Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлытау ұлыларға болған мекен, Жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

04.05.2022

1715 0

Сарыарқаның төрі, қазақ сахарасының кіндігі, ұлан байтақ ұлы даламыздың дәл орталығында орналасқан Ұлытау – алаш баласы үшін ежелден қастерлі мекен.

Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл баба жатқан жер тарихының тереңдігімен талайды өзіне еліктіреді. Ұзын ырғағы 200 шақырымға созылып жатқан Ұлытаудың өзі қатпар-қатпар бедерлі бейнесімен, бірінен-бірі биік сілемді тауларымен дараланып тұр.

Бұл өңірді айнала ағып жатқан Кеңгір, Сары кеңгір, Қара кеңгір, Жыланшық, Бұланты, Білеуті, Сарысу секілді басқа да өзендері аймақты суландырып, ажарына ажар қосқан.

Басқасын айтпағанның өзінде Ұлытауда Әулиетау, Едіге тауы, Алтын шоқы, Хан ордасы деп аталатын тарихи орындар бар. Оның үстіне Жошының өлімін Шыңғысханға естіртетін «Ақсақ құлан» күйі осы жерде дүниеге келген. Бұл күйді шығарған Шыңғыс ханның атақты қолбасшысы, Шам елін ширек ғасыр басқарған даңқты әмір, ел есінде ақындығымен, күйшілігімен сақталған сайыпқыран баһадүр, таутұлғалы Кетбұға батыр еді. Осыншама тарихи орындардың дақпыртын естіген жұрт бұл аймаққа бір келмей кетпейді екен. Көптен бері осы мекенді аралауға бір құмартып жүр едік. Соның орайы енді келді. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев бас болып, облыстық, қалалық, аудандық газеттегі қаламгерлер сәуір айының соңғы күні мен мамыр айының басында Ұлы даланың Ұлытауына сапар шекті. Ұлытау сапарына шыққандардың қатарында біз де бар едік.

Сен қайдасың, Жезқазған?

Қызылорда мен Жезқазғанның ара­сы 430 шақырымды құрайды. Екі аймақтың арасы тым қашық болмаса да жолдың нашар екені көпке аян. Осы 430 шақырымның бар болғаны 100 ша­қырымы ғана асфальтпен көмкерілген шығар. Оның өзі тас жол деп айтуға келмейтін, зеңбірекпен атқылағандай әр жері ойылып, опырылып қалған. Көлігіңді байқап айдамасаң қапелімде аударылып қалуың да ғажап емес. Қалған жолдың бәрі май топырақ. Шаңғытып отырып «зулайсың». Зулай алмасаң тасбақаның жүрісіндей жылдамдықпен аяңдап бағасың. «Жол азабын жүрген білер» деген сөздің қаншалықты дөп айтылғанын осы арамен жүргендер түсінетін шығар.

Сонымен борпылдақ жолмен селкіл­деп келеміз. Жолы нашар болса да табиғаты керемет екен. Жолдың қос қапталы бейнебір жайылған кілем іспетті. Көзіңді қызықтыра құлпырған қызғалдақ пен сарғалдақ, жайқала өскен жауқазын еріксіз баурап барады. Бәрінен бұрын ерекше жұпарымен тынысыңды ашатын хош иісті жусанын айтсаңшы… Жусанмен жағаласа өскен түйежапырақ та қаулап тұр. Тұмса табиғаттың осындай кереметін тамашалап келе жатқанда алыстан биік мұнаралар көрінді. Бұл жезді өлкенің, мысты өңірдің зауыты еді. 

Хош, бірді айтып, біріне кетіп қайте­міз. Қызылордадан Жезқазғанға дейінгі табиғаттың әсемдігіне тамса­нып боламын дегенше 8 сағаттан астам уақыт кетіпті. Бір ақауы жоқ, бұзылмай, тоқтаусыз жүріп келген микроавтобустың өзі 430 шақырымға 8 сағат жіберіпті. Осыдан-ақ екі арадағы жол қаншалықты азапты, қиын әрі ауыр екенін бағамдай беріңіз. Айтпақшы, межелеген жолдың дәл орта тұсына келгенде біз мінген көлікті біреулер тоқтатып: «Мына жол қашан бітеді?» деп сұрады. Облыстық газеттегі әріптес інім Ержан Қожастың да: «Жезқазған көшіп кеткен жоқ па?» дегені бар әзіл-шынын араластырып. Осы сәтте микроавтобустың ішкі беткейіндегі ай­надан көлікті тізгіндеген Зейнулланың жанарына зер салдым. Ол да «Сен қайдасың, Жезқазған?» дегендей кейіп танытып келе жатқандай көрінді маған.

Тарихи мекеннің тамыры тереңде

Бізді Жезқазған қаласынан Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің бұрынғы директоры Бауыржан Жанбауұлы Бірманов күтіп алды. Амандық-сау­лықтан соң Жошы хан кесенесіне қарай бет түзедік.

– Мен Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетін 9 жыл басқардым. Ұлытау өңірінің қойнауы толған тарих. Бұл жерде Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл секілді тарихи тұлғалар жатыр. Қалмақ­қырылған деген де жер атауы бар мұн­да. Бұлантыдағы шайқастан соң ол жер­ді Қалмаққырылған атаған, – деді жол­басшысымыз Бауыржан Жанбауұлы. 

Баукеңнің сөзінен кейін Бұланты шайқасы жайлы білетіндерімді ой елегі­нен өткізе бастадым. Биыл Бұ­ланты шайқасының өткеніне 295 жыл толып отыр. Тарихта «Аңырақай», «Қал­маққырылған» деген атпен қалған шайқастар болған. Бұланты өзенінің бойындағы кескілескен ұрыстың қа­зақ-қалмақ соғысында шешуші рөл ат­қарғанын ұмытуға болмайды. Бір білерім, үш жүздің баласы бас қосып, жауға жұмыла қарсы тұрғанда ғана жеңіске жететінін осы шайқас айқындап берген. Бабаларымыздың «жеңсек ел боламыз, жеңілсек бордай тозамыз» деп ұрыс даласына ұмтылған сәті де осы Бұлантыда өткен. Бұл атақты Әбілқайыр ханның біріккен қазақ жасағына бас қолбасшы болатын тұсы. Жан беріп, жан алысқан кескілескен ұрыста қазақ қолы жеңіске жеткен. Бөгенбай батырдың пәрменімен Отан қорғау жолында шейіт болған жаужүрек жауынгерлер бір зи­ратқа жерленіпті. Ол жерге үйдей етіп тас үйілген. Оған жұртшылық «Үйтас» деген атау берген. Сол Үйтас қанқұйлы соғыстың куәгеріндей болып әлі тұр. Иә, үш ғасырға жуық уақыт өтсе де бұл оқиға ел жадынан өшкен емес, өшпейді де.

Осындай ойдың жетегімен келе жатып Жошы хан кесенесіне де жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаевтың Ұлытауды ұлттық туризмнің ор­талығы ету туралы бастамасынан кейін мұнда «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені салыныпты. Сайын далада алыстан менмұндалап көрінетін Жошы хан кесенесін жаңадан салынған мәдени кешен толықтыра түскендей. Кешен алдына «Ақсақ құлан» аңызына байланысты ескерткіш орнатылған. Композициялық ескерткіште құланға ұмтылған Жошының, Жошыға ұмтылған құланның бейнесі бедерленген.

Тарихи-мәдени кешеннің бөлім мең­герушісі, тарихшы Бақытжан Игенұлы Көпбаев бізге білгенін айтып, кешенмен таныстырды.

– Сарыарқаның төріне қош келдіңіз­дер. Бұл – «Жошы хан» тарихи-медени кешені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытауды ұлттық туризмнің орталығы ету керек» деген сөзінен соң осы кешен салынды. Мәдени кешен заманауи құрылғылармен жаб­дықталған, – деді Б.Игенұлы.

Айтса айтқандай, тарихи-мәдени ке­шеннің іші де заманауи жабдықтармен қамтылған. Музей, қонақ үй мен асха­насы тағы бар. Кіре беріс фойесін ай­налдыра кенер каптың көлеміндей тас мүсіндер қойылған. Кәдімгі үлкен бір тас тұрғандай. Бірақ қолмен ұстасаң тасқа ұқсатып жасалған бұйым екенін аңғарасың. Оған смарт экран орна­тылыпты. Міне, қызық! Саусағыңды тигізіп-ақ өзіңе керекті деректі алуға болады. Ұлытау аймағының тарихына, мәдени ескерткіштеріне, хандар мен ба­тырларға қатысты мәліметтер толып тұр. Тас бедерлі мүсін демесең, кәдімгі ақыл-қалта. Фойеден сыртқа қарай шы­ғатын арнайы жол бар екен. Хан кесенесімен екі ортаға Жошының еңселі ескерткіші орнатылған. Оның жанына хан кеңесі өтетін шатырды да жасаған. Хан шатырының өзі ойыңды сан-саққа жетелеп, тарихтың қатпар тұнығына алып баратындай әсер береді. Одан сәл әріректе Жошы ханның мазары тұр.

Бәріміз тарихшы Бақытжан Көпбаев­тың артынан келеміз. Ол болса Жошы ханға қатысты мәліметтерді айтып, кесенеге қарай жол бастады.

– Жошы – Шыңғысханның үлкен ұлы. Шыңғыс қаған өз ұлдарына империясын бөліп бергенде Жошыға Дешті Қыпшақ тиген. Осы жерде, Ұлытау баурайында Жошы ұлысы құрылады. Алтын орданың негізі де Ұлытаудан бастау алады. Аңыз бойынша Жошы ханды аңшылықта құлан талап өлтірген дейді. Кесенеге бір­неше рет жаңғырту жұмыстары жүр­гізілген. Қазба жұмыстарын 1946 жылы Әлкей Хақанұлы Марғұлан бас­таған археологтар жүргізген. Сол кезде кесенеден табылған ер адамның мәйі­тінің оң қолы жоқ болып шықты, – деді «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің бөлім меңгерушісі Бақытжан Көпбаев.

Қазақ ұлттық энциклопедиясындағы мәліметтерге сүйенсек, Жошы хан кесенесі Жезқазған қаласынан солтүс­тік-шығысқа қарай 50 шақырым жер­де, Қаракеңгір өзенінің жағасында ор­наласқан. Кесене көне архитектуралық ескерткішке жатады. Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға қараған тайпалардың бәрі (найман, арғын, қыпшақ, керей, қоңырат, қаңлы, т.б.) қатысқан. Жошы хан күмбезі порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Ежелгі құрылыс әдісінің бірі – күмбез орнату. Ол Жошы хан күмбезінде тамаша шешімін тапқан. Қабырғаның іш жағынан сөрелеп шы­ғарған белдеулердің үстінен екі қабатты зәулім күмбез орнатқан. Тағы бір ерекшелігі, кесенеге жарық түсіру үшін күмбез жақтан үш ойық жасалған.

– Байқасаңыздар, кесенеге жарық түсіру үшін үш ойық жасалған. Сырттан қарағанда қараңғы секілді. Ішке кіргенде жарық болып тұрады. Сол кездің ұсталары қалай есептегенін білмеймін, бірақ кесене іші қысы-жазы бір тем­пературада болады, – деді Б.Көпбаев.

Жошы хан ескерткішінің алдына Қетбұқа жыраудың тас белгісі орна­тылған. Бұл белгінің астына сонау Сириядан, Айнжалудтан Кетбұқаның мәңгілік байыз тапқан жерінен то­пырақ әкеліп қойылған. Бақытжан Игенұлының айтуынша, оны журналист Дулат Әбіш әкелген. Бұл Жошының өлімін Шыңғысханға күймен жеткізген атақты жыршы, жырау, қолбасшы, би, батыр, Шам еліне 25 жыл әмір болған Кетбұқаға қазақ жерінде көрсетілген құрмет еді. Кетбұқа ноянға арналып Жезқазғанның орталығында еңселі ескерткіш бой көтерген.

Тарихи-мәдени кешенге келген соң Бақытжан Игенұлы арнайы кино­залға апарып, Ұлытау өңірінің та­рихы­мен таныстыратын қысқа метражды фильмдерді көрсетті. Жалпы дала пайғамбары – Зердеш бабаға (Зара­туштра) ең алғаш рет Ұлытаудағы Әулиетауда Жаратқаннан аян түскен көрінеді. Атақты Тоқтамыс пен Едіге бидің де мәңгілік байыз тапқан мекені осында. Әулиетауға мініп, заңғар биігіне көтеріліп, тілек тілеушілердің тілегі қабыл болады дейді мұндағылар.

Тарихи деректерге Ұлытаудың ежелгі қоныс екені айтылады. Ол – қазақ жұртының табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Қазақ хандығының басында тұр­ған Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан іргесін бөлгенде Ұлытауды бетке алғаны белгілі. Бұл – тарих тұғырындағы туы жығылған Алтын Орданың түтінін аңсау, ежелгі ескі жұрттың жұрнағын сағыну, дүниенің тең жартысын құзырына қаратқан кешегі кемел мемлекеттің киесін қастерлеу. Энциклопедиялық мәлі­­меттерге сүйенсек, Кетбұға, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке, Барақ, Көшім, Абылай, Әбілқайыр, Ақжол би, Қазыбек би және тағы да басқа тарихи тұл­ғалардың өмірбаяны Ұлытау атымен байланысты. Ұрпақ санасына ұялап қалған ата-бабаларымыздың елдік кес­кіні, ерлік дәстүрі жадымызда жаң­ғырып тұрары сөзсіз.

Біз Ұлытау аймағына жеткен күні Жошы хан кесенесіне барып, зиярат еттік. Жошы ханның өзімен бірге маңайдағы қорымдарда жатқан әруақтарға да құраннан дұға бағыштадық. Ұлытау өңірінің тарихымен танысып, өткенге көз жібердік.

Келесі күнгі сапарды Домбауыл бабадан бастағанды жөн санадық. Ал Жошы хан мен Кетбұқаға қатыс­ты ғалымдардың зерттеуімен сабақтасты­рылған материалдарды  газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қызылорда-Жезқазған-Сәтбаев-Ұлытау-Қызылорда

Жалғасы бар

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: