Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ахметтің «Әліп-биі»

06.09.2022

1967 0

Биыл қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін салушы ғалым, реформатор,  мемлекет қайраткері, ақын, Алаштың арысы – Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толды. Халқының сауатын ашып, көзі ашық көкірегін ояу ету үшін оның білім мен ғылым жолындағы еңбегі орасан зор. Қазақ жұртының тіліне тән етіп жасаған еңбегінің бірі – Әліпби. Бұл – қаншама ғасыр өтсе де маңызын жоғалтпайтын құнды дүние. Бүгінге дейін мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің  алғаш әріп таныған әліппесінің негізі – осы кітап.

Қазақтың қамын күйттеген құрал

Алаш арысын халқының білім жолында өзгеден артта қалғаны толғандырды. Ол жас ұрпақтың қазақша сауат ашуы үшін өзіндік жазу таңбасы болу керектігін ұқты. Себебі сол тұстағы мұғалімдер орыс не араб тілінде сабақ үйретіп, хат танытатын. Осы толғаныс оның қазақ балаларының оқуына жеңіл, тілге жатық, әсіресе қазақ тілімен үйлесетін оқулық шығаруға әкелді. А.Байтұрсынов ойлаған оқулық өзі айтқан төрт талапқа сай болуы керек. Онысы тілге шақ, жазуға жеңіл, баспа ісіне және үйренуге қолайлылығы еді.

«Әліб-бій. Жаңа құрал» оқулығының алғы­сөзінде А.Байтұрсынов: «Бұл әліб-бій кітабы жаңа әдіске көшу жүзіндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жанастырып жақындату шарасын табу түрде шығарылып тұр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқу» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағынан қазақ жағдайына жанастырылып, жаңа проғырамша (Гуус проғырамынша) болуы көзделді», – дейді жаңа оқу құралы туралы түсіндірген реформатор.

Сондай-ақ ол қазақ тұрмысын бейнелейтін суреттердің болмауынан оқулықта суреттің берілмеуі әліпбидің кемшін тұсы деп атап өткен. Ағартушы ғалым осы ретте мұғалімдерге «Оқу құралы» мен «Жаңа құралдың»  қайсысы үйренуге жеңіл? Қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазуды тез үйренеді? деген сауал тастайды. 90 пайыз хат танымайтын жұртқа оқу мен жазуды үйретудің тиімді жолы әліпби екенін де қадап айтады.

Әліпбидің ерекшелігі неде?

Жаңа оқу құралын жасауда реформатор әліппедегі әріптердің қолданылу ретін, жұмсалу орнын анықтауды мақсат етеді. Ол осыған дейін үйретіліп келген араб жазуының  қазақ тілі үшін қолайлы еместігін байқайды. Сондықтан оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп қайта түзетуді қолға алады. 1913 жылы “Жазу мәселесі» деген мақаласында дауысты дыбыстарды таңбалау жөнінде өз ұсыныстарын айтады. Ол араб графикасы негізіндегі қазақ жазуында о, у, ы, е әріптерінің қалай таңбалануы керектігін көрсетеді. Араб жазуын қазақ тіліне лайықтап өзгерту үшін оған қажетті өзгерістерді саралап береді. Мәселен,  егер дауысты дыбыстар жуан айтылса, олардың қатарындағы дауыссыз дыбыстар да жуан айтылады. Егер дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, олардың қатарындағы дауыссыз дыбыстар да жіңішке айтылуы керек. Яғни дыбыстар үндестік заңына бағынсын деген пайымын айтады. Дауысты дыбыстардың жіңішке айтылуы үшін жіңішкелік белгісі «дәйекшені» енгізу, оны сөздің алдына қою, қазақ тілін көп әріптіліктен құтқаратынын, әрбір дауысты дыбыстың өз таңбасын белгілеу қажеттігін де ескертеді.

Осылайша ағартушы ғалым қазақ тіліне тән дыбыстардың әрқайсысына жеке тоқталып, олардың жазылу ретін, орнын, ерекшеліктері мен айырмашылықтарын айқындап береді. Сонымен қатар араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтін тұстарын, басы артық әріптерін алып тастау керек деген ұстанымын білдіреді. Бірақ ол араб жазуын мүлдем алып тастап, басқа алфавитті алуға қарсы болды.

Жоғары да «Әліб-бій. Жаңа құрал» оқулығының қазақ тілінің тілдік жүйесіне ыңғайлы әрі оқушылардың сауат ашуына жеңіл етіп жасалғанын атап өттік. Оған дейін қазақ даласында Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1864), «Қазақтарға орыс тілді үйретудің бастауыш құралы» (Орынбор, 1871) оқулықтары жарыққа шықты. Алайда мұның барлығы орыс тілінде басылды әрі сауат ашуға емес оқу мен жазуды меңгерген балалардың білім мен дүниетанымын кеңейту мақсатындағы оқулық болатын. Қазақ ағарту саласында бұдан өзге де әліппелер жарық көрді. Мәселен, 1910 жылы Уфада басылған М.Нұрбаевтың «Әліппесі», Қазанда басылған З.Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі», 1912 жылы жарық көрген М.Малдыбаев пен Ж.Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі», К.Сырғалиннің 1913 жылы шыққан «Қазақша әліппе кітабы» барлығы да жас ұрпақтың сауат ашуы үшін жазылған дүниелер еді. Алайда олардың бірде-бірі көп қолданыста болмаған. Тек А.Байтұрсыновтың әліпбиі қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысын қамти алған. Сондай-ақ ол бұл әліпбиін «дыбысты әдіспен» оқытуды ұсынған. Ұлт ұстазы бұл әдісті таңдау себебін: «балалар сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін айыруды білсе, харіфтерін қою қиын болмайды» деп түсіндірген. Оны былайша жіктеп берген.

Сөз айту – дыбысты ауызбен тізу (айтылым);

Сөз жазу – дыбыстардың белгісін қағаз бетіне тізу (жазылым);

Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп сөз шығара білмейді, себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді (оқылым).

Дыбысты білмей, дыбыстың қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу үйрену қиын (тыңдалым).

Мұны ағартушы жаңаша оқыту тәсілінің ең тиімді жолы деп таныған.

Съездегі мәселе

Ұлт көсемінің бұл реформасын жақтағандар да даттағандар да болды. Оның әріп өзгертудегі жаңалығы сол тұстағы зиялы қауым өкілдерінің арасында қызу талқыға түсті. Ол туралы пікірлер мерзімді басылым беттерінде жарияланып отырды. Мәселен, 1913 жылы «Қазақ» газетінде шыққан «Емле хақында» деген мақалада А.Күзембаев, А.Иманбеков, Ғ.Тоқтарбеков сын­ды ел азаматтары тіліміздің қажетін өтейтін әріптің жоқтығын айтып, бұл кемшіліктің орнын Ахмет Байтұрсынов толықтырғанын айтады.

– Байтұрсынов Ахмет мырзаның жазған әліппе оқу құралы дұрыс кітап қылып, оқытуға әбден жарайтын, келіскен деп білдік. Ол мырзаның түзетіп шығарған белгілерінің кейбіреулері біздің ойымызша, артық. Кейбірі кем болатын көрінеді, – дейді олар.

Бұл мақалада пікір білдірушілер ағартушы ұсынған дәйекшені қажетсіз деп танып, сөздің жуан, жіңішкелігі сол сөздің ішіндегі дауысты дыбысқа байланысты деген пікір білдіреді.

Кім не десе де А.Байтұрсынұлының қазақ жазуына икемдеп жасаған әліпбиі мектеп оқытушыларымен қатар қазақ, татар халқының зиялы қауым өкілдері тарапынан қолдау тауып, қолданыла бастайды. Осы әліпбимен «Қазақ» газеті де шығып тұрған. Одан бөлек көптеген көркем әдеби шығармалар жазылады. Дегенмен жаңа оқулық ресми түрде 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде ғана қабылданады.

Осы съезде ол бір халықтың әліпби (алфавит) жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне «икемдеп, үйлестіру» қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын ашық айтады.

«Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліпбиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де өзгеден алған әліпби. Еуропа жұрттарының тұтынған әліпбиінің түбі көне семит әліпбиі. Көне семит әліпбиін өз тіліне үйлестіріп финикий жұрты алған, онан грек алған, гректен латын, Еуропа жұрттары алған. Түркі әліпбиінің түбі де көне семит әліпбиі, олардан куфалықтар алған. Куфалықтардан араб өз тіліне үйлестіріп алған. Арабтан Иран, Түрік және басқа мұсылмандар алған. Солардың қайсысы да бірінің әліпбиін бірі алғанда тұрған қалпында алмаған. Өз тілдерінің дыбыстарына қарай өзгеріс кіргізіп алған. Тіліне әліпбидің артығы болса алып тастаған, кемтігі болса әріп қосып толықтырған» дейді ол съезде сөйлеген сөзінде.

Аталған жиында қазақ ағартушылары «қазақ емлесін бірөңкейлеу, қаріп жайын қарастыру, халық әдебиетінің халін һәм оқытылатын пәндерді жоспарлау, оқу һәм білім кітаптарын көбейту, қазақ пән сөздерінің бір болуы» сияқты мәселелерді қозғайды. Сонымен бірге онда латын қарпіне көшу жайы да сөз болады. Бірақ А.Байтұрсынов араб жазуынан бас тартып, әріп өзгертудің қажет емес деген пікір білдіреді. «Орыстар аяқ баспай тұрғанда бізге не жорық, алу қиын болғандықтан алмай отыр. Аз күшімізді керексіз іске салғанша, басқадан кейін тұрған жағымызға жұмсауымыз жөн емес пе деймін» деген ойын айтады. Осылайша бірі латын қарпіне көшуді қолдаса, бірі ұлт көсемінің жаңа оқу құралын дұрыс деп танып, екіжақты көзқарас туындайды. Дегенмен жаңа әліпбидің үйренуге, оқуға қолайлылығы көпшіліктің көңілінен шығып, съезде әліпбиді қолданысқа енгізу басымдық алады.

Саясат салқыны

Жаңа оқу құралы шыққан тұста жаппай латын қарпіне көшу мәселесі де қатар жүрген еді. Бұл мәселе А.Байтұрсынұлының әліпбиін ығыстырып, латын қарпін қолданысқа енгізу болатын.  Ұлт ұстазы латын қарпіне көшуді ұлтымыздың тілі мен ділінен, руханиятынан ажырау, экономикалық құлдырау деп таныды. Бұл тұрғыда сол кездегі зиялы қауым өкілдері арасында айтыс-тартыс көп болған деседі. Тіпті сол пікірталастар 1927 жылы Қызылорда қаласында «Әліппе айтысы» деген атаумен кітап болып басылады.

Қалай десек те сол тұста астыртын сая­саттың латын қарпіне көшу идеологиясын наси­хаттаған жиындар мен  мақалалар белең алды. Ұлт ұстазының еңбегі ең қолайлы әліпби болғандығына қарамастан, саясаттан асқан ешкім болмады. Осылайша 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің ІV сессиясында бұл жаңа әліп «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі деп саналсын» деген қаулы қабылданып, барлық мекемелер мен ұйымдар жаппай латын жазуына көшуге міндеттелді. Тіпті латын әрпінен бас тартқысы келгендер заң алдында жауап беріп, жазаға тартылатындығы да басылым беттерінде ашық жарияланған.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Әліб-бій» оқу құралында қазақ тіліндегі дыбыстардың жуан, жіңішкелігіне қарай әрбір дыбысқа арнайы таңба  белгілейді. Соның ішінде 16 әріп араб жазуындағы дайын таңба болса, 8 таңбаны өзі қосады. Ал ғалымның бұл еңбегіне  профессор Е.Д.Поливанов «ғажап» деп баға берген екен. Солай араб алфабитіндегі қазақша дыбыс білдірмейтін кей әріптерді алып тастап, қазақтың төл әріптерін енгізу, сондай-ақ түркі тіліне тән сингормонизм заңдылығын пайдаланып шығарған әліпбиі 24 әріптен құралады.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: