонға телміріп, қоғамдық қор жағалағаны қаншама! Тіпті хабар күтуден жалығып, қалыпты өмірін жалғастыру үшін тағдырын тәуекелге байлаған жан да жетерлік.

Осындай алуан сезім жетегінде күн кешкеннің бірі – қызылордалық Оразбек Әбдімәжит пен астаналық Жәнібек Оспанов. Бүгін қос кейіпкердің тағыры, өмірлік ұстанымы, медициналық диагнозын тарқату арқылы елдегі трансплантация жүйесін тарқатуды жөн көрдік. Себебі Жәнібек Қазақстандағы алғаш жүрек трансплантациясы жасалған науқас болса, Оразбек аймақтағы донор күткен жастың бірі. Сондықтан екі тарих, екі кезең сала дамуының жай-күйі мен мәселесін саралауға мүмкіндік бермек.

«Көмек сұрамаймын»

Оразбек созылмалы бүйрек ауыруымен ауырады. Бала кезде жабысқан індет есейгенде ес жыйдырмаған. Қазір де халі жақсы емес. Әр 4 сағат сайын дәрі ішіп, тұрақты бақылауда болуы шарт. Күнде қайталанатын күнделікті ем қажытқаны былай тұрсын, керекті дәрі-дәрмектің өзі көк шығын. Міне, осының бәрі Оразбекті сан ойға жетелейді. Небары 23 жастағы жалынды шағында тағдыр сынағын өткеру, әр таңды үмітпен атыру кімге жеңіл болсын, Содан-ау, іштей білдірмесе де әр сөзінен үміт пен күмән сезілетіндей. Бізге берген пікірінде жас жігіт емес, ақыл тоқтатқан азаматтың ойын айтып, асқақ ұстанымын аялай жеткізді. Мүмкін, өмір есейткен болар…

– 2001 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Отбасымда анам және екі бауырым бар. Әрбірі қолдау білдіріп, дертіме дауа табуға бар күш-жігерін салып келеді. Олардың демеуі, ұмтылысы шабыт сыйлап, алға мақсат қоюға септесуде. Себебі анам да созылмалы бүйрек дертіне шалдыққан. Солай бола тұра бар мүмкіндікті алдымен менің пайдаланғанымды қалайды, ем-домның тұрақты жүргізілуін қадағалайды, – дейді Оразбек.

Дәрігерлер Оразбекке бүйрек ауыстыру қажетін айтқанымен, әзірге лайықты донор кезікпегені қиынға соғып тұр. Оған қоса елдегі донор жетіспеушілі де қолбайлау. Мысалы, 2022 жылы 3000 адамға ағза керек болса, өткен жылы 4000 адам трансплантацияға мұқтаж болған. «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығының дерегіне сенсек, күту парағында кезекте тұрған 3916 науқастың 110-ы бала. Оларға жүрек, бауыр, өкпе және бүйрек керек екен. Оразбектің де тағдыры осы мәндес. Кезек бар, алайда донор жоқ. Көмегі болар деген ниетпен қоғамдық қорларға дерегін қалдырып, қайдан көмек келерін күтуде.

Алайда өзге науқастардың психологиясындай емес, қызылордалық жастың рухы биік. Колледжді дәнекерлеуші мамандығы бойынша бітіргенімен, ән салуды жаны сүйіп, Алматыны бағындыруға бе буады. Бүгінде шығармашылығын дамытып, бірнеше әннің авторына айналған. Айтуынша, дертпен күресуге өнердің де ықпалы болыпты. Көзқарас, ұстаным, қоғаммен қарым-қатынасты жүйелеуге әннің септігі тигенге ұқсайды.

– Қазір ән жазу үстіндемін. Алматыға келгендегі мақсатым да сол еді. Ауырдым деп жата беру жарамайтынын ерте түсінгендіктен, ән айту мен табыс табуды қатар алып жүруге тырыстым. Мамандық бойынша жұмыс істемесем де табысы тәуір жұмыстан қашқан емеспін. Шығрмашылығыма мүмкіндікті, ем-домыма қажетті қаржыны өз күшіммен табуға барымды саламын. Білемін, телеарна мен әлеуметтік желде жайымды айтсам, көмек беруге ұмтылатын азамат көп-ақ. Алайда мен ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Тек дертіме дауа табылып, донор кезіксе екен, – дейді кейіпкер.

2024 жылдың 10 қаңтардағы есебі бойынша Қазақстанда 3961 адам донорға мұқтаж. Оның 3613-не бүйрек қажет. Ал 174 ересек пен 10 балаға бауыр доноры табылмай жатыр. 145 адам жүрек үшін кезекте тұр. Оның 7-еуі – балалар.

«Өмірге қайта келдім»

Екінші кейіпкеріміз Жәнібек Оспанов – қайтыс болған адамның жүрегін алған алғашқы қазақстандық. Ағза трансплантациясының дамуының куәсі әрі саланың алға жылжуына септесуші қатарында. Жуырда Жәнібекке хабарласып, тағдыршешті қадамның қалай жүзеге асқанын білген едік.

«Бала кезімде жиі тамағы ауырып, ангина болған. Өсе келе асқынып, артрит, полиартрит, ревматоидты артритке ұласып, ақырында жүрекке әсер етіп тынды. Түрлі ем жасалды, ешбірі септеспеді. Дерттің жалғыз емі жүректі ауыстыру еді. Ұзақ жүріп, соңында, яғни 2008 жылы жансақтау бөліміне түстім. Төрт жыл бойы өмірімді ұзарту үшін бар күшімді салдым. Бірақ ауру асқына берді. Трансплантация қажет болды. Мен бұл туралы бәрін зерттеп, отаны шетелде жасату үшін қомақты қаржы керек екенін ұқтым. Аурудан тұрақ жұмыс істей алмай, күзетші болған кезім де өтті», – дейді ол.

Үміт алдамайды емес пе! 2012 жылы Жәнібектің өміріндегі маңызды сәт туды. Сол жылы кезекті рет кардиохирургия орталығында отаға түскен шақта жақын маңдағы клиникада бір адам жан тапсырғаны туралы хабар келеді. Ол адам – 49 жастағы Галина Воротникова еді. Таңқаларлығы, марқұмның басқа ағзасы сау, миы қызметін тоқтатыпған көрінеді. Ұрымтал тұсты пайдаланған дәрігерлер марқұмның жүрегін Жәнібекке салу туралы шешім қабылдайды. Бұл Оспановтың өмірінде ғана емес, Қазақстан медицинасындағы тұңғыш мәйіттік жүрек доноры болатын. Сондықтан тарихи сәтті дәрігерлер де қобалжи күтті.

Он шақты жыл өтсе де маңызды кезеңнің әр сәті кейіпкер жадында екен. Жәнібек марқұмның жүрегін алуға туыстарының қалай рұқсат бергенін, бұл жаңалық елдегі мәйіттік донорлықтың жаңа деңгейіне шығуна қалай әсер еткенін әсерлі жеткізді.

«Бұрынғы сұхбаттарымда айтқанымдай, донор болу әрі адам өмірін арашалау ерлікпен тең. Себебі деркезінде шешім қабыладау кімге болсын оңай емес. Мысалы, маған анасы Галина Воротникованың жүрегін донорлыққа пайдалануға ұлы келісім берген. Оның есімі Игорь. Оның шешімі менің өмірімді сақтап ғана қалмай, Қазақстанда алғаш рет жүрек трансплантацияын жасауға жол ашты. Көп адам дүние салған соң ағзасын донор ретінде пайдалануға келісім беріп, үлкен өзгеріс орын алды. Мен де өмірге қайта келдім», – дейді Жәнібек.

Бүгінде кейіпкеріміздің денсаулығы қалыпты. Тұрақты өмір қалпына қосылған. Айтулы оқиғадан кейін өмірге көзқарасы, мақсаты өзгеріп, қоғамдық іске араласуға кіріскен. Айналасына жақсылық сыйлауға талпынып, тағдырлас жандарға көмек қолын созумен айналысуда. Спортпен айналысып, қажетсіз күйзелістен аулақ жүруге тырсады. Мұның барлығы «жаңа жүрек» жақсы ұстаудың жолы екенін жеткізді.

Өлім өмір сыйласа…

Жәнібектің тарихынан соң Қазақстандағы мәйіттік донор саласын тарқату жөн секілді. Аталған мәселе қаншама тағдырды түрлі арнаға бұруда. Себебі бұрын дүние салған адамның ағзанын тек келісім күтіп, туыстарының бірауыздан мақұлдауын тосу арқылы алатын. Мұндай ұзақ процесс ағза жарамдығына әсер етіп, науқастың жаңа ағзаны қабылдау ықтималдығын түсіруші еді. Оған рұқсат беруден бас тартатын туыс пен діни ұстаным ықпалын қосыңыз. Міне, сондықтан соңғы жыл үрдіс өзгерді. Енді алдын ала мәйітік донор болуға келісім беру жүйесі жетілуде.

Мысалы, алғаш трансплантация жасалған 2012 жылдан бері 110 адам ғана өмірден өткесін донор болуға келісім берген. Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау секторының жетекшісі Мэлс Асықбаевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметіне сенсек, қазіргі таңда Қазақстанда трансплантацияның барлығы тірі донордан алынады. 95 пайызы тірі донордан туыстық трансплантация жасалады. Ал мәйттік трансплантация кенже қалған. оған дәлел

«Еуропа мемлекеттерімен салыстыратын болсақ, оларда 95 пайыз мәйіттік трансплонтация жасалынады. Ал, біздің елде керісінше. 99-98 пайыз туыстық трансплантация. Қазіргі заңнама бойынша науқас донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндетті. 90 пайыз жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады», – дейді Мэлс Асықбаев.

Мамандар донор табылған күннің өзінде оны кез-келген адамға салуға болмайтынын айтады. Реципиентпен генетикалық байланысы, тіндік және қан тобы бойынша сәйкес келетін пациент таңдалады. Яғни, күту парағындағы кезек бір сәтте өзгеруі мүмкін. Мәселен, мәйіттердің 30 пайызы ғана донор болуға жарайтын көрінеді. Мамандар бұған өмір сүру салты, денсаулық жағдайы, өлім себебі секілді факторлар ықпал етеді деген пікірде.

Трансплантациядағы олқылықты шешуге тек мәйіт донорлығы аздықө етеді. Яғнми, бүгінгі заңнама бойынша науқас донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндеттелген. Өкініштісі де сол, 90 пайыз жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады екен. Міне, осы себептен Денсаулық сақтау министрлігі ағза алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынуда. Министрлік ұсынған өзгеріс қолдау тапса, марқұм көзі тірісінде үзілді-кесілді қарсы болмаған жағдайда келісті деп саналып, қайтыс болған соң ішкі органдары автоматты түрде алынуы мүмкін.

Әрине, бұған қоғам таласы бар, пікір қайшылығы көп. Дегенмен адам өмірін сақтауда заман көшінен қалмау қажет-ақ. Оған қоса қаласын-қаламасын, «қара нарықта» ағза саудасы қызып тұр. Жыл сайын құрықталса да қаржының көзіне дәніккен қылмыскерлер толастар емес. Сондықтан сарапшылар пікірінше, науқасқа қажетті орган тек мәйіттен алынса, сау адамға донор болу қажеттілігі туындамайды.

Әлемдік тәжірибе дегеннен шығады. көптеген елде ағза донорлығы жолға қойылған. Еуропада мәйіттік донорға сұранатындар саны да ауқымды. Бұл біржағы ізгі қадам саналса, екінші тұсы демократияның бір көрінісіне айналды. Қазақстан да 2020 жылдан бастап «eGov.kz» порталы алғашқы қадамды бастағанын білеміз. Азаматтардың портал арқылы донорлыққа келісім қалдыру мүмкіндігі бар. Бұл қызмет туралы хабарланғанымен қазақстандықтардың аса бір құлқы жоқ. Діни ұстаным, адами қорқыныш секілді ішкі-сыртқы факторлардың шешім қабылдауға кедергі болғанын анық. Оған 3 жыл ішінде төрт мың адамның ғана келісім бергені сөзімізге дәлел.

«Денсаулық сақтау министрлігі кез келген азамат электрондық үкімет арқылы өз еркін білдіре алатын электрондық тіркелім бар. Бүгінде 40 мың қазақстандық өз ұстанымын білдірген, оның 15% -ы келісті.

Қайтыс болған бір адамның ағзасы 7 жанның өмірін құтқаруы мүмкін. Мәселен жақында 2 адамның мәйіттік донорлығы арқылы 9 науқасқа операция жасалды. Елде 18-ге толған, дені сау, кез-келген азамат донор бола алады. Ол үшін «Egov» порталы арқылы электронды түрде немесе емханаға барып келісімін береді немесе бас тартады», – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният..

Елде де ем бар

Бұрын шетелге сарылып, мұхит асып, ағза ауыстыру отасын сыртта жасататындар көп еді. Әсіресе, бағасы қалтаға қонысды болғандықтан Беларусь елінен аяқ арылмайтын. Арзан болғанда, әрине, салыстырмалы түрде. Мысалы, бұл мемлекетте бауыр ауыстыру отасының құны 170 мың доллор болса, Кореяда – 380 мың доллар, Германияда – 320 мың долларды құрайды. Амал жоқ, халық қаржыны өзге елде қалдыратын.

Міне, осы олқылықты жою үшін мемлекет түрлі бағдарлама әзірлеп, мамандарды шетелде оқыту, тәжірибе алмасу ісі жолға қойды. Барлық құрал-жабдықпен жасақталған клиникалық орталықтар құрылды. Нәтижесін де көріп жүрміз. Мәселен, өткен жылы Қызылордада алғаш рет бүйрек трансплантациясы жасалды. Оған А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығынан білікті маман Болатбек Бимендіұлы арнайы қатысқан болатын. Бұл Сыр медицинасы тарихындағы айтулы датаға айналған еді.

Қазақстанда мәттік донор мәселесі болғанымен, жалпы донорлық мәдениет жоғары деңгейде. Оның ішінде туыстық, тірі, қан мен тірі адам донорлығын жатқызуға болады. 

«Елімізде ағза трансплантациясы толықтай ақысыз негізде жасалады. Сонымен қатар операциядан кейінгі емге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі тегін беріледі. Заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтылған Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы 7 трансплантация орталығы жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безі және көздің мөлдір қабаты трансплантациясын жасай алдады. Ендігі қалғаны, халықтың мәйіттік донорға деген көзқарасының бір арнаға түсуі», – дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау секторының жетекшісі Мэлс Асықбаев.

«Өмір тынысы»: Үміт сәулесі

Кейіпкеріміз Жәнібек пен Оразбекті байланыстыратын тек ауру тарихы емес. Одан да ізгі, үміт шырағына айналған бірлестік – «Өмір тынысы». Донордың арқасында өмір сүруге тағы бір мәрте мүмкіндік алған Жәнібек көп өтпей, «Өмір тынысы» трансплантация жасалған науқастар қоғамдық бірлестігін құрған. Бірлестік ағзаға мұқтаж науқастардың тізімін жасақтап, донор табуға жәрдемдесумен айналысады. Оған қоса психологиялық қолдау да қалыс емес.

Қызылордалық Оразбек Әбдімәжит 2022 жылы Жәнібек Оспановпен кездесіп, бірлестік құрамына енген. Тізімге қосылып, ерікті донорды күтуде. Жәнібек сырбойылық жасқа тағдырын баяндап, үміт үзбеу, жақсылыққа сену қажетін насихаттап келеді. Тіпті, байланыс орнатып, тұрақты хабар алмасуды дәстүрге айналдырған.

«Ағза донорлығына қатысты көзқарасымызды өзгерту керек, елде тапшылық бар. Себебі мұқтаж адам біздің бауырымыз, жақынымыз болуы мүмкін. Туысымыз болмаса да, олар – біздің көршіміз, отандасымыз, еліміздің азаматы. Біз рұқсатымызбен оларды аман алып қала аламыз. Былайша ол ағза бәрібір жердің астында шіріп кетеді. Ал рұқсат берсеңіз, жеті адамды құтқаруға болар еді.

Ағза доноры мәселесін көбірек айтып, халықты ақпараттандыруымыз керек. Әсіресе, БАҚ-та жиі айтылғаны жөн деп санаймын. Дін бойынша да, этика бойынша да оның қате емес екені айтылған еді, соны көбірек насихаттаған абзал. Одан бөлек ағза доноры болуға келіскендерге жеңілдіктер, ынталандыру шаралары жасалуға тиіс деп санаймын, – дейді Жәнібек Оспанов.

P.S. Қазіргі таңда 2 мыңнан аса қазақстандықтың ағзасы ауыстырылған. Осы аралықта трансплантология саласында ауқымды ізденіс, тың талпыныс орын алған сөзсіз. Ендігі кезек донорлық органдар тапшылығын жою міндеті. Кеше мен бүгіннің тарихына айналған қос кейіпкер тағдыры салада оң өзгеріс бар екеніне сендірсе деп тілейік…

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: