2026 жылдың наурыз айында екінші деңгейлі банктердегі несие нарығы айтарлықтай жанданған. Әсіресе, шағын кәсіпкерлерге берілген қарыз көлемі артқан. Мәселен, жеке кәсіпкерлердің несие қоржыны бір айдың ішінде 1%-ға өсіп, 3,2 трлн теңгені құрады, – деп хабарлайды kursiv.media
Есепті кезеңде бизнес субъектілеріне бағытталған жалпы несие көлемі 15,3 трлн теңгеге жетті. Нарықтағы негізгі қозғалыс шағын және орта бизнес (ШОБ) сегментінде байқалады. Бұл сектордағы қарыз сомасы наурыз айында 7,4 трлн теңгені құраса, жыл басынан бері өсім қарқыны 9%-ға жуықтады.
Керісінше, ірі бизнес өкілдерінің несие портфелінде 4,7 трлн теңгеге дейін аздаған төмендеді. Бұл құбылыс экономикалық дағдарыспен емес, жекелеген банктердегі ірі қарыздардың жоспарлы түрде өтелуімен түсіндіріледі.
Салалық тұрғыдан алғанда, өнеркәсіп (5 трлн) пен көлік салалары несие алуда көш бастап тұр. Көлік саласындағы несие беру бір айда 6%-ға күрт өсуі логистикалық әлеуеттің артып жатқанын көрсетсе керек.
Халықтың несиесі қанша?
Тұрғындарға берілген несие жалпы көлемі 25,1 трлн теңгеге жетіп, наурыз айында өсім көрсетті. Бұл сегменттегі негізгі үлес 16,9 трлн теңге – тұтынушылық қарыздарға тиесілі.
Сонымен қатар баспана нарығы да қалыс қалып жатқан жоқ. Ипотекалық несиелер жыл басынан бері шамамен 2%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады.
Айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жаңа ипотекалық қарыз беру өткен жылдың наурызымен салыстырғанда 22%-ға ұлғайған.
Халыққа берілетін кредит қымбат
Қаржы нарығындағы мөлшерлеме динамикасы әртүрлі бағытта өрбіді. Мәселен, бизнес үшін теңгедегі орташа мөлшерлеме 22%-ға дейін төмендесе, халық үшін, керісінше, 21%-ға дейін көтерілген. Бұл тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеменің өсуімен байланысты.
Банктердің несие қоржынының сапасына келер болсақ, жағдай тұрақты әрі қауіпсіз деңгейде сақталып отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі (NPL90+) жалпы портфельдің 4%-ын құрайды. Дегенмен тұтынушылық несие мен жеке кәсіпкерлер арасында төлем мерзімін кешіктіру жиілегені байқалады.
Банктердің провизиялармен (ықтимал шығындарды жабуға арналған резервтер) қамтамасыз етілу деңгейі 62%-ға жетті. Бұл қаржы институттарының ішкі тұрақтылығы жоғары екенін және кез келген экономикалық ауытқуларға қарсы тұра алатынын білдіреді.
Халықтың қарыз жүктемесі бизнестің несие қоржынын басып озып, алшақтық жыл санап артып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын бизнес пен жеке тұлғалардың несие көлемі тең, яғни әрқайсысы шамамен 10 трлн теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгерген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
