Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әуезовтің «Әдебиет тарихы»

27.08.2022

3864 0

Отарлық саясаттың құрбаны болып, тілі мен ділі, мәдениеті мен әдебиеті,тарихы қағажу көрген сәтте елдігімізді сақтап, өткен тарихымызды өскелең ұрпаққа жеткізудің амалын жасаған Алаш арыстары екені белгілі. Қазақ елінің руханияты үшін күрескен олардың қайсыбір еңбегі болсын құнды жәдігер. Сондай маңызы зор, қазақ әдебиетінің тарихы зерттеліп, зерделенген шығарманың бірі – классик жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» монографиясы. Бұл еңбек сонау

1927 жылы Қызылордада жарық көрген. Ұлттың руханият тарихынан хабар беретін осы бір туындыны кеңестік үкімет оқытпай, таралуына қарсы болды. Тіпті түгелге дерлік жойылған. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қайта басылды. Қызыл державаның зәре құты қашардай бұл неткен кітап?

– Бұл дәуір қазақ мектебінде ана тілінің іргесін нығайтып, кө­лемдетуге айналып, жаңа жолға беттеп келе жатқан дәуірі, толық білім беру үшін, бұрынғы тапқан табысына сүйеніп, жаңа өріске бет алатын, кең жайылысқа қарай қадам басатын дәуірі, ана тілінің білім есебінде тереңдейтін дәуірі. Біздің мектеп қазіргі күнде осы міндетті мойнына алып, жаңа бір дүниенің есігін ашқалы тұрғанын түсініп отыр. Түсіну анық болғандықтан жаңалықты іздеуі мұқтаждығын сезген кемтардың ізденуі сияқты, – дейді жазушы шығармасының алғы сөзінде.

Ондағысы ана тілін тек бас­тауыш деңгейде үйретіп қана қоймай жоғары сыныпты қазақ мектебін ашып, ана тілін кеңінен білу үшін әдебиетті тереңірек зерт­теп оқыту болған. Мұны қоғам қайраткерінің «Әдебиет мектеп ішіндегі оқушының ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптап жетілуден басқа сол оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгіндегі пішінін танытуға керек» деген пікірінен аңғаруға болады.

Монография не туралы?

Осылайша қазақ жастарына әдебие­тімізді танытуды көздеп, сол арқылы халқымыздың тыныс-тіршілігін ұғыну, салт санасын, әдет-ғұрпын тану, әдебиет пен тарихтың қазақ жұртының өмір иірімдерімен байланысын зерделей оты­рып «Әдебиет тарихы» монография­сы жазылады. Жазушы бұл зерттеуінде тек таза қазақ халқының әдебиетінің пайда болуын зерттейді. Бұл монографияда шығыс ғұламаларының, өзге ел ақын-жазушыларының шығармасы кірістіріл­мейді. Сондай-ақ көбіне Абай дәуірінен бастау алатын әдебиетті емес ауыздан ауызға мұра боп жеткен ауыз әдебиетінен бастайды.

Жалпы «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегінің міндетін жазушы былай деп түсіндіреді: «Бір жұрттың тіліндегі ауызша, жазба әдебиеттің ішінен үлгілі болған белгілерін бөліп шығару. Ол бел­гілер сол елдің әдебиет жолындағы жаңа сөзі болу керек. Әдебиет тарихы белгілі дәуірлерді, мезгілдерді бөліп шығарады. Халықтың әдебиеті алғашқы шыққаннан бастап, белгілі бір кезеңге жеткенге дейін тарихтың ішіне кіру керек. Әр мезгілдің үлгісі қандай, неден туды, басқа өмірмен қандай тарихи байланысы бар, сол айтылуы керек. Әдебиет тарихы әр мез­гілдегі  себептерді, шарттарды тереді. Мәселен, белгілі ақынның өлеңіндегі мағына мен түрдің сыртқы өмірмен қандай байланысы барын айырады: ақынның өз өмірі, өз тіршілігімен байланысқан сыртқы салдар, себептер болса, сол теріледі, әдебиет тарихы ауызша әдебиеттің жұр­нақтарынан сыртқы түрін, ішкі мағы­наларын көріп, соларды туғызған себеп­терді айтады, әдебиет жұрнақтары мен соны жазған кісілерін қарастыра келіп, бір жұрттың әдебиетіне солардың қандайлық бағасы барын айтады.

Жазушы өз еңбегінің міндетін, қолда­натын жолын нақтылай келе халқы­мыздың ескі кезеңдегі өмір сүру дәуірін де қарастырады. Онда ол қазақ халқының ескі жолын екі кезеңге бөледі. Бірі – ислам діні кірген соңғы дәуір болса, екіншісін одан арғы ескі заман деген. Қазақтың ескі кезеңдегі өмір салты бізге жеткен өлең, жырлардан көрініс табатынын айтады. Егер сол бойынша саралайтын болсақ, онда жұртымыздың аспан мен отқа табынуы, бақсы, жын, пері, жезтырнақ дегенге сенуі көрініс табады. Осындай наным-сеніммен еліміз ислам діні келгенше өмір сүргені айтылады. Ал соңғы дәуір ескіліктің жұрнағын түбімен жойып, тіпті халықтың жар-жар, беташар сынды салт өлеңдері мұсылмандықтың сүзгісінен өтіп, жұрттың жанына жақын болғандықтан ғана осы күнге жетті деген ойын айтады. Әйтпесе, ислам кезеңіне дейінгі жұртымызда мұндай салттық өлең, жырлар көп болған деседі. Мәселен, барша түрік жұртының ортақ мейрамы – наурызға арналған өлеңдер бізге жетпей жоғалып кеткендігі сөз болады. Яғни мұсылманшылықтың ескілікпен күресінің мықтылығы сондай жыл өткен сайын ескілікті еске түсіретін дүниелер жойылып барады деген пікірін білдіреді. Енді ислам діні келіп, халқымыз тағы бір белестен өткен соң әдебиетті ескі заманнан бас­таудың қиындығын, сондықтан бергі заманның әдебиетін зерделей отырып, көненің көзін табуға болатынын жазушы шығармасында нақтылай түседі.

«Әдебиет тарихы» монографиясын Мұхтар Әуезов 7 бөлімге бөлген. Оның бірінші бөлімі «Сыршылдық салт өлеңдері» деп аталған. Сыршылдық салт өлеңдердің өзін жалпақ елдің салтымен байланысқан шер өлеңдер (жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту), дін ұғымынан туған өлеңдер және қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдер деп 3-ке бөледі. Осы аталған 3 бағыт бойынша әрбір салт өлеңге жеке тоқталып, қолданылатын орнын, айтылатын жерін мысалымен келтіреді. Ал екінші бөлімінде батырлар әңгімесі, үшіншіде ел поэмалары, төртте тарихи өлеңдер, бесіншіде ертегі, алтыда айтыс, жетінші бөлімде зар заман ақындары туралы айтылады.

Жазушы әр бөлімнің тақырыбы бойын­ша оның тарихын ашуға тырысады. Осылайша қазақ жұртының басынан кешкенін әдебиет арқылы көрсетіп, төл әдебиетіміздің тарихын келер ұрпаққа танытпақ болды. Өкінішке орай, моно­графия Кеңес заманында теріс ағымды насихаттаушы шығарма ретінде танылды. Сол себепті бұл шығарманы архив қойнауына жіберді.

Тұтқындалған туынды

Әдебиеттанушы ғалым, профессор Рымғали Нұрғалиұлы – Алаш арыстары мен Әуезов шығармаларын  зерттеген ғалымның бірі. Оның 1997 жылы 25 бет­тік «Әуезов және Алаш» атты еңбегі жарыққа шығады. Осы кітабында ғалым Әуезов шығармаларына арнайы тоқталып, әрқайсысын жеке саралайды. Осы тұста М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» туралы:

– Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында әділет әбден бұзылып, билікті қолға мықтап алған Сталин және оның төңірегіндегілер, олардың жер-жердегі сойылғарлары ұлттық мәдениетті қудалап, көрнекті қайраткерлерді абақтыға жаба бастады. Осы тұста көптеген кітаптар да «тұтқындалып», ұзақ жылдар бойы абақтыға қамалды. Сол еңбектің бірі – М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы». Автор Лениндік сыйлық алып, дүниежүзілік даңққа ие болса да, бұл еңбегі көзі тірісінде басылған жоқ. Тіпті аталмай да келді, – дейді ол.

Иә, отарлау кезеңінде халқымыздың бастан кешкені тарих беттерінен белгілі. Қазақты өркениетке қарай қадам басты­рып, көзін ашып, көкірегін оята­мын деген ұлт қаймақтарының көрген қиындығы қаншама. Осынша азап көрсе де елінің ертеңі үшін қам жеген арыстарымыз келер ұрпаққа мұра болар шығармаларын жазуды тоқтатқан жоқ.

М.Әуезовтың зерттеу еңбегінің  қуда­лауға ұшырап, жарыққа шықпай жатып  жойылуының себебін ғалым Р.Нұрғалиұлы отарлау саясаты туралы айтылуынан дейді.

– «Әдебиет тарихында» мезгілінде объективті ғылыми тұрғыдан айтылған терең тұжырымдар қатарына қазақ елі­нің отарлануы, өз тәуелсіздігінен айы­рылуы, осыдан туған кесапаттардың әдебиеттегі көріністері туралы байлам-пайымдауларын жатқызу керек. Әдебиет тарихын дәуірлеу мәселелеріне кел­генде автордың исламға дейінгі және исламнан кейінгі әдебиет деп ұзақ та­рихты екі орасан үлкен кезеңге бөліп қа­рауында ғылыми негіз жатыр. Кітапта ерекше ықтиятпен талданған проблема – «Зар заман» дәуірінің әдебиеті. Шортанбай өлеңінен алынған ойларды пайдалана отырып, Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетіндегі ең ұлы сарын – ел­дік, тәуелсіздік, азамттық, бостандық ұранының көркемсөздегі көріністерін нақты шығармаларды айқын саралап тал­дау арқылы көрсетіп берді. Өкінішке орай, 50-60 жыл бойы әдебиетіміздегі отаршылдыққа, басқаға басыбайлы құл болуға қарсылыққа құрылған жігерлі, өр, қайсар аға туралы айтуға тыйым салынып келді. Тіпті тәуелсіздіктен айырылуды мадақтаған шығармалар пайда болып, солар дәріптеліп, қолпашталып жатты, – делінген ғалымның жазбасында.

Отарлау саясаты туралы зерттеу еңбек­тің ІV және VІІ бөлімінде айтылады. «Тарихи өлеңдер» деп аталатын төртінші бөлімде шөлді даланың жайын қуаты секілді жүрген қазақ елінің тосқауылға ілініп, белгісіздік кезеңіне тап болғаны, елді орысқа бағындыруға зорлаған себептері, асаудың жуасып, алыптың басылып, ноқтаға бас игені сөз болады. Жан-жақтан көрсетілген қысым, елді біріктіремін деген Абылай хан тілегінің орындалмауы, қазақтың өз әкімдері кетіп, үкімет қолымен сайлаған ұлықтар отырған соң патша үкіметінің күшейіп, елді уысынан шығармай, бағындыру саясатын қарқынды жүргізуі сөз болады.

Ал «Зар заман ақындары» атал­ған VІІ тарауда жазушы былай дейді: «Зар заман деген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақын­дардың барлық күй, сарынын бір араға тұтас­тырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарын­мен өлең айтқан ақын­дардың барлығына «зар заман» ақындары деген ат қой­дық. Бұл ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақын­дарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ, зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады.

Жазушы «Зар заман ақындары заман жайын ел өмірінің ұсақ белгісінен бастаса да, аяғында келіп тірелетіні баяғы ескі түйін. Заманның зарын айтып, күңіреніп келгенде сол қайғыға салып отырған себепті іздесек, ол орыс үкіметінің билігі болып шығады» деп отарлық саясат туралы  ашық айтады.

– М.Әуезовтің «Әдебиет тарихында» Асан Қайғыдан басталып, Бұқар арқылы өрлеп, Махамбет, Мұраттар тұсында дамып, Шортанбай кезінде шығандап шырқаған азаттық рухты поэзияның әлеу­меттік, саяси, ұлттық, эстетикалық арна-негіздері, мағына-мәні тамаша ашы­лып берілген. Исатай-Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары-Наурызбай қозғалыс­тарының түп мәнісін, негізгі өзегін Мұхтар Әуезов бір қазыққа байлайды, ол – отаршылдыққа қарсылық,  табанға түсіп, мәңгүрт болмаймын деп шапшу, құрылған зеңбірек, оқтаулы мылтыққа қарсы тұру, бір сөзбен азаттық, тәуелсіздік ұраны, – деп түсіндіреді ғалым Рымғали Нұрғалиұлы «Әуезов және Алаш» кітабында.

Осындай анық та айқын талдаулар еңбекті оқыған жанның зердесін оятып, көзін ашары хақ. Санасы патша үкіметінің жалған идеологиясына уланған жұрттың көзін ашу оңай болмасы белгілі. Елім деген ерлердің оқу-білім алуға үгіттеп, осынша еңбек жазуы да соны мақсат еткендіктен еді. Алайда солақай саясат бұл шығарманы қолжетімсіз етті.

Жойылған зерттеу бізге қалай жетті?

«Әдебиет тарихы» зерттеу монография­сы 1925 жылы жазылған. 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап ретінде басылып шығады. Алайда жоғарыда айтып өткендей кеңес үкіметінің қысы­мына ұшырайды. Солай бұл еңбек жойы­лып кетеді. Әдебиеттанушы ғалым, про­фессор Р.Нұрғалиұлының айтуынша, кезінде зиянды, жаулық идеясы бар шы­ғармалар қатарына іліккен туындылар кітапханалардан жиналып алынып, жойылған, өртелген екен. Ондай кітапты сақтаған адамдар сотталып, жауапқа тартылып, түрмеге қамалып, атылып кет­кендері де аз емес. Бұл монографияда солай түгел жойылып кеткен екен. Тіпті жазушының өзінде де бір данасы қалмаған.

Осы орайда ғалым Әлжаппар Әбішевтің айтқан мына бір естелігін келтіреді:

«Аумалы-төкпелі қиын белестерде аман қалудың өзі үлкен олжаға айналған шақтарда, кісі көлеңкесінен қорқатын екі­ұдай уақыттарда үлкен ағалардың арасында күрең қабақ, қырбай, араздық қана емес,  шатынап сынардай, жауласуға айналып кететіндей сәттер болғанын жасыруға келмейді. Сондай ауыр тұстардың бірін­де ойға кеткен іні аралары суысып, ажы­рап бара жатқан екі ағаны оңаша ғана шақырып, татуластыруға ниет етеді. Екі алып көп ырғасады, бірін-бірі алдырмай, бейне жекпе-жекке шыққан батырлардай шайқасады. Әсіресе, Мұхтар айтқан дәлел, дәйек, уәж салмақ баса береді. Әбден кетісердей, мүлде жауығардай боп ширығып алған кезде, Ғабит: «Мен егер ер болмасам, мына кітапты сенің ішіңнен шыққан перзентіңнің жалғыз данасын ширек ғасыр бойы сақтап жүрер ме едім» деп ортаға кітапты тастай салғанда, Мұхтар бас салып: «Пәлі, мынау не дейді-ау, рас айтады. «Әдебиет тарихы» өлді санаған бір перзентім, ел әдебиетіне деген алғашқы жастық махаббаттан туған перзентім еді. Бір данасын таба алмай ширек ғасыр дал болғаным рас. Кештім, кешірдім бәрін. Сендім, саған енді сендім, Ғабит» деп төс қағыстырып, татуласып тарасқан екен». («Әуезов және алаш» Р.Нұрғали)

Иә, қилы заманның небір қиындығын бастан кешірген қазақ ақын-жазушы­ларының өмірі бір тарих. Алауыздық сал­дарынан бір-біріне өкпе реніш артып, сенімсіздік ұяласа да ұлтқа, әдебиетке деген адалдық осылай көрініс тауыпты. Жоғарыда аталған зерттеу еңбектің жазушының көзі тірісінде қайта басылып шықпағанын айттық. Оған дейін солақай саясаттың салқыны тимесін деп көздің қарашығындай сақталған мұра тек 1991 жылы, елі­міз тәуелсіздікке қол жеткіз­геннен кейін ғана толық күйінде жеке кітап болып басылды.

Әуезовті зерттеуші ға­лымдар бұл еңбек жазыл­ғаннан кейін жазушының эстетикалық көзқарасы сан алуан өзгеріске түсіп, дамып, кемелдене түскенін айтады. Соның арқасында әдебиеттану ғылымы тереңдеп, жаңа бағыттар пайда болып, көптеген зерттеулер, дис­сертациялар жазылған. Жазушының өзі осы еңбегінен кейін де қадау-қадау шы­ғармаларды дүниеге әкелді. Қайсыбір туындысы болсын заман ағымын бейнеле­гендіктен талай мәрте өзгеріске ұшырап, қайта жазылып, өңделгені де болды.

Қалай десекте қазақ әдебиетінің әлем­дік руханияттан орын алуына бірден-бір сүбелі үлес қосқан жазушының бірі – Мұхтар Әуезов. Оны қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрі­нуінің үлгісі деп сипаттайды. Ал оның «Әдебиет тарихы» – тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде жұтылмай, тас жарып қайта шыққан туынды.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: