Жұма, 26 сәуiр, 17:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сиыр жылы кімге жайлы болмақ?

31.12.2020

2931 0

Әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан оңай жыл болмағаны белгілі. Әйтсе де күнтізбе бойынша қиындығымен келген 2020 жыл аяқталып, сиыр жылы табалдырықтан аттағалы тұр. Жаңа жылдан жұрт жағымды, жақсы жаңалық күтетіні хақ. Соған орай біз де астролог мамандар әзірлеген жұлдыз-жорамалды аударғанды жөн көрдік.

2021 жыл – 12 жылдық цикл бойынша сиыр жылы. Ал оның негізі саналатын Қытай күнтізбесінде бұқа жылы болып есептеледі. Бұл жыл кез келген қиындыққа төтеп беретін мықты жыл деседі мамандар. Астрологтар 2021-дің жақсы жыл болатынына сенімді. Адамдардың өмірінде бірталай жаңа өзгеріс орын алып, көптеген жетістікке қол жеткізеді дейді. Сондай-ақ қандай да бір істің шешімін таба алмай жүрген жандар үшін бұл жыл берекелі болмақ. Сонымен бұл қай жұлдыз белгісінің иелері?

Тоқтылар тоқ жүреді

Қаңтар және ақпан айларында өзіңізді дамыту бағытында жұмыс істеу керек. Өйткені мұның барлығы алдағы уақытта бәсекеге қабілетті екеніңізді байқатады. Көктем мезгілінде қаржылық жағы жайлы болады. Тіпті толайым табысқа қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бойыңыздағы қабілет пен артықшылықтың арқасында бірнеше ұсынысқа ие болып, соның арасынан өзіңізге жақын деген біреуін таңдауыңыз мүмкін.

Жаздың бастапқы айлары да сіз үшін қолайлы кез. Бұл сәтте де жұлдыздардың қолдауы байқалып, жағымды өзгерістер орын алады. Егер осы сәтте өміріңізге өзгеріс енгізгіңіз келсе, таптырмайтын уақыт. Ал күз мегзілі жақындаған сайын жағдайыңыз күрделене бастауы ықтимал. Дәлірек айтқанда тамыз айында уайымға салынып, бойыңызды үрей билеуі мүмкін. Әйткенмен аса қорықпаған жөн. Сіз мұны да еңсересіз.

Көптеген тоқты белгісіндегілер кәсіби тұрғысында өсіп, алға қадам басады. Ал жыл соңына таяу онсызда білек сыбана еңбек етуге мәжбүр боласыз. Жалпы жемісті жыл күтіп тұр.

Торпақтар тарықпайды

Жылдың басында ойыңызға келген идеяларға аса мән берген жөн. Бұл идеялар тым батыл болса да орындалуы мүмкін еместей көрінуі ықтимал. Дегенмен бұл – сіздің жәй ғана қорқынышыңыз. Сондықтан ешбір идеядан қорықпаған абзал.

2021 жылдың алғашқы айларында алдыңызға жаңа мақсаттар қоясыз. Соның арқасында көктемде ойға алған мақсаттарыңызды жүзеге асыра бастайсыз. Алайда сәттілікке жету аса жеңіл емес. Біраз еңбектенесіз деген сөз. Маусым айынан бастап өзгерістер белең ала бастайды. Мәселен, көптеген торпақ белгісіндегілерге жаңа мүмкіндіктерге есік ашады. Шілде мен қыркүйек айларында да іскерлік және жеке өміріңізде де жағымды оқиғалар орын алады. Сіздердің жыл соңына дейін атқару керек деген шаруаларыңыз шаш етектен болады.

Күз мезгілі аса жемісті болғалы тұр. Бұл уақытта еңбектің арқасында біраз жетістікке жетесіз. Дегенмен де серіктестіктер мен достарды дұрыс таңдауға кеңес береміз. Асығыс жасалатын әрекетке ешқашан жол бермеңіз. Ішкі даусыңызды тыңдай білсеңіз, келесі жылды жақсы ортада керемет көңіл-күймен қарсы аласыз дейді жұлдыздар.

Егіздер, ескеріңіздер…

Сіздер үшін жылдың басы жеңіл әрі қызықты басталғалы тұр. Көптеген егіздер өз өміріне өзгеріс енгізудің мүмкіндіктері барын байқап, мүлдем жаңа бағытта әрекет етеді. Алайда бәріне дайын болған жөн. Себебі соңы сіз күткендей болмауы да мүмкін. Тек ескеретін жайт, жоспарыңыз неғұрлым анық болса, соғұрлым сәттілікке жете аласыз.

Көктем айларында айналаңызбен ортақ тіл табысу аса оңай болмайды. Жеке және іскерлік өміріңізде бір өзгерістер кездесуі ықтимал. Бірақ бұл үшін аса қамықпаңыз. Өйткені сіз өз мәселеңіздің шешімін тез табасыз. Ол өзгеріске де сіз үйреніп кетесіз. Әрі сізге қолайлы болмақ.

Жаздың басы мен күздің орта тұсындағы кезеңде егіздер үшін жайлы болады. Бұл уақытта жұмыста да, оқуда да, шығармашылықта да үлкен жетістікке жетуге ыңғайлы. Ең қызығы, осы тұста сіз аса күш сала қоймайсыз. Көп нәрсе сіз ойлағаннан да жеңіл орындалады. Жылдың соңына қарай жеткен жетістіктер келер жылға нық сеніммен аяқ басуға мүмкіндік береді.

Шаяндар шаршамайды

Жылдың басы көптеген оқиғаларға, кездесулерге толы болады. Бұл кезде жаңа дүниелерді қолға алсаңыз өкінбейсіз. Тіпті ауқымды жобаларға кірісуге жол ашылады. Тек ескеретін жайт, өзгелердің қолдауына қаншалықты аз үміт артсаңыз, соншалықты олардың қолдауына ие бола аласыз. Яғни өзгелерден жиі қолдау көрсетуін сұрамаған абзал. Себебі қолдау білдіретіндер өздері-ақ табылады.

Көктемде сізді қызықты танысулар күтіп тұр. Басы бос шаян белгісіндегілер үшін махаббатқа толы кез деп айтуға болады. Алайда кей шаруаларда шешілмей тұрған мәселелер байқалады. Бірақ одан шығудың жолын тез табасыз. Көптеген адамдар көктемде шабыттанып, байқалмаған қабілеті ашылып, сәттілік серігі болады. Мамыр айының ортасын жарқын, қызықты да көңілді кезеңнен бастау алады. Бұл жұмысқа, білім алуға және кішігірім саяхаттауға қолайлы.

Күзде де біраз оқиғалар орын алады. Осы уақытта көптің назарында болып, көпшілікпен жұмыс істейсіз. Ерекше ұсыныстарға да ие боласыз. Жылдың соңы жақындаған сәтте кәсіби өміріңізде жаңа кезең басталады. Келер жылдың басы да сіздер үшін жайлы басталмақ.

Арыстанның алар асуы алда

Сіз үшін қаңтар мен ақпан айлары өзгерістердің уақыты болмақ. Бұл кезде айналаңыздағылармен қарым-қатынас онша болмауы мүмкін. Сол себептен арыстан белгісіндегілердің өмірінде жаңадан орта пайда болуы да ықтимал. Көптеген адамдар сіздің тәжірибеңізбен бөліседі. Ондай жағдайда өзгелердің кеңесінен, көмегінен бас тартпаған жөн.

Көктемнің басы жаңа жоспарды жүзеге асыруға қолайлы кез. Мамыр айы көптеген жақсылық пен қызықты оқиғаларды уәде етеді. Осы кезде кішігірім сапарға шығуға болады. Тіпті ұзақ көріспеген адамдарыңызды да көруге мүмкіндік туады. Ал маусым айы жайбарақат өтеді. Тамыз айынан басталған жағымды кезең жылдың соңына дейін жалғаспақ. Арасында азғантай қиындықтар орын алғанымен сіз оны да еңсересіз.

Көптеген арыстан белгісіндегілерге шаруаларды жүйелі реттеп атқара білу қабілеті көп көмегін тигізеді. Осының нәтижесінде жылдың соңында жететін жетістіктеріңіз көбейе түспек. 

Бикештер, байқаңыздар!

Бұл жұлдыз белгісіндегілерге алдарына айқын мақсат қоя білуі керек. Қарсыларыңыз өздері-ақ беріліп, әлсіздіктерін танытып қояды деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Егер жылдың басында жұмысқа барынша зейін қойсаңыз, көптеген оң нәтижеге қол жеткізесіз. Сондай-ақ жылдың алғашқы айларын ұзақ мерзімді жоспарларға жұмсаған жөн. Сонымен қатар мақсаттарға жетудің дайындығына кірісуге уақыт келді. Өйткені бұл уақытта сізді күтпеген оқиғалар күтуде. Егер кей кезде жолыңыз болмаса қосымша басқа нұсқасын қарастырған абзал.

Жаз мезілінен бастап жағымды өзгерістер күші ұлғая түседі. Мол тәжірибе жинақтай аласыз. Оған қоса неке қию, отбасылық жағдайларға байланысты маңызды шешімдерді жылдың екінші жартысына қалдырғаныңыз дұрыс. Себебі осы кезең өте жайлы дейді жұлдыздар. Күз маусымынан бастап сіздің көңіл-күйіңіз позитивті әрі тыныш болады. Қолға алған шаруаларыңыз үмітіңізді ақтайды.

Таразылар таразылайтын тұс

Мерекелерді көп тойлаймын деп ұзақ демалмаңыз. Мүмкіндігінше жұмыс істегеніңіз дұрыс. Қаңтар мен ақпан айлары алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді. Көктемде күтпеген оқиғалар орын алуы мүмкін. Жоспарларыңыз да өзгереді. Кейбіріне түзетулер енгізесіз. Сәуір мен мамырда көп нәрсе жайлы ойлап, бас қатыруға тура келмек. Осы кезеңде таразы белгісіндегілер өмірінде орын алатын үлкен өзгерістерге шешім қабылдайды.

Ал жаз мезгілінде өз-өзіңізге демалыс сыйлауға қолайлы уақыт. Сонымен қатар жаздағы жұмыс жеңіл болмақ. Бойдақ таразылар үшін қызықты әрі ерекше танысулар орын алуы мүмкін. Күз мезгілінде іскерлік белсенділігіңіз артады. Яғни жылдың соңына дейін белсенді түрде жұмыс істейсіз. Біраз шаруаны бітіресіз. Жалпы сиыр жылын бұрыннан мазалап келе жатқан мәселесін шешіп аяқтайды.

Сарышаянға сәтті жыл ма?

Қаңтар, ақпан айларында сіз біліміңіз бен тәжірибеңізді толықтырып, жаңалықтарды игеруге қолайлы уақыт. Ішкі даусыңыздың көмегінің арқасында қай жерде қандай дүниелерді меңгеру керектігін білесіз. Әсіресе бұрындары сізді жалықтырған немесе үйренуге мүмкін емес деген нәрсеге мән беріп көріңіз. Себебі соңы сәтті болмақ.

Көктем айларынан бастап қызуқанды еңбектену кезеңі басталады. Міне, осы тұста жылдың басында үйренген жаңа дүниелерді еркін пайдалана аласыз. Ал ешнәрсені қолға алмаған сарышаян белгісіндегілер үшін барлық шаруа қиындықпен шешілуі мүмкін. Сондықтан үйренуден, білім алудан қашпаңыз. Бұл – жұлдыздардың кеңесі.

Жаз мезгілінде біраз тер төгуге тура келеді. Есесіне сізге мотивация беретін пайдалы дүниелер көп болмақ. Сол сәтте сіздің бойыңыздағы энергияға қызғана қарамайтын жан болмайды. Себебі сіз сәттілікке жетелейтін жолды көрсеңіз, демалысты ұмытасыз. Соның арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізесіз. Соңғы үш ай сіз үшін жайлы болмақ. Тек жақсы нәрсе ойлай аласыз. Әрі ол орындалуы да мүмкін. Болашаққа позитивті қарайтын жұлдыз белгісіндегілер бұл жылды сәтті аяқтайды.

Мергенге мүмкіндік мол

Сізге қашанда қорытынды жасап соңғы шешімді қабылдауда асықпаған жөн. Жылдың басында барлық нәрсеге шынайы қарау қажет. Көктемге дейін өзіңізді шыңдау керек дейді жұлдыздар. Өйткені көктемнен бастап өміріңіз мүлдем басқа арнаға бұрылады. Бойдақ жандар үшін күтпеген танысулар болуы мүмкін. Ал жұмысбастылар үшін жаңа жобаларға жол ашылмақ. Көпшіліктің сұранысына ие болатындай дәрежеге жетуге мүмкіндік мол.

Жаздың басында шаруаларыңыз көбірек болады. Өзгелердің де мәселесін шешуге тура келмек. Шілденің екінші жартысынан бас­тап жемісті әрі сәтті кезең басталғалы тұр. Бұл жылдың соңына дейін жалғасады. Жаңа тап­­сырмалар пайда болғанымен барлығын мінсіз атқаруға сізге уақыт жеткілікті. Жылдың соңына қарай жеке өміріңізге өзгеріс енгізіңіз. Өзгерістен қорықпау қажет. Саяхаттауға бола­ды. Себебі соңы жағымды тосын сыйлармен аяқталмақ.

Тауешкілер төзімділік танытса…

Сіз үшін жылдың алғашқы үш айы аса жемісті деп айтуға болмайды. Себебі ойға алған ісіңіз уақытылы шешіле бермеуі мүмкін. Бірақ бұған қарамастан көңіл-күйіңіз жоғары болады. Өйткені жағдайыңыз жақсы, айналаңыздағы ортамен қарым-қатынасыңыз үйлесімді. Жалпы сізге шағымдануға себеп жоқ.

Сәуір-қыркүйек айларындағы уақыт сіз үшін тағы да жеңіл болмауы мүмкін. Әйткенмен жұмыс барысында сәтті, жемісті жайт­тар көбірек орын алады. Алайда өзіңіз атқарған жұмысқа көңіліңіз тола бермейді. Сол себептен сәттіліктің бірден байқалмайтынын естен шығармаған жөн. Сонымен қатар әрдайым төзімділік танытсаңыз, үлкен нәтижеге қол жеткізесіз.

Ал күз мезгілі өміріңіздің барлық саласында да жақсы өзгерістерді уәде етеді. Сіз жұмысқа қатысты ұсынысқа ие болуыңыз да мүмкін немесе болашағы зор жобаға қатысуыңыз ықтимал. Соңы жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Шаруаңыз қанша көп болса да отбасыңызға көңіл бөлуге уақыт табасыз.

Суқұйғыштарға серпіліс жылы

Бұл жыл сіздер үшін қызықты оқиғалар жылы болмақ. Ұзақ мерзімге арналған нақты жоспар құруыңыз қажет. Сондай-ақ күтпеген жағдайға дайын болып, кез келген өзгеріске сақадай-сай болу аса маңызды екенін ұмытпаңыз. Сонымен қатар көп уақыттан бері араласпай кеткен адамдар болса, олармен жүздесіп, арадағы ренішті жоюға мүмкіндік бар.

Кейбір суқұйғыш белгісіндегілер жұмыс ауыстырса, кейбірінің отбасында үлкен өзгеріс болуы да мүмкін. Сиыр жылы сіз үшін біркелкі, қарапайым болмайды. Себебі сізді жаңа мүмкіндіктер күтеді. Тіпті сіз оны армандамасаңыз да орындалады. Бұл жыл сізге ерекше жол ашқалы тұр. Сондықтан мүмкіндікті жібермеңіз.

Балықтар бағаланады

Жаңа жылды көңілді бастайсыз. Өйткені сізді қызықты оқиғалармен қуантпақ. Жаңа танысулар да болуы мүмкін. Ақпан айынан бастап байсалды ойланатын жағдайлар орын алады. Бұл жеке өмірге немесе жұмысқа қатысты болуы ықтимал. Қандай жағдай болса да маңызды болмақ. Өмірден өз орныңызды іздеумен әлек боласыз.

Көктем маусымы кәсіби салаңызға қолайлы уақыт. Жаңа тапсырмалар пайда болады. Оған қызушылығыңыз арта түседі. Басшылық тарапы жағынан сізді жоғары бағалауы мүмкін. Жазда шаруадан сәл алшақтай түсіп, кішігірім үзіліс жасай аласыз. Күз мезгілі де іскерлік өміріңіз үшін ойдағыдай болмақ. Жеке өмірде де алаңдайтын жайттар туындамайды. Бастысы, өзіңізге көңіл бөліңіз. Бұл жылғы сәттіліктің басым бөлігі сіздің денсаулығыңыз бен көңіл-күйге байланысты.

P.S. Жұлдыз-жорамалға сену-сенбеу өз еркіңіз. Бірақ өз жұлдызыңыз не дейді екен деген оймен мән беруіңізге болады. Жалпы әр жұлдыз белгісіндегі жандар үшін 2021 жыл тек амандық, жақсылық, сәттілік әкелсін демекпіз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: