Сәрсенбі, 24 сәуiр, 12:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Құлшылық пен қақтығыс

16.10.2021

966 0

Соңғы жылдары радикалды топтардың билікке келуі, геосаяси оқиғаларда шешуші рөл ойнауы қалыпты құбылысқа айналғандай. Тіпті әсіредіншілдердің қасаң қағида, діни догманы жамылып, жалпыадамзаттық құндылық пен өркениет игілігінен алшақтаған ұстанымын «ресмилендіруге» ұмтылуы жиіледі. Халықаралық ұйымдар мұндай қадам демократияның тағын төңкеретінін сезсе де беймәлім мүдде жолында көз жұма қарайтын секілді. Мұның мысалын Таяу Шығыста, қала берді ислам әлемінде орын алған саяси өзгерістерден-ақ аңғару қиын емес.

Мұқтада әс-Садыр. Бұл есім енді Ирактың қоғамдық-саяси өмірінде, әскери іс-қимыл мен сыртқы ұстанымында маңызға ие болмақ. Себебі жексенбіде өткен парламент сайлауында Мұқтада әс-Садырдың жақтастары айқын басымдық иеленіп, парламенттегі 73 орынды еншіледі. Содан болар, апта бойы әлемдік ақпарат агенттіктердің назары Иракқа ауып, елдің ертеңі туралы болжамды саралауға көшкен. Осыған орай «The Wall Street Journal» басылымының тілшілері Гассар Аднан мен Жаред Малсин «Діни қайраткер дәуірі» атты мақала әзірледі. Зерттеу еңбекте халықтың ахуалға берген бағасы, өзгерістің ел тағдырына әсері жанжақты талқыланған.

«Бағдат орталығында мыңдаған тұрғын шиит уағызшысы Мұқтада әс-Садырдың парламент сайлауындағы жеңісін тойлауда. Алдын ала дерек бойынша «садыршылдар» 22 процент дауыс жинап, 329 мандаттың 73-ін иеленіпті. Дүйсенбіде тікелей эфирде сөйлеген Садыр мырзаның өзі Ирактың тәуелсіздігі мен жаңа реформа, АҚШ пен Ираннан бейтарап даму бағыты туралы мақсатын жеткізді. «Құдайдың демеуімен үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Ішкі мәселемізге араласпайтын болса, кез келген елмен байланысты нығайтуға ниеттіміз», – деді ол. Садыр мырзаның жақтастары мен сарапшылар оның ирактық тұрғындардың қолдауына ие болу үшін жасаған саяси қадамының сәтті болғанын ерекше атауда».

Жалпы парламент сайлауы қай елде өтпей жатыр. Көп мемлекетте кездесетін басқару формасы жалғыз Иракқа тән емес еді. Оның үстіне Таяу Шығыста одан да өзге мәселе жетерлік. Сонда ақпараттық агенттіктердің парламент сайлауын жарыса жазуының мәні неде? Байқасақ, әлемді алаңдатқан басқару құрылымы емес, Мұқтада әлСадырдың ұстанымы екен.

2003 жылы АҚШ пен Ұлыбритания әскері ядролық қару болуы ықтимал деген желеумен Иракқа енген-тұғын. Оған дейін де бұл аймақ сыртқы күштің ықпалынан шыға алмай, қақтығыстың ортасында қалған. Осылайша шетел әскерімен ұрысқа түскен түрлі топтар 20 жылға жуық идеологиялық бағытын сан өзгертіп, тұрғылықты халықтың қолдауына ие болып үлгерді. Ол аздай, өз араларында жік-жікке бөлінген олар ортақ мақсатқа бірікпей, бір-біріне қастандық жасаумен болды. Мәселен, сөз болған Мұқтада әсСадырдың әкесі мен ағасын бәсекелес ұйымның өкілдері қаныпезерлікпен өлтірген.

Ажалдан аман қалған әс-Садыр кейін Англияда бірнеше жыл тұрып, барлау агенттіктерімен арақатынасын нығайтқан көрінеді. Мұндай күдікті байланыс оның елішілік беделге ие болуын біршама кешеуілдетті. Қызығы сол, әс-Садыр елге оралғасын «Махди әскері» атты қозғалыс құрып, АҚШ пен Ұлыбритания әскеріне қарсы қарулы қақтығыстарға қатысқан. Батыс әскерін аластату үшін мәміле жүргізіп, қарапайым халықтың ықыласына бөленді.

Садыр билігінің өркендеуі оның әлі құзыреті жетпеген өңірлерге басшылық жасауына мүмкіндік береді. Кейбір «садыршыл» топтың негізгі мақсаты премьер-министр лауазымын иелену екені даусыз. Дегенмен ондай тәуекелге бару қозғалыстың түбегейлі күйреуіне жол ашып, тыныштықты кетіруі мүмкін.

«Садыршылардың» билікке ұмтылысының жоғары екенін олардың сөзінен-ақ аңғаруға болады. Мысалы олардың бір өкілі «Біз ирактықтарға Мұқтада әс-Садырдың реформалық бағдарламасын қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Бүгін Ирак азат болған секілді. Бұл 2003 жылдан бері болмаған оқиға. Бүгін Ирак жемқорлықтан түбегейлі арылды», – деді. Ал Садыр мырза болса, құлшылық жолындағы жан болғандықтан саясатқа аса бір араласуды көздемейтіндей көрінеді.

Сайлау нәтижесінде өзге де топтар билікті бөлісті. Мысалы, бұрынғы премьер-министр Нүри әл-Мәлики бастаған «Құқықты мемлекет» парламентте 37 орын алды. 2014 жылы Мәлики мырза лауазымынан түскен шақта оны парақорлық пен секталық іс-әрекетке барды деген айыптаулар болды. Тіпті Ислам республикасын демеуге қолдау көрсетті деп кінәлағандар да жетерлік».

Алайда діни таптаурын орныққан қоғамда иерархия қатаң сақталатыны белгілі. Садыр батыс әскерінің Ирактан толық кетуі жолында белсенді қарсылық көрсеткен ұлтшыл болғанымен оның билігінің артуына діни шенінің төмендігі кедергі келтірген еді. Кейін Қом қаласында шииттік жоғарғы титул саналатын «аятолла» атағын алған. Бұл оның Ирактағы қоғамдық ахуалға қаншалықты әсер ете алатынын білдіретін бірден-бір дерек.

Авторлардың діни тұлғаға неге ерекше назар аударғанын екінші деректен де байқауға болатындай. Иракқа ықпал етіп, айтқанымен жүргізуге талпынатын бір ел болса, ол – Иран. Себебі де жоқ емес. Ирактағы халықтың басым дені ислам дінінің шииттік бағытын ұстанады. Көрші ел сол арқылы Таяу Шығыстағы күш-қуатын нығайтып, жақтастарын көбейтуге күш салуда. Оған қоса Иран үшін АҚШ-қа қарсы тұру үшін бірлескен күштің басым бөлігі дәл осы шииттер екені даусыз. Садыр сырт көзге Иракты кез келген сырт мемлекеттен азат ету идеясын жақтағанымен, көзқарасының негізгі ұстыны көршіге тәуелді. Сондықтан екі елдің ара қатынасы – бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін бірлікке тәуелді. Оның парламент сайлауында үшінші орыннан көрінген ираншыл «Фаттах» тобының көрсеткіші де айқындады.

Алайда Садырдың сайлаудан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде АҚШ әскерінің елден кетуін көксеп, ірі сөйлеуі сарапшыларға сенім туғызбады. Рас, «Аятолланың» Ирактың ішкі ісіне араласпайтын кез келген елшілікке құшақ ашық екенін тура айтуы жергілікті ұлтшыл топтың қолайына жаққанымен бұл оның басыбүтін жетістігі емес еді. Байден шетелдегі АҚШ әскерін азайтуға қатысты шешімді жүзеге асыра бастағалы Ирактағы батыс әскерінің саны да едәуір азайды. Қазір елде үш мыңға жуық батыс жауынгері болса, жыл соңына дейін шетел әскері қалмайтын болады.

«Мұқтада әс-Садыр әскери іс-қималдан бөлек, елдегі экономикалық дағдарыс, әлеуметтік мәселелерге ден қоя білуімен назарға ілінуде. АҚШтың ресми өкілі Садырға ерушілер Саддам Хұсейн тобынан кейінгі батыс әскеріне төтеп берген және шетел әскерін шығару бағытында біршама жетістікке жететін топ екенін алға тартуда. Бұған дейін Иракта құлдыраған экономика, жайлаған парақорлыққа қарсы шерулер ұлғайған еді.

Жалпы дауыс беру кезінде айтарлықтай олқылық орын алмады. Кей аймақта қарулы қақтығыс болғанымен сайлауға қатысу көрсеткіші 2018 жылға қарағанда жоғары болды. Сондықтан демократияға қадам басу шарасы белең алары анық».

Дүйсенбіде Мұқтада әс-Садырдан бөлек премьер-министр Мұстафа әл Казими де саяси мәлімдеме жасады. Премьер-министр әскери құрылым өкілдері Түркияда өткізген операция барысында «Ислам мемлекеті» ұйымының беделді тұлғалары тұтқындалғаны туралы хабарлады. Ол twitter әлеуметтік желісінде ұйымның қаржы мәселесіне жауапты Сами Джасим және топтың бұрынғы серкесінің орынбасары Әбу Бәкір әлБағдадидің де қамауға алынғанын айтты.

P.S. Соңғы жаңалықтың Мұқтада әсСадырдің мәлімдемесімен қатар айтылғаны жайдан-жай емес секілді. Премьер-министр елдегі радикалды топтар мен ұлтшыл қозғалыстың мемлекет тұтастығына қауіп төндірмеуі үшін жасаған ескертуіне ұқсайды. Оған қоса бұл ескерту жанама болса да «аятоллаға» қатысы бардай сезіледі.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: